#
#
Cәрсенбі 17/10/2018

«Қар үстіндегі көгершіннің ізі» атты шығармашылық кеш өтеді

  • 24.09.2018
  • 0
  • 806

26 қыркүйек күні сағат 18.00-де Қазақстанның халық артисі, өнертану профессоры Мейрамов Тілектес Уахитұлының 70-жасқа толған мерейтойына орай «Қар үстіндегі көгершіннің ізі» атты шығармашылық кеші өтеді.

Аталған іс-шара Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры мен Қазақстан театрлары ассоциациясының ұйымдастыруымен қолға алынып отыр.

Қазақстанның халық артисі, өнертану профессоры Мейрамов Тілектес Уахитұлы  1948 жылы 20 мамырда  Қарағанды облысы Ульянов ауданы Свердлов атындағы совхозда (қазіргі Бұқар жырау ауданы  Көкпекті ауылында) дүниеге келді.

1971 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы Өнер Институтын  «театр және кино актері» мамандығы бойынша профессор А.Тоқпанов пен Ш.Жандарбекованың жетекшілігімен бітіріп, Қазақтың мемлекеттік академиялық М.Әуезов атындағы драма театрына  қабылданды. Сахнадағы  алғашқы  қадамынан-ақ, Қозы Көрпеш рөлімен жарқ еткен Тілектес Мейрамов театр мамандары, сыншылар мен көрермендер назарына бірден ілікті.

Актерлік ауқымы кең, табиғи дарын иесі Тілектес Мейрамов орындаған рөлдерінің ішкі жан дүниелерінің қатпарларын, күрделі болмыстарын ашу жолында  өте терең  ізденістерге  барады. Шығармашылық  жолының бастауында-ақ Қозы Көрпеш, Ақан Сері, Бірсімбай, Жарас, Еркін, Тоқпаев, Вальтер, Жантай сияқты әр жанрдағы күрделі бейнелерді шебер орындаған актер сахнаға ойлы, сезімді, арманы мен қайғысы, мұраты мен қасіреті қабат қызуқанды кейіпкерлерді молынан шығарып, театр репертуарынан тек өзіне тиеселі, Тілектес Мейрамовқа ғана тән өзіндік орнын ала білді.

Теңдессіз актер, Әнуар Молдабеков ойнаған Войницкий, Жантық, Керім сияқты рольдердің басқаға емес, Т.Мейрамовқа жүктелуінің өзі көп жайларды аңғартса керек. Айтар ойға мығым, ешбір амплуа, тип, характер деп бөліп-жармай, барынша шыншыл, шынайы, қиялына қондырғандарын, көкейіне көндіккендерін нағыз көркем бейнелер деңгейіне көтеріп, сом да соқталы, кесек те келісті етіп нұсқалау-актерлік ой еркіндігінің бұлтартпас көрінісі. Бұл ретте Шыңғыс хан, Жәңгір хан, Еділ патша, Бедел, Сорин, Бектер, Антоний т.б. рөлдерді ерекше атау керек.

Т.Мейрамовтың сомдаған рольдерінің ішінде А.Сүлейменовтің «Ситуациялар» триптихіндегі бас кейіпкерлер бүгінгі заман, әлеуметіміздің, рухани ой-биігіміз бен жүдеулігіміздің символындай келісті көркемдік қалыбын тапқан Жұмат, Мәлік, Прокурор өміріміздегі індеттердің түп- тамырына үңілтеді, актердің қарымды шеберлігі, көп қатпарлы идеялары, сөзсаптау  ұстанымдары  өз  көрермендерін  ащы  сауалдарға  ортақтас, пікірлес, жақтас етеді.

Т. Мейрамов моноспектакль жанрына қадам жасаған тұңғыш қазақ актері. Әр жылдары Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясын, Р.Сейсенбаевтың «Майдан әндері», Н.В. Гогольдің «Жындының жазбалары» әңгімелерін,  У.Шекспир, А.Грибоедов, Ғ. Мүсірепов шығармалары бойынша дайындалған «Ақылдан азап» спектакльдерін жалғыз орындап  шықты.

Әйгілі театр қайраткерлері А.Тоқпанов, Ш.Жандарбекова, Ә.Мәмбетов, Е.Обаев  сынды  шеберлердің  мектебінен  өткен, қызмет еткен театрларына, дос-жарандарына,  көрермендеріне, ең бастысы-өзі сүйген Төл Өнеріне деген адалдығымен, қуатты талантымен, биік орындаушылық шеберлігімен сыйлы Тілектес  Мейрамовтың  шығармашылығы  «ұлттық сахнамыздың бүгінгі  биігі осындай»  деп  айтуға  әбден  тұрарлық шын шеберлік екенін қадап айту артық емес.

Ол  2001  жылдан  бері  Қазақтың Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық жастар мен жасөспірімдер театрында директор, Астанадағы жастар  театрында  бертініректе  көркемдік  жетекші  қызметтерін де атқарды.  2011  жылы  Қырғыз Мемлекеттік Б.Бейшеналиева атындағы Өнер Институтын «Режиссура» мамандығы бойынша сырттай оқып бітірді.

Театр  және  кино саласындағы  еңбегімен бірге әдеби-шығармашылық жұмыстармен де айналысады. А.Гельманның «Наедине со всеми», Н.Абдуллоевтың  «Двое», И.Вовнянконың «Смерть стриптизера» пьесаларын қазақшаға аударса, І.Есенберлиннің «Ғашықтар», Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ түн» романдарын, Р. Отарбаевтың «Дүниеғайып» повесін, О’ Генридің «Үндістердің көсемі» әңгімесін   сахнаға, ал М.Әуезовтың «Абай жолы» романын телеарнаға лайықтап инсценировкалар жасады.

1993  жылы  «Шыңғысхан» спектакліндегі Шыңғыс хан бейнесі үшін «Үздік ер адам ролі» (авторы И. Оразбаев );  2004 жылы  «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» спектакліндегі Қарабай бейнесі үшін «Үздік ер адам бейнесі» авторы (Ғ. Мүсірепов); 2012 жылы КСРО халық артисі  Ә.Мәмбетовтің 80-жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XX-Республикалық  фестивалінде Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясындағы Науан ролі үшін «Ең үздік ер адам бейнесі» жүлделерін иеленді.

2006  жылдан Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында қызмет атқарып келеді.

В. Пұсырмановтың «Серебряный рог Алатау», «Прощай, красавица»,  Моңғол киностудиясымен бірлесіп  түсірген «Стрелок Хумучи»,  С. Тәуекелдің «Жерұйық», А.Сатаевтың «Жау жүрек мың бала», р. Әбдірашевтың «Қазақ хандығы» Р. Сүлейменовтың «Когда ангелы спят» т.б.  фильмдеріне түсті .

Халық артисі Т.Мейрамовтың шығармашылығы сахналық жоғары мәдениетімен,  эстетикалықталғампаздығымен, актерлік ізденімпаздығымен ерекшеленеді. Бірнеше  Халықаралық  және  Республикалық театрлар фестивальдерінде,  О.Бөкей атындағы көркемсөз оқушылар байқауларында  қазылық етіп бүгінде ұстаздық жолын жалғастырып келеді.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР