15 нау, 2017 сағат 13:43

"Қар астында қалған ауыл" немесе Қызылағаш оқиғасы қайталана ма?.. (Видео)

Қарағанды облысы әкімінің назарына!

Қарағанды облысына қарасты Бүркітті ауылының биылғы қыстан әуре-сарсаңмен өтіп жатқанын қалың қазақ біледі. Әлеуметтік желіде тараған видеожазбаларды көрген халық біраз уақыт шулап, кейбіреуі арнайы мәселе ғып та көтерген. Сөзді естіп, мән берген шенділерді байқамадық. Облыс һәм ауыл әкімдіктері тарапынан ақпарат құралдарына ресми жауап та берілмеді.

Қарқаралы ауданының құрамындағы бұл ауылды тонналап түскен қар апталап соққан боранның күшімен үйлердің шатырына дейін басып қалған еді. Тұрғындар үйлеріне кіруі үшін үңгір жасап, туннель арқылы өтуге мәжбүр болған. Ауыл ақсақалдары мұндай қардың бұл өңірде 40-50 жыл бұрын ғана жауғанын айтып, зар жылаған-тын.

«Біз өзімізді «үңгір адамдары» деп атаймыз. Себебі олардан еш айырмашылығымыз жоқ. Үйге кіргенде үңгірге кіргендей боламыз. Қолымыздан күрек түспейді, күн сайын қар тазалаймыз, үйеміз, сыртқа шығарамыз. Қыс бойы «шықпа жаным, шықпа» деп отырған жайымыз бар. Күнде таңертең қорқынышпен оянамыз. Аршып қойған туннелімізді қар басып қалған шығар, үйден далаға шыға алмай қалсақ не болады деген ойлар мазамызды алады. Үйге кіргенге дейін балаларды қар басып қала ма деп қорқып отырамыз. Мал бағу да қиындап кетті. Туннель болып аршылған қардың ортасынан үй жануарлары қораға өткілері келмей, далаға қашады. Ал, қорадан шыққан мал қардың үстімен жүріп, кейде тіпті шатырға да шығып кетеді» деп толғанған ауыл тұрғындарының зарын кім естіді?.. 

Олардың бүгінгі халі қалай, жағдайы нешік? Екі ай жатқан қар нөпір суға айналып, қара халықтың басына кесапат боп келген жоқ па? Әлде биліктегілер көмек қолын созып, қиын жағдайда жанашырлық танытты ма? Қызылағаш оқиғасының қайталанбасына кім кепіл? Осы сұрақтар бәрімізді де мазалайды...

Ерімбет Мұхтар