29 сәу, 2019 сағат 16:19

Қапшағайда денешынықтыру сауықтыру кешені салынады

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде Қапшағайда алғаш рет Денешынықтыру-сауықтыру кешені бой көтермек. Медігер компания - «BI Urban Construction».

Бүгінгі күнде жобалау-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Мекеме құрылыс жұмыстарын жүргізуге әзір тұр. Аталмыш нысан қаланың орталық саябағына қарасты «Демалыс» аумағында тұрғызылады. Жалпы алатын жер көлемі - 1,8556 гектар.

Екі қабаттан тұратын ғимаратта халықтың емін-еркін спорттың кез келген түрімен шұғылдануына барлық мүмкіндіктер қарастырылмақ. Нақты атап айтар болсақ, бірінші қабатында келушілердің киім ілу орны, ер және әйел адамдарға жекелеген жуыну бөлмелері, көпшіліктің төлем жүргізуі, медициналық бөлімше, бокс, күрес, волейбол,баскетбол, теннис, футбол ойнауға қажетті залдар ойластырылған. Ал екінші бөлігінде әкімшілік бөлмелері, конференц және жиналыс залдары, 32 орынға арналған тамақтану мен шахмат ойыны алаңы, қол шаю сынды қажеттіліктермен толықтай қамтамасыз етілмек. Сол секілді қалған төменгі қабаты инженерлік-коммуникациялық желілермен жабдықталады. Сонымен бірге, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін кіріс және шығыс жерлерде пандустар, төтенше жағдай кезіндегі шығу жолдары мен залға кіру бағыттарында көтергіш жабдықтар жасалмақ. Ал мінберде арбадағы мүгедек жандарға арналған арнайы орындар да қарастырылған. Жалпы, бұл аталған кешен құрлысы мамыр айында жүзеге аспақ.