28 мам, 2020 сағат 12:14

Қапшағайда 8 шақырымға алыстап кеткен екі адам құтқарылды

Қапшағай су қоймасынан 25 және 27 жастағы екі азамат құтқарылды, деп хабарлайды Алматы облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

«2020 жылдың 27 мамырында сағат 22:38-де Алматы облысының ТЖД-не Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауында қайыққа мінген екі адамның желдің күшімен жағадан алыстап кеткендігі туралы хабарлама түсті. Іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілген сәтте қатты жел соғып, құтқарушыларға ауа-райы қолайсыздық туғызған. Су қоймасында жоғалғандар жағадан сегіз шақырым жерден табылды және қауіпсіз жерге жеткізілді. Құтқарылғандар 1995, 1997 жылы дүниеге келген Қапшағай қаласының тұрғындары. Олар сол сәтте достарымен демалыста болған. Көмек туралы белгі олардың таныстарынан келіп түсті, - делінген Алматы облыстық ТЖД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Ведомство өкілдері азаматтарды сақ болуға және судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Суға шығар алдында ауа райын біліп, сондай-ақ құтқару кеудешелерін киюді еске салады.