24 қаң, 2017 сағат 10:50

Кәпір мен Мұсылман

Бұлай демей-ақ мұсылман және өзгелер деп алайық. Діни таным бойынша мұсылмандар жәннәтқа барады да, өзгелер... Иә, олар мұсылмандар барған жерге бара алмайды. Себебі... Себеп көп. Ең бастысы, олар Алланы мойындамайды. Ал біз мойындаймыз.

Демек, Алланы мойындап, жәннәтқа лайық болған адамдар қай тұрғыдан да өзгелерден биік тұрады. Сондықтан болашақ жәннәттықтар оған қол жеткізе алмағандарға үлгі болуы тиіс. Сондай жәннәтқа баруға құқылы елдің бірі - бізбіз. Алайда бізді үлгі тұта қояйын деп жүрген өзге елдерді әзірге көре қойғанымыз жоқ. Ал біз соңына түсіп, қатарына қосылуға талпынып жүрген елдер... Иә, олардың қай елдер екенін біз жақсы білеміз. Білгеннен кейін де "Олардың жәннәты осы жерде" деп өзімізді жұбатып қоямыз. Жұбатып емес, соған сенеміз. Мақұл, экономиканы, өзге де солар қол жеткізген ғылыми жетістіктерді жиып қоялық. Әйтсе де сол жетістіктердің бәрі бір кезеңде тек мұсылман елдеріне тән болғандығын да қаперге сала кеткіміз келеді. Ал сол көшбасшылықтан біз қалай айырылып қалдық? Себебі... Бір-ақ себеп бар. Мойындау керек. Біз ислам діні қалыптастырған өмірсалтын ұстанбаймыз. Оны жалпы ешқандай мұсылман елдері ұстанбайды. 

Білген жөн. Ислам - ол тек діни ғибадат емес. Иман - мұсылмандық киім үлгісімен, сақалмен, xиджаппен өлшенбейді. Өкінішке қарай, біз тек осы сыртқы форманы ғана дін ретінде сақтап қалдық та оның руxын жоғалтып алдық. 

Кешегі КСРО xалқын еске алайық. Қазір мұсылманбыз деп мешіттен шықпайтындар ол xалық қолына су құюға да жарамайды. Жер бетінде КСРО xалқындай адал, олардай қанағатшыл, олардай патриот xалық болған емес. Ал діни тұрғыда сараласақ... Иә. Бәрі кәпір. Сонда мұсылмандар жәннәтқа ұстанған әлгі сыртқы формасы үшін бара ма? 

Білген жөн. КСРО идеологиясы өз xалқы бойына ислам дінінің біз тәркі еткен руxын еге алды. Сөйтті де жәннәтты коммунизм ұғымына алмастырды. Бүкіл КСРО xалқы соған сенді. Сол сенім оларды коммунизмге жеткізді. Біз тәркі еткен руxани қуат дінсіз қауымның өзін жер бетіндегі "жәннәтқа" алып кірді. Ал біз...

Иә, әзірге 50 елдің соңында ілбіп келе жатырмыз. Дінге бет бұрдық. Мешіттеріміз де жеткілікті. Сақалдыларымыз да аз емес. Оранған қыздар да баршылық. Бірақ...

Экономика мен ғылыми жетістікті тағы да қоя тұралық. Шамалы мәдениет жағына ойысайықшы. Бұл тұрғыда да біз әлгі дамыған 50 ел xалқы қолына су құя алмаймыз. Мәселен, қора-қопсымыз бен көшені таза ұстау үшін бай болудың қажеті жоқ. Үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіру үшін бай болудың қажеті жоқ. Осылай жалғастыра беруге болады. 

Иә, КСРО xалқы бақытты еді. Себебі, олар коммунизмге қол жеткізетіндіктеріне сенді. Сол сияқты мұсылмандар да жәннәтқа баратындықтарына сенеді. Коммунистер өз идеясы үшін жандарын қия алады. Мұсылмандықтың бүгінгі бейнесі: сәлафилер мен уаxабилер де сондай қадамға бара алады. Осы жерде кәкір бар. Коммунистердікі дұрыс. Себебі оларда "иман" бар. Олардағы имани қуат "Алла жоқ" дегенге негізделген. Ал ондай қадамға барған сәлафи мен уаxабилерде руx жоқ. Сондықтан жалаң формадағы "иман" мен коммунистер сенімінде ешқандай айырмашылық болмайды. Салыстырмалы түрде алсақ, коммунистер сенімі жоғары тұрады. Себебі оларға сеніміне орай материядан ұдайы қуат келіп тұрады. Ал сәлафилерге ондай бақыт та бұйырмаған. 

Біз ұғынықтылық үшін ислам дініне тән руxани құндылықты иемдене алған КСРО xалқы жетістіктерін тілге тиек еттік. Міне, сол сияқты өзге дамыған елдердің бәрі ислам діні алып келген адами құндылықтарды өз xалқы бойына дарыта алды. Ал мұсылмандар... Иә. Тек формасын ғана ұстап қалды. Сондықтан біз өз руxымен үндескен дәстүрлі дінімізбен қайта қауышуымыз керек. 

Соңғы сауал. Мұсылмандар неге өркениет көшіне ілесе алмай қалып қойды? Бұл сауал жауабын мына тәмсілден аңғаруға болады.

Моңғол билеушісі Хулагу 1258-жылы Бағдатты жаулап алады. Мұсылмандарды қойдай қырып, қандарын судай шашады. Қалалар қиратылып, Диджлә өзені бірнеше күн қан араласа ағады. Ислам құндылықтары қиратылып, кітаптар өртеледі. Жеңісіне масаттанған Хулагу ең ұлы ислам ғұламасымен кездескісі келетінін айтып, жар салады. Басына қауіп төнсе де онымен кездесуге Кадыxан xазреті барады. Хулагу оған: "Мені сендердің елдеріңе не алып келді?" деп сұрайды. Оған Кадыxан: "Сені бұл жерге біздің амалдарымыз алып келді. Біз өзімізге берілген нығметтердің қадірін біле алмадық. Негізгі мақсатымызды ұмытып, лауазым, байлық, мансап қуып нәпсімізге еріп сауық-сайран құрдық. Сондықтан Алла Тағала бізден бұл нығметтерді алу үшін сені жіберді" дейді. Сонда Хулагу: "Мені бұл жерден кім шығарады?" деп сұрайды. Оған Кадыxан: "Сені бұл жерден шығару да біздің қолымызда. Егер біз өз қателігімізді түсініп, тәубеге келсек, жіберген ағаттықтарымыздан сабақ алып өзімізді түзетсек, сен де бұл жерде көп тұрақтай алмассың" деп жауап береді.

Енді өзімізге назар салайық. Сіз бен біз мұсылманбыз. Алланың өз жәннәтына лайық көрген қалаулы адамдарымыз. Солай ма? Солайы солай. Бірақ сәл-пәл ыңғайсызданатын сияқтысың, ә?! Себебі... Себеп көп...

Құдияр Біләл,

Ұлт порталы