07 мау, 2019 сағат 14:29

Кандидаттың үгіт материалдарын қасақана зақымдаған елордалыққа айыппұл салынды

Президенттікке кандидаттың үгіт материалдарын қасақана зақымдаған елордалыққа айыппұл салынды. Бұл туралы бүгін ҚР Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сонымен қатар президенттікке кандидаттың бірінің үгіт материалдарын қасақана зақымдау фактісі анықталды. Бұл факті бойынша Нұр-Сұлтан қаласының тұрғынына ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодесінің 134-бабымен 15 АЕК көлемінде айыппұл салынды», - деді Болат Дембаев ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында.

Оның дерегінше, соттарға сайлау бойынша барлығы 11 өтініш түскен.

«Мысалы, кандидат Ә.Қосановтың штабындағы еңбек дауы бойынша 1 адамның Қызылорда облыстық сотына 3 өтініші келіп түсті. Сот оларды қанағаттандырудан бас тартты. Жалпы биылғы электоралдық кезең құқықтық алаңда өтіп жатыр. Егер прокуратураға түскен өтініштер туралы айтатын болсақ, қазіргі уақытта олардың саны 21-ге жетті. Оның ішінде 13-і сайлау комиссияларының құзыретіне жатады. Басқа 8 өтініш бойынша прокурорлар кандидаттың өзін-өзі ұсынуы және сайлаушыны тіркеу бөлігінде түсіндірме берді», - деді Бас прокурордың орынбасары.

Сондай-ақ, ол әлеуметтік желіде қоғамдық сұрау салу тәртібін бұзған 3 азамат пен 4 заңды тұлға әкімшілік жауапқа тартылғанын айтты.

«Конституция және заңға сәйкес прокуратура заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асырады. Өткен сайлаулардағыдай прокуратура органдары сайлау заңнамасын бұзу фактілері бойынша шаралар қабылдады. Бүгін сағат 00-00-де аяқталатын сайлау алдындағы үгіт барысында санаулы ғана бұзушылықтар анықталды», - деді Болат Дембаев ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында.

Осы ретте Бас прокурордың орынбасары «ҚР-дағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабы 9-тармағына сай қоғамдық пікірге сұрау салуды 5 жылдық тәжірибесі бар заңды тұлғалар жүргізуге құқылы екендігін және бұл туралы ОСК-ге алдын ала жазбаша хабарлау қажеттігін айтты.

«Алайда, заңның осы нормаларына қайшы жекелеген әлеуметтік желілер мен интернет ресурстарда пайдаланушылар осындай сауалнамалар жүргізген. Осыған байланысты прокуратура ҚР-ның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодесінің 120-бабының 3-бөлігі бойынша 3 азаматқа және 4 заңды тұлғаға  қатысты әкімшілік іс қозғады. Олардың барлығына сотпен 15 және 30 АЕК  мөлшерінде айыппұл салынды. Осыған ұқсас фактілердің қайталанылуын болдырмау үшін Бас прокуратура 8 және 23 мамырда БАҚ-та сайлау бойынша сауалнама жүргізу  тәртібін түсіндіріп, баспасөз хабарламаларын орналастырды, барлығын заңдылықты сақтауға шақырды», - деді ол.