29 қаз, 2019 сағат 07:44

Қанат Исламмен қатар өнер көрсеткен қазақ боксшыларының рейтингі жоғарылады

Өткен аптада Алматыда өткен кәсіпқой бокс кешінен кейін қазақ боксшылары Сапарбай Айдаров, Руслан Мырсатаев пен Арман Рысбектің танымал Boxrec.com сайтындағы рейтингтері жоғарылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Аталмыш боксшылар Қанат Ислам-Уолтер Каутондоква бокс кешінің андеркартында жұдырықтасқан болатын.

ВКонтакте желісіндегі «Қазақстан кәсіпқой боксы» парақшасында жарияланғандай, украиналық Ярослав Мануиловты жеңген боксшы Сапарбай Айдаров (4-0, 2КО) Boxrec.com рейтингінде 526-шы орыннан 356-ға көтерілген. Ал ауыр салмақтағы Руслан Мырсатаев (7-0, 6КО) беларусь Юрий Быховцевтан (10-18-3, 5КО) басым түсіп, 191-ші орыннан 114-ке бірақ жоғарылады.

Boxrec.com-дағы айқын серпілісті өзбек боксшысын алғашқы 58 секундта үйіне қайтарған Арман Рысбек (7-0, 6КО) көрсетіп отыр. Кәсіпқой бокстағы жетінші жеңісінен кейін Арман 526-шы орыннан 201-ге жылжып, көрсеткішін едәуір жақсартты.

Еске сала кетейік, қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам намибиялық Уолтер Каутондоквамен қолғап түйістіріп, жеңіске жеткен болатын. Айқас Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтті. Жекпе-жек он раундқа созылды. Төрешілер шешімімен Қанат Ислам жеңіп, WBO белбеуіне қол жеткізді. Ол осылайша 27-ші рет қарсыласынан басым түсті. BoxRec рейтингіне сәйкес, Қанат 137.9 ұпаймен орта салмақта 17-орынға жайғасты (жекпе-жекке дейін Қанат 89.59 ұпаймен 41-орында болған). Ал қарсыласы Уолтер Каутондоква (18-2, 17 КО) 67.88 ұпаймен 25-орыннан 41-орынға сырғыды.