30 сәу, 2019 сағат 09:44

Қанат Ислам рингке оралады

Жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы Қанат Ислам (25-0, 20 КО) рингке оралуға дайын, деп хабарлайды Sports.kz.

«Менің құрметті жанкүйерлерім, үлкен айқасқа дайындалыңыздар! Алға, Қазақстан!», - деді Ислам Instagram парақшасында жарияланған видеода. Сондай-ақ, онда 34 жастағы қазақстандықтың жаттығулары көрсетілген.

Еске салайық, Қанат Ислам соңғы айқасын 2017 жылдың 9 қыркүйегінде өткізді. Ол Астанада өткен жекпе-жекте канадалық Брэндон Кукты (20-2, 13 КО) тоғызыншы раундта жеңген еді. Осы жеңісінен кейін қазақстандық боксшы бірден үш чемпиондық белбеуге - бірінші салмақтағы NABA, WBA Inter-Continental және WBO NABO белбеулеріне ие болды. Алайда, ұзақ уақыт рингке шықпағандықтан барлық титулдарынан айырылды.