25 қаз, 2019 сағат 10:51

Қанат Ислам мен Уолтер Каутондоква жекпе-жек алдында көз арбасты

Қазақстандық боксшы Қанат Ислам мен Уолтер Каутондоква жекпе-жек алдында салмақ өлшеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қос боксшы да өз салмақтарында қалды – Қанаттың салмағы - 71,9 келіні, оның қарсыласы Уолтер – 71,5 келіні көрсетті.

«Мен бұл жекпе-жекке дайынмын. Дайындығым өте жақсы. Ертең нағыз бокс кеші болады. Біздің басқа да кәсіби боксшылар шаршы алаңға шығады. Бізді қолдаңыздар. Менің қарсыласым Уолтер - өте тәжірибелі. Бірақ маған өз дайындығым бәрінен маңызды. Мен соңғы секундтарға дейін бокстасуға әзірмін. Мұнда бәріне дайын болуымыз керек», - деді Қанат Ислам баспасөз мәслихатында.

Өз кезегінде Уолтер Каутондоква мұнда титул үшін келгенін баса айтты.

«Мен бұл титулды өзіммен бірге Намибияға алып кетемін. Мен оны Қазақстанда қалдырмаймын», - деді Уолтер.

Ертең, 26 қазанда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында кәсіпқой бокс кеші өтеді, онда Қанат Ислам (26-0, 21 KO) мен намибиялық боксшы Уолтер Каутондоква (18-1, 17 КО) негізгі жекпе-жекте жұдырықтасады.

Бокс кеші аясында Дәулет Дәукенов, Сапарбай Айдаров, Бексұлтан Раушанов, Нұрсұлтан Аманжолов, Асқар Ерубек, Арман Рысбек және Руслан Мырсатаев сияқты қазақстандық боксшылардың қатысуымен 9 жекпе-жек өтеді. Олардың қарсыластары - АҚШ, Қытай және Еуропа елдерінің өкілдері.