04 шіл, 2019 сағат 13:04

Қанат Ислам: Халқыма жеңіс сыйлағым келеді

Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтетін бокс кешіне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Қазақстандық былғары қолғап шебері Қанат Ислам өзінің дайындығы жайында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бокс кешінде Қанат Ислам орта салмақтағы WBO Inter-Сontinental белбеуі үшін 36 жастағы Хулио де Хесуспен жұдырықтасады.

«Ертең әлемдегі ең қызықты бокс кеші болады деп үміттенемін. Бұл өмірде оңай ештеңе жоқ. Ринг - бұл өмір. Онда қуаныш пен қайғы қатар жүреді. Мен бір жылдан астам уақыт өзіммен жұмыс істедім, жарақаттан кейін қалпыма келуге әрекеттендім. Қазір жаңа жаттықтырушымен осы іс-шараға көптен бері дайындалып жатырмын. Мен бәріне дайынмын. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін. Қолдауларыңызға рахмет», - деді Қанат Ислам.


Қанат Ислам өз  қарсыласын жоғары бағалады.

«Ия, менің қарсыласым мықты. Ол көптеген жекпе-жек өткізді. Оның маған қарағанда рекордтары мен нокауттары көп. Менің ойымша, біз екеуіміз де бокста қалай болатынын білеміз. Мұнда жақсы және мұқият дайындалған боксшы жеңеді. Әрине, бақ пен бап та бар. Мен халқыма ұмытылмастай жеңіс сыйлағым келеді. Барлығы рингте шешіледі», - деп қосты қазақстандық боксшы.


Сондай-ақ, ол 69 кг салмақтан 72 кг салмақ дәрежесіне ауысуын айтты.

«Мен 2003 жылы 69 кг салмақпен шықтым. Осы салмақта мен екі олимпиадаға қатыстым. Мен үшін салмақ қуалау қиынға соқты. Әуесқой бокста 73 және 75 келіге дейінгі салмақпен сыналдым. Сондықтан бұл - менің салмағым. Мен бұған дейін осы салмақта бәсекелесуді жоспарлаған едім, әрі қарай да қалуды көздеп отырмын», - деп түсіндірді Қанат Ислам.

Өз кезегінде, Қанат Исламның қарсыласы Хулио де Хесус қазақстандықты жеңуге дайын екенін жеткізді.

«Иә. Мен бәріне дайынмын. Көп сөйлегім келмейді. Іспен дәлелдегім келеді. Мен одан қорықпаймын. Оны жеңемін», - деді Хулио де Хесус баспасөз мәслихатында.

Естеріңізге сала кетейік, Қанат Ислам 2017 жылдың қыркүйегінде Астана қаласында өткен бокста канадалық Брэндон Кукты тоғызыншы раундта нокаутқа түсірген болатын. Содан бері рингке шықпады.


Баспасөз мәслихатының қорытындысы бойынша барлық қатысушылар салмақ салтанатынан сәтті өтті.

Ертең, 5 шілдеде Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында бокс кеші өтеді, онда  Қанат Ислам (25-0) WBO Inter-Сontinental орташа салмақ дәрежесі үшін бақ сынайды. Басталуы 17: 30-да.


Турнирде барлығы 10 жекпе-жек болады, олардың үшеуінің атағы бар. Қанат Исламнан бөлек жекпе-жекке қазақстандық Абылайхан Қусайынов пен Мәдияр Ашкеев шығады.

Ұйымдастырушылар: Qazaq Promotions пен Алматы қаласының әкімдігі.