09 қыр, 2017 сағат 20:27

Қанат Ислам канадалық боксшыны техникалық нокаутпен жеңді (видео)

Астана қаласында өтіп жатқан бокс кешінде қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам канадалық Брэндон Кукті техникалық нокаутпен жеңді.

Алғашқы раундтан жекпе-жек тартысқа толы болды. Қос боксшы салғаннан ашық айқасқа шығып, бір-бірінің осал тұсын аңдып бақты. Көп сәтте қазақ боксшысы дәл соққылар бағыттап, белсенді көрінді. Канадалық боксшы да ұтымды сәттерде дәл соққылар жасап, сауатты қорғана білді. Алайда Қанат Исламның ауыр соққыларына төтеп бере алмай, үш мәтре ноудаун алуға мәжбүр болды. Кездесудің тоғызыншы раундында Қанаттың қарымды соққысы қарсыласына дәл тиіп, төрешінің араласуымен жекпе-жек тоқтатылды.

Осылайша, қазақ боксшысы спорттық мансабында ешқашан жеңіліп көрмеген Брэндон Кукті техникалық нокаутпен жеңіп, өзінің 25-ші жеңісіне қол жеткізді.

Айта кетсек, бұған дейін алғашқы жекпе-жекте қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов бір минуттың ішінде өз қарсыласын нокаутпен жеңген болатын.

Екінші кездесуде Димаш Ниязов бразилиялық Эдуардо Перейраны ұпай санымен жеңді.

Үшінші жекпе-жекте Айдос Ербосынұлы аргентиналық Джонатан Барбадилоны нокаутпен жеңді.

Төртінші кездесуде Әли Ахметов америкалық Томас Джастинді теxникалық нокаутпен жеңді.

Одан кейінгі кездесуде Нұрсұлтан Жаңабаев бразилиялық Алекс Дуартені де нокаутпен жеңді.

Алтыншы жекпе-жекте Руслан Мырсатаев аргентиналық Андреас Матиас Афранлиді айқын ұтты. 

Жетінші жекпе-жекте Жәнібек Әлімханұлы бразилиялық Жильберто Перейру дос Сантосты ұпай санымен жеңді.

Ал, Жанқош Тұраров аргентиналық Бруно Леонардо Ромэйді ұпай санымен ұтты.

фото: inform.kz