09 там, 2017 сағат 03:16

Қанат Әбілқайыр: Қазақ әдебиетінің болашақ классиктерін қатты аяймын

Төсегімізде қарнымызды тыр-тыр қасып, қара суға ықылық атып "тойынып", ұйқылы-ояу жатқан кезде Есболат та қайдағы-жайдағыны қозғап, дәп бір дәл ертең бар қаламгерге үй тарататындай мәселе көтеріп, оны Өміржан Әбдіхалықұлы бауырым іліп әкетіп, бұған Айдос ағам да үн қосып, екі інісінің шерін тереңнен жел боп қозғап, оятып жіберді-ау. 

Айдос ағам айтпақшы "Негізі қазаққа осындай талқылар керек-ақ". Бірақ, мен бұ жолы жаманды-жақсылы қағаз бүлдіріп жүрген адам ретінде өзім өте қатты сыйлайтын Айдос Сарым ағама қарсы пікір айтпақпын. 

Дархан досымның үйінде отырғанбыз. Жеңгей екі айдан бері бір шегені Дақаңа қаққыза алмай жүргенін айтып, елдің байларын мысалға алып мұң шаға бастағаны сол еді: "Ей Ұлбос, сол айтқан Бәленшекелеріңнің байы бір әңгіме жазған күні маған кел, шегеңді қағып беремін" деп төтеден кесіп тастады. Жалпы, біреудің қолынан келетін істі екінші біреу жасай алмайды. Мен не шеге қаға алмайтын, я Ұлықбек ағамша айтсам, "диванда жатып пультті алуға ерінетін" қазақ әдебиетінің болашақ классиктерін (ешқандай кекетусіз) қатты аяймын. 

Неге? Өйткені, олар менің көзіме бүгінгі тілмен мәдениетшілеп айтсақ, "әлеуметтік топ" болып елестейді. (Әлеуметтік топ дегеніңізге кімдер кіретінін өздеріңіз білесіздер). Белгілі бір дәрежеде миы артықтау, я кемістеу жаратылған "оларды" жазу жазып, қаламақыны қырып алып жүргендей кейіп танытпасақ екен. 

Біріншіден, Айдос ағам былай депті. "Оның үстіне адам ретінде ақын мен жазушы басқа да кез-келген кәсіп иесінен еш артық емес. Егер бір топқа жағдай жасалса, басқа да топтардың барлығына дәл сондай жағдай жасап шығу қажет. Бұл - утопия!". 

Жазушылық пен ақындық бүгінгі қазақ қоғамында кәсіп болып саналмайды. Осы уақытқа дейін жазған шығармам үшін өкіметтен, я басқа жерден көк тиын ақша алған емеспін. Кәсіп - деген ақша табудың көзі. Ал жазушылық деген жазушының басқа кәсіппен тапқан қалтасындағы азын-аулақ ақшасы мен Құдай берген уақытын ысырап жасаудан басқа ештеңе емес. 

Журналистика - кәсіп. Құдайға тәубә, айына айлық алып, өлместің күнін көруге болады. Ал, енді жазушы болып қызмет етіп жүрген біреу болса, соны маған көрсетіп жіберсеңіздер екен?

Екіншіден, ағам "Пушкин мен Достоевский біраз ұлы шығармасын картадан ұтылған қарызын жабу үшін жазып тастағанын барша жұрт біледі" депті. Демек, Пушкин мен Достоевский заманында жазушы еңбегі еленетін болғаны да. Ал қазір ше? Жазу жазып, ақша табатын "тесікті" көрсетіңіздерші. Біз де бас сұғып көрейік. 

Үшіншіден, жазушы аймақ-аймаққа таратқанда тұрған ештеңе жоқ (Әр облысқа екі-үштен ғана кетеді деп ойлаймын. Бұл 800 жазушыға емес, жастарға қатысты айтылса керек). Ағам айтқан бәсекені, ой қазанын қазір әлеуметтік желіден табуға болады. Өзін жазарман сезінетін әр адам "Өміржан бүгін Тоқтарәліге не деді?" екен деп екі құлағын қайшылап, тұщымды ой күтіп жататынын, Алматыда болмаса да Алматыда жүргендей сезінетінін, офлайн мен онлайынның арасы бір-ақ тұтам болып кеткенін, осында-ақ мұрынды шие жегендей етуге болатынын біледі. 

Иманғали көкем жазушыларға жағдай жасады. Иманғали жасаған іс жақсы да, өзге әкім оны қолға алса, жаман ба?

Жалпы, ағамның осы үш ойына қарсымын. Ал, енді басқа ойларының кейбіріне қосылатынымды, енді бірін қолымды көтеріп қолдайтынымды айта кетейін.

Мен ұйқыдан енді тұрған адам ретінде өз ойымды білдіріп қояйын. 

Елдің айтуына қарағанда жастардың ішінде ең көп қағаз бүлдіретін адамдардың бірі менмін. Биыл түк жазбадым. Былтыр екі хикаят келді өмірге. Бірі - "Жылан кегі". Екіншісі - "Кісен". Шынын айтайын, дәл осындай шамадағы 10-15 шығарма миымда пісіп, жазылуға дайын тұр. Оның сыртында ойымда бір романның иі қанып, "қашан жазасың, енді?" деп тыпыршып жатыр. Оған отыру үшін жұмыстан шығып, азын-аулақ өзге де кәсібімнен баз кешуге тиістімін. Әдебиет үшін бала-шағамды тамақсыз қалдыруға дәтім жетпейді. Маған шынын айту керек қазақтың әдебиеті емес, ең алдымен үйдегі балалардың жайы маңызды. Олардың көзін бозартып қойып тәуекелге бару - деліқұлылық. 

Мен ғана емес, мен құралпыластардың бәрінің мұңы осы болса керек. 

Әр шығарманың өз уақытысы болады. Дер кезінде жазылмады ма, ертең қожырап кетеді. Қазіргі сезім ертең жоқ.

Мені былай қойшы, біздің буынның әдебиетке ештеңе қоса алмауының бірінші себебі әлеуметтік мәселеде жатыр деп ойлаймын. Өйткені, бірінші кезекте - журналистиканың қара жұмысын істейміз, екінші кезекте - ұсақ кәсіп, үшінші кезекте ғана жазушылық. Егер де жазушылық пен ақындық алға шықса, ойдағы дүниелерді Мағауинша, я Қадыр көкемше қағазға түсіріп кетсек арман не? Сәл мүмкіндік туса, Мирас Мұқаш қарап қала ма, Қанат бауыр қамшыны осып-осып жібермей ме? Ырысбек бауырым кітабын сатып бір байып, үкіметтен екінші майды асап миллиардер болып кетпей ме? 

Ой көп. Оны оқып шығу да жұмыс қой. Осымен әзірше қоя тұрайын!

Қанат Әбілқайыр

Ұқсас жазбалар:

Рухани жаңғыру басталды. Жас қаламгер, сен қайдасың?

Айдос Сарым: Ақын-жазушыларды аймақ-аймаққа таратуға қарсымын

Есболат Айдабосын: Жазушылардың қоғамдағы образын өзгерту керек