07 там, 2018 сағат 17:34

Қалмұхамбет Қасымов: Денис "біздің адам" болды

ҚР ІІМ басшысы Қалмұхамбет Қасымов Денис Тен өлімін жасырып қалды деген күдікпен ұсталған əйел туралы айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қандай адамдар? Олар - сырттан келгендер. Біреуі  - Жамбыл облысынан, ал екіншісі - Қызылорда облысынан. Үшінші күдікті - əйел адам. Ол да Жамбыл облысынан жазда Алматыда даяршы болып жұмыс істеуге келген. Ұсталған екі жігіт көліктердің бүйір айнасын ұрлаумен айналысқан», - деді Қалмұхамбет Қасымов Алматыда Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы ішкі істер министрлігі әріптестігінің төртінші отырысы бойынша өткен брифингте.

«Ішкі істер және Ұлттық ұлан қызметкерлері – бәріміз Денис Теннің қазасына қайғырып отырмыз. Көбісі біле бермейді, бірақ Денис "біздің адам" болған. 2011-2012 жылдары Ұлттық ұланда борышын атқарды. Спорт бойынша аға нұсқаушы болып, біздің спортшыларға уақытын бөлді. Сондықтан бұл біз үшін де орны толмас қаза», - деп, өткенді еске алған министр Денис Теннің отбасымен кездескенін де жеткізді.

Еске сала кетсек, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні Алматыда автокөлік ұрыларының қолынан қаза тапты. Оқиға түскі үштер шамасында болған. Спортшы тұрақта тұрған көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түседі. Арада жанжал басталып, салдарынан Денис Тен пышақ жарақатын алады.

Үш литр қан жоғалтқан спортшы кешкі бес жарымда ауруханада көз жұмды. 

Аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Спортшының өліміне қатысы бар деген күдікпен үш азамат ұсталды. Олар Жамбыл облысының тумасы 24 жастағы Нұралы Қиясов, Қызылорда облысының 1994 жылғы тумасы Арман Құдайбергенов және Жанар Толыбаева. Әйел қылмыс жасалғанын хабарламағаны үшін ұсталды.