19 қыр, 2016 сағат 09:24

Қали Жолдасов. "Ң" дыбысын айта алмау апаты...

Апат емей немене! Жазылуы мен айтылуы сәйкес келмесе - әліпбиіміздің құны қаншалықты? Осындай ерекше дыбыстармен ерекшеленіп тұратын тіліміз бара-бара әсем үндестігінен айрылып қалмай ма? Бүгінде жалғыз «ң» емес, «ә», «ы», «і», «ғ», «Һ» әріптерінің де дыбысталу халі мүшкіл...

... Ұлттық арнада «Қазақстан барысын» жүргізіп отырған екі жүргізушінің бірі - қазақша «ң» дыбысын дыбыстай алмайтын сақаудың нақ өзі екен: «біздін», «кілемнін», «екі мын…», “сонында”, «женіс»… Қазақы қанымызды қайнатып жіберді. Тілін суырып тұрып бұрасаң ғой нәлеттің… Мұндай сорақылықтан басқа арналар да кенде емес. Тілінің ақауы (дефекті) бар сақау жүргізушілерді теледидардан жедел аластатпаса жұқпалы ауру асқындап, ұрпақтан ұрпаққа таралуы мүмкін... (Дефект - ақау, кемістік, мүкістік, табиғи кемдік ауруы, тұқым қуалайтын дерт).

***
«...қазақтың басқа ұрып санауға болатын әліпбилерін күні бүгінге дейін дұрыстап дыбыстай алмай, «ң»-ды «н» деп дыбыстап, шатасып жүрген мықтыларымыз қаншама? Күңіренген күйзеліс осыдан артық болар ма?» Әмуал Әуелқанұлы. «Келеге салар келелі іс – әліпби жайлы».«Қазақ.ру».

«...дауыстың тоны құлаққа түрпідей тиетін, тілі жұтаң әрі быдық, сөзі өшкін, «ң» мен «і»-нің өзін дұрыс дыбыстай алмайтын, ернін сылпылдатып, екі қолын жөнді-жөнсіз ербеңдетіп, стендапқа ербеңдеп шыға келетін тележүргізушілер мен репортерлер көбейді».

Қуандық Шамахайұлы. «Беті жылтырдың бәрі тележүргізуші бола сала ма?», «Абай-ақпарат».

***

ЕНДЕШЕ «Ң»-ДЫ ДЫБЫСТАУДЫ ҮЙРЕНЕЙІК:

«...«ң» дыбысын дұрыс айтқызу үшін баладан «н» дыбысын созып айтуын өтінеміз. Осы кезде логопед шпательмен немесе логопедиялық зондпен тілді жұмсақ таңдайға шейін итеріп тілдің түбірін жұмсақ таңдайға тигізіп ұстап тұру керек. Сөйтіп «ң» дыбысын созып жеке айтуға дағдыландырады. Дыбыс айтуға машықтандыруды алдымен жабық буыннан бастаған жөн. Біріншіден «ң» дыбысы қазақ тілінде сөз басында кездеспейді, екіншіден «ң» дыбысы жабық буынды анық естіледі. Мынандай да әдіс пайдалануға болады. "М" дыбысын айтқызу кезінде ерінді екі саусақпен ашып ұстап тұру керек. «Ң» дыбысын қоюда төртінші әдісті де қолдануға болады. Ол әдіс ұқсас дыбыстармен кезекпен буын айтқызу арқылы «ң» дыбысын айтқызуға дағдыландыру. Мысалы: ан-аң, он-оң, ын-ың, өн-өң, ін-ің, ұн-ұң...». "Логопедиялық гимнастика өткізу технологиясы", «defektologkz»

Қали Жолдасовтың фейсбуктегі жазбасынан