18 ақп, 2019 сағат 23:06

Кәлетаев: Жас мамандардың шетелге кетуі - трагедия емес

Қазақстан қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев жас мамандардың шетелдерге кетіп жатқанына қатты алаңдамауға шақырды. Министр бұл сөзін 18 ақпан күні мәжілістегі Үкімет сағатында айтқан. Ол "мамандардың кетуі - бүкіләлемдік тенденция" деген.

Кәлетаевтың сөзінше, "елден кетіп жатқандардың 70 пайызы - өзге этнос өкілдері".

Министр "бұл - қалыпты жағдай, адамдар өзінің тілдік ортасын, шығу тегін іздеп кетіп жатыр. Бұдан трагизм сезінбеуіміз керек" деген.

Бірақ министрдің сөзімен кейбір депутат келіспеді. Мәжіліс спикерінің орынбасары Гүлмира Исимбаева "Қазақстанның ерекшелігі - көпұлтты ел, сондықтан оны сақтауымыз керек" десе, депутат Ахмет Мурадов та әріптесінің сөзін қолдап, Қазақстанда көпұлттың сақталуы "стратегиялық ресурс" екенін айтқан.

Ресми мәлімет бойынша, 2012 жылдан бастап Қазақстаннан кетіп жатқандар күрт көбейген.

Статистика комитетінің дерегінше, 2018 жылы елден кеткендер 40 мың адамға жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 11 пайызға артқан. Олардың көбі Ресейге көшкен.

Сонымен қатар, Дархан Аманұлы бұл жиында ауыл жастарының жағдайын жақсарту тетіктерін түсіндірді.

«Өздеріңіз көріп отырсыздар, Мемлекет басшысының Жастар форумында берген тапсырмаларының бәрі де аса маңызды және олар өз деңгейінде орындалатын болады. Осы тұста, мына жайтқа да тоқталғым келеді. Бұл - ауыл жастарының мәселесі. Шыны керек, осы жерде отырған көбіміз ауылдан шықтық. Ауыл - Қазақстанның алтын бесігі, біз үшін сакралды туған жер.  Жастар жылында біз ауыл жастары мәселесін жан-жақты шешудің жолдарын қарастырып жатырмыз. Оның ішінде, Елбасы айтқандай, «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы арқылы ауылға барған жастардың алғашқы жәрдемақысы 100 айлық есептік көрсеткішке өсіп отыр», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, ведомство ауылға баратын жас мамандар үшін арнайы кәсіпорындарда квотаның санын ұлғайту, білім гранттарын көбейту мәселесін қарастырып жатыр.

«Ауылдық жердегі инфрақұрылымды жаңарту, жаңа жұмыс орындарын, медициналық-мәдени ошақтардың құрылысын салу Аумақтық даму жоспарларына нақты енгізілуі қажет деп есептейміз. Сондай-ақ, «Серпін», «Жас маман», «Жас кәсіпкер» бағдарламаларының  мақсаты бір - ауыл жастарының ахуалын жақсарту. Әрине, бүгінгідей урбанизациялық, цифрлық, жоғары технологиялық дәуірде ешкімді ауылға байлап отыра алмайсың. Алайда, тым болмағанда, ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы қаламен теңесе бастайтын болса, ауылдың оты ешқашан өшпейді деп ойлаймын!», - деді Дархан Кәлетаев.