02 мам, 2019 сағат 09:42

«Қаламқас» кен орнындағы апатты тексерудің нәтижесі жарияланды

«Қаламқас» кен орнындағы апатты тергеп-тексеру жұмыстары аяқталды. Бұл туралы елордада өткен баспасөз мәслихатында ҚР ИИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нығметжан Мақажанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2019 жылғы 13 наурыздағы Маңғыстау облысы «Қаламқас» кен орнындағы №8237 ұңғымасында орын алған аварияның тергеп-тексеру жұмыстарын аяқтады. Ұсынылған материалдарды қарастырып, «Си Бу» Инженерлік Бұрғылау Компаниясы» ЖШС ұңғыманы бұрғылау кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзғандығы, бұл өз кезегінде газ және судың шығуына алып келгенін комиссия анықтады», - деді комитет өкілі.

Белгілі болғандай, мердігер ұйым «Си Бу» Инженерлік Бұрғылау Компаниясы» ЖШС-нің ұңғыманы салуға арналған техникалық жобаны, мұнай және газ ұңғымаларын бекіту жөніндегі әдістемелік нұсқаулардың талаптарын бұза отырып, цементтің қатаюын күтудің белгіленген уақытын есептемеген, ұңғыманың сағасы уақытынан бұрын герметизацияланған.  Бұған қоса, атқыламаға қарсы жабдықтың (АҚЖ) пайдалануға қатысты өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормативті-құқықтық акт талаптарын сақтамаған.

«Си Бу» Инженерлік Бұрғылау Компаниясы» тарапынан осы ұңғыманың құрылысын қауіпсіз жүргізуге қажет болған өндірістік бақылауды қамтамасыз етілмеген, сондай-ақ компания қызметкерлерінің өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы білім дәрежесі сәйкес келмейді», - деп нақтылады Н. Мақажанов.

Осы орайда ол Комиссиямен апатты тергеп-тексеру шешімі бойынша «Си Бу» Инженерлік Бұрғылау Компаниясы» ЖШС айыбының анықталғандығын атап өтті. Аварияның себептері мен мән-жайлары көрсетілген акт жасалып және осындай апаттардың алдын алу бойынша шаралар әзірленді. Тергеп-тексеру материалдары құқық қорғау органдарына берілген. 

«Тергеу қорытындысы бойынша комиссия бірқатар шараларды қабылдады. Осы орайда мұндай апаттарға жол бермес үшін тиісті шараларды іске асыруға нұсқау берілді. Атап айтқанда, «Қаламқас» кен орнындағы №8237 ұңғымасынан 1 шақырым радиуста барлық ұңғымаларға мониторинг жүргізу ұсынысы жасалды. Яғни экологиялық зерттеу жүргізіледі және басқа да ұңғымаларда осындай апатқа жол бермес үшін тиісті шаралар атқарылады», - деді Н. Мақажанов елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Естеріңізге сала кетейік, Қаламқас мұнай кен орнында ұңғымадан шыққан газдың жануына байланысты жедел штаб құрылды. 

 

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кен орнындағы жағдайды өз бақылауына алған болатын. Сонымен қатар, наурыз айының соңына қарай Энергетика министрлігі «Қаламқас» кен орнындағы өрт ошағы сөндірілгенін мәлім етті.