27 қаң, 2019 сағат 20:40

Қабдеш Жұмаділов. Ит базары

Жұмаханның қалада тұратын баласының үйіне қыдырып келіп, қонақтап жатқанына біршама уақыт болды. Университетте сабақ беретін үлкен ұлы Нұрғазы былтыр кандидаттық диссертация қорғап, дәрежесі бір басқыш өсіпті. Келіні — дәрігер. Тұрмыстары жаман көрінбейді. Барды-жоғын әкесінің алдына тосып, қолдарынан келгенше күтіп-ақ жатыр. Тек, бір ыңғайсыз жері, күндіз ұлы мен келіні кызметке кетіп, Жұмахан үйде жалғыз қалады. Мектепте оқитын немерелері: Айжан мен Мағжан алғашқы күндері атасынын маңына үйірілгенмен, каникулға жаңа шыққан балалар ойынның қызығына түсіп кетті.

Жұмахан — табиғатынан мазасыз кісі-тұғын. Бірдеме істемесе, не біреумен сөйлеспесе, іші пысып тұрады. Бір-екі күннен кейін өз бетімен қалаға шығып, көше кезіп кететін болды. Алматы оған бұрыннан таныс болса да, ат ізін салмаған соңғы он шақты жылда едәуір өзгеріп кетіпті. Өзгергенде, жаңадан қосылған бәлендей ештеңе жоқ. Тек, қала көшелері өзгеше түс алған. Бұлын-пұшпақтың бәрі дүңгіршек дүкендер, қаптаған жайма базарлар. Бірінші қабаттағы тұрғын үйлер енді дүкенге, шатын кеңсеге айнала бастапты. Бұрын бір орталыққа кіндігінен байланған бір тұтас дүние енді бір-бірінен ажырап кете алмай, әлекке түсіп жатса керек.

Жұмаханның сонан кейінгі бір ермегі — теледидар. Шамы бірде жанса, бірде жанбай қалатын алыс аудандағы малшыға бұл да таңсық. Қалада телеарна дегені мұндай көп болар ма, қайсысын басып қалсаң да, бірдеңе көрсетіп жатады. Неше алуан шетелдік фильмдер: қырғын соғыс, ұрыс-төбелес, тырдай жалаңаш айқасып жатқан ғашықтар. Әйтеуір, зерікпейсің. Бір кезде орта мектепті тәп-тәуір бітірген Жұмаханның нан сұрап жерлік орысшасы да бар болатын. Алматы мен Мәскеуден берілген хабарларды талғамай көре береді.

Бір байқағаны: ауылдағыдай емес, қалада бәрі де алақанға салғандай көрініп тұрады екен. Ауылда: «бәленбайдың қорадағы қойын үптеп кетіпті, түгенбайдың соғымға сойғалы отырған ту биесін арқаннан шешіп әкетіпті» деген ұзын құлақтан басқа не жаналық болсын. Ал мұнда дүниеде не болып жатқанын теледидардан ап-анық көріп отырасың. Орталықта тәртіп күшті, заң қатаң болар, ұры қары дейсің бе, кісі өлтірген қарақшы, наркоман бұзық дейсің бе, топ-тобымен қолға түседі екен. Қалалық ішкі істер басқармасы күн сайын хабар береді. Жұмахан көре бастаған бір жұманың ішінде қаладағы қылмыс саны қырықтан төмен түскен жоқ. Оның отыздан астамы сол күні-ақ ашылады. Бұған енді өзге қалалар мен аудандарды қосыңыз. Ең қиыны, ұсталғандардың бәрі тепсе темір үзетін азаматтар. Егер осы қарқынмен жалғаса берсе, бұл елде жұмыс істейтін адам азайып кетіп жүрмес пе екен?!

Жұмаханның әсері қолма-қол. Бірден оталып, қамысқа түседі. Кешке таман сондай бір хабарды көріп отырғанда:

— Әй, мынасы болмайды екен! — деді қасындағы Нұрғазыға қарап. — Бұл қылмыс деген пәле қайдан қаптап кетті өзі? Әлгі капитализмнің берері осы болса, атасына нәлеті, жетіседі екенбіз! Халықты аздырып, бұзатын неме ғой, мынау!

Нұрғазы — жаратылысынан біртоға, ұяң жігіт-тұғын. Жасынан қағазбасты болып, көп оқыған адам бірте-бірте жұқарып, майысқақ, майда боп кете ме, кім білсін, әкесіне көп қарсы келмейді. Ол кітаби тілмен бипаздап, казіргі өтпелі кезеңде осындай тәртіпсіздік болмай тұрмайтынын түсіндіре бастап еді, Жұмахан:

— Қой, балам, сен маған газеттің сөзін айтпа! — деп бетін қайтарып тастады. — Мені оқымаған, қатардағы қойшы деп отырсын ғой. Байқа, біздің де төбеміз тесік!

— Ауылда жатып, өзің саясатты жүнше түтесің ғой, көке? — деген Нұрғазы езу тартып.

— О, несі-ай, мен дүниеге жана келіппін бе? — деді Жұмахан баласына ажырая қарап. Сонан соң аз ойланып отырды да: — Сендер, оқымыстылар, әрқайсысын өз салаларың бойынша мынаны ғана білесіңдер! — деп сол қолының бес саусағын жеке-жеке саумалады. — Ал мен мынаны білемін! — деп білезігін ұстады. Онысы: «Мен өмірдің бастау кезін, түп-тамырын білемін» дегені еді.

Сөйлесіп көр, ауылдан келген қойшымен! «Қойшы» — баяғы ескірген атау ғой. Кеңес дәуірінде Жұмахандар «қойшы» десе шамданатын. Ол кезде «шопан» деген құрметті атақ болды. Жұмахан жай қатардағы шопан емес, орденді, озат шопан болатын. Қырық жыл қой соңында жүрсе де, абыройдан кенде болған жоқ. Шүкір, қазір костюмінің омырауы — генералдың кеудесіндей. «Ленин» ордені, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендері. Ал, медаль дегенің жетіп артылады. Шіркін, «Алтын Жұлдызға» қол созым-ақ жер қалып еді, амал не, сәл-пәл демеп жіберетін біреу табылмады ғой. Әйткенмен, барға қанағат. Еңбек Ері болмаса да, бір рет сәті түсіп, Жоғарғы Кеңеске депутат болғаны бар.

Тәйірі, ол кездегі депутаттар қазіргідей көкпарға түсіп, қырқысып жата ма, бәрі басқаша еді той. Сайланатын кісінің аты-жөні жоғарыдан бекітіліп келетін де, сайлаушылар бірауыздан дауыс беретін. Жұмаханның тұсында да солай болды. Сол жылдары бұл қатарынан бірнеше мәрте жүз саулықтан жүз елуден қозы алып, етектегі тасы өрге домалап тұрған. Шалғайдағы Ақбұлақ ауданынан бір депутат сайлануы керек екен. Жоғарыдан келген нұсқауда ұлты қазақ, өзі озат шопан болсын делініпті. Несін айтасың, әлгі шарты құйып қойғандай, Жұмаханға дәл келе кетті. Сол жолғы сайлауда азаматын 95 пайыз дауыс алды ау! Бұл басында «депутаттыққа жарасам жақсы болды-ау» деп қатты қобалжыған. Сөйтсе, киын ештеңесі жоқ екен. Жылына екі рет Алматыға келіп, сессияға қатысады. Дауыс керек болса, бәрі бір кісідей қол көтереді. Көсемдер сөйлегенде, шапалақты аямай ұрып береді. Сонымен іс бітті. Жиналыс аяқталған соң, арнайы ашылған дүкенге кіріп, қоржын-қолаңын сықап елге қайтады. Қайда барсаң да жол қатынасы тегін... Обалы кәнеки, бұл жылдар Жұмахан үшін жаман болған жоқ. Депутаттық беделін пайдаланып, осы Нұртазыны оқуға түсірді. Бірақ мұндай кезең тым ұзаққа созылған жоқ. Өйткені, келесі сайлауда жоғарғы жақтан: «Ақбұлақтан сайланатын адам әйел болсын, әрі мұғалім болсын» деген нұсқау келіпті. Бұл, амал жоқ, бауыр басып қалған жылы орнын орта мектептің бір мұғаліміне босатып берді.

Қазір ойлап отырса, ол да бір дәурен екен. Қазір ауылда ондағыдай қой да жоқ, алақанға салып әлпештейтін шопан да жоқ. «Шопан» деген атау архивке кетіп, оның орнын жеке шаруа, фермер дегендер басты. Фермердің бірі — өзінің кенже ұлы Серғазы ғой. Бұлардың да саны көп емес. Қазір ауданда қалған мал бұрынғы бір совхоздың байлығына жетер ме екен?!

Аласапыран, алмағайып кезеңде заманның беталысын бағамдау да оңай шаруа емес. Сол озат атанған Жұмахан «жекешелендіру» кезінде үлестен қағылып, қу таяғын ұстап қала жаздады. Жоғарының нұсқауына тақ тұрып үйренген басы бұл науқанның соны неге апарып соғарын қайдан білсін, аудан басшылары не айтса, соған көне беріпті. Егер баласы Серғазы болмағанда, тақырға отырып қалатыны анық еді. Серғазы — мұны кенжесі. Оқуға қырсыздау болған соң, тым құрыса біреуі таяғымды ұстап қалсын деп, оны мектеп бітіре салысымен қойға әкеліп салған. Өзі жасынан ерке, бірбеткей, жынды бастау неме еді. Сол тентектігі бір кәдеге жарады.

Совхоз бен аудан басшылары «жекешелендіру» деген сылтаумен ортадағы малды мінтей-мінтей тауысып, Жұмаханның қорасындағы алты жүз қойдың жарымы ғана қалған-ды. Бір күні мал мамандары сол қалған қойды біржола өткізіп алуға келіпті. Бұл кезде басшылардан әбден көңілі қалған Жұмахан ештеңеге араласпай, қолды бір-ақ сілтеп қойған-ды. Бірақ Серғазы бұл күтпеген мінез танытты. Қосауызын оқтап алып, қой санауға келгендерді қораның маңына жолатпай қойды. Әлгілер ертеңінде ауданнан милиция алып келген. Оларға да осыны істеді. Бастарынан асыра мылтық атып, зәрелерін алды. Ақыры, Серғазының оңай берілмесін білген соң, басшылар істі сотқа берді.

Жұмахан енді қойы құрысын, балам сотталып кете ме деп зәресі ұшқан. Бірақ мұның тентек ұлы бұл ойлағандай емес, заңға жүйрік, сұңғыла боп шықты. Үйдегі сандықтың бір бұрышында шопанның «Есеп кітабы» жататұғын. Онда Жұмаханның жыл сайын мемлекетке қанша қозы, қанша жүн өткізгені айы-күнімен ап-анық жазылған. Әлгі жанжалдың алдында Серғазы сол кітапты совхоз бухгалтериясына апарып, толық есебі көрсетілген анықтама жаздырып алыпты. Бұрын кім есептеп көрген, сөйтсе, Жұмахан қырық жылда мемлекетке отыз мыңдай тоқты, алпыс тоннадан астам жүн өткізген екен. Құдай салмасын, отыз мың дегенің бір колхоздың малы емес пе?! Ал осы жылдарда алған еңбек ақысы жанағы жүннің құнынан көп аспайтын көрінеді. Серғазы сот тергеуі кезінде осы құжатты алдарына жайып салды. Заң орындары бұлтартпас дәлелге жығылды ма, әлде бұл дауды көп дабыраламай жұртқа жайылып кетпей тұрғанда тез бітіргісі келді ме, әйтеуір, қорада қалған үш жүздей қойды Серғазыға беріп құтылды.

Қазір сол Серғазыңыз — жеке шаруа. Біреулер оны «фермер» деп күпитеді. Өзімдікі деген оңай ма, бұрын совхоз малына селқос қарайтын жігітін өз малына келгенде бар күшін салып жүр. Қазір мал басы сиреп қалды ғой. Жайлау, қыстау, шабындық дегенін бос жатыр. Зейнетке шыққан Жұмахан анда-санда барып, қол ұшын берген болады. Кейде баласына қалжыңдап: «Озат шопан, әрі коммунист басыммен капиталист фермерге жалшы болмақпын ба?! Кемпір екеуімізге пенсиямыз да жетеді» деп шалқаятыны бар. Әйткенмен, Жұмаханның белбеуді кеуделете буынып, бұлай алшаң басып жүргені — сол Серғазының арқасы. Осы жолы да «үйде бұйығып жата бермей, қаладағы оқымысты ұлыңды көріп қайт» деп жол қаражатын өтеп, бір қойдың етін қоржынына салып беріп, пойызға отырғызып жіберген — сол фермер баласы.

Жұмахан бұрын да күпілдеген мақтаншақтау кісі еді. Оған енді балаларының буы қосылып, аттан түссе де, үзенгіден түсе алмай жүрген жайы бар. Баяғы депутат болған кезін жиі еске алып, «бұл Алматы дегенің бізден қалған ғой» деп отырады. Сонысын көрсеткісі келді ме, кейінгі кезде үйге тоқтамайтын болды. Қалаға бір киер костюмін киіп келген. Омырауы толған орден. Соларын салдырлатып тағып алады. Онысы теріс те болған жоқ, автобус не троллейбусқа міне қалса, жұрт жапырылып орын береді. Тек, бір жерде ғана көңіліне кірбің түсіп қалды. Жұмахан әлдебір аялдамада көлік күтіп тұрған-ды. Бір жас жігіт мұның қасына жақындап, бас-аяғына бажайлап қарап алды да:

— Ақсақал, орден сатпайсыз ба?—деді ақырын күңк етіп.

Таңданғаны сонша, «мынаның есі дұрыс па?» дегендей, аңырып қалған. Жоқ, қалжың да, мазақ та емес, шын айтып тұр.

— Қазір ордендер сатылады. Өткенде бір шал «Ленин» орденін өткізіп кетті, — деді әлгі жігіт байсалды түрде. — Егер сатсаңыз, осында Кеңес Одағы ордендерінен коллекция жинап жүрген адам бар, ақшаңызды қолма-қол санап береді.

— Қанша бересің? — деді бұл бойын кернеген ашуды зорға тежеп.

— «Ленин» орденіне жүз елу, «Еңбек Қызыл Туға» жүз, «Құрмет белгісіне» елу доллар төлейік.

Жұмахан бұдан ары шыдай алмай кетті:

— Менің өзімді қоса сатып алмайсың ба? Бұл — менің қырық жылдық еңбегім ғой, ақымақ! — деген ызадан жарылардай қалш-қалш етіп. Бұл сөзге әлгі жігіт түк шамданған жоқ.

— Пардон, сатпасаңыз ықтияр өзіңізде. Оған неге ашуланасыз? — деді де бұрылып жүре берді. Егер анау қарсы бірдеңе айтса, Жұмахан төбелесуге бар еді.

Бірақ көңілге түскен дық біразға дейін тарқамады. Сол беті баяғы өзі білетін орталық алаңға барған. Жоғарғы Кеңестің сессиялары өтетін Үкімет үйі сол орнында тұр. Астана Ақмолаға көшкеннен бері, мұнда облыстық әкімият орналасыпты. Кеңсе ғана кішірейіп қоймай, адамдары да ұсақтап кеткен бе, қалай, кім көрінген кіріп-шығып жүр. Сонан соң аланның қақ ортасында мен мұндалап тұратын күн көсемнің ескерткішіне қарай бұрыла берді де, аңырып тұрып қалды. Ой, сұмдық-ай, Ленин жоқ орнында! Көсемнің өзі ғайып болып, астындағы тас тұғыры ғана қалыпты. Әрине, бос қоймаған, дайын тұғырға жер шарын орнатып, Оның үстіне асыр сап ойнаған сәбилердің мүсінін салыпты! Ал, тұғырдың бет алдында қаһарман қыздар — Әлия мен Мәншүктің ескерткіші тұр. Айтары жоқ, әдемі-ақ! Жер шары, бейбітшілік, соны қорғап қалған батыр қыздар... Ал, сонда Ленин қайда? Ұлы жиындар, дүбірлі тойлар басталар алдында осы жұрт ұлы көсемге тағзым етіп, гүл шоктарын қоймайтын ба еді. Енді соның бәрі көрген і үске айналғаны ма?!

— Үлкен кісіні қайда алып кеткен? — деді қасынан өтіп бара жатқан орыс кемпіріне бұрылып.

— Владимир Ильичті айтасыз ба? — деді кемпір мұның бас-аяғына, омырауындағы ордендеріне көз жіберіп. — Оны алып кеткелі қашан... Сізді түсініп тұрмын. Ескерткішті көргіңіз келсе, қала шетіндегі үшінші шатын ауданның гүлбағына барыңыз. Сонда апарып тастаған.

Ойға алған ісін орындамай қоймайтын Жұмахан дереу троллейбусқа отырып, айтылған адреске қарай бет түзеді. Жаман-жақсы болсын, отыз жыл сол партияның мүшесі болды ғой. Көсеммен көріспей кетуді біртүрлі әбестік санаған. Іздеп барса, айтқанындай-ақ Ленин ескерткіші «гүлбақ» деп атауға келмейтін, қалың ағаш арасындағы шағын алаңқайда тұр екен. Тұтырсыз. Қара жерге батып кетпес үшін, табанына қалыңдығы бір сүйемдей ғана тас тақта қойыпты. Жұмаханға Лениннің табанынан сыз өтіп тұрған сияқтанды. Бұрынғы айбын жоқ, бойы аласарып, шөгіп кеткен. Үсті-басы кір-қожалақ, кұс саңғырығы.

Жұмахан көсемнің міскін қалпын көргенде, бәлендей өзегі өртене қоймаса да, іштей бір аяныш сезімі бас көтеріп, біртүрлі құлазып қалды. Опасыз жалған деген осы. Дүние, шынында да, өзгерген екен. Алатау орнынан жылжыса, жылжып кетер, Бірақ Ленин қозғалмас деп ойлаушы еді. Демек, оны құлатқан күштің де оңай болмағаны ғой. Бұл күнде тарихқа айналған сол дәуірмен бірге мұның өз өмірінің де тұтас бір бөлігі келмеске кеткен сияқты. Ол мана таңертең «Ленин» орденін сатып алмақ болған жігіт сөзінің мәнісін де осы арада айқын түсінді.

Жұмаханның бұдан кейін жиі барып тұратын тағы бір жері — бұрын Горький есімімен аталған Мәдениет паркі.

Өзі барыс-келіске де қолайлы екен. Үйдің қасындағы аялдамадан №12 троллейбусқа отырсаң, тұп-тура қақпаның алдына апарады. Қайтарда тағы сол. Әр алуан гүлдермен кестеленген саялы бакты аралап, бір уақыт бой жазады. Бақтың түкпір жағында хайуанаттар паркі бар. Жұмахан "оны асықпай, екі күн бойы аралады. Не жоқ дейсің мұны ішінде? Ұшқан кұс, жүгірген аң, түгел осында. Үндінің пілі, Африканың арыстаны мен жолбарысы... Бір жағында бұғы, марал, арқар, тауешкі секілді қоңыр аңдар орналасыпты. Төрт түліктен әзірше сынар өркеш түйе тұр. Түбі, басқа малдар да осы парктен орын ала ма, кім білсін?! Ол аю, қабылан, сілеусін секілді жыртқыштар қатарын тамашалап келе жатып, кенет қасқырға көзі түскен. Қапаста тұрған дала көкжалын көргенде, ескі бір танысын жолықтырғандай, сол маңда айналсоқтап тұрып қалды. Түз тағысы ма, әлде осында туған сорлы ма, жүні ұйпа-тұйпа болып, жүдеу тартыпты. Құдауанда, ұзақ уақыт үйшікте тұрса, қасқыр да итке айналып кетеді екен-ау! Қасқыр — қойшылардың өмір бойы аңдысқан қас жауы ғой. Сол жауынын тордағы түрін көргенде, Жұмаханның қыбы қанып, қуанса керек еді, олай болмады. Дала серісін біртүрлі аяп кетті. Бұл хайуанаттар паркі адамдарға қызық көрінгенімен, аңдардың түрмесі екен-ау!

Қыран құстар қатарына келгенде, сол сезім тағы қайталанды. Бүркіт, қаршыға, ителгі, сұңқарлар қойылыпты... Бәрі де бабымен түлемеген, жүдеу кейіпте. Тәйірі, көк жүзінде еркін қанат қағып, шарықтап ұшпаған соң қыранда күй бола ма?! Бұлардың дәл қазір қорадағы тауықтан несі артық?

Жұмахан іштен тына күрсініп қойып, осындай алуан ойдың басын шалып тұр еді, кенет дәл қасынан:

— Құдай-ау, өз көзіме сенейін бе, сенбейін бе? Мынау — Жұмекен бе, шынымен-ақ?! — деген біреудің самбырлаған сөзі естілді.

Жұмахан таныс дауысқа елең етіп, жалт бұрылса, ту сыртында ақсия күліп, Жолтай тұр. Біраз жыл «Комсомол» совхозында бас мал дәрігері болған кәдімгі Жолтай Жоламанов. Торт түлік талапайға түсіп, совхоз тараған соң басқа басшылар секілді ол да көзден ғайып болған. Содан көріп тұрғаны осы. Бұрын да майға бөккен бауырсақтай жып-жылтыр, толық жігіт еді, қазір тіпті қоңданып алыпты.

— Ау, Жолтайсың ба? Сен қайдан жүрсін мұнда? — деген шын таңданып. Мына беймәлім қалада таныс адамының жолыққанына қуанып та қалып еді.

— Біз осы Алматыдамыз. Қаланың тау жақ бөктерінен үй салып алғанбыз! — деді Жолтай майлы қасықша жылмаң қағып.

— Солай де... Алматылық болып кеттім де!

Жолтай — Жұмаханның бәйбішесі Айшаға жамағайын туыс боп келетін-ді. Елде жүргенде «жезде» деп ойнайтыны болушы еді. Мұның бас-аяғына тағы бір қарап алды да:

— Өзіңіз салтанатты жиынға келгендей ордендеріңізді тағып, сәнденіп алыпсыз ғой, тегі! — деді баяғы әзіліне басып. — Қалай, ауыл аман ба? Апайдың дені-қарны сау ма?

— Ауыл сол баяғы өздерін жұтатып кеткен жерде ілдебайлап жүріп жатыр. Апаң да аман-есен, — деді Жұмахан түс бере коймай. — Өзің мұнда не қызмет істейсің!

— Қалада мал дәрігерлік орталық бар. Сонда бөлім бастығымын.

— Шаһарда мал болғаны ма сонда?

— Қайдағы мал?! — Жолтай жырқылдап күліп алды. — Қалада ресми тізімделген он мыңдаған ит пен мысық бар, солардың денсаулығына қараймыз. Қасапқа сойылған малдың етін тектеп-тексеру де бізге жүктелген. Мына парктегі хайуанаттар да — біздің құзырымызда. Қысқасы, жұмыс деген жетіп жатыр!

— Республикадағы отыз бес миллион қойды, он миллион жылқы мен сиырды кұртып, ақыры ит батып кеткенсіңдер ме?!

— Енді не істейміз? Күнкөрістің қамы... Осы сіз ашуыңызды ылғи менен алатыныңыз не? Мықты болсаңыз, ана жоғарғы жаққа айтпайсыз ба?! — деді анау сұқ саусағымен аспан жақты көрсетіп.

— Танымайтын адамдарда менің шаруам жоқ. Менің ісім — Ақбұлақтың үш жүз мың қойын көре тұрып құрдымға жіберген сен сияқтыларда...

— Ой, Жұмеке-ай, болар іс болды ғой, осы әңгімені қоялықшы! — деді Жолтай жалынғандай болып. — Одан да ауыл жайында сөйлеселік те. Әлгі біздің ерке жиен қалай? Серғазыны айтам... Шаруасы өрге басып тұр ма?

— Е, өрге баспай не көрініпті. Тәйірі, қойшының баласына қой бағу киын болып па? Қарғыбаның кең аңғарын жеке жайлап жатыр.

Ана жылы қорада қалған қойды санап алуға келген комиссияның кұрамында осы Жолтай да бар болатын. Енді соны еске алып тұр.

— Әй, біздің ол жиен де тентек еді-ау! Басымыздан асыра мылтық атып, иманымызды ұшырған жоқ па? Ақыры дегеніне жетті. Нағашыларына тартқан нағыз ер деп соны айт!

— Сендерге ит ұқсасын! Әкесінің ақтаяғын ұстап қалған ұл ғой ол! Нағашыларына тартса сен сияқты ит бағып кетпей ме?! — деді Жұмахан әлі де сабасына түсе қоймай.

Арадағы әңгіменің жараспасын сезді ме, Жолтай қипақтап, сағатына қарағыштай берді.

— Осындағы кеңсеге кіріп-шығатын шаруам бар еді. Көрісе алмасақ, елге сәлем айтыңыз! — деді кетуге ыңғайланып.

Жұмахан анау бұрыш айналып кеткенше, көз алмай қарап тұрды. «Апамның шайын сағындым» деп Айшаны қолпаштап, қыста сүріге, жазда бағланның уыз етіне тойып кетуші еді. «Үйге жүріп, шай іш» деуге де жарамады-ау әлгі судырақ!» — деді көңілі қоңылтақсып.

Араға біраз уақыт салып, жексенбі күні паркке тағы барған. Көзіне бірден шалынғаны: бүгін мұнда ит жетектеп, қанден көтергендер көп екен. Ит ерткендерді бұрын да көріп жүр ғой. Бүгін тіпті қаптап кетіпті. Сөйтсе, парктің қақ ортасындағы жаздық сахнада ит базары болып жатыр екен. Ит ерткені бар, жай жүргені бар, сахнаның алдындағы ұзын орындықтарда қаз-қатар тізілген халық. Уақыт өткізу үшін, Жұмахан да бір шеттен орын алды.

Бұл жиынды «ит көрмесі» деп атауға да болатындай. Жарысқа ит қосатындар бір-бірден сахнаға шығып, көрініс береді екен. Әрқайсысы көрініске шыққан сайын, сірә, ит маманы болар, сақалы бар, мұрты жоқ, қасқабас біреу микрофонда сарнап, иттерді таныстырып тур. Не жоқ дейсің мұның ішінде? Тобан аяқ, дорба ауыз ағылшын бульдогі, қасқыр текті неміс овчаркасы, ұзын сирақ, апайтөс орыс тазысы... Бұларды қойшы, бұлар көрнекті, ірі иттер ғой. Ана қандендерді айтпайсың ба?! Олардың да неше алуан сорты қаптап жүр. Тақыры, сабалағы, мысықтайы, тышқандайы... Кіп-кішкентай болып, өздерінің жүндесі-ай, кере қарыс шудадан бас-аяғы зорға көрінеді. Жерде жорғалай жөнелгенде, жел ұшырып бара жатқан бір шүйке жүн секілді. Ондайлар жетектеуге келмейтін болған соң, әйелдер сумкасына салып, көтеріп жүреді екен. Сондағы біреулер айтып отыр: ит неғұрлым кішкентай болған сайын, құны да арта беретін көрінеді. Болса болар, екінші бір шетте ит саудасы қызып жатыр.

Жұмаханды таң қалдырған бұл да емес. Манадан бері ақылы жетпей отырғаны: әлгі иттердің кеудесі толған медаль. Алтыны, күмісі, қоласы аралас медальдан алқа жасап мойындарына іліп қойыпты. Ал алқа татуға келмейтін мәстек иттерге жібектен кеудеше кигізіп, алған медальдарын соған қадап қойыпты. Қозғалғанда жалт-жұлт етіп, көздің жауын алады.

«Сонда бұл иттер мынадай марапатты қандай қасиеттері үшін, адамға көрсеткен нендей қызметі үшін алды екен? — деді Жұмахан айран-асыр болып. — Қайраты асты ма, әлде жел-құйын жүйріктігімен танылды ма? Немесе жайлауда қора күзетіп, қасқырмен алысты ма екен?!» 

Осыны ойлауы мұң екен, көңілі алай-дүлей болып, көзіне жас келді. Өйткені қойшының есіне дәл осы сәтте өзінің Сырттан, Бөрібасар, Алыпсоқ атты төбеттері түсіп еді. Айналайындар-ай! Тайыншадай сол төбеттер тізе қосқанда, ауыл маңына қасқыр жолатпаушы еді-ау! Егер, кезінде Жұмаханның тасы өрге домалап, қорадағы малын шығынсыз өсірсе, алдымен сол төбеттердің арқасы. Қырық жыл ішінде жанағы Сырттан мен Бөрібасардан басқа да талай ит ұстады ғой. Жақсы иттің тұқымын күшік кезінде бодауына қой беріп алушы еді. Кейде иттің санын бес-алтыға жеткізген жылдары да болды. Әне, ит деп соларды айт! Амал не, қоғам малы үшін басын тігіп, қора күзеткен сол төбеттердің бірде-біріне медаль бұйырған жоқ. Еңбегі еш, тұзы сор, есіл жанкештілер-ай!

Ол осындай көңілсіз ойлар әуенімен орнынан тұрып, бір шетке шыға бергені сол еді, ойда жоқта тағы да Жолтай сап ете қалды.

— Жезде, ит базарына сіз де келгенсіз бе? — деді мұның бетіне таңырқай қарап.

— Мен неге келмеймін? Төрт аяқтыдан бұл қаланың қарап отырғаны ит болса, оны неге көрмеске?!

Жолтай астарлы әжуаны елеген жоқ. Өзінше тау қопарып жүрген адамның кейпіне түсіп, судырата жөнелді.

— Иә, бұл ит шаруашылығы да оңай емес екен. Бүгін ит базары өтетін болып, таң атқалы осында жүрміз! — деді өмір бойы ит бағып келген адамдай. — Дәрігерлік тексеруден өткізу, пародаларын анықтау...

— Ал ит маманы болсаң айтшы! — деді Жұмахан Оның сөзін бөліп. — Ана қарғы — медальдар бұларға не үшін берілген?

— Пәлі, Жұмеке, сіз де қызық екенсіз! — Жолтай таң тамаша боп тұр. — Ойбай-ау, бұлар — қырдың жабайы төбеті емес, шетінен асыл тұкымды, ақылды иттер ғой! Әне, өзіңіз қараңызшы, — деп әлі де ит жарысы өтіп жатқан сахна жақты нұсқады. — Өздері кәдімгідей тіл біледі. Жұмсаған нәрсеңді әкеліп береді. Әне, артқы екі аяғымен тік тұрып, билейтінін қайтерсің! Бәрі де — шетелдік, нәсілді иттер ғой. Медальды бұлар алмағанда, кім алады?

— Итияумаит, өзің бір собакавод екенсің! — деді Жұмахан аузына басқа сөз түспей. — «Жабайы төбет» дейді ғой оттап... Мынаның қырқын жинасаң, бір Бөрібасарға алар ма екенмін?!

Жолтай бұл сөзге де түк шамданған жоқ. Ашу-ыза, кісілік, намыс дегенді біржола сыпырып тастаған секілді. Ол қанден иттердің қасиеті жайында ұзақ сонар сөз бастап келе жатыр еді, кенет бұлардың назарын таяу маңнан шыққан айғай-шу бөліп кетті.

Бұрылып қараса, қалың топтың арасында екі әйел жұлысуға жақындап, бір-біріне ұмтылып жүр екен. Егделеу орыс әйелі мен жирен шашты тағы бір келіншек. Шамасы, екеуінің таласы ит жайында. Біреуінің жетегінде қаншық, екіншісінде төбет болса керек. Иттері үйірілісе кеткенге екі әйел мәз болып, өзара әңгімеге кіріседі ғой. Сөйтсе, екі иттің де күйіті келіп, үйігуге сынар таппай жүреді екен. Сол арада қолма-қол ылығып, ілінісіп қалыпты. Ілініскен иттерді ажырату оңай емес, оған кемінде жарты сағаттай уақыт керек. Қызық іздеген ер-әйел, бала-шаға соның маңында жүр. Ит иелерінің дауы бітер емес. Егде әйел: «Нәсілі төмен төбет қосып, асылзат қаншығымның қанын бұздың» десе, жирен шашты келіншек: «Сен күйлеген қаншығыңды күшіктету үшін осында әдейі алып келдің. Күшік екеумізге ортақ. Кейін туғанда бөліп алуымыз керек» дейді... Кешікпей әлгі жерге төртін сақшылары келіп, ілініскен итті де, жұлысқан әйелдерді де сахна сыртына қарай алып кетті.

— «Ит жастанғанның ұйқысы қанбайды» деген ғой. Бұл кәсіптің де шаруасы шаш етектен! — деді Жолтай кетуге ыңғайланып. — Енді аналардың дауын бітіруіміз керек. Жұмахан онымен қош айтысып, қақпаға қарай аяндады. «Тауып алған кәсібінің түрін! — деді былай шыға бере мырс-мырс күліп. — Тәңірім-ай, бір кезде осылар да атқа мініп, ел басқарды-ау! Кімге сенгенбіз? Тізгінімізді кімдерге ұстатқанбыз?»

Бұл қалада құлаққа маза беретін тыныш жер табу да оңай болмас. Бір күні қасына немерелерін ертіп, жаңа республика алаңын көруге барған. Мұнда да топтана шуылдаған кілең кемпір-шалдың үстінен түсті. Шеруге шыққандар екен. Көтерген плакаттары, дауыс күшейткіш құралдары бар. Зейнетақыны молайту керек! Қымбаттап бара жатқан электр қуаты мен пәтер ақыны азайту керек! Әлдебір оппозициялық партияның жетекшісі мінбеге шығып, екілене сөйлеп тұр. Енді біреулер зыр жүгіріп, шеруге шыққандарды фотоға, бейне-таспаға түсіріп жүр... Соны байқаған Жұмахан топтан сытылып шыға берді. «Қой, қосақ арасында таспаға түсіп қалып, ертең теледидардан көрсетсе, жұрт алдында масқара болармын! — деген сақтық ойлап. — Қаланын дау-шарында мына Жұмаханның не шаруасы бар демей ме білетіндер!»

Ол осы оқиғадан кейін тағы үш-төрт күн қонақтап жатты да, елге қайтуға шұғыл қамдана бастады. Баласы Нұрғазы:

— Жақында демалысқа шығам. Алатауды аралатайын, Ыстықкөлге апарып қайтайын! — деп еді, оған да «тәңір жарылқасын» айтты. Түсіне ауыл кіре ме екен, түні бойы ит айтақтап, «қой күзетіп» шығады.

Әйтеуір, Жұмаханда бір өзгеріс бар. Анада ит базарынан қайтқан күні омырауындағы ордендерін ағытып, қалтасына салып алған. Ұят-ай, әнеу күннен бері соны салдырлатып қалай тағып жүрген?! Ол енді елге жеткенше асықты. Ойлап қараса, қайнаған қала тірлігі, үйренбеген адамға қол емес екен. Қапастағы хайуанаттар да, мына айналасын түтінге толтырып, ағылып жатқан машиналар да, айғай-сүрені мол митингі де, ылыққан иттердің базары да — бұған мүлде жат, бөтен дүниедей көрінген... Қалаға келгелі неше күн болды өзі? Жарым айдан асып кеткен болар-ау. Бірақ сол уақыт бір күнгідей білінді ме? Бұлардың күн дегені — күн емес, сағаттардың жиынтығы ғана. Тәулік дегеннің таң сәрісі, күн шығар мезгілі, ұлы сәскесі мен тал түсі, кіші бесіні мен екінтісі, көз байланар ақшамы мен ымырты болмайтын ба еді? Қалада соның бірі жоқ. Бар ғой, бірақ соны сезініп жүрген пенде жоқ. Сататтарына қарап қойып, біреу қуып келе жатқандай, безектеп жүрген адамдар. Сонда бұлар не көрдім дейді бұл дүниеден? Уақыттың өтіп бара жатқанын қалай аңғарады? Ал, ауыл... Онда бәрі басқаша, ауылда уақыт баяу, өмір ұзақ...

— Демалысқа шықсаң, үй-ішіңді алып, елге кел! — деді аттанарда Нұртазымен қоштасып тұрып. — Біреулер «ауыл құрып бітті» десіп жүр ғой. Оттайды. Неге құриды екен ол? Ауыл құрыса — қазақтың да құрығаны емес пе? Жер орнында, тау-тас, өзен-көлі орнында тұр... Мал ма? Мал да құрымайды. Атам қазақта: «ешкі егіз тапқанмен, қойдан көп болмас, ит сегіз тапқанмен, малдан көп болмас» деген сөз бар. Қалада ит баққыштар көбейіп кетіпті ғой. Шопаната, Қамбарата, Зеңгібаба, Ойсылқара аман болса, мал кіндігі үзілмейді. Көр де түр, біз Барқытбелдің сай-саласын әлі-ақ төрт түлікке қайта толтырамыз!

Жұмахан сол күні кешкі пойызға отырған. Енді Ақбұлаққа жеткенше асығып барады. Өзі әлдебір тәуекелге бел байлағандай ширығып алыпты. Көкірек толы ашу, ыза, намыс... Тек, өмір болсын деңіз. Өмір болса, бұл жұрт Жұмахан туралы әлі-ақ еститін болады.

Қабдеш Жұмаділов

2000 жыл, қазан.