04 қыр, 2019 сағат 13:13

Қабдеш Жұмаділов: "Бір-бірімізді насихаттауымыз керек..." (Видео)

Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов елордада өтіп жатқан Азия қаламгерлерінің І форумы құрлық елдерінің әдебиетін бір-біріне насихаттауға жол ашатынына сенім білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«1973 жылы Алматыда Азия-Африка елдері ақын-жазушыларының конференциясы өтті. Жас кезіміз еді. Әрқайсымызды бір-бір елдің делегациясын күтіп алуға міндеттеп қойған. Мен Кэндзабуро Оэ бастаған жапон жазушыларын күтіп алдым. Елге аттанғанша басы-қасында болдым. Ол Әнуар Әлімжановтың басшылығында жасалған шара еді. Ал енді бұл форум 46 жылдан кейін өткізіліп отыр. Өте қажет. Жазушылар одағының жаңа басшылығы бастама көтеріп, Үкімет қолдап, Азия жазушыларын жинады. Бұл - өте маңызды жиын. Бас қосу керек. Тәжірибе алмасу керек», - деді Қабдеш Жұмаділов форум кезінде тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.

Жазушының айтуынша, Азия елдерінің ақын-жазушылары бір-біріне төл әдебиеттерін насихаттауы тиіс.

«Бір-бірімізді насихаттауымыз керек. Мысалы, қазақ әдебиеті насихат жағынан кенже. Аударылу жағынан да сол. Империя тұсында бес-алты ғана номенклатуралық жазушылар аударылаттын. Басқаларға шек қойылды. Енді қазір тәуелсіздіктен кейін Құдайға шүкір, бүкіл Азия жазушыларын жинап, басын қосып жатырмыз. Оларды біз насихаттауымыз керек. Қазақ әдебиетін олар насихаттауы керек. Бүгінгі форумның бізге берері осы ғой деймін», - деді Қабдеш Жұмаділов.