04 қар, 2016 сағат 10:33

Қабдеш Жұмаділов. Академиктің көз жасы

«Мұнарда-мұнар,  мұнар күн,

Бұлттан шыққан шұбар күн.

Буыршын мұзға тайған күн,

Бура атанға шөккен күн...

Ер Исатай өлген күн».

Махамбет

 

- І -

Қазақтың тұңғыш тау-кен инженері, атақты геолог Қаныш Сәтбаев қазақ даласының қазынасын ақтарып, жерасты байлығын ел игілігіне айналдырам деп шарқ ұрып жүргенде, сол даланың үсті астан-кестен болып, ашаршылыққа ұшыраған адамдар шыбынша қырылып жатыр еді. Осыдан төрт-бес жыл бұрын ғана мыңғырған малы дала төсіне симай, дәулеті асып-төгіліп жатқан елдің аяқастынан осыншама ауыр халге тап болуы мүмкін бе? Мүмкін екен. Жер емшегін ембей, егін екпей, төрт түлік малдың сүмесімен ғана күн көрген көшпелі елдің қолындағы бар байлығын сыпырып алып, ішер асқа, мінер атқа зар қып қойсаң, тірлікпен қоштасудан басқа амалы қалмайды екен.

Ол үшін бір ғана шарт: билік басында осы елге титтей де жаны ашымайтын, осы өлкеге  тобырлар үстемдігін орнатудан басқа ойы жоқ, мына дала өз иелерінен тезірек арылып, өзге жұртқа неғұрлым тез орын босатса, соған қуанатын адам отыруы керек. Несін айтасың, қазір қазақ өкіметінің басында отырған Филипп Исаевич Голощекин – дәл сондай адам еді. Қаталдығында шек жоқ. 1918-жылы Екатеринбург қаласына жер аударылған орыстың ең соңғы патшасы Николай-екіншіні Лениннің бұйрығы бойынша, бала-шаға, зәу-затымен, қылаяғы дәрігері мен аспазына дейін түк қалтырмай атып, өліктерін ашық шахтаға тастай салған – осы Филипп Исаевич Голощекин болатын. Ондай адамнан не жақсылық күтесің?

Қазақта «Тілеп алған ауырудың емі табылмас» деген нақыл бар. Осы қужақты (Голощекиннің тікелей аудармасы) күн көсем Сталиннен ат-түйедей қалап сұрап әкелген – өзіміздің әсіре төңкерісшіл балшабектер еді. 1925-жылы сәуір айында Тұрар Рысқұлов Сталинге өлердегісін айтып хат жазады: «Бізге Қазан төңкерісінің шарапаты әлі жеткен жоқ. Қазақ байлары қаз-қалпында. «Алашорда» сілімтіктері қайтадан бас көтере бастады. Қазір «Алашорданың» Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов сияқты идеологтары Ташкентте шығатын «Ақжол» газетінің төңірегіне топтасуда. Мүмкіндік болса, осы «Ақжол» газетін жауып тастасаңыз екен» деп өтініш білдірген.

Ал, сол жылы мамыр айында Сәкен Сейфуллин  Сталинге өз аузымен бір тілек айтыпты.  Мәскеуге  Советтердің  V-съезіне барғанда, Сейфуллин президиумда отырған Сталинге «записке» жазып, өзін  қабылдауды сұрайды. Талай жыл Қазақстанда Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болған Сәкенді Сталин біледі, әрине. Съездің соңғы күндерінің бірінде оны  қабылдайды. Кабинетіне кірсе, көсемнің қасында Серго Орджоникидзе отыр екен дейді. Бұйымтай сұрағанда, Сейфуллин де жаңағы Рысқұловтың өтінішін қайталайды. «Қазақстанда соңғы жылдары ұлтшылдар мен байлар қайтадан бас көтере бастады. Солардың ығыстыруымен биылғы сайлауда коммунистер қызметтерінен айрылып қалды. Мәселен, Қазақстанда Совет өкіметін орнатысқан мына мен қазір қызметсіз бос жүрмін. Сондықтан осында қалып, Партия мектебінде оқығым келеді. Соған жолдама берсеңіз екен! – деп өтініш білдіреді.

– Бұрын қандай оқу орнын бітіріп едіңіз? – деп сұрайды ұлы көсем.

–  Бар болғаны мұғалімдер семинариясын бітіргем, – дейді Сейфуллин.

– О-о, большевиктер үшін бұл аз білім емес. Менің де бітіргенім – семинария ғана, – дейді Сталин. – Сіз оқимын дегенді қойып, елге қайтыңыз. Тәжірибелі кадрлар ол жаққа да керек. Ал байлар мен ұлтшылдардың күш ала бастағанына келсек, жақында сіздерге басшылыққа бір адамды жібереміз. Сол адам байлардың да, ұлтшылдардың да жынын қағып алады! – дейді ұлы көсем мұртының астынан жымия күліп...

Бәрі де сол Сталин айтқандай болды. «Май сұрасаң – міне құйрық» дегендей, сол жылы қыркүйек айында Қазақстанға басшы болып, қужақ – Голощекин келді. Ол – өзінде отан да жоқ, иман да жоқ, «Бұралқы ит үргенімен жағады» дегендей, ылғи да асыра сілтеумен көзге түсіп жүрген, лжереволюционер  болатын. Қазақстанға келді де, ел ішін алатайдай бүлдірді.

Жарайды, арнайы тапсырмамен бір безбүйрек белсенді келді дейік. Егер ол берекесі берік, ұжымы тұтас, айрандай ұйып отырған, тату-тәтті елге келсе, бір өзі не істей алар еді? Қанша қатігез, қанша қаны сұйық болса да, болашағын болжайтын саналы жұртқа түк те істей алмас еді. Сол қужаққа ерік берген, сыр алдырып басындырған – тағы өзіміз. Голощекин келгенде, соған жағынып, бірінің үстінен бірі шағым айтқан қазақ бір ай бойы есігін босатпапты ғой. Үш жүздің атқа мінерлері бірін-бірі жамандап, кім ұлтшыл, кім байшыл, кім діншіл, кім түрікшіл екенін жіпке тізгендей көрсетіп берген. Осындай сорақылықты көргенде, талайды бастан өткерген қу мүйіз Голощекиннің өзі таңғалған деседі. «Тоба, мұндай да надан, мұндай да ашық ауыз, мұндай да есалаң халық болады екен» деп қарқылдап күліпті.

Оның үстіне, дәл осы мезгілде Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» атты ғұмырнамалық кітабы шыға қалмасы бар ма! Бұл кітапта да кім байшыл, кім алашшыл, кім Совет өкіметіне қарсы – түп-түгел жазулы тұр. Голощекин бұл кітапты қолма-қол орысшаға аудартып, оқулық-құрал ретінде пайдаланған.

Бұл аралықта жыланның аяғын көрген жырынды қужақ қазақтың билік басында жүрген зиялысымақ шенеуніктерін түгел зерттеп болған-ды. Бірлі-жарым әлі жазаланбай жүрген «Алаш» азаматтары болмаса, көпшілігі – жәй кеудемсоқ, дүмше, надандау болып келеді екен. Ауыз бірлік дегеннен жұрдай, шетінен мансапқор, үш жүздің оқығандары: Рысқұловшина, Сейфуллиншина, Меңдешевшина болып, өзара қырқысып жатады екен. Осыны көргенде Голощекиннің қарадай мерейі тасып, «Мен әлі көрсетермін бұларға – «шинаның» қандай болатынын!» деп алақанын ысқылады.

Сол күннің ертеңінде-ақ Сталинге жеделхат жолдайды: «Балшабектердің қаққан дабылы рас екен. Қазаққа, шынында да, Қазан төңкерісінің дүмпуі жетпепті. Егер рұқсат етсеңіз, мен бұл елге «Кіші Қазан төңкерісін» жүргізсем деген ойым бар» деген-ді. Жауап кешіккен жоқ: «Сенің бастамаңды қолдаймын. Төңкерісіңді жасай бер! Сені сол үшін жіберген жоқпыз ба Қазақстанға» депті ұлы көсем...

Міне, сол «Кіші Қазан төңкерісінің» нәтижесі! Алты миллионнан асатын қазақтың қақ жарымы аштан өлсе, тағы бір миллионы шекара асып, жақын шетелдерге ауып кетті... Есіл-дерті Жезқазғанның мысына ауып кеткен Қаныш Сәтбаев қоғамда не болып жатқанын дер кезінде қадағалай алған жоқ-ты. Бір басыңды қайсысына тартасың? Жердің астына үңілсең, үсті назардан тыс қалады. Енді, міне, айналаңа көз салмасқа, қасіретке куә болмасқа лажың жоқ. Бүкіл Жезқазған даласы, Ұлытау өңірі, Жезді мен Қарсақбай төңірегі аш-аламан жұртқа толып кетті. Осы жақта кен қазушылар бар, өндіріс орны бар дегенге қара тартып келген ғой байқұстар. Жұмысқа алуын сұрайды. Бір жапырақ нанға, бір аяқ асқа көздерін сатып, алақан жаяды... Қаныш бірнеше жерден тайқазан астырып, көже істетіп, аштарға күніне бір уақыт нәр татырған болды. Бірақ кеншілерге бөлінген азын-аулақ дәнмен қанша адамды асырайсың. Зауат маңы, кен қазған шахталардың төңірегі аштан бұралып өліп жатқан адамдар. Әр жерге ұра қаздырып, өліктерді жинап көмдіру де біраз күшке түседі.

Қаныш Имантайұлының Баянауыл жақтағы өз туыстарымен хабарласпағалы да біраз уақыт болған. Олар да қайбір жетісіп отыр дейсің. Осыдан үш-төрт жыл бұрын әке-шешесінің басына құран оқу үшін бір барып қайтқан-ды. Ол кезде ауқатты кісілер қолындағы малдарынан айрылғанымен, ел ішіне әлі аштық іліне қоймаған. Алайда адамдардың пейілі бұзыла бастаған кез... Осындай апаттың боларына көрінді ме, бірін-бірі талап жеуге әзір тұрған адамдар. Ел ішіне жік түскен. Бай және кедей болып бөлініп алған. Кедейлер ауқатты кісілерге өлердей өш... Белсенділер кедей-кембағалды айдап салып, алдымен Шорман ауылдарын, сонан соң Сәтбай әулетін арадай талатыпты. Қаныштың әкесі Имантай би жан баласына жамандық ойламайтын, ешкімге қылдай қиянаты жоқ, көпшіл адамның бірі еді. Сол кісі жасы сексеннен асқанда қолындағы бар малын тартып алумен тынбай, үлкен ұлы Ғазиз екеуін жауапқа тартып, аудан орталығына жаяу айдап барған ғой. Биді аудан орталығына қамайды да, Ғазизді одан ары Кереку асырып әкетеді.

Бірақ Имантай ақсақал осы сапардан қайтпайды. Арада бір апта өтпей түрмеде қайтыс болады. Сөйтіп, ол кісіге өз ұлдарынан топырақ бұйырмай, туыстары әрең дегенде ауылға әкеліп жерлейді. Өлер алдында әкесі қасындағы ел адамдарына екі ауыз ғана өсиет айтыпты. Біріншісі – өзін сүйікті әйелі Әлиманың қасына қоюды тапсырған. Екіншісі – «Қанышқа хабар айтпай-ақ қойыңдар. Ол әзірше мынадай қағынған елге жоламай, өз кәсібінде жүре берсін» депті.

Әрине, әке қазасы Қанышқа оңай тиген жоқ. Оның үстіне, қазір Сәтбай әулетінен үш бірдей азамат абақтыда жатыр. Әбікей, Әбдікәрім және Ғазиз ағасы. Жергілікті жерде қазір оларға ара түсу мүмкін емес. Әкесі дұрыс айтқан. «Қағынған елдің» көзіне сүйел боп, күндестігін қоздырудың еш қажеті жоқ. Бірақ қол қусырып қарап та отырмады. Мәскеуге барған бір сапарында Сәтбаевтар отбасының кәмпескеге жатпайтынын, соған қарамастан малдары тартып алынғанын (50 жылқы, 150 қой, жиырмадай ірі қара) және оқу ағарту қызметіндегі үш Сәтбаев еш жазықсыз қамауда жатқанын айтып, тиісті орынға арыз түсірген. Бір ғажабы, өте сауатты жазылғанынан  ба, Қаныштың сол арызы іске асыпты. Арада екі ай өтпей туыстарынан қуанышты хабар келді. Немере ағалары Әбікей мен Әбдікәрім де, туған ағасы Ғазиз де абақтыдан босапты. Ғазиз ағасы тіпті тәркіге түскен малын жарым-жартылай қайтарып алыпты.

Ал Қаныш Имантайұлы пәле-жала осымен біткен шығар деп, арқасын кеңге салып, өзінің кен барлау ісімен айналысып кеткен. Мұнда да мойын бұрғызбайтын қарбаластық. Ұлытау өлкесінде көгенделіп жатқан мыс пен алтынның, темір мен марганецтің мол қорын табу өз алдына, енді соған Мәскеуде отырған шенеуніктердің көзін жеткізіп, иландыру қиын болып тұр. Олар мұнда кен қоры барын  мойындағанымен, суы жоқ, нуы жоқ, темір жолдан алыс шөл далаға жолағысы келмейді. Оған бөлінген қаржыны тақ бір желге ұшқан ақшадай көреді. Неше мәрте сынақтан өткен дәлелді құжаттарын алдарына жайып салса да, Жезқазған кендерінен ат-тондарын ала қашады. Бір қарасаң жан-жақтан шуылдаған қожайын көп те, жеме-жемге келгенде ешқандай иесі жоқ Совет мемлекеті деген осы.

Кейде  Қаныш Имантайұлына «осылар ұшы-қиырсыз мол қазынаны қазақ даласына қимай жүрген жоқ па» деген де ой келеді. Олай ойламайын десең, Мәскеудегі түсті металдардың бас басқармасы алдағы 1933-жылдың Жезқазған кендерін барлауға бөлінетін қаржысын қысқартып тастапты. Бірақ бұл да Қаныш Имантайұлын алған бетінен қайтара алмас. Тіпті сол үшін Ауыр өнеркәсіп министріне, одан ары Орталық комитетке дейін барса да, бәрібір ақиқатқа көздерін жеткізер.

Ал одан беріде ел жаққа барып қайтпаса болатын емес. Аранын ашқан ашаршылық – мынау. Кеше ғана түрмеден босаған туыстары не болып жатыр? Ауыл арасының алып қашпа өсегіне сену қиын. Не де болса, өз көзімен көріп қайтуға бел байлаған. Өзінің кен орындарын аралағанда мінетін, еңіс-өрге бірдей, моторы мықты, қорабы перезентпен қапталған жүк машинасы бар еді. Бір күні қасына дала жолына жүйрік тәжірибелі шопырлардың бірін алды да, Баянауыл қайдасың деп тартып отырды.

 

- ІІ -

Жол сапары сұмдық ауыр болды. Адамды қажытып, жүрекке салмақ түсірген – үйреншікті қыр жолының ойқы-шойқы, кедір-бұдыры емес, жол бойындағы адамның жүзі шыдамайтын қасіретті көріністер... Шынында да, қазақтың басына бір зауал төнген екен. Жол жиегіне құлай кетіп, сол беті қатып қалған өліктер... Түндігі ашылмай қалған ауылдар... Әлгі «Заманақыр» дейтіні осы шығар, сірә. Отаршыл өкіметтің өзге өктемдігін кешірсе де, тұтас халықты қынадай қырғанын кешіруге болмас.

Ұлытау, Жезді, Кеңгір бойындағы аш-аламан жұрт көбінше түстікке, сыр бойына қарай ағылушы еді, мына терістіктегі ел солтүстікке, орыстың Орынбор, Омбы, Селебе қалаларына қарай жылжитын көрінеді. Сол жақтағы орыс орманына ілінсек күн көріп кетерміз деген үміт те, баяғы. Бірақ соған жете алмайды ғой көпшілігі... Ой, Алла-ай, еш жазығы жоқ бір халықты осылай да қорлауға болады екен-ау!?

Бұлар жол жиегіне тақау қонған үш-төрт үйлі бір ауылға бұрылған-ды. Естияр біреу кезіксе жол бағытын сұрау ойларында бар еді. Сұмдық-ай, әлгі ауылда тірі жан жоқ. Төрт түлік мал түгіл, ит екеш ит те көрінбейді. Шеткі бір үйдің киіз есігін түсіріп, сыртына ергенек қойып, арқанмен шандып байлап тастапты. Түндігі ашық. Қаныш не де болса ерекше көріністің мәнісін білмек болып, ергенекті бекіткен арқанды шешіп, түсірулі киіз есікті жоғары көтере беріп, шалқасынан түсе жаздады. Сұмдық-ай, үш, бес, жеті жастардағы, ұлы-қызы аралас бес-алты бала есікке таман тырмысып келіпті де, бірін-бірі құшақтаған күйі қатып қалыпты. Шамасы, үлкендері осы ауылдың ұсақ балаларын бір үйге қамаған да, өздері талғажау бірдеңе іздеп кеткен беті ауылға қайтып оралмаған. Жүрегі тас төбесіне шыққан Қаныш ергенекті орнына қоя салды да:

– Жалғыз осы ауыл дейсің бе. Бұдан басқа ауылдардың да көрген күні осы ғой! – деді күңірене тіл қатып...

Ұлытаудан шыққандарына үшінші күн дегенде, бұлар Баянауылдың Сәтбаевтар әулеті қоныстанған батыс сілеміне де ілінді-ау! Қаныш ел көзіне түспеу үшін ауылға қас қарая бармақ болып, әуелі ата-анасының асыл сүйегі жатқан ескі қорымға бұрылды. Міне, Қанышты жарық дүниеге әкелген ең қымбат адамдар осында жатыр. Әкесі қайтыс болған соң екі айдан кейін бір келіп қайтқаны бар-ды. Соңғы жылдары жыпырлап көбейіп кеткен қалың төмпешіктің арасынан адаспай, қажетті қабірдің дәл үстінен түсті. Өз өсиеті бойынша, әкесі Имантай анасы Әлиманың қасына қойылған. Бұлардың басына әтуерлеп көк тас қоюға мұрша болған жоқ. Қабыр басында аты-жөндері жазылған жалпақ тақтай тұр.

Жол бойы ұшырасқан ауыр көріністердің әсері ме, ата-ана қабірінің басында Қаныштың жүйе-жүйесі босап, көзінен жас парлап қоя берді. Өз қайғысына ел қайғысы қосылып, өзін тоқтата алмай қалып еді. Дыбыс шығармай, үнсіз егіліп тұр. Көз алдында естен кетпес неше алуан көріністер...

Айтпақшы, осы Қаныштың жарық дүниеге келмей қалуы да мүмкін екен. Әкесі Имантай би қырық бес жасқа келгенше бала сүйе алмай, бір перзентке зар болыпты. Бәйбішесі Нұрым ханым – кезінде әкесі Сәтбай қажы таңдап құда болған бір байдың әлпештеген қызы, ақылына көркі сай, келіскен әйел еді. Бірақ, қатігез тағдырға не дауа, қырыққа келгенше пұшпағы қанамай, бала күйігін күйеуімен бірге тартады. Қазақта «баланы бала шақырады» дейтін ырым бар. Бұлар сол ырым бойынша, Имантайдың інісі Жәминнің Әбсалам деген ұлын туа сала бауырларына салып алады. Бірақ сол Әбсалам бес жасқа келгенше соңынан ешкім де «іңгалап» ере қоймапты. Осылайша, бала табудан үміті үзілер шақта Нұрым бәйбішеге бір тосын ой келеді ғой.

–  Би-еке, сіз әлі қартайып тұрған жоқсыз. Менің көңіліме қарап, бір «шыр еткенге» зар болып қашанғы жүресіз? – дейді күйеуіне. – Ел қатарлы сіз де тоқал алыңыз! Бір жарылқаса, екеуімізді сол тоқал жарылқайды.

– Оны қайдан білдің? Өзің түс көргеннен саусың ба? – дейді Имантай жас иіс құшудан тым кетары болмай.

– Түс көрдім! – дейді Нұрым айтқан сөзінен қайтпай. – Түсімде сіз бір жақтан келіп, шешініп жатыр екенсіз. Кенет қойныңыздан бір түлкінің, екі қасқырдың күшігі өріп шыға келді... Алла сәтін салса, сіз ендігі әйелден екі ұл, бір қыз сүйесіз...

Ерлі-зайыптылар оңашада осылай істеуге келіседі. Көп ұзамай бұл хабар ата-енесінің (ол кезде Сәтбай қажы әлі бар болатын) құлағына тиіп, үлкендерден қолдау табады. Енді тек лайықты қалыңдық іздеу керек. Сөйтсе, іздеудің қажеті шамалы, Нұрымдай есті бәйбіше өзінің болашақ «күндесін» тауып та қойыпты. Ол – күйеуінен жастай жесір қалған Шорман ауылының бір келіні – Әлима сұлу. Ол да – қажының қызы, тәрбиелі, ақылды, он саусағынан өнер тамған ісімер әйел... Содан не керек, бір күні Сәтбай қажының өзі бас болып, Нұрым бәйбіше қосшы боп, бір топ адам Шорман ауылына құда түсе барады ғой. Әрине, Шорман әулеті де қолдарындағы жас, сұлу келінді басқаға жібергісі келмейді. Тіпті, сол төңіректе сырттай иемденіп жүрген «әмеңгері» де болса керек. Бірақ Сәтбай қажының абыройы мен Имантай бидің беделіне олар да қарсы тұра алмаған екен. Содан, ақыры Әлима сұлуды ақ отауы, жасау-жиһазымен Сәтбай ауылына ұзатыпты. Бұл, шамасы, 1890-жылдардың төңірегі. Сол жылы Имантай 45 те, Әлима 27 жаста екен.

Ақыры, құдай оңдап, аруақ қолдап, Нұрым бәйбішенің көрген түсі дәл келіп, 1892-жылы Әлима ай мен күндей қыз табады. Тұңғыштарының атын қазіретке азан шақыртып, Ғазиза қояды. Арада екі жыл өткенде, 1894-жылы Ғазиз атты (азан шақырып қойған аты – Ғабдулғазиз) ұл келеді дүниеге. Содан соң, бес жыл үзілістен кейін, 1899-жылы Қаныш (азан шақырып қойған аты – Ғабдулғани) туыпты... Көрдіңіз бе, біздің қазақ отбасының кем-кетігін екінші әйел алу арқылы толтырып отырған ғой. Ал, Кеңес өкіметі екі әйел алуға тіс-тырнағымен қарсы. Бұл енді орыс ыңғайына бағынып, қазақ дәстүрімен санаспағандық. Егер Қаныштың әкесі Имантай екінші рет үйленбесе, Нұрымдай ананың басына осындай озық идея келмесе, қазір Сәтбаев болып жүрген Қаныш бастатқан үш бала дүниеге келмес еді ғой. Қазақы дәстүрдің артықшылығы сонда... Қаныш өз анасы Әлиманы түс тоқтатып, тани алмай қалды. Ол кісі Қаныш үш жасқа келгенде іш кірнесінен қайтыс болыпты да, үш бала Нұрым бәйбішенің тәрбиесінде өсіпті.

Осыларды ой көзімен шолып өткен Қаныш ата-ана қабірінен бір-бір уыс топырақ алып, уатып қайта төкті. Содан соң машиналарын от алдырып, қас қарайып, көз байланған кезде бір белдің астындағы ауылға келген. Сұмдық-ай, ауылда дыбыс беріп, үріп шығатын ит те жоқ. Төрт түлік малдың өзі түгіл, иісі де қалмаған. Бір-екі үйден ғана сығырайған шам жарығы көрінеді. Қаныш басқа жаққа бұрылмай, бірден әкесінің қара шаңырағына бет алған. Мұнда Қаныштың немере інісі Тәрмізи отыруға тиіс...  Есікті ашып кіріп барғанда, кілең бір сіңіріне ілінген сұлбаларды көрді. Тірі адам емес, көрден шыққан аруақ тәрізді. Қастарына жақындап барғанда ғана шырамытты. Мыналар бала-шағасымен қалғып-мүлгіп отырған сол Тәрмізи екен. Баяғыда, Қаныштар тумай тұрғанда, Имантайдың інісі Жәминнен бауырына салып алған Әбсалам деген ұл бар емес пе еді. Мына Тәрмізи – сол Әбсаламның баласы. Тәрмізи Имантаев. Ешқайда көшпей, қара шаңыраққа ие болып отырған түрі...

Ал өзінің туған ағасы Ғазизден Қаныш таяуда хат алған. Ол қазір Омбы маңындағы Қаржастар ауылын паналап жүрген көрінеді. Бұл жердің өздеріне пана болмасын білген соң, ашаршылық басталар алдында өрен-жаранын бір арбаға тиеп, соған қолда қалған екі-үш қарасын тіркеп алады да, бір түнде орыс жері қайдасың деп тартып отырады. Ал, әкесінің моласы мен қарашаңырақты иен қалдырғысы келмеген Тәрмізи Ғазизге ермей қалып қояды. Оның есесіне, Ғазиз Қаныштың ауылдағы әйелі Шәрипаны екі баласымен мұнда қалдырмай өздерімен бірге алып кетіпті...

Әне-міне дегенше, Қаныш келді деген хабарды естіп, ауылдың жүруге жарайтын үлкендері жиналып қалды. Бәрі де қу сүйекке ілініп жүдегендері сонша, аяқтарын тәлтіректеп әрең басады. Ақырын ғана сөйлейді. Бұрынғыдай қуанышты сәтте мәз болып, емен-жарқын қарқылдап күлу қалған. Өздерінше ыржиып, қуаныш белгісін білдіреді. Ал, балалары... Сіңіріне ілініп, аяқ-қолдары шибиіп, зорға отыр.

Осы арада Қаныш шорт шешімге келді:

– Тез жиналыңдар, сендерді үй ішіңмен Жезқазғанға алып кетем! – деді Тәрмізи мен оның ілмиіп әрең отырған әйеліне қарап. – Сонан соң, бәріңді алып кетуге орын жоқ, маған ең жүдеу, халі мүшкіл деген он бестей бала жинап беріңдер. Мына апаттан аман қалар ма екен, оларды да ала кетейін... Тез болыңдар! Біз таңға қалмай аттанамыз!

Тапқан-таянған дәндерін алдымен балаларының аузына тосып отырған ағайындары енді жүгі жеңілдейтіндей, Қаныштың бұл қамқорлығына да разы боп қалды. Қаныш алда әлдеқандай жағдай болады деп, біраз азық ала шыққан-ды. Соның бір бөлігін балаларға жолазыққа қалдырды да, қалғанын ауыл адамдарына үлестіріп берді. Тәрмізидің үй іші мен он бестей бала лезде мәшинаның қорабына орналасқан. Шопыр жігіт оларды осы ауылдан алған киізбен, туырлықпен орап тастады. Осыдан кейін, Қаныш көп кідірмей ағайындарына қош-қош айтып, аттанып кетті.

Айтпақшы, жол-жөнекей Шорман ауылына соғуы керек. Өйткені онда сол ауылға ұзатылған Ғазиза әпкесі бар. Көріспегелі көп болды. Дәл іргесіне келіп тұрып, жағдайын білмей кеткені ыңғайсыз болар. Қанышқа мына жолдың бәрі таныс. Кезінде мал мен басы шұрқырап жататын осы төңіректегі аса бай ауылдың бірі еді. Екі жылдық орыс-қазақ мектебі осы Шорман ауылында болатын. Қаныш ол мектепке атпен қатынайтын-ды. Жол бойы балалармен жарысып, аударыспақ ойнап, мәре-сәре болушы еді. Қайта оралмас ол да бір дәурен екен ғой... Тәрмізидің айтуынша, қазір ол ауылдар да аштық азабын тартып отырса керек. Егер Ғазиза әпкесі көнсе, екі баласымен оны да өздерімен бірге ала кетпек.

Ауылдың дәл іргесіне келгенде, Қаныш әлдебір жамандықты сезгендей, өзін жәйсіз сезіне бастады. Бірден өзі баруға батылы жетпей, жағдайларын біліп келуге Тәрмізиді жұмсаған. Ол біраз бөгеліп барып оралды. Тілі күрмелгендей көмейіндегі сөзді айта алмай тұр. Әкелгені – қайғылы хабар. Берітінге дейін қолына түскен дәнді екі баласының аузына тосқан Ғазиза аштыққа төзбей осыдан үш күн бұрын қайтыс болыпты. Балалары да қазір өлім халінде көрінеді. Жүруге шамалары жоқ дейді...

«Ой-хой, дүние! Бұл заман не болып барады? Бір кезде ақтылы қойы мен алалы жылқысы өріске симай, бүкіл Баянауыл өлкесін алып жататын Шорман әулеті бір аяқ асқа зар болып, аштан өлді деген не сұмдық?! Ал Ғазиза... Қайран Ғазиза!». Осы тұсқа келгенде Қаныш өзін тоқтата алмай еңкілдеп қоя берді. Екі көзінен жас парлап тұр. Мана өз ауылында төгілмей іркіліп тұрған жас осы арада еріксіз құйылып кетіп еді... Әлден уақытта ес жинаған:

– Олай болса, – деді інісі Тәрмізиге қарап, – қайтып бар да, сол екі жиенді алып кел!

– Ойбай-ау, оларда аяқ басып жүретін хал жоқ қой. Бәрібір жолда қалады. Соларға әуіре болып қайтесіз, – деп, өлімге әбден еті өліп кеткен Тәрмізи барғысы келмей тұр. Әрі масылдарды көбейтіп, тамаққа ортақ еткісі жоқ па, кім білсін.

–  Әй, сен өзің не оттап тұрсың? – Қаныш қалай ақырып жібергенін өзі де аңғармай қалды. – Ол балалар жалғыз әпкемнен қалған тұяқ емес пе? Әкем Имантай балаға зар болып жүргенде, Құдайдан тілеп алған тұңғышы емес пе – Ғазиза!.. Сол әпкемнің артында қалған балаларын өлім халінда қалай далаға тастап кетемін? Барыңдар, арқаласаң да осында жеткізіңдер! – деп Тәрмізидің қасына шопырын қосып берді.

Сірә, бұл ауылда оларға бөгет болар ешкім қалмаса керек. Сәлден соң екеуі екі баланы көтеріп қайта оралы. Үлкені Кемел сегіз жаста, кішісі Ришат бес жаста көрінеді. Екеуіне аздап тамақ беріп, ес жиғызды да, сонан соң машинаның үстіндегі балаларға қосып қойды. Екі жиеннің көрер жарығы бар екен. Қаныштың арқасында екеуі де оқып, үлкен азамат болды. Оның біреуі Кемелді күллі қазақ жақсы біледі. Кейін Алатау бөктерінен «Алтын адамды» тауып, бүкіл елді таңғалдырған атақты археолог – осы Кемел Ақышев болатын.

Біз жақсылықты жұртқа тезірек жария еткіміз келіп, оқиға желісінен озып кеттік білем. Енді тақырыбымызға қайта оралайық.

Қаныш жетім жиендерін тауып, көңілі сәл орныққанымен, әлі де өзіне-өзі келе алмай үлкен толғаныс үстінде отыр. Осы қырғынды қолдан ұйымдастырған Қужақ – Голощекинді атарға оғы жоқ. Ойпыр-ай, не деген қаскүнем, неткен қанішер десейші! Қазаққа осыншама өшігетіндей неше атасының құны бар екен? Ал, Голощекин – империяның әдейі жіберген төбеті болсын. Соның қасындағы шен-шекпенді қазақтар не бітірген демейсің бе?!

Голощекин қазақ байларын тәркілеу кезінде өз сыбайластарына былай депті:

- Қазақтың астында сәйгүлік аттар тұрғанда, олар біздің саясатымызға пысқырып та қарамайды. Оларды толық бағындыру үшін, ең алдымен жылқыны құртып, қазақты жаяу қалдыру керек.

Сол кезде бастыққа «ләббай тақсыр» деп отырған жағымпаз қазақтардың бірі:

- Біз байлардан тартып алынған төрт түлік малды қасап қылып, етін ішкі Ресейге өткізіп жатырмыз. Ал жылқыны не істейміз? Орыстар жылқы етін жемейді ғой, – десе керек.

- Онда жылқыны сай-сайға иіріңдер де, әскер шақырып, пулеметпен атқызыңдар! – депті Голощекин.

- Бірақ атылған жылқының еті сасып-шіріп, маңайға ауыру таратып жүрмес пе екен?

- Соған да ақылың жетпей ме, ақымақ? Өлген жылқының үстіне карасын шашып өртеңдер!

Жағымпаздар бұйрықты екі етпей орындаған. Ақымақтар өз халқын қорғай алмаса да, тымқұрса жылқыны аман сақтап қалсашы! 1928-1929-жылдары қазақ даласында жүз мыңдаған жылқы осылай оққа ұшты. Жалпы, Қамбар-ата – киелі жануар ғой. Оның нахақ төгілген қаны мен киесі текке кетер деймісің. Алғашқы нәтиже – мынау: миллиондаған қазақ ішер асқа жарымай аштан қырылып жатыр.

 

- ІІІ -

Бәлкім, қалың оқырманның бәрі бірдей біле бермес, баяғы аталарына тартқан Қаныш Имантайұлының да екі әйелі болды. Алғашқы әйелі – ата-анасы жастай айттырып алып берген – Шәрипа ханым да, екіншісі – Том техникалық  университетінде  бірге оқыған әріптесі, орыстың аспан көз аруларының бірі – Таисия Алексеевна. Бұл екі әйел өмірде байға таласып, Қанышқа қолбайлау болып, басын қатырған емес. Қайта, керісінше, бәйбішесі Шәрипа ауылдағы кәрі әке-шешесінің күтіміне жауапты болса, кен инженері, геолог Таисия Алексеевна үнемі кен қопарып, дала кезіп жүретін Қанышқа айнымас серік болды. Шәрипадан үш бала бар: Хайниса, Малыбай, Шамшиябану. Ал, Таисия Алексеевнадан Мейіз дейтін қызы бар (тұңғыш ұлдары жастай шетінеп кеткен).

Әсілі, Алтай өлкесінің Өскемен жағында туып-өскен қазағуар Таисия Алексеевна бәйбішеге күндестік көрсеткен жоқ. Шәрипаның үлкен қызы Хайнисаны өз қолына алып тәрбиеледі. Ал бір-біріне шынайы ғашық болып, оқу бітіргеннен кейін, қашан Қаныш Жезқазғандағы шаруасын ретке келтіріп болғанша бірін-бірі зарыға күтіп, көп қиыншылықпен қосылған ерлі-зайыптылар отбасында шәй десіп, бет жыртысып көрмеген-ді.

Ал, сол ақылды да, мәдениетті күйеуі алдын ала ескертпей, сонау Баянауылдан өлім халіндегі 15-20 баланы машинаға тиеп алып келгенде, Таисия Алексеевнаның төбесінен ашық күнде жәй түскендей болып еді. Бір-біріне ашық қарсы шығып, дауыс көтергені, әй, осы-ақ шығар:

– Қаныш-ау, мынауың не? Өзіміз топты жан, шиқылдап әрең отырғанда, даланың аш-арығын жинап әкелгенің қалай? – деген Таисия  Алексеевна  шегір көзі шарасынан шыға жаздап.

– Бұлар – жәй бір «даланың аш-арығы» емес, менің туысқандарым! – деді Қаныш дауысын әйелінен де өктемірек шығарып. – Үлкендерін әкеле алмадым. Ал, мына балаларды ажалдан алып қалу – менің парызым...

Бір жағынан, Таисия Алексеевнаны да түсінуге болады. Отбасының расходы ең алдымен әйелдің қалтасына соғатыны белгілі. Онсыз да Шәрипаның үлкен қызы Хайниса мен Әбікей ағасының қызы Ханен – осылардың қолында. Жалғыз ұлы қайтыс болған соң, Таисияның шешесі Фелисата Васильевна да былтыр осында көшіп келген. Бауырында әлі емшектен шықпаған қыздары Мейіз бар. Топты жан бір Қаныштың жалақысымен ілдебайлап, әрең күнкөріп отырғанда, аспаннан түскендей енді мыналар келіп ошарылды... Оның үстіне, мына аш-аламан балалардың сиқы да адам шошырлық: шаштары өсіп кеткен, бет-ауыздары көлкілдеген ісік. Киімдері кір-қожалақ, шоқпыт-шоқпыт...

Үй ішінің дау-дамайы одан ары асқына түсер ме еді, қайтер еді. Дәл ос сәтте өз бөлмесінен Фелисата Васильевна шыға келді де, шиеленіскен түйінді тез тарқатып жіберді. Ол өзі әлі де әл-қуатынан айрылмаған, қайратты, өжет әйел болатын. Сол кісі Таисия Алексеевнаға ажырая қарап:

– Әй, сен қыз бүйтіп сықсыңдап жылағаныңды қой! – деді әмірлі үнмен. – Күйеуіңнің туыстарын бағып-қаққың келмесе, ол жағын қазаққа байға тимей тұрғанда ойлауың керек еді. Ендігі жылауың тым кеш... Одан да тез тұр да іске кіріс. Моншаға от жақ! Қолыңа қайшы мен ұстара ал да, мына балалардың шашын сыпыр! Үстілеріндегі шоқпыттарын шешіп ал да, өртеп жібер! – деп сәл бөгелді де, Қанышқа қарап: - Ал, сен, күйеу жігіт, бұлайша мөлиіп отырма! Комбинаттың дүкеніне бар да, бір топ мата ма, кенеп пе, бірдеңе алып кел! Мен мына балаларға киім тігемін, – деді...

Бәрі де сол Фелисата Васильевна айтқандай болды. Моншаға түсіп, таза киім киген аш балаларды бірер апта үйде бағып, қарындары тойып, буындары кірген соң, аудан орталығындағы қазыналық пансионатқа санап өткізді. Қаныш тек екі жиені Кемел мен Ришатты ғана өз қолында қалдырды. Кейін «Қаныштың балалары» атанған сол жетімдердің бәрі қатардан қалмай, адам болып кетті. Ал, үлкен жиені Кемел Ақышев кейін атақты археолог-ғалым болып, бұдан 25 ғасыр бұрынғы қыпшақтардың «алтын киімді» ханзадасын тауып, дүйім дүниені таңғалдырғанын жоғарыда атап өткенбіз.

Аштық  апатынан  қалың қазақты құтқаруға мүмкіндік таппаған Қаныш Имантайұлы тымқұрса жиырмадай аш баланы ажалдан арашалап қалғанын аужал тұтып, енді өзінің кәсіби міндетіне кіріскен. Осыдан бірер жыл бұрын Мәскеудегі түсті металдар басқармасы Жезқазғанға мол қаржы бөліп, кен барлаушылар тобы өз алдына дербес есеп-шоты бар, жеке ұжым болып қалыптасқан-ды. Қаныштың құлашын еркінірек сермеп, жұмыс сұрап келген аштардың есебінен жұмысшы санын жеті жүзге дейін жеткізіп жүргені соның арқасы еді.

Не үшін екен, бұл кеңшілік ұзаққа бармады. Ол кезде Жезқазған кен барлау басқармасы Атбасар түсті металдар тіресіне, ал олар Мәскеудегі түсті металдар бас басқармасына бағынатын-ды. 1933-жылдың басында жаңағы басқыштардан сүзіліп өтіп, бір жаманат хабар жетті. «Қаржының тапшылығына және басқа да кен орындарының көбеюіне байланысты, Жезқазғанда кен барлау ісі уақытша тоқтайды. Сондықтан оларға биылдан бастап бюджеттен қаржы бөлінбейді» депті.

Бұл енді, ашығын айтқанда, Қаныштың сонша жылдық еңбегін зая кетіруден басқа ештеңе емес. Жоқ, мұндай зорлыққа көне салуға болмас. Амал жоқ, тағы да күресуге тура келеді. Бұл – бергі жақтағы шолақ шенеуніктердің ісі. Әлгі «байдың асын байқұс қызғанады» дегеннің кері. Жезқазғанның мысы жақсы, кендері керемет. Бірақ соған бөлетін қаржыны қимайды. Жазған құлда шаршау бар ма, енді Жезқазғанның ен байлығына Кремльде отырғандардың көзін жеткізуден басқа амал жоқ.

Сол оймен Мәскеуге аттанған Қаныш Имантайұлы 1933-1934-жылдарды түгел дерлік сол жақта өткізді деуге болады. Алдымен бас басқарманың ау-жайын түйген. Олар сол бұрынғы айтқанынан жаңылмайды. «Қаржы тапшы. Біз онсыз да Қазақстанға аз ақша бөліп жатқан жоқпыз. Әзірше «Қоңырат-Балқаш» кендерін игеріп алсақ та аз олжа емес. Жезқазғанның мысы қайда қашар дейсің. Миллион жыл шыдағанда, енді бір жиырма жыл күте тұрса ештеңесі кетпес» деп өзіңді сайқы-мазаққа айналдырады. Демек, бұлардан қайыр жоқ. Тығырықтан шығар жолды басқа жақтан іздеу керек.

Қаныш Имантайұлы Қарсақбайдан аттанарда кен барлау саласындағы мастерлер мен жұмысшыларды жинап алып, бар шындықты жасырмай айтып кеткен:

– Мен іс мәнісіне бойламаған жаңсақ қаулыны бұздыру үшін жоғарыға аттанып барамын. Одан не шығарын білмеймін. Егер жер бетінде әділет деген бар болса, Жезқазған жабылмауға тиіс. Менің осы айтқаныма сеніп, қасымда қалатындарың барлауды тоқтатпай, ептеп жүргізе беріңдер. Ал бала-шаға қамымен басқа жаққа кетем дегендерге жол ашық, оларға ренжімеймін, – деген-ді.

Мына қызықты қараңыз, жұмысшылардың Қанышқа сенгені сонша, ішінара біреулері болмаса барлаушылардың негізгі құрамы Жезқазғанда қалып қойды. Жер астында жатқан мыс пен алтын өз алдына, сол Қанышқа сенген, өз ісіне шын берілген жұмысшылардың күнкөрісі үшін ақша табу керек еді. Мәскеуде алтын қазушылардың, көмір іздеушілердің өз трестері бар. Соларға әдейілеп атбасын бұрды. Ал тасбояу іздеушілер Қанышты өздері іздеп келді. Ойланып-толғануға уақыт жоқ, Сәтбаев жаңағылардың бәрімен шартқа отырды. Бұлар Ұлытау өлкесінен әлгілер іздеген кен көзін тауып береді. Сол үшін олар қазақ ғалымына қыруар ақша аударады. Жасқанбай шартқа отырған себебі, Қанышқа ол кендердің қай жерде жатқаны белгілі болатын. Бұл Жезқазғанда мыс қабатын іздеп жүргенде талай рет алтынның да, көмір мен темірдің де үстінен шыққан. Ал тасбояу дегенің Ұлытаудың әр сайынан табылады. Ондай пайдалы кендер де кезінде қартаға түскен-ді. Шартқа отырған трестер табанда ақша аударып, тарығып отырған кеншілерге талайға дейін талғажау болды.

Бірақ мұндай қосымша табыспен қанша жерге барасың. Жезқазған мәселесін түбегейлі қайта қозғамай болмайды. Ол үшін БКП(б) Орталық Комитетіне, тым болмаса Саяси Бюро мүшесі, ауыр өнеркәсіп министрі Серго Орджоникидзеге қолы жетсе ғой, шіркін! Әйткенмен, істің сәті түсейін десе, олжаның өзі орала кететін әдеті ғой. Бір күні ойламаған жерден, ана жылдары Томда өзіне сабақ берген ұстазы академик Михаил Антонович Усовтың кездесе кеткені. Ол кісі Жезқазған өндірісімен  жақсы таныс болатын. Енді, міне шәкіртімен сөйлесе келе, оның мынадай  шырғалаңға ұшырағанына қарт академик қатты күйінді.

– Жезқазғанның жемісін дүмшелерге жем қылуға болмайды. Қалайда ен байлықты құтқарудың бір амалын табуымыз керек! – деді ол салған жерден. – Саспа, менің санамда жоғарыға апаратын бір есіктер қазірдің өзінде ашыла бастады.

Михаил Антонович келесі күні-ақ Қанышты өзінің ескі досы, түсті металдар институтының профессоры В.А. Ванюковқа ертіп барды. Қызық болғанда, ол кісі бұлар керек қып тұрған ауыр өнеркәсіп Наркомы Серго Орджоникидзенің кеңесшісі екен. Енді олар Жезқазған мәселесін үшеуі отырып ақылдасты.

– Мен мына Михаил Антоновичтың көңілі үшін, сізді Наркомға ертіп барып, оған бір ауыз өтініш айтуға әрқашан әзірмін, – деді Ванюков, Қаныштың өтінішін тыңдап алған соң. – Сіздің ұзақ жыл тер төккен Жезқазғанды жан сала қорғап шығатыныңызға сенемін. Бірақ бір ғана сіздің уәжіңіз Наркомға аз көрінуі мүмкін. Әттең, сізге қосымша әлдебір ғылыми мекеменің шығарған шешімі болса ғой! Мәселен, Ғылым академиясының бір сессиясында сөз болып, Жезқазған кендері жайында қаулы алынса... Кейін академия шешімін ешкім де бұза алмас еді.

Ақыры, бәрі де сол ғалым ұстаздар айтқандай болады. Усовтың, тағы басқа ғалымдардың көмегімен үлкен Жезқазған тақырыбы академияның кезекті сессиясының  күнтәртібіне енгізілді. Сессияда Қаныш Имантайұлы баяндама жасауы керек. Басында Қаныш: «Тымқұрса бірде-біреуіміздің ғылыми дәрежеміз жоқ. Өңкей құлжа бас академиктердің сынынан қалай өтер екенбіз» деп қатты қобалжыған. Қосымша баяндама жасайтын Үгедей Әлиханұлы Бөкейханов та – Қарсақбайға таяуда келген жас геолог. Мәскеудің тау-кен академиясын бітірсе де, әзірше оның да ғылыми атағы жоқ болатын... Алайда, Қаныш Имантайұлы өзіне сенімді еді. Өйткені Жезқазған – оның күндіз-түні ойынан шықпайтын, әмбе соңғы жылдары талайдың алдында сөз сөйлеп, әбден жатталып кеткен тақырып қой. 1934-жылы 10-қарашада өткен академия сессиясында Қаныш ғалымдар сынынан жақсы өтті. Үгедей Әлиханұлы да өз баяндамасында бірсыдырғы сауатты пікірлер айтты. Бұлардан кейін көп ғалымдар жезқазғандықтарды жақтап сөйледі. Ақырында аптаға созылған сессия Жезқазған кені жайында бірнеше маңызды қаулы қабылдады. Соның кейбір тармақтары мынадай: «Жезқазған кенінің мол қорын игеруге қазіргі Қарсақбай зауаты дәрменсіз. Сондықтан оның орнына еліміздің мысқа зәрулігін біржола шешу үшін, үлкен Жезқазған мыс қорыту комбинатын салуды ұсынамыз. Бұл өлкедегі минералдық ресурстарды толық игеру үшін Жезқазған – Қарағанды – Балқаш теміржолын салу осы бесжылдықта қолға алынғаны жөн деп білеміз. Бұл үшін КСРО Жоспарлау комитеті, түсті металдар Бас басқармасы, Қатынас жолдар наркоматы бір-бірімен қол ұстаса қимылдаса, істің табысты боларында күмән жоқ».

Академия сессиясының қаулысы қолға тиісімен, профессор Ванюковтың көмегі арқасында, кезінде «Темір Нарком» атанған Серго Орджоникидземен кездесу де көңілдегідей жақсы өтті. Кавказдың ер көңілді, өр мінезді азаматы Қаныш Имантайұлының туып-өскен жерін, оқыған қаласын, Жезқазғанның картадағы орнын біраз сұрастырып отырды да, аздан соң геологтың қызғылықты әңгімесіне елітіп, өзі жарыса сөйлеп кетті.

– Біздің басқармадағы «білгіштер» өзіңді ит әуіреге салып, әбден шаршатқан-ау шамасы, – деп қояды Қаныштың тар жол, тайғақ кешулерін тыңдап отырып. – Қайтсын, оларға да сөгіс жоқ. Олар мемлекеттің әрбір сомы үшін басымен жауап береді.

Бұл қабылдау 1934-жылдың 31-желтоқсанында өткен. Ертең жаңа жыл. 1935-жыл есік қағып тұр. Нарком сағатына қарады да:

– Сен, жігітім, Мәскеуде әлі де біраз күн аялдай тұр. Мына қағаздарың әзірше менде қалсын. Саяси Бюроға ұсыныс әзірлеуіміз керек. Оған өзің де қатынасатын бол. Әзірше Түсті металдар басқармасымен келісіп, саған олардың қоржын түбін қағып берермін. Ол жетпей жатса тағысын тағы көрерміз... Келістік пе? – деді мұртының астынан жымия күліп.

Екеуі бірін-бірі жаңа жылмен құттықтап, наркоммен жылы қоштасты.

Міне, осыдан кейін екі жылдай кідіріп қалған Жезқазған өндірісі қайтадан жандана бастаған. Орталықтан жүз миллиондап қаржы босатылды. 1935-жылы, 25-наурызда ауыр өнеркәсіп наркомы Жезқазған мыс қорыту комбинатының құрылысын бастау жөніндегі бұйрыққа қол қойды. Кеңгір өзенінің төменгі аңғарында Жезқазған қаласын салу жоспарланып жатты. Неғыласың, бүкіл одақ бойынша өндіріс дегенің өрге басып, қиялдағының бәрі орындалып жатқан. Амал не, әуел баста іргетасы дұрыс қаланбаған ба, аяқ астынан Совет өкіметін тағы да қырсық шалды.

 

- ІV -

1937-жыл. Бұл бір қоғам мүшелері бірін-бірі аңдыған, ел ішінен жау іздеп, бірін-бірі итжеккенге айдатқан, пәлелі, қырсық жыл болды. Сірә, осы Социалистік қоғамның жетілмей туған әлдебір шалалығы болса керек. Әйтеуір төрт-бес жыл сайын бір шикілігі шығады да тұрады. Не пәле шықса да, орталықтан басталады ғой. Отызыншы жылдардың басында Каменов, Зиновиев, Бухарин бастатқан Сталинның бақкүндестері аласталып еді. Оның аты – «Партияға қарсы блок» делінген. 1934-жылы Ленинград обкомының басшысы Кировты біреу аяқастынан атып кетті де, «Халық жауы» деген атау жарыққа шықты. «Социализм жеңіске жеткен сайын оның жаулары көбейе береді» депті ұлы көсем. Содан бері ел ішінен «жау» іздеу әдетке айналған.

Соңғы жылдардағы аса ірі «жау» Троцкий делініп, оның жақтастары «Троцкийшілер» деп аталған. Әсілі, Советтік Қызыл армияны өз қолымен құрған кісі – Троцкий ғой. Соған байланысты, армия ішінде бірден тазалау жүрді. Кеңестер одағында бес Маршал бар еді, соның үшеуі «Халық жауы» атанып, ана дүниеге аттанып кетті. Егеров, Блюхер, Тухачевский. Әскер ішіндегі ең сауатты командирлер де осылар болатын. Сөйтсек, олар Троцкийді жақтаушылар екен ғой. Іс Маршалдармен ғана тынған жоқ, генералдардың 80 пайызы, полковниктердің 60 пайызы «жау» атанып, алды атылып, арты Сібірге айдалды. Және бұл науқан қай мезгілде жүрді дейсіз ғой? Германияда Гитлер билік басына келіп, көрші елдерге көз аларта бастаған кезде іске асты. Ал осыны ақылды адамның ісі деуге бола ма? Қаныш Имантайұлы нақ осыған дейін мұртты көсем жайында ала-құла ойда жүруші еді, мынадан кейін көсемге сенуден қалды.

Мәскеуде самал тұрса, Қазақстанға келгенде қара боранға айналатын әдеті. Көп ұзамай мұндағылар да «Халық жауын» іздеп шарқ ұрды. Қазақстанда жәй «Халық жауы» болу аздық етті ме, енді оған «Жапонның шпионы» деген айдар қосылды. Алда, бейшара қазақтар-ай, осындай науқан шықса болды, біздің халықтың өкпесі қабынып шыға келетіні несі екен? Жоғарғы ұлықтарға жағынғысы келіп тұратын құлдық мінездің бұл да бір көрінісі болса керек. Бұрын ерегесіп қалған екі қазақ, бар құдірет өз қолында тұрғандай, бір-біріне: «бәлем, көзіңді абақтыда жылтыратайын ба» деп кіжінеді екен. Қазір, несін айтасың, сол тілегі қабыл болып, өзара өш-араздығы, бақ күндестігі барлар бірін-бірі оп-оңай айдатып жіберетін күйге жетті. Барса-келмеске марғау асырып, көзін жойып жіберсе тіпті жақсы.

Жезқазғанда, қиян шетте жүрген Қаныш «жаулардың» тізімін тек газеттен оқиды. Кеше ғана атқа мініп, ел басқарып жүрген белсенділердің өзі түгелге жуық айдалып кетіпті. Өлі-тірісінен хабар жоқ. Өзгесін қойшы, Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы, Голощекиннен кейін қазаққа біраз жақсылық жасаған Левон Мирзоян «Халық жауы» атанып, атылып кеткен соң, басқаларына не жорық?!

Лауазымды үкімет басшыларынан кейін, кезек ақын-жазушыларға, ғалымдарға тиіпті: Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Құдайберген Жұбанов, Мұхаметжан Тынышбаев, Санжар Аспандияров... толып жатыр. Осылардың бәрі «жау», бәрі де – «Жапонияның шпиондары». Республикада, облыс орталығында ғана емес, ауылда Жапонияның қай тарапта екенін білмейтін бригадирге дейін осы «қылмысқа» іліккен.

Өкімет не айтса бас шұлғып сене беретін ашық ауыз қазақтар да аз болмас. Ал Қаныш Имантайұлы өрескел өтірікке сенгенді қойып, мұндай науқанның неге керек болғанын да іштей есептеп біліп жүр еді. Оның байымдауынша, мына науқан – 1932-жылғы ашаршылықтың жалғасы. Иә, әдейі ұйымдастырылған аштық апатында, қазақтың қақ жартысы қырылып, тағы бір бөлегі шетелдерге босып кетті ғой. Бұған ашық қарсы шығуға шамалары келмегенмен, зиялы қауым арасында, көзі ашық, оқыған азаматтар ортасында «бұл қалай» деген сұрақ, наразы ой-пікірлер тумады дейсің бе? Ел ішіндегі салпаңқұлақ тыңшылар ондайларды жоғарыға жеткізіп отырған ғой. Ендігі міндет – істеген қылмыстарына тірі куә қалдырмау. Сәл-пәл сауаты бар, көзі ашық адамдарды түгел жойып, бұл далада тек мәңгүрт құлдарды ғана қалдыру.

Осыншама сары ізіне түсетіндей, жан-жақтан ұтылап қуатындай, бұл қазақ неден жазды екен? Кең пейіл қонақжайлығынан өзге не кінәсы бар? Түк кінәсы жоқ. Бар жазығы – жерінің бес Франция сыйып кететіндей кеңдігі. Отаршыл Империямен іргелес отырғандығы. Бұл далаға енді санаулы жылдардан кейін, қазақ емес, әлемге аты белгілі, алпауыт ел қоныстануы керек. Мәселен, қасқыр қойды әлдебір кінәсы болғандықтан жемейді ғой. Бұл да соған ұқсас бірдеңе.

Қаныш Имантайұлы осындай қамығулы көңіл күйде жүргенде, төбесінен тағы да жәй түскендей болды. Айналасы бір айдың ішінде Қаныштың үш ағасын бірдей ұстап әкетіпті. Семейдегі мұғалімдер семинариясының бұрынғы директоры, белгілі ағартушы, Қаныштың немере ағасы Әбікей Сәтбаев өз жерінде маза бермейтін болған соң Қырғызстан өтіп, Бішкекте пединститутқа сабақ беріп жүрген-ді. Апырай, сол жаққа соңынан іздеп барып ұстаған ғой... Ал жасынан өнерге бейім, саясатқа араласпаған Әбдікерім Сәтбаев Кереку жақта мәдениет мекемелерінің бірін басқарып жүруші еді. Еш кінәсы жоқ ол ағасын да бір түнде ұстап әкеткен. Ал туған ағасы Ғазиз Сәтбаев Қазақстаннан мүлде түңіліп, Омбы маңындағы қазақтар арасында өз күнін өзі көріп жүрген-ді. КГБ жендеттері оны да құтқармапты. Артынан әдейі іздеп барып қолға түсірген. Демек, Сәтбаевтар әулеті ерекше бақылауда болғаны...

Ал, сонда Қанышты қалай ұстамай жүргені белгісіз. Сірә, әзірше кен қопарып, мыс қорыту үшін керек деген шығар. Демек, Жезқазғанның мысы десейші – мұны әлі күнге дейін сақтап жүрген. Бірақ алды-артында аңду бар. Қаныштың төңірегін ылғи да белгісіз біреулер тіміскілеп жүргені. «Бастығың оңашада не айтатынын, кімдермен сөйлесетінін қағазға жазып жүр» деп тапсырыпты мұның шопырына... Осының бәрін ойлағанда, Қаныш дүниеден түңіліп кетеді: «Өзіңді жат санап, өгей баладай өкпеге тебетін отаршыл өкіметке құла дүзден кен іздеп, мыс балқытып беретіндей – осы менікі не азап? – дейді кейде ызаға булығып. – Қазақ жерінің қазынасы жат жұртқа жем болғанша, өзінің болашақ қожасын күтіп, қозғаусыз жата бермей ме».

Алайда «ашу – алдында, ақыл – соңында» деген сөз бар. Ақылға салып қараса, өйтіп тар өлшеуге тағы болмайды екен. Шынтуайтқа келгенде, Қаныш бір адамға табынған, бәтуасыз, қанды қол Империя үшін емес, осынау даланың өзі үшін тер төгіп жүрген жоқ па? Қазақ даласы қашанға дейін өркениетке ермей ұйқыда жатпақ? Бұл дала да ұзаққа созылған ұйқыдан оянып, сақара төсіне жан бітуі керек қой. Отаршылдар қазақтың сусыз, нусыз шөл даласында не қазына бар дейсің деп, өздерінше көкірек керіп, менсінбейді. Ендеше Қаныш қайткен күнде де, көшпенділер құмайт шөлде төрт түлік мал өсіріп қана қоймай, ғасырлар бойы алтын мен мыстың, тағы басқа асыл кендердің үстінде отырғанын дәлелдеуі керек.

Тағы бір жағынан ойлап қараса, Қаныш Имантайұлы басқа емес, өзі үшін де еңбектенуі керек екен. Жезқазғанда миллиондаған тонна мыс қабаты жатқанын түсіндіру үшін бұл Мәскеуде кімнің алдына бармады? Кімнің есігін қақпады? Сонда, ақиқатты пір тұтқан бірлі-жар ұстаз ғалымдар мен мемлекет мүддесін ойлаған Нарком Серго Орджоникидзеден өзге Қанышқа қол ұшын берген кім бар? Қол ұшын бергенді қойып, көпшілігінің арғы көкейінде «әлі ғылыми дәрежесі де жоқ, көшпенді қыр баласы не біледі дейсің» деген күпірлік тұрғанын бұл талай рет байқаған. Ендеше, сол «көшпелі қыр баласы» өз жерінің қыры мен сырын мен-менсіген ғалымдардың бәрінен де артық білетінін Қаныш дәлелдеуі керек. Жезқазған шабуылы басталды, енді шегінетін жер жоқ.

Ендігі уайым – Жезқазған емес, басқада. Дәл осы жолы отаршылдардың арыдан ойластырған қосқыртысты саясаты мен құлдардың аңқау мінезінің үйлесе кетуі алаңдатады. Тоба, біздің қазақтың осындай науқан кезінде ұранға қиқу қосып, белсене араласып кететіні несі екен осы? Ұлттың іргесін бекіту, сырттан төнген пәлеге тосқауыл қою, ел ішін ірітпеу, азаматтарын сақтап қалу дегендер ойларына кіріп-шықпайды. Сырттан жау шапса, өздері далақтап бірге шабады-ау! Ал, бірін-бірі ұстап беруге, бақ-күндес, араз адамдарын «жау» деп көрсетуге келгенде алдарына жан салмайды. Несін айтасың, мына науқан бірін-бірі құртқанша тыным таппайтын алты бақан, ала ауыз қазаққа таптырмас құрал болды. Қазір руға, жүзге бөліну де өрттей өршіп тұр. Оның ар жағында өкіметке жағыну, көрініп қалу, өз атын оздыру деген пәлесі тағы бар. Айналып келгенде осының бәрі танауынан арғыны көрмейтін надандыққа, әбден еттен өтіп, сүйекті қапқан құлдық мінезге, соқыр санаға келіп тіреледі.

Қаныш Имантайұлы осының бәрін көріп-біле тұра, істер амал таппай торығады. Енді бәрі кеш. Қазақты табан астында қайта тәрбиелеу мүмкін емес. Ең қиыны, қазақты түзу жолға салады-ау деген ғұлама ұстаздардың өзі ұсталып кетті ғой. Кешегі «Алаш» қайраткерлері де осы мақсатта құртылды емес па?! Қаныштың бар қолынан келгені – «Халық жауы» атанып, ұсталып кеткен өз ағаларының артында қалған шиеттей бала-шағасына көмек қолын созу болды. Әбікей ағасының отбасы Қырғызстанда қалды ғой. Әбікейдің бір баласы Ғалымтай Қаныштың өз тәрбиесінде өскен. Осының алдында ғана Ленинградтың геология институтын бітіріп, түстіктегі Ащысай кенінде қызмет істеп жүрген сол Ғалымтайды өз отбасына бас-көз болу үшін, Қырғызстанның алтын кеніне ауыстырды. Ал Омбы маңында қалған Ғазиздің үй ішіне Тәрмізи Имантаевты жіберіп (Бұл – 1932-жылы  аштан өлейін деп жатқан жерінде аш балалармен бірге Баянауылдан алып қайтқан інісі ғой), ондағыларды сабырға шақырып, қаржы жағынан көмектесті. Ал Әбдікәрім ағасының үйінде екі баласымен қалған Умина жеңгесін төркін жұртымен жалғастырды. Осыдан кейін ғана көңілі сәл тыншығандай болып еді.

Бір тәуірі, осы жылдарда көңілге демеу болып, Жезқазған өндірісі үлкен қарқынмен үдей түсіп еді. Бұл кезде Қарсақбайдағы мыс қорыту комбинаты іске қосылған. 1938-жылы «Жезқазған – Жарық» теміржолы салынып бітті. Сөйтіп, Арқа жеріндегі үш бірдей өндіріс алыбы: Жезқазған – Қарағанды – Балқаш арасы теміржолмен түйіскен-ді. Осылармен бір мезгілде Кеңгір су қоймасы салына бастаған. Осылайша, Ұлытау өлкесі Одақтағы аса ірі өндіріс ошағына айнала бастап еді. Бұл жағынан Қаныш Сәтбаев ойлаған мақсатына жетті деуге болады. Еруліге – қарулы, Сәтбаев Жезқазғанды көтерсе, Жезқазған Сәтбаевты көтерді. Бұл күнде жер жүзінде қазақ геологын білмейтіндер кемде-кем. Орталық газеттерде Қаныштың суреттері, мақтауын асырған мақала-очерктер...

Жезқазғанда өткен 15 жыл! Бұл мерзім – Қаныш үшін демалысты, бой жазуды, рахаттануды ұмытып, жанұшырған жылдар болыпты-ау! Сенесіз бе, ерлі-зайыпты Сәтбаевтар осы жылдар ішінде бір рет демалыс алып, курортқа бармапты ғой. 1939-жылы Қара теңіз жағасында – Ялтада өткен екі ай тұла бойдағы шаршау мен зорықты біржола шығарғандай болып еді. Адам өзінің қаншалық қажығанын қамыттан босағанда біледі екен. Ой-хой дүние! Өмірде мұндай да рахат болады екен-ау! Несін айтасың, ыстық күн, ыстық құм, шалқыған көк теңіз... Анадан жаңа туғандай сергітіп шығарған. 1940-жылы Қазақстанның дербес республика болғанына 20 жыл толған мерекесі үлкен өрлеу үстінде тойланды. Өкімет кешегі өткен жазықсыз құрбандарды ұмыттырып жібергісі келді ме, бұл мерекеден ештеңесін аяған жоқ. Мүшелтой Алматыда, Республиканың барлық облыстарында жыл бойы тойланып, оның аяғы Мәскеуде жалғасты. Мәскеудегі басқа да іс-шаралар қатарында КСРО Ғылым Академиясының төралқасы да арнайы мерекелік жиын өткізуді ұйғарыпты. «Қазақстан ғылымының 20 жылдағы жетістігі» деген тақырыпта бас баяндаманы кім жасайды дегенде, Республика үкіметі бір ауыздан Қаныш Сәтбаевты ұсыныпты.

Міне, осы баяндама Сәтбаевтың бұдан былайғы тағдырын белгіледі деуге болады. Мінбеге көтерілген Қаныш бұл жолы ештеңеден тартынған жоқ. Көкейде жүрген ойларын түйдек-түйдегімен ағытты-ау бір. Ол ең алдымен қазақ даласының ұлан-байтақ кеңдігіне тоқталған. Қазақ даласы – Азия мен Еуропаны бір-біріне қосып жатқан, жер көлеміне Германия, Италия, Франция, Британия мемлекеттері жер-суымен еркін сыйып кететін, асты-үсті бірдей байлыққа толы, қазыналы өлке екенін кеудесін керіп тұрып, мақтанышпен баяндады. «Алтайдың алтын қоры, Жезқазған мен Балқаштың мыс, марганец, қорғасын, мырыш кендері, Қарағандының көмірі – осы сөзімізге дәлел... Қысқасы, Менделеев кестесінде қанша элемент бар, соның бәрі қазақ жерінен табылады» деді. Осының бәрі кеңес дәуірінде табылып, мойындалған нәрселер. Осы бертінде, 19-ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген атақты ғалымдар Семенов-Тяньшанский мен «Кен қазбалары» кітабының авторы Богдановичтың «Қазақ жерінде тұздан басқа кен байлығы жоқ» деп қателескенін еске салып, залда отырған ғалымдарды ду күлдірді. Қазақстанда қауырт қарқын алған өндіріспен бірге Қазақ ғылымының да біртіндеп дамып келе жатқанын нақты мысалдармен жақсы айтты.

Баяндаманың әсерлі болғаны сонша, Қанышты бұрын танымайтын академиктер де оның қолын алып, құттықтап жатты. Өйткені, Қаныш Имантайұлы осы жолы өзінің жан-жақты терең білімімен ғана емес, орысша шешен сөйлейтін орамды тілімен де ғалымдарды қатты сүйсіндіріп еді. Не керек, осыдан кейін «Құдай берген жігітке құлай береді» дегендей, жеңіс, қуаныш, табыс дегендерің қос-қостан келіп жатты.

1940-жылы, Қаныш Имантайұлы Қазақ ССР-ның 20 жылдығына орай, Ленин орденімен марапатталды. 1941-жылы КСРО Ғылым академиясы қазақ филиалының басшысы болып сайланды. Әрі Алматыдағы Геология институтының директоры болып тағайындалды. Осының артынан көп ұзамай, Бүкіл одақтық аттестациялық комиссияның шешімі бойынша, Сәтбаев геология-минералогия ғылымдарының докторы деген атаққа ие болды. Тағы сол жылы Жезқазған кен орындарын ашудағы аса зор еңбегі үшін оған КСРО мемлекеттік сыйлығы берілді. Бұдан соң келесі жылы КСРО Ғылым академиясының толық мүшесі, яғни академигі болып сайланды... Осының бәрі айналып келгенде, Қаныш Имантайұлының Республика астанасы Алматыға ауысып, Қазақстан Ғылым академиясын ұйымдастыру алдындағы дайындық іспетті еді.

 

- V -

Қаныштың КСРО Ғылым академиясы Қазақстан филиалының жетекшісі, әрі Геология институтының директоры болып, Алматыға ауысуы 1941-жылы Ұлы Отан соғысының басталуымен тұспа-тұс келді. Осыған орай, оның алдында екі үлкен міндет тұр еді. Оның бірі – Қазақстан ғылымын, оның ішінде әсіресе геологиялық зерттеулер жетістігін отан қорғау ісіне, қару-жарақ жасауға қажетті металдар өндіруге бейімдеу болса, екіншісі – қазақ филиалының жұмысын жандандыру, оның көлемін, зерттеу нысандарын ұлғайтып, жаңа институттар ашу болатын. Қанышқа Алланың берген абыройы шығар, бұл екі міндет те өз орайын тауып, ойдағыдай орындалды.

Отан қорғау дегенде, Қазақстанның мысы мен мырышы, қорғасыны мен қалайысы талайдан бері қорғаныс қажетіне жарап келген ғой. Енді келіп, аяқастынан марганецке зәрулік тусын! Бұрын Совет одағының марганецке деген қажетін екі бірдей кен орны өтеп келген ғой. Оның бірі – Днепр жағалауындағы Никополь кеніші де, екіншісі – Кавказдағы Чиатура кені болатын. Енді, міне, сол екі кеніштің екеуі де жау қолында қалып отыр. Енді не істемек керек? Марганецсіз күн қараң. Марганец – құрыш пен темірге оқ өтпес қасиет дарытатын нағыз ақсауыттың өзі. Марганецсіз танкі де, зеңбірек те жасалмайды. Жасалса да, құрыш қабатынан айырылған көк темірдің үйіндісі болып шығады. Ашығын айтқанда, мұның аты – жеңіліс.

КСРО Халық комиссарлар кеңесінің қатты қысылғаны сонша, тамыз айында Шығыс аймақтардан жедел түрде марганец өндіру туралы қаулы алып, үндеу шығарды. Ол үшін адам күші де, қаржы да молынан жұмсалатыны ескертілді. Бұйрық теңдес бұл қаулы басқа республикалар қатарында Қазақстанға да келді, әрине. Қазақстан өкіметінің мыс пен құрыш десе, білетіні – Сәтбаев. Бірден орталық комитетке шақырған:

– Мына марганецті не істейміз? Қалайда бір амалын тап! – деп өтінді олар Қанышқа.

–  Оған бола саспаңыздар. Бізде марганец бар. Қанша қажет болса да табамыз! – деді Қаныш Имантайұлы қашанғы әдетінше сабырмен жауап берді.

– Солай ма? Апырай, мынауың жақсы болды-ау! Қайда екен ол марганеці бар болғыр? – десіп республика басшылары ержеңдесіп қалды.

– Қайда болушы еді? Өзіміздің Жезқазғанда! – деді Қаныш Имантайұлы жымия күліп.

Не керек, Сәтбаевтың көрегендігі осындай қысыл-таяң тұста тағы бір рет шарапатын  тигізді-ау!  Айтып  отырғаны ып-рас. Қаныш Имантайұлы өткен жылы Жезді өзенінің аңғарынан марганецтің мол қорын тауып, әлдеқашан картаға түсіріп қойған. Оның үстіне, биыл Алматыға ауысарда бірдеңені сездіргендей, И.Н.Богданчиков бастатқан бір топ кеншіні марганец кенінің ауқымын анықтау үшін, сол Жездіге  аттандырып та жіберген. Енді, міне, сол кен орны жан қысылғанда кәдеге асайын деп тұр. Республика басшыларының қуанышында шек жоқ. Басқа республикалар өз жерлерінен марганец іздеп, ала шапқын болып жүргенде, Қазақстан ол міндетті орындап та қойды. Олар бірден қорғаныс комитетіне жеделхат жолдап, шүйінші сұрамақ болған-ды. Аздан соң қайта ойланып, мұндай жеделхаттың үкімет атынан емес, жұмысшылар атынан барғаны жөн десті. Ол күндері марганец кенінің аты ашық айтылмайтын. Сондықтан Қарсақбай геологиялық барлау орталығы атынан Қара металлургия наркомына айрықша шифрмен құпия мәлімет жолданды.

Алайда біреуге-біреу сенбейтін заман. «Бұл – қайдан жатқан батпан құйрық» дегендей Қазақстанға мұндай абыройды қимайтын мысық тілеулі біреулер тарапынан тағы да күдік пен сақтық белең алды. Жездіде марганец кені бар ма? Бар болса, қоры қанша дегенді анықтау үшін, комиссиялар бірінен соң бірі қаптасын-ай келіп. Алғашқы келген бір тобы «Бұл төңіректе марганец кені атымен жоқ. Бәрі – құр дақпырт» деп қайтыпты. Олардың соңынан металлургия халықкомі И.Ф.Тевосянның атынан келген қомақты комиссияның қорытындысы да адам сенгісіз былқ-сылқ бірдеңе: «Жездіде марганец бар екені рас. Бірақ кеннің қоры әзірше анық емес, жәй болжам ғана» депті.

Қысқасы, ешкім де ештеңені мойнына алғысы келмейді. Ештеңені кесіп айтпайды. Біреуге біреу сенбейтін, әркім өз басын күйіттейтін заман. Кенет Жездіден марганец шықпай қалса, шықса да қоры тым аз болса, ол үшін бас кетеді... Бұл елде не істесе де, өз басынан қауіптенбейтін бір-ақ адам бар. Ол – Сталин ғана. Жезді жөніндегі комиссиялардың қорытындысын бас қолбасшы Сталин де бақылап отырса керек. Бір күні шыдамы таусылып:

 – Былжыраған бос сөзді қойыңдар! Бізге марганец керек. Дереу Жездінің кенішін іске қосыңдар! Оның қоры қанша екенін уақыт көрсетеді! – десе керек.

Міне, осы сөзден кейінгі Жездінің бойы дүрілдеді де кетті. Жездідегі марганец кені, оның қор мөлшері туралы талас-тартысқа Қаныш Имантайұлы араласқан жоқ. «Ойбай, бұл жерде марганец қоры мол» деп ешкімге жалынбады да. Тек комиссия мүшелерінің жер қыртысынан хабары жоқ дүмшелігіне таңғалған. Өйткені Сәтбаев өзіне сенімді еді. «Бәлем марганец керек болса, Жездіге өздерің-ақ келерсіңдер» деді де, насыбайын атып қойып, алаңсыз отыра берді...

Ақыры, Қаныш Имантайұлының болжамы дәл шықты. Жездінің миллион тонна деп есептелген марганец қорын ешкім де тауыса алған жоқ. Бүкіл Ұлы Отан соғысы барысында, одан кейін де Орал мен Магнитагор қаласындағы танкі жасайтын зауаттарды Жездінің марганец қоры қамтамасыз етіп тұрды.

Ұлы Отан соғысы кезінде республиканың қорғанысқа қосқан қомақты үлесі, жауға қарсы атылған әрбір он оқтың тоғызы Қазақстан металынан құйылуы Одақ көлемінде бұл елдің абыройын қатты көтерді. Міне, осы жетістік Қазақстанда дербес Ғылым академиясын құруға жол ашты. Ал Қазақстан ғылымының осы тұста тез қарқын алуына себеп болған тағы бір фактор бар. Ол – соғыс кезінде қоршауда қалған Ленинград, Киев, тағы-басқа қалалардан эвакуациямен Қазақстанға келген көптеген ғалымдардың осында қалып, ғылыми жұмыстармен айналысуы. Мәселен, астрономия-физика саласында бұрын Қазақстанда ешқандай дайындық жоқ-тұғын. Сол жылы Айдың толық тұтылуын Алатау биіктерінен бақылауға келген осы ілімнің ірі өкілдері В.Е.Фесенко мен Тихов соғыс басталғанда еліне қайта алмай осында қалуы Қазақстанда астро-физика ғылымының негізін салуға себепші болды. Және астро-физиктер осындағы алғашқы бес институттың бірі болып құрылды.

Ал белгілі геолог-ғалымдар Н.Г.Кассин мен М.Г.Русаков та – Қазақстанда кен барлау жұмысымен жүргенде соғыс басталып кетіп, Ленинградтағы үйлеріне қайта алмай қалғандар. Қаныш Имантайұлы оларды дереу Алматыға шақырып, өзіне жәрдемші-серік етіп алды. Көп ұзамай үкімет арқылы жалғасып, олардың бала-шағасын да алдырып берді.

Қаныш Сәтбаев алғаш филиалға басшы болып келгенде, қарауында төрт ғана институт, әр ғылым саласына арналған жеті ғана сектор бар-тұғын. 1945-жылы Қазақстан Ғылым академиясын құру қарсаңында институттың саны он бірге жетті. Енді академия құрудың шарты толып тұр деуге болады. Бірақ оған жоғарғы жақтың рұқсаты, БКП(б) Орталық комитетінің бекімі керек. Қаныш Имантайұлы сол үшін Мәскеуде бір айдай жүріп, Орталық Комитет пен КСРО Ғылым академиясының мөрі басылған таңбалы қағазды алып қайтты.

Алайда, 1945-жылы Қазақстан Республикасының құрылғанына 25 жыл толған тойы өтетін болды да, академияның құрылу рәсімі келесі жылға шегерілді. Сонымен, көптен күткен Қазақ ССР Ғылым Академиясы 1946-жылы маусым айында құрылды. Сол күні жалпы жиналыста үкімет бекіткен академияның толық мүшелері мен корреспондент-мүшелерінің тізімі жарияланды. Бұлардың жалпы құрамы отыздай адам еді. Олардың арасында қазақтан: Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Ахмет Жұбанов, Б.Бектұров, Сімет Кеңесбаев, Сауранбаев, тағы басқалар бар еді. Енді қалған бірнешеуі академияның корреспондент-мүшесі болып сайланған. Келесі күні жаңағы академиктер қатысқан жалпы жиналыста Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті болып, Қаныш Имантайұлы Сәтбаев бірауыздан сайланды. Ғұламаның жасы сол жылы қырық жетіге толған-ды. Білімі мен ақыл-ойы кемеңгерлікке жетіп, бақ жұлдызы барынша жарқырап жанған шағы еді.

Қазақстан ғалымдары соғыстың ауыр жылдарында дайындап, қиын кезеңде құрған сол академия елу жыл бойы мызғымай өмір сүрді. Қазақстан ғылымын дүниежүзілік деңгейге жеткізді. Ол тек ғылымды қажет етпей, ақша есептеуді басты мұрат еткен тәуелсіз Қазақстан өкіметінің тұсында ғана өмір сүруін тоқтатты.

Ал, өз тақырыбымызға келсек, сол 1946-жыл – Қаныш Имантайұлы үшін табыстар жылы болды. Сол жылғы ақпан айындағы сайлауда ол КСРО Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланса, қараша айында КСРО Ғылым академиясының толық мүшелігіне өтті. Қаныш Сәтбаевқа дейін бірде-бір шығыс адамы мұндай биікке көтерілген жоқ-ты.

 

- VІ -

Қыс артынан күн жылып, көктем келетіні сияқты, сұрапыл соғыстан кейін бүкіл ел арқасын кеңге салған, бір жадыраңқы жылдар болып еді. Амал не, ол заман да ұзаққа бармады. Заң үстемдік етпеген елде тұрақтылық болмайды ғой. Диктатордың көңіл күйіне қарай, дүние дегеніңіз өзгеріп тұрады. Бейбіт күндер тым ұзарып кетсе, құлдар құтыра бастайды дей ме екен, әр он жыл сайын бастарына қамшы үйіретін әдеті. Бұл жолы да солай болды. Қазақтың сорпа бетіне шығар зиялылары үшін, тағы бір қара бұлт төніп келе жатты. Басында алыс көкжиектен дауылды нөсердің лебі білініп, күркіреген найзағай жарқылы көрініс берген. Көп ұзамай дүниені астан-кестен етіп, нөсер аралас сұрапыл дауылдың өзі де соғып өтті. Қала мен дала ұйқы-тұйқы болып, талай үйдің шаңырағы ортасына түсті.

Сонау бір аты шулы 1937-жылдан бері арада он бес жылдай уақыт өтті ғой. Осы мерзім ішінде баяғы «Алаш» қайраткерлерінің, атылып-шабылған басқа да ұлт серкелерінің орны толмаса да, өртеңге шыққан алшындай жаңа бір толқын жайқалып өсіп келе жатқан-ды. Қазақтың әдебиеті мен мәдениетінде, тарих ғылымында ілгерілеп өсу нышаны байқалған. Қазақстанда Ғылым академиясы құрылып, ғалымдар әр салада тәуелсіз өсу жолына түскен. Қазақтар ауылда мыңғырған мал өсіріп қана қоймай, геолог-ғалымдары жер асты байлығын пайдалануда дүниежүзіне атағы шыға бастаған.

Міне, осыны Кремльде отырған отаршылдар да байқап қалыпты. «Әй, мыналар қайда барады?» деген ғой бірден секем алып. Бұларды дер кезінде тоқтатпаса болмайды. Білесің ғой – қазаққа сәл-пәл еркіндік берсең не істейтінін. Өздері ілім-білімге зерек, аса зерделі халық көрінеді. «Алашорданың» Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков секілді ғалымдары 1922-жылы В.И.Лениннің өзімен тірескені естеріңізде болар. Солар ұлы көсеммен білім жарыстыра отырып, Қазақстанның картасын бекіттіріп алған жоқ па? Азияның қақ ортасын ойып тұрып орын алды-ау! Және қандай жерлер десейші! Көлемі – бес Франция сыйып кетердей, ұлан байтақ, бай өлке...

Абырой болғанда, «Алаш» қайраткерлерін дер кезінде құртып тындық. Әйтпегенде, бас асаулық танытып, бой бермей кетуі де мүмкін еді. Енді, міне, қазақ оқығандары тағы да бас көтере бастады. Мұндай қатердің алдын алмаса болмайды. Демек, тағы бір науқанның кезегі келіп тұр. Оны «ұлтшылдыққа қарсы күрес» дейсің бе, «тарихи еңбектерді маркстік-лениндік тұрғыдан қайта қарау» деп атайсың ба, қай-қайсы да жарап тұр. Басын бастап берсең, одан ары шолақ белсенділердің өздері-ақ дүрілдетіп алып кетеді. Күрес әдістері – сол баяғыдай: ел ішінде ала ауыздықты өршіту, зиялыларды бір-біріне айдап салу, қысқасы, таланттарды талантсыздарға талату... Талай бас асауды жуасытқан отаршыл идеологтар мұндай айла-тәсіл жағына барынша мәттақым болатын...

Қазақстанда соңғы айларда өтіп жатқан саяси сүргінді ой сарабынан өткізе келіп, Қаныш Имантайұлы осындай қорытындыға келді.

Әрине, отаршыл идеологтар Қазақстан зиялыларын бірден бас салған жоқ. Бұл науқанға алыстан орағытып, көп сатылы дайындықпен келді. Ең алдымен, «міне, біз өзімізді де аяп жатқан жоқпыз» дегенді білдіру үшін, «Ленинград» және «Звезда» журналдарын қарауылға алып, сонда жарияланған Зощенко мен А.Ахметова шығармаларынан өткенді аңсау сарындарын тауып, қатаң сын айтқан болатын. Осыған жалғас, БКП (б) Орталық комитетінің «Татарстан обкомының идеологиялық жұмыстары туралы» қаулысы шығып, онда «Едіге», «Шора батыр», «Қарасай қазы» тәрізді түрік халықтарына ортақ жырлар қатты сыналған. Бұл – «сендер де осыған қарап бой түзеңдер» деген белгі болатын. Мұндайда шет қалатын Қазақстан ба, мұндағы зиялы қауым да жаңағы қаулыларды талқылап, едәуір әуреге түскен. Бірін-бірі сынап та үлгірген.

Сөйтсе, бұл жәй ғана талқылау емес, кімнің кім екенін анықтау үшін алдын ала жасалған барлау екен ғой. Қазақстанға тасталған нағыз «бомба» 1950-жылдың 26-желтоқсанында жарылды. «Правда» газетінде жарияланған: «Қазақстан тарихы маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақала, шынында да, бомбадан кем болған жоқ. Егер сол «бомба» басқа бір елде жарылса, айналасына көп зиян келтірмей, сол жарылған жерін ғана ойып түскен болар еді. Ал, біздің Қазақстанда бәрі басқаша... Несін айтасың, онсыз да бір-біріне атарға оғы болмай, қарсыласымнан қашан кек алам деп, алақанына түкіріп жүрген қазекең алды-артын ойлап жатпай, қас жауына бірден сойыл ала жүгірген.

Ал, Т.Шойынбаев, Х.Айдарова, А.Якуниндердің атынан жарияланған бұл мақаланың дайындалу барысы өз алдына бір хикая. Ол да неше алуан сатыдан өтіпті. Жалпы, мақалаға өзек болған – 1943-жылы жарық көрген «Қазақ ССР тарихы» деген кітап-тұғын. Әсіресе, сол кітаптың «Қазақ халқының Кенесары хан бастаған азаттық күресі» деген тарауы. Тараудың авторы – талантты жас ғалым Ермұқан Бекмаханов болатын. Бұдан екі жыл бұрын ол осы тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған, «Қазақ ССР тарихының» жұртшылық көңілінен шыққаны сонша, кітап жарық көрісімен оны қоғамдық орындар мемлекеттік сыйлыққа ұсынды. Егер бұл кітап сыйлық алатын болса, жас ғалым Бекмаханов та лауреат атанғалы тұр.

Міне, осы араға келгенде, кітап жазуға қатыспаған бір топ тарихшының өзегіне «өрт» кетеді ғой. Әсіресе, М.Ақынжанов, Т.Шойынбаев, Х.Айдаровалардың талағы тарс айрылады. Бірден білек сыбана іске кіріседі. Қайткен күнде де кітапқа мемлекеттік сыйлықты алдырмау керек. Әсіресе, анаубір Бекмаханов деген пәленің жолын кеспесе болмайды. Сол оймен әлгі адамдар алма-кезек мақала жазып, «Қазақ ССР тарихының» түте-түтесін шығарды. Өте-мөте Бекмаханов жазған Кенесары жайындағы тарауға шүйлігіп, кір-қоқыстың бәрін соның үстіне үйіп-төкті. «Ескілікті аңсау» деді, «Хандықты көксеу» деді, «Тарихи оқиғалар таптық тұрғыдан қаралмаған» деді. Қойшы, әйтеуір, бәрі жабылып жүріп, «Қазақ ССР тарихына» мемлекеттік сыйлықты алдырмады ғой. Білетіндердің айтуынша, бұлар студент кездерінің өзінде-ақ белсенді болған көрінеді. 1937-жылы ұстаздары Санжар Аспандияровтың «Қазақ тарихы» кітабына жала жауып, ақыры оны да «Жапония шпионы» етіп шығарса керек. Демек, біреуді жардан құлатуға әбден машықтанған адамдар...

Міне, осылар қазіргі науқан кезінде таптырмас қаруға айналған. Қазақстан КП(б) Орталық комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі И.Храмков пен Мәскеуден тілші болып, тыңшы болып келіп жүрген А.Черниченко бастатқан жансыздар жаңағы жалақор тарихшыларды қолдарына ұстап, сақа қып үйірді. «Правда» газетінде жарияланған «бомба» мақаланы соларға дайындатты. Басында олардың өз атынан жариялауды олқысынып, басқа бір аузы дуалы, салмақты автор іздеген. Бірақ, қалайда, мақала авторы қазақ болуы керек еді. Әуелде мақалаға автор болуды Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Шаяхметовқа ұсынған екен. Алайда сұңғыла басшы бұл мақаланың өзіне абырой әпермесін сезсе керек, автор болудан үзілді-кесілді бас тартыпты. Сонан соң, амал жоқ, мақаланы жаңағы жалақорлардың өз атынан жариялаған.

Қазақстанда осындай астыртын қастандық әрекеттер жүріп жатқанын Қаныш Имантайұлы сезіп жүрді. Бірақ оны тоқтату мүмкін емес еді. Өйткені науқанның сценариі Мәскеуде жасалған. Диірмен айналып кетті, енді ол шанағына түскен біраз дәнді ұнтақтамай тынбайды.

Былай байқап қараса, жан алып, жан беріскен талас-тартыс тарихшылар арасында ғана емес, әдебиетші қауым арасында да жүріп жатыр екен. Онда да көкпарға түскен – Кенесары қозғалысы. Бұл қозғалыс – қазір дос пен дұшпанды анықтайтын негізгі өлшемге айналды. Кезінде бір жазушылар Кенесары жайында пьеса жазыпты. Тағы біреуі дастан шығарыпты. Әдебиетші ғалымдар жағы Кенесары қозғалысы туралы мақалалар жазып, оқулықтарға енгізіпті... Енді, міне, қаламгерлер бірін-бірі көрсетіп, әркім өз басын арашалап қалу қамында көрінеді. Араға от тастаушылар М.Әуезов пен С.Мұқанов арасындағы ескі дауды қайта жаңғыртса, өзгелері де олардан қалыспай, «көкпарға» бел шеше кірісіп кетіпті. Әбділда Тәжібаев пен Қалижан Бекхожин, Есмағамбет Ысмайлов пен Қажым Жұмалиев, Әуезов пен Мүсірепов... Жақ-жақ болып, қиян-кескі тартысқа түсіпті.

Режиссурасы Мәскеуде жасалған науқанға керегінің өзі де осы болатын. Не орталық комитеттен, не республика үкіметінен басу айтқан бір пенде болсашы! Әрқайсысын үрит-соқтап, бір-біріне қайрап салды да, қызығына қарап отырды. Сырттан жау келген жоқ, бірін-бірі әшкерелеген де – қаламгерлердің өздері. «Бәленбайларды ортамыздан аластайық» деп үкім шығарған да – өздері. Нәтижесі не болды дейсіз ғой? Баяғыда бір өтірікші: «Екі жылан арбасып тұр екен. Бір уақытта қарасам, екеуі де орнында жоқ. Сөйтсем, жыландар бірін-бірі жұтып қойған екен» депті ғой. Мұнда да соның кері келді. Бірталайы партиядан шығып, қызметі төмендеді. Біразы бұрын алған атақ-дәрежесінен айрылды. Тарихшы Бекмаханов, Сүлейменовтар қатарында, әдебиетші Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Қ.Мұхаметхановтар 25 жылға кесіліп, «итжеккенге» айдалып кетті. Академик А.Жұбанов, М.П.Русаков, Қ.Жұмалиевтар академия мүшелігінен шығарылды.

Былай қарасаң, осылардың бүлдірген ештеңесі де жоқ, әрқайсысы өз саласында табысты жұмыс атқарып жүрген адамдар болатын. Осыларды оқытып, тәрбиелеп, қатарға қосуға Кеңес өкіметінің көп қаржысы жұмсалды ғой. Онсыз да жетіспей жатқан өз кадрларын құртқаннан кім не пайда тапты? Теңіздегі кейбір жыртқыш балықтар өз шабағын өзі жұтады деуші еді, мынау да соның кері. Айналып келгенде ойлайтындары – қалайда түбі шикі отаршыл өкіметті ұстап тұру.

 

- VІІ -

«Халық жаулары» мен «ұлтшылдарды» іздеу гуманитарлық саламен шектелмей, ақырын аяңдап, жаратылыстану ғылымдарына да келіп жетті-ау! Мұндағы алғашқы тартыс академик Н.В.Павлов басқаратын биология мен медицина саласынан шықты. Сөйтсе, бүкілодақтық ботаниктер арасына да жік түскен екен. Өткен жылы ВАСХНИЛ-дың кезекті сессиясында академик Т.Д.Лысенко ежелгі генетика ілімін жоққа шығарып, оның орнына өзі ойлап тапқан «мичуриндік биология ілімін» ұсынған-ды. Бұл ілім кезінде Сталиннің қолдауына ие болған. Енді, міне, сен де сол ілімді қолдауың керек. Ал оны қолдамасаң, барар жерің белгілі, «халық жауы» болып кете барасың.

Ал академик Павлов Лысенко іліміне тіс-тырнағымен қарсы. Осыны пайдаланған сол  институттағы   кейбір  белсенділер академикті  біраз «ханталапайға» салған көрінеді. Көрінгеннен сөз естіп, жүйкесі әбден жұқарған ғұлама бір күні академия президенті Қаныш Сәтбаевқа арыз жазып келіп тұр. Арызда өзін институт директорлығынан босатуды сұрайды. «Мұндай көрінген би болып, ғылымға қарсы жалған ұран көтеретін жерде бұдан ары қалуға болмас. Сондықтан мені директорлықтан да, төралқа мүшелігінен де босатуды өтінем» деп қолқалап тұрып алды...  Павлов  сияқты аса көрнекті биологты жоғалту – академияның бір қабырғасын құлатумен бірдей. Сондықтан да Қаныш Имантайұлы Павловқа қаратылған соққыны өзіне қабылдап, академикті қызметте қалуға зорға көндірді.

Сәтбаевтың өз басы ұзақ жыл Жезқазғанда кен қопарып, мыс балқытып, қоғамнан оңаша жүрді ғой. Алматыға келгені – соңғы он жылдың айналасы. Геологияның қыры мен сырын шенеуніктер түсіне бермейді. Бәлкім, жер қойнауын тексеретін бұл сала пәле-жаладан қағыс қалар деп ойлаған. Олай болмады. Пәле қуғандар жердің үстін жайлап болып, енді астына түсіпті. Не қылмыс жасағаны белгісіз, Сәтбаевтың әріптес досы, Арқада Қарағайлы, Кентөбе, Қайрақты кендерін ашқан, Қоңырат-Балқаш кенішін іске қосқан, Еңбек Қызыл ту және Отан соғысы ордендерінің иегері, академик М.П.Русаковты іссапармен Ленинградқа барған кезінде тұтқындапты. Өздерінің тумасы, орыс ғалымын аямаған КГБ қазақты аясын ба, демек академия президенті Қаныш Имантайұлына да тұзақ құрылды деген сөз. Бәлкім, Сәтбаевты қолға түсіру үшін Русаковты әдейі құрбандыққа шалып отырған шығар. Соған қарамастан Қаныш Имантайұлы Русаковты ақтап алмақ болып, Мәскеуге дейін барды. Бірақ қолынан ештеңе келмеді. Русаковты босату былай тұрсын, «Совет Одағына қастандық жасамақ болған халық жауының соңында неғып жүрсіз» деп Қаныштың өзін біраз әуреледі.

Ақыры «қаупің неден болса, ажалың содан» дегендей, көп ұзамай Сәтбаевтың өз басына да бұлт үйіріле бастады. Геолог ғалымдарды шетінен тергеп, мұның үстінен материал жинай бастапты. Бір күні кешкі апақ-сапақта қарт академик Николай Григорьевич Кассин келді бұлардың үйіне. Өзінде өң-түс жоқ, аяғын тәлтіректей басып, әрең кірді есіктен. Қазақтың жер қыртысының геологиялық картасын жасаушы үлкен ғалым. Сол үшін КСРО мемлекеттік сыйлығын алған... Сөйтсе, Мәскеуден келген мемлекеттік комиссия бұл кісіні де қатты қысып, тергеуге алыпты. «Сәтбаевтың Қарсақбай мен Атасу темір кендерін барлауды қасақана кешеуілдетіп, мемлекетке зиянкестік жасағаны рас па? – деп сұрайтын көрінеді. Кассин «бұл жалған» деп жауап береді, әрине. «Онда, бұл іске айғақ болатын тағы кім бар? Соны айтыңыз!» деп одан ары қысатын көрінеді.

– Ал мен мұндай пысықтыққа қалай барам? Жасымда айтпаған өтірікті қартайғанда қалай айтам? Мен білетін бір ғана Сәтбаев бар. Ол – жәй, қатардағы геолог емес, дәнішпан кен іздеуші! – дейді Кассин ауызы сөйлеуге әрең келіп.

Кассинның қан қысымы көтеріліп тұрған сияқты. Үй иелері оған ыстық шай беріп, көңілін орнықтыруға тырысты. Ол жағдайы біраз жақсарған соң жақын жердегі үйіне қайтып кеткен. Ертеңінде оны тағы шақырып тергеген бе, іле-шала ауруханаға түсіпті. Көп ұзамай жарық дүниемен мүлде қоштасты.

Біразға дейін алыстан орағытып, жасырын жайылған тор ақыры жарыққа шықты. Мәскеуден жіберілген мемлекеттік комиссия енді тікелей Сәтбаевтың өзін тергей бастады. Алдын ала қағазға түртіп, дайындап әкелген сұрақтары бар. Мәскеуліктер біле бермейтін осындағы қазақ жансыздары тімтініп жүріп тауып берген пәлелі сұрақтар:

– Сіз бидің баласы, қажының немересі көрінесіз. Бірақ партияға өтерде тегіңізді жасырып, осының бірін айтпағансыз. Неге олай? – дейді қандауырдай қадалып.

– Тексеріп көріңіздер: мен өмірбаянымда ештеңені жасырған емеспін. Менің ата-тегім партияға өтердегі арызымда да анық жазылған, – дейді Қаныш Имантайұлы.

Бірақ оған мән беріп, анықтап жатқан ешкім жоқ. Сенің шын сөзіңді де өтірікке балап, аққа қараны жапсыра береді. Осылардың төркін-тегін жақсы білетін Қаныш әуелден-ақ коммунист болуға құштар емес-ті. Жезқазғанда бас барлаушы болып жүрген кезінде де, сондағы бастауыш партия ұйымы мұны мүшелікке алуға құлшынған-ды. Сонда да Қаныш өзінің ата-тегін айтып, мүшеліктен бас тартқан. Қаныштың бидің баласы, қажының немересі екенін білген соң, ондағы белсенділер де бастапқы беттерінен қайтып, қолқалауды қойған. Көрдіңіз бе, бұлардың қатарына байдың тұқымы, бидің баласы, жалпы текті кісі өте алмайды. Демек, балшабектер партиясының кімдерден құралғанын осыдан-ақ біле беріңіз. Көпшілігі – кедей-кепшік, уызында жарымаған ұры-қары, өзгенің байлығын да, білім-қабілетін де көре алмайтын, қолына түссе өзінен артықты қорлағысы келіп тұратын кекшіл тобырлар.

Қаныш Партия мүшелігіне 1944-жылы, қырық бес жасында өтті. Онда да өтейін деп өтіп пе, академия президенті міндетті түрде коммунист болуға тиіс деп, зорлап өткізген. «Менің тегім жат, сендердің шарттарыңа толмайды» дегеніне қараған жоқ. Қажет кезінде өз ұстанымдарын белінен баса салған. Ендігі істеп отырғандары – мынау! Қаныш, бейне бұлардың партиясына ұрланып өткен жат пиғылды біреу сияқты.

– Сіз кезінде «Алаш» партиясына мүше болыпсыз ғой. Демек, ұлтшылдық дертімен жас кезіңде-ақ ауыра бастағансыз... Солай ғой?

– Жоқ, бұл да жаңсақ пікір, – дейді Қаныш бірден тойтарыс беріп. – Жаңсақ болатыны, 1917-жылы «Алаш» партиясы құрылғанда, мен Семейдегі семинарияда оқып жүрген он сегіздегі жасөспірім баламын. Және сол жылы өкпеме суық тигізіп, емделу үшін қырға шығып кеткенмін. Тіпті «Алашпен» араласатындай мүмкіндігім болған жоқ.

Бірақ мұны да тыңдап жатқан кісі жоқ. Айтқан сөзің желге ұшқанмен бірдей. Сені тыңдаған болып отырады да, түк болмағандай келесі сұраққа көше салады. Осындағы бақкүндес белсенділердің атсалысуымен, орталық комитеттің үгіт-насихат бөліміндегі Иван Храмков жасап берген сценарийдің сиқы осы тәріздес.

– Сіз өзіңіз ұлтшыл болмасаңыз, академияның институттарына кілең партия саясатына қарсы ұлтшылдарды қалай жинап алғансыз? Мәселен, Е.Бекмаханов, Б.Сүлейменов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов сияқтылар... Одан қала берсе, академияға кілең өзіңіздің жерлестеріңізді жинайтын көрінесіз...

–  Жаңағы сіздер атаған адамдар – академияға мен келмей тұрып, жұмыс бастаған ғалымдар. Әрқайсысының тарих пен әдебиетте өз зерттеу объектілері бар. «Ұлтшыл» дегенде, олар бәріне ортақ бір ғана мәселеде қателесіп отыр. Бәрін сүріндірген – 19-ғасырдағы Кенесары қозғалысы... Ұлы Отан соғысы кезінде патриоттық рухты ояту үшін, бұрынғы өткен батырлардың аруағын көтеру керек болды. 1942-жылғы Орталық Комитеттің майдандағы Совет жауынгерлеріне қаратқан үндеуінде: «Сіздерді Исатай мен Махамбеттің, Кенесары мен Наурызбайдың аруағы қолдасын» деген сөздер бар. Ал біздегі ақын-жазушылар мен тарихшылар осы ұранға өз тарапынан үн қосты, – деді Сәтбаев тергеушілердің жапсырған кінәларын кері қағып. – Ал «жерлестеріңді академияға жинапсың» дегенге айтарым: ол айтып отырғандарыңыз – Әлкей Марғұлан, Шафих Шөкин, Ә.Б.Бектұров сияқты академиктер шығар. Әсілі, бұлар да – академияға менен бұрын келгендер. Және бұлардың еңбектерінсіз бұл күнде академияны көзге елестету мүмкін емес.

Әйтеуір хаттамада жазылып қалсын демесеңіз, бұл сөздерді де көңіл қойып тыңдап отырған ешкім жоқ. Тергедік, тексердік, анықтадық деген аты ғана...

– Ұлтшыл, тарихты теріс түсіндіруші Бекмаханов сіздің айрықша қолдауыңызға ие болыпты. Сіз оны Мәскеуге арнайы жіберіп, Кенесары қозғалысы тақырыбына докторлық диссертация қорғатыпсыз...

– Иә, Бекмаханов – біздегі ең жас, әрі көп ізденетін талантты тарихшы. Ол Мәскеуде диссертация қорғап, небәрі отыз бір жасында ғылым докторы болды, – деді Қаныш Имантайұлы бұл сұраққа тіпті сүйсіне жауап беріп. – Айтпақшы, ол – біздің республикамызда тарихшылардан шыққан жалғыз ғылым докторы. Ал оның диссертацияны қалай қорғағанын Мәскеудегі ғалымдардан сұрағаныңыз жөн шығар.

– Сонымен, сіз өзіңізге тағылған айыптың бірде-бірін мойындамайтын болдыңыз ғой? Солай ма? – деп қадалды азаматша киінген КГБ-ның шегір көз майоры.

– Бұл жерде ненің – мойындау, ненің – мойындамау екенін сіздер ажырата жатарсыздар. Мен таза пәктілерді ғана айтып отырмын, – деді Қаныш қысқа қайырып.

–  Жарайды, онда біз де пәктіге жүгініп көрейік, – деді майор кекете езу тартып. – Сіз осыдан ширек ғасыр бұрын «Едіге туралы жырды» қайта бастырып қана қоймай, оған алғысөз жазып, жер-көкке сидырмай мақтапсыз... Мұны не дейміз? Осыдан кейін де сізді ұлтшылдықтан ада дейміз бе?

– Иә, мен бұл жырдың әртүрлі нұсқасын біріктіріп, бұдан ширек ғасыр бұрын қайта бастырғаным рас, – деді Қаныш бірден келісіп. – Мен ол жырды алғашында Шоқанның жазбаларынан таптым. Уәлиханов жырдың көркемдік кестесіне жоғары баға берген. Мен үшін Шоқаннан биік бедел жоқ... Ал, сіздер Қазақстан Ресейге қосылмас бұрынғы, сонау 15-ғасыр оқиғасынан қандай «ұлтшылдық» тауып отырғандарыңызды түсінбедім.

Сонымен, не керек, осындай онан-мұнан құраған, ешқандай қисынға, логикаға симайтын бәтуасыз тергеу әлденеше аптаға созылды. Ғалымдардың ғылыми жұмыстары қалды жайына, күнде тергеу, күнде талқы. Не қыласың, бұл науқанда жоғарыдан басталып, төменде түйіскен екі мүдде ойдағыдай тоғысып-ақ тұр. Яғни ұлттың қаймағын қалқып, бетке ұстар зиялысын жаныштап алатын отаршылдық мүдде мен мұндайда өз жақсыларын қасқырша талайтын қазақы пендешілік. Екінші сөзбен айтқанда, талантты адамды талантсыздарға талату, білімді кісіні надандардың табанына салып беру. Несін айтасың, күні кеше ғана өзі жұмысқа алған кіші ғылыми қызметкер қазір академия президенті Қаныш Сәтбаевқа саусағын безеп, «Әй, Қаныш» деп сөйлейтін болды-ау! Ессіз байқұстар сонда аяқастынан академиктермен теңеліп кеттім деп ойлай ма екен? Теңелгеніңіз не, қазір олар өздерін Сәтбаевтан артық санап жүр...

 

- VІІІ -

Былай қарасаң, Қазақстан – Азия мен Еуропаның екі арасын қосып жатқан ұлан-байтақ республика. Өзінің Компартиясы, өзінің үкіметі бар. Сыртқы істерге араласпағанымен, республика ішкі істерін өзі басқаруы керек қой. Осы елде ұлттың бетке ұстар адамдары кім, еңбекте алға шыққан озаттары кімдер? Оларды республика басшылары біліп отыруы керек емес пе. Жәй біліп қана қоймай, ұлттың байлығы болып саналатын таланттарды көздің қарашығындай қорғау да – солардың мойнындағы парыз ғой.

Ал, Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовке, идеология хатшысы Ілияс Омаровқа қарап, ондай парыз өтеліп жатыр деп айта алмайсың. Сол тұстағы министрлер кабинетінің төрағасы да ұлттық кадрларды сақтап қалуға бел шешіп араласа қойған жоқ. Солар ғылым мен мәдениет қайраткерлеріне көрінеу қиянат жасалып, айдалып кетіп жатқанда, бірде-біреуіне ара түсе алмады ғой. Осылардың ішінде идеология хатшысы Ілияс Омаровтың ғана ұлтқа жаны ашығанмен, ол ана жылы «Қазақ ССР тарихына» жауапты редактор болып, алғысөз жазыпты да, соған кінәлі делініп, биліктен шектеліпті... Қазір олардан гөрі екінші хатшы С.Круглов пен үгіт-насихат бөлімінің бастығы И.Храмковтың сөзі өтімді. Ал оларға шексіз билік беріп қойған – «үш әріптің» адамдары. Әсілі, КПСС пен КГБ – кіндігі бір, егіз көрінеді ғой. Екеуі мемлекетті кезек билейтін болса керек. Дәл осы жылдар – КГБ-ның кезегі ме, кім білсін?!

Сонымен, басқа да «қылмыстылармен» бірге президент Сәтбаевты да кез келген жиналысқа апарып талқылайтын болды. Ол жиналыстар бірте-бірте қатаң түс алып, дөрекілікке таман ойысып барады. Мүлде қисынсыз, жалалы сөздерге жауап берейін десең, сені ауыздан қағып, сөйлетпейді. Алматы облыстық, және қалалық актив жиналыстарында солай болды. Бір рет мінбеде сөйлеп тұрған Сәтбаевты алдын ала дайындалып келген тобыр жан-жақтан шуылдап, сахнадан қуып түсіргендей болды-ау! Не істейсің? «Халқым надан болған соң, қайда барып оңайын» деген сөзді ұлы Абай, сірә, осындайда айтқан шығар-ау.

Орталық партия комитеті Сәтбаевты қорғау былай тұрсын, енді одан құтылғанша асықты. Жатса-тұрса ойлағандары – Қаныш Имантайұлын академия президенті қызметінен кетіру. Академиктер сайлаған басшыны бұйрықпен түсіре алмайды екенсің. Сондықтан, у-шусыз, өз еркімен арыз жазып кетсе дейді.

Қаныш Имантайұлы жиналыстардағы көп шуылдақтың кесірінен қан қысымы көтеріліп ауруханада емделіп жатқан-ды. Жұмабай Шаяхметов жоғарыдағы өтінішке көндіру үшін, идеология хатшысы Ілияс Омаровты жіберіпті. Неткен асығыстық! Тымқұрса науқастың жазылып шығуын күтпеген. Айтатындары – сол баяғы бір ғана талап: өз еркімен арыз жазып, қызметтен кету. Бұл жолы Қаныш Имантайұлы хатшының ұсынысын қабылдамай, қатты-қатты сөздер айтып қайтарған-ды.

Арада апта өткенде бұл әңгіме Бірінші хатшы Жұмабай Шаяхметовтың кабинетінде жалғасты. Ауруханадан шығуын тағатсыздана күтіп отыр екен, үйге келген күннің ертеңінде-ақ шақырып алған. Мұнда да жаңалық жоқ. Бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, айтатындары – сол баяғы «өз еркімен қызметтен кету». Қосып айтқаны – «Ойлағанымыз – сіздің амандығыңыз... Қайтек те сізді сақтап қалғымыз келеді» дейді өзінше қамқорсып. Сонда, Қанышты кімнен қорғамақ, неден сақтамақ? Ол жағын ашып айтпайды... Бұл кезде Сәтбаевтың да жүйкесі жұқарып болған-ды.

– Осы сендердің бір сөзді сағыздай созып, қайталай беретіндерің не? – деді өзінен үш жас кіші хатшыны ықтыра сөйлеп. – Осынау ешкімге керегі жоқ, түкке тұрғысыз науқанды өршітпей, баяғыда-ақ басып тастауға болатын еді ғой. Ол қолдарыңнан келмеді. Биліктен айрылып қалдыңдар. Қазір Қазақстанды кім көрген билеп-төстеп, ойына келгенін істеп жүр... Мойындаңдар: сендердің ойлағандарың – менің амандығым емес, өз қара бастарыңнын қамы...

– Қанеке, үй артында кісі бар. Байқап сөйлеңіз! – деді Шаяхметов қарадай шиыршық атып.

– Сабыр ет. Мен сөзімді әлі аяқтағам жоқ, – деді Сәтбаев хатшыға үлкен көздерімен алая қарап. – Сендердің ойлағандарың – маған өз еркіммен арыз жаздырып, қызметтен кетіріп, қалайда менен құтылу ғой. Дәмеленбей-ақ қойыңдар, мен өз еркіммен бұл қызметтен кетпеймін. Себебі, бұл академияны мен өз қолыммен құрғанмын. Оны кімге тастап кетпекпін? Академияны иесіз қалдырып, кілең тобырлар талантты ғалымдарды талап жеу үшін бе? Мен қиыншылық кезде академияны өз еркіммен тастап кетсем, ертең халықтың бетіне қалай қараймын? Кісілік, азаматтық абыройымнан не қалады? Жоқ, Жұмеке, мен көзім тіріде ондайға жол бере алмаймын!

Шаяхметов те жарыла жаздап әрең отыр екен. Онсыз да шикіл сары жүзі өрттен алаулап, тұтығып сәл тұрды да:

– Егер өз еркіңізбен кетпесеңіз, кетірудің басқа жолын табамыз! – дегенді айтып қалды.

–  Еркіңіз білсін... Билік қолдарыңда тұр ғой. Ол билік басқаға жетпесе де, қазақтың көзін құртуға молынан жетеді! – деп Сәтбаев орнынан тұрды да, қоштаспастан шығып кетті.

Сірә, қожайындары асықтырған болар, Орталық комитет те бұл істі кешіктірген жоқ. 1951-жылы, 23-қарашада «Қазақ Ғылым академиясының президенті, коммунист Қаныш Сәтбаевтың ісі» Орталық Комитет Бюросында қаралды. Мәжіліс өте қатаң, әрі дөрекі түрде өтті. Академик Сәтбаевтың өзіне тағылған айыптың бірде-біреуін мойындамауы жоғары шенді партия шенеуніктерінің намысына қатты тисе керек, сол жерде ұлы ғалымды, ұлттың біртуар перзентін түкке тұрмайтын партократтар арадай талады ғой. Сыпайылықты былай жинап қойып, орыстың адам аузы бармайтын небір былапыт, лас сөздеріне ерік берген... Бұл да ештеңе емес, орыс шовинистерінен бұдан өзге не күтесің. Жанға батқаны – сол Бюроға қатысып отырған қазақтардың ешқайсысы «Ау, жолдастар, бар кінәны бір кісіге үйе бермеңдер. Сәтбаевтың елге сіңірген еңбектері де бар емес пе» деуге жарамады ғой!

Соған орай, қабылданған қаулы да тым рақымсыз, қатал болды: «Орталық Комитет Бюросы жолдас Сәтбаевты бұдан ары академия президенті, және геология институтының директоры қызметінде қалдыруды лайықсыз деп біледі. Оны бұл міндеттен босатуды Ғылым академиясының Жалпы жиналысында шешуді ұсынады».

Бас-аяғы шоп-шолақ екі-ақ сөйлем. Ұлы ғалымның отыз жылдық еңбегіне қарата айтылған бір ауыз жылы сөз, не рахмет жоқ... Мейлі, білгендерін істесін! Әйтеуір, Қаныш Имантайұлы неше айдан бері тыным бермей, мазасын алған мән-мағнасыз шуылдақтың біткеніне қуанды. Не істейсің, кейде осылай болады. Біреуге қараған күн осы да, қашан да. Қазақ ұлты әлі азат емес-ті. Өз басының билігі жоқ, сорлы құлдар кімді қорғап қалсын-ау! Әзірше қазақ деген халықтың құдай сүйер қылығы жоқ. Бірақ сол бишара халықты сүймей тағы тұра алмайсың...

Сол бір соңғы күн туралы академияның іс басқарушысы Г.В.Нечитайло мынадай естелік қалдырыпты: «Қаныш Имантайұлы менің кабинетіме кіріп келгенде зәрем ұшты. Өңі боп-боз, ұнжырғасы түсіп кеткен... Маған сәлемдесу ырымын жасады да, бүйірде тұрған орындықтардың біріне отыра кетті.

–  Мен енді президент емеспін, осыдан бір сағат бұрын мені ол міндеттен босатты, – деді менің бетіме самарқау көз тастап. – Григорий Васильевич, сіз әрі жас, әрі ақылды адамсыз ғой. Мынадай жағдайда мен не істеуім керек?

Мен басында не айтарымды білмей сасып қалдым. Сол сәт менің есіме қауіпсіздік комитетінің академияны қадағалайтын майоры маған кеше кеште құпиялап: «Сәтбаев ертең орнынан түседі және көп ұзамай тұтқындалады» деген сөзі түсе қалғаны. Соны еске алдым да:

– Дәл қазір сізге Мәскеуге бара тұрғаныңыз жөн шығар, – дедім себебін толық айтпай. – Депутаттық куәлігіңізді беріңіз. Мен ертеңге Таисия Алексеевна екеуіңізге пойызға билет алып қояйын, – дедім бұдан ары сыр шашпауға бекініп.

Мен түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмадым. Ертеңінде вокзалға барып, Сәтбаевтардың аман тұрғанын көргенде ғана жүрегім орнына түсті. Мен дереу жетіп бардым да, сөйлесіп те жатпай, теңкиген екі үлкен шамаданды ішке кіргіздім. Бұл кісілерді менен басқа шығарып салған бір жан жоқ. Таныс-білістер де көрінбейді. Купеге орналасқан соң, қоштасарда Қаныш Имантайұлы мені екі иығымнан бірдей қапсыра ұстап, үнсіз тұрып қалды... Не айтқысы келді екен? Екі көзінен жас парлап тұр. Тіпті соны жасырғысы да келмейтін сияқты... Ал мен біраз жыл дәмдес болған бастығымды Мәскеуге аман аттандырғаныма қуандым».

Иә, академиктің көз жасы... Бұл – әлемде сирек кездесетін құбылыс. Сөйтіп, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ССР Ғылым Академиясының толық мүшесі, әрі президенті, КСРО Ғылым Академиясының толық мүшесі, Қазақ ССР ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, КСРО мемлекеттік және Лениндік сыйлықтардың лауреаты, ҚазССР Жоғарғы Советінің және КСРО Жоғарғы Советінің депутаты, екі мәрте Ленин Орденінің (жалпы, Қаныш Имантайұлы өмірінің ақырына дейін Ленин Орденін төрт рет алған) иегері Қаныш Имантайұлы Сәтбаев 1951-жылы 24-қарашада өзінің туған астанасы Алматыдан Мәскеуге жылап аттанды. Жоғарыда аталған ғылыми атақтары мен алған сыйлықтары, депутаттық лауазымдары бір басын қорғап қалуға жараған жоқ. Өзгеге күнің қараған, құқықсыз құлдықта өткен опасыз жалған деген міне, осы!

Иә, академиктің сол күнгі көз жасында: қорлану да, өз халқына деген өкпе де, өмір бойы еткен еңбек, төккен тері, әншейінде ат тарта алмайтын атақ-дәрежесі қиыншылықта кәдеге аспай қалғанына ашулы ыза да, өкініш те, нала да, бәрі де бар еді. Әсіресе, өз халқы мен оның зиялы қауымы туралы ойлануда болатын. Пойыз үстінде тербеліп келе жатып, өзінің осыдан бес жыл бұрын Лондонда айтқан бір сөзі есіне түсті. 1947-жылы КСРО Жоғарғы Кенесі депутаттарынан құралған Совет делегациясымен бірге Ұлы Британияға барған-ды. Бұлар асықпай Англияның қалаларын он шақты күн аралады. Сондай күндердің бірінде делегация Лондонда, Унистон Черчилдің қабылдауында болған. Ағылшын алпауытына орыстар бәлендей таңсық болмаса керек. Кездесу барысында Черчилдің назары әлсін-әлі Сәтбаевқа түсе берді. Сол арада қысқаша таныстық басталған. Жөн сұраса келгенде, Қаныш Имантайұлы өзінің бір кезде ағылшын кәсіпкерлері жерасты байлығына қатты қызыққан және біраз пайдасын да көрген қазақ елінен екенін айтқан-ды.

– Солай деңіз... Ағылшын капиталы қазақ даласына дейін жеткен екен-ау! – деді үй иесі разы болып. – Мен қазақтарды бұрын көрмеппін. Айтыңызшы, Сәтбаев мырза, қазақтың бәрі осы өзіңіз секілді мелжемді, бойшаң бола ма? – деген аузындағы сигарын рахаттана сорып тұрып.

Сонда Қаныш Имантайұлы бөгелместен:

– Мен – орта деңгейдегі қазақпын. Менің халқым менен әлдеқайда биік! – деп жауап беріп еді.

Артынан мұның жауабына қасындағы сапарлас серіктері разы болып:

–  Жауабың жақсы шықты. Черчильді қатырдың! – десіп жатты.

Өз сөзінің нысанаға дөп тигеніне Қаныштың өзі де разы еді. Табан астында намысқа шауып айтылған сөз ғой – бәрі де. Кейін осы сөзі ел ішіне тез тарап кетті... Ал, шын мәнінде, мұның халқы ғұламаның өзінен биік пе? Ондай биікке көтерілген ұлт төңірегіне бажайлай көз салып, алды-артын ойламас болар ма? Өзінің азаматын жат пиғылды адамдар соққыға жығып жатқанда, жабыла үн көтеріп, арашалап алмас па? Демек, бұл мәселені де қайта қарау керек.

 

- ІХ -

Мәскеу шаһары бас сауғалай барған Қаныш Имантайұлын бұрынғыдай құшақ жая қарсы ала қоймады. Олай болатыны, соңғы жылдары Мәскеудің де әуе райы тым жайма-шуақ емес-ті. Сталин бұларға да ермек тауып берген. Мұнда да «Космополиттерге қарсы күрес» деген айдармен, негізінен еврейлерді ығыстыру науқаны жүріп жатыпты. Сондықтан ба, Қаныш білетін көп ғалымдардың қабағы пәс көрінеді.

Алғашқы күннен есте қалатын бір қызық көріністі айтпай кетуге болмас. Ерлі-зайыпты Сәтбаевтар мінген пойыз Мәскеуге қараша айының соңғы күні сәскеде келіп жеткен-ді. Жүрістері құпия болғандықтан ешкімге жеделхат салмаған. Демек, қарсы алатын ешкім жоқ-тұғын. Бірақ бұлар Қазан вокзалынан түсіп, перронға шыға бере өз көздеріне өздері сенбей таңырқап тұрып қалды. Шоқ-шоқ гүл ұстаған бір топ қазақтар тұр алдарында. Араларында іссапармен келген академия қызметкерлері де бар секілді. Олар қолдарындағы шоқ гүлдерді Таисия Алексеевнаға құшақтатып, өздері бұрынғыдай Қаныш Имантайұлының асты-үстіне түсіп жүр.

– Демалысқа қыста шыққандарыңыз қалай? – деп қояды сөз арасында.

Сөйтсе, бұлар Алматыдағы соңғы жаңалықты, президенттің орнынан түскенін әлі естімепті. Сәтбаев демалуға келе жатыр деп алдынан шыққан түрлері ғой... Ой, сұмдық-ай, Қаныштың аузынан соңғы хабарды ести сала жаңағы қарсы алушылар алды-артына қарамай, зым-зия жоқ болды. Осында оқитын екі-үш аспирант қана қалыпты қастарында... Қаныш Имантайұлы қарқылдап күліп жіберді:

– Міне, біздің қазақтың дәл осы кездегі азаматтық, моралдық сиқы! – деді қасындағы Таисия Алексеевнаға қарап. – Мыналар менен Мәскеуде жүріп шошығанда, Алматыда қалғандарға не жорық? Алла-ай, біздің қазаққа қашан ес кірер екен?!

Бұлар «Москва» қонақ үйіне келіп, бұрын өздері жатып жүрген үйреншікті люкске орналасқан. Ертеңінде Қаныш Имантайұлы асып-саспай, өзін ретке келтіріп, КСРО Ғылым академиясының төралқасына бас сұқты. Бәрі де өзінің ескі таныстары, талай жиындарда тізе түйістіріп бірге отырған әріптестері... Бірақ осы жолы соларға өз бұйымтайын айтуға келгенде, «Намыстан, уа дариға, өлгенім жоқ» деп Біржан сал айтқандай, Қаныш та намыстан жарыла жаздап, іштей бір өртенді-ау! Ел аман, жұрт тынышта қазақ елінің маңдай алды ғұламасы, Ғылым Академиясының президенті «өз республикамнан қорлық көріп, бассауғалап қашып келдім» деп айтудың өзі ұят екен. «Ырың-жырың, талас-тартысы бір бітпейтін не деген бәтуасыз ел» дейтін болды-ау мыналар. Өйткені осы жалған «ұлтшылдыққа қарсы күрес» Қазақстанда ғана жүріп жатқан. Басқа республикалар сол бұрынғысындай айғай-ұйғайсыз, тып-тыныш өмір сүруде.

Әйткенмен, КСРО Ғылым академиясының вице-президенті И.П.Бардин бастатқан біраз академикке өз жағдайын жасырмай, шет-жағалап айтты да. Алайда өз іштерінде «космополиттермен» алысып жатқан ғалымдар: «Осында біраз демалып, ес жинап ал. Түбі бір амалын табармыз» дегеннен ары ештеңе айта алмады. Тек Иван Павлович Бардин ғана КСРО министрлер кеңесі төрағасының (Сталиннің) орынбасары И.Ф.Тевосянға телефон соғып, Қаныштың жағдайын біршама түсіндірген болды. Иван Федорович Тебосян – бұрынғы Ауыр өнеркәсіп министрі, Қаныш Имантайұлының ескі танысы ғой. Бірақ ол да көмекшісі арқылы «біраз уақыт күте тұрсын» деген жауап қайтарыпты.

Әсілі, Қаныш Сәтбаев бұл жолы Мәскеуге қызмет сұрай келген жоқ-ты. Мейлі, оған Мәскеуден, не Алматыдан лауазым қызмет бермей-ақ қойсын, күнкөріс керек болса, кез келген геологиялық экспедицияға қосылып, кен барлау кәсібімен айналыса алады. Оның Мәскеуге келгендегі негізгі мақсаты – егер жоғарыға даты жетсе, республика зиялыларын біржола құртуға арналған өрескел науқанды тоқтату. Сұмдық қой, қазірдің өзінде тек Ғылым академиясы саласынан екі жүздей ғалым «істі» болып, Сібірге айдалып кетіпті. Бұлардан басқа оқу орындарынан, облыстардан кінәлі болғандар қаншама! Егер осы бетімен кете берсе, қазақтың мәдениеті мен ғылымында талантты ешкім қалмайды да, олардың орнын кілең кем талант тобырлар басады. Соған тосқауыл қою керек.

Енді ойлап отырса, бұл мәселе Ғылым академиясы мен жекелеген шенеуніктердің қолынан келер іс емес сияқты. Бәрінің түп-төркіні орталықта жатыр. Сондықтан, Қаныш Имантайұлы қонақүйде уақытты босқа өткізбей, Қазақстандағы бар жағдайды баяндап, И.В.Сталинге және Г.М.Маленковке арнап жеке-жеке арыз-хат жазды. Орталық Комитет басшыларынан ештеңені бүгіп қалған жоқ, республикадағы қазіргі жағдайды түгел баяндады. Машинкаға басқанда, Сталинге арналған хат 50 бет, Маленковке арналған сол хаттың қысқаша нұсқасы 5 бет болды. Екі хатты да бөлек-бөлек конвертке салып, сыртына адресін жазып, ресми түрде Кремльдің хат бөліміне апарып тапсырды.

Бұл хаттардың жауабы қолма-қол келмейтіні белгілі. Сондықтан академияның емдеу бөлімінен екі кісілік жолдама алды да, Таисия Алексеевна екеуі Кавказдағы Кисловод курортына жүріп кетті. Курортта бір айдай демалып, Мәскеуге қайта оралған. Орталық Комитеттен әлі хабар жоқ. Оның есесіне, наурыздың басында КСРО Ғылым академиясының президенті Несмеяновтан шақырту келді.

Кездесу барысында академия президенті Сәтбаевқа өз республикасында қандай зобалаң туса да, мұнда ол туралы академия төралқасының пікірі өзгермейтінін білдіріп, біраз жылы сөздер айтты. Сонан соң өз тарапынан Қаныш Имантайұлына екі түрлі қызмет ұсынды. Біріншісі – «академияның Орал бөлімшесін басқарыңыз, әрі Свердловтағы геология институтына директор боласыз» деді. «Ал егер алысқа бармай Мәскеуде қалғыңыз келсе, академияның геология-география бөліміне төраға болыңыз! Ашығын айтсам, сіздің мәртебеңізді төмендетпеу үшін, соңғы қызметті жаңадан ойлап тауып отырмыз», – деп күлді президент.

Қаныш Имантайұлы жаңағы екі қызметтің де көңілінен шыққанын білдіріп, өз басына осыншама қамқорлық жасаған президентке шын жүректен алғыс айтты. Тек қана, Қазақстанның қазіргі ахуалы туралы Орталық Комитетке жақында жазған хаты бар екен. Сол хатқа жауап келгенше күте тұруға рұқсат сұрады.

Бірақ Орталық Комитеттен әлі де тырс еткен хабар жоқ. Дүниеде белгісіздіктен, бірдеңені тағатсыз күткеннен жаман не бар? Қазақстаннан кеткелі, міне, төрт айдың жүзі болды. Содан бері жалғыз Әлкей Марғұланнан басқа арт жақтан іздеп келіп хал сұраған, не аман-сәлем жасаған бір пенде болсашы! Сонша жыл Қаныш Имантайұлы кімдерге қызмет істеген, япырау? Ұлытау мен Жезқазғанның кенін кім үшін қопарған? Ғылым Академиясын кім үшін ашып, кімдерді тәрбиелеген? Бәрі зая кеткені ме сол еңбектің? Жарайды, солар мұны әдейі іздеп келмей-ақ қойсын. Бірақ кездесіп қалғанда жылы шырай танытып, сәлемдесіп өтуге болады ғой. Кеше сұмдық болды: Қазақстаннан іссапармен келген бір академик осы қонақүйде жатыр екен. Күні кеше өзінің табанын жалап жүрген сол ғалым баспалдақта қарсы ұшырасып қалып, Қанышты көрсе де көрмеген болып өте шықты. Оларға қарағанда, Мәскеудің ғалымдарына рахмет! Атақты академиктер, геологияның қарт тарландары: В.А.Обручев та, И.П.Бардин де Қаныш Имантайұлын әлі күнге дейін төбелеріне көтереді.

Осындай ішқұса болып, зарыққан күндердің бірінде Мәскеуге іссапармен академик Шафих Шөкин келе қалды. Обалы кәнеки, Сәтбаевтардың қонақүйдегі нөміріне әдейі іздеп келіпті. Осы болымсыз ғана ілтифатқа ерлі-зайыптылар мәз болды да қалды. Әрқайсысы екі жақтың жаңалығын айтып тауыса алсашы! Қаныш академия президенті ұсынған қызметтер жайында кіммен ақылдасарын білмей жүруші еді. Сол туралы жақсы көретін інісінің пікірін сұрады.

– Сізге сол екі қызметтің де керегі жоқ, – деді Шөкин Қаныштан ішкі сырын жасырмай. – Одан да, сіз Қазақстанға қайтыңыз. Несі бар, өкімет үлкен қызмет бермесе, Жезқазғанның өзінде-ақ істейсіз... Басқа жаққа кетіп қалсаңыз, халқыңыз сізді түсінбейді. «Бүгін бар, ертең жоқ, қайдағы бір басшыларға өкпелеп, елден безгені несі» деп реніш білдіреді.

Тура айтылған жанашыр кеңеске Қаныш Имантайұлы қатты разы болып еді. Бейне бет алдынан жаңа бір жол ашылғандай көрінген. Баладай қуанғаны сонша, Таисия Алексеевнаға:

– Бәйбіше, бірдеңең болса шығар. Мынадай ақылды ұсынысты атап өтпесе бола ма? Бұрын қалай ойымызға келмеген? Кеттік Жезқазғанға! – деп орнынан атып тұрып еді.

Жезқазған десе Таисияның да жаны қалмайды. Дереу тоңазытқышта тұрған коньягін ала жүгірген. Сол күні арттарынан бір тайпа ел көшіп келгендей, геолог ғалымдар мәре-сәре болып еді (Ш.Шөкиннің «ҰҒА-ның ғұмыр жолы» кітабынан).

Кейде оқиғалар қозғалмай жатып-жатып, аяқастынан жиілеп кететін әдеті. Бұл жолы да солай болды. Наурыз айының орта шенінде көп күттірген Тебосянның көмекшісі телефон соғып, Қаныш Имантайұлының бүгін қалайда кіріп шығуын өтінді. Қаныш айтылған мерзімде барған-ды. Бұл жолы Сталиннің орынбасары Иван Федорович құрақ ұша қарсы алып, қонағын кабинет төріндегі демалыс бөлмесіне шақырды. Екеуі бес жұлдызды армян коньягін ұрттай отырып әңгімелескен. Сөз ләміне қарағанда, Қаныш Имантайұлының арыз-хаты Сталинге де, Маленковқа да жеткен тәрізді. Қазақстанда асыра сілтеудің, даурықпа айғайдың орын алғанын олар да мойындаған. Бірақ өтер іс өтті. Үкімдері оқылып, баспасөзде жарияланып кеткен істерді қайта қопарудың орны жоқ. Сол үшін республика басшыларын жазғырып, бітпес дауды қайта өршітудің де қажеті болмас. Тевосян осыларды сөз ете келіп:

– Көп ұзамай сіздің ісіңіз Қазақстанда қайта қаралады, – деді Қанышқа мәністі көз тастап. – Қазір Қазақстанның басшысы Жұмабай Шаяхметов осында жүр. Жоғарғы Кеңестің сессиясына келіпті. Ол бүгін осы кабинетте болды. Жоғарының нұсқауын оған да жеткіздік. Ол ертең сізбен сөйлеспек. Мәселенің түйінін Шаяхметов жолдастың өзінен естігеніңіз дұрыс болар...

Айтқанындай-ақ, Жоғарғы Кеңестің сессиясы аяқталысымен, 14-наурыз күні Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов «Москва» қонақүйінің 6-қабатындағы өз люксінде Қаныш Имантайұлын қабылдады. Ол осының алдында кімдердің қабылдауында болды екен, әйтеуір, жоғарғы жақтан қатты дүмпу көргені анық. Көңіл күйі пәс, жүзі сынықтау көрінді. Осыдан төрт ай бұрынғы «егер қызметтен өз еркіңізбен кетпесеңіз, кетірудің басқа амалын табамыз» деп сызданатын суық ызғар жоқ. Өңін барынша жылытуға тырысып, әңгімені өткен жылғы ұрда-жық мінездеріне кешірім сұраудан бастады. Партия саясатында асыра сілтеудің, тырнақ астынан кір іздейтін өрескел қателіктің болғанын мойындап отыр. Әсіресе, Орталық Комитеттің отанға өлшеусіз еңбек сіңірген Сәтбаевты қорғап қала алмай, қайдағы бір белсенділерге тізгін беріп қойғаны – кешірілмес күнә, әрине... Сол қателікті түзетіп, Қаныш Имантайұлын академияның президенті қызметіне қайтадан қоюға болар еді. Бірақ бұл мәселе тым дабыра болып, орталық газеттерде теріс-қағыс сындар көп басылғандықтан дәл қазір олай етуге мүмкін болмай отыр. Соған қарамастан, академиктің Қазақстанға тез арада қайтуын, әзірше геология институтының тізгінін ұстай тұруды төменшілікпен өтінді. Осыларды айта келіп:

– Орталық комитеттің сізге деген құрметі сақталады. Былтыр берілген партиялық сөгісіңізді бірден алып тастаймыз! – деді ғұламаны қайтсе де көндіруге тырысып.

Қаныш Имантайұлы анада Сталинге жазған хатының зая кетпегенін сезіп отыр. Сол жоғарғы жақтың тепкіні ғой – Шаяхметовты қыздай сызылтып қойған. Алайда, қазақта: «алдыңа келіп иілсе, атаңның құнын кеш» деген сөз бар. Соңғы айларда туған даласын сағына бастаған Сәтбаев бұдан ары кергуді лайықсыз көріп, елге қайтуға келісім берді.

Академикті иліктірген – бірінші хатшының бет-беделі де емес, Қаныш Имантайұлының геология саласында бітпей қалған бір маңызды жұмыстары бар. Алматыда Геология институтына басшылық ете жүріп, сол жұмысты аяғына дейін жеткізбек. Ол қандай жұмыс дейсіз ғой? Ой, ол дегенің – жерасты ғылымында үлкен жаңалық болып табылатын, өте керемет нәрсе. Егер геология-минералогия саласында болжам жүйесін заңдастырып, оның қазақстандық картасын жасап шықса, ол Сәтбаевтың ұзақ жылдық еңбегінің қорытындысы, шырқау шыңы саналмақ. Ол карта іске асса, геологтар бұрынғыдай соқыр тәуекелмен әр жерді бір бұрғылап жатпайды. Карта бойынша тұп-тура барады да, кен шығатын орынның төбесінен ойып түседі.

Жалпы, Қаныш Имантайұлының елге қайтып оралуы бар жағынан да дұрыс болыпты. Өйткені дүниеде бір қалыпта тұратын, қатып қалған не бар? 1953-жылы, 5-наурызда Сталин қайтыс болды. Тиранның тырапай асқанына біреулер қуанып, кепкісін аспанға атса, енді біреулер әкесі өлгендей өкіріп жылап жүр. Ал, Қаныш Имантайұлына қоғамды бүрістіре қысып тұрған бір қанды шеңгел босап кеткендей әсер қалдырды. Көз алдына жазықсыз құрбан болған шейіттер, Сібірдің қақаған аязында азап шеккен есіл ерлер, өзінің қайтпай қалған асыл ағалары елестеп өтті.

Ал Қазақстан қашанда Мәскеуге қарап бой түзейді. 1954-жылдың ақпан айында Қазақстан  КП  Орталық  комитетінің бюросы түгелдей жаңаланды. Бірінші хатшылыққа орталықтан келген П.К.Пономаренко, екінші хатшылыққа Л.И.Брежнев сайланды. Әрине, бұл хатшылардың алдына Н.С.Хрущев қойған міндет – мүлде басқа. Ол – қазақ даласынан тың көтеріп, астық молшылығын жасау, әрі сол ораймен өлкеге келімсектерді қаптату болатын. Алайда ақылды басшылар өз міндеттерін атқаруда жергілікті кадрлардың көмегіне сүйенбесе болмайтынын сезді. Ол үшін алдымен қазақ ұлтының еңкейіп кеткен еңсесін көтеруге тырысты. Сталин заманында «Халық жауы» болып айдалып кеткен азаматтардың көзі тірілерін елге қайтарып, осыдан екі-үш жыл бұрын асыра сілтеу кезінде қуғын көрген зиялыларды да қалпына келтіруге күш салды.

Қазақстанға бірінші басшы болып келісімен, П.К.Пономаренко Қаныш Имантайұлын өз құзырына шақыртты. Басшының өткендегі Қазақстан жағдайын бес саусақтай біліп тұрғанына қарап, академик: «Менің алдыңғы жылы Сталинге жазған хатым осы кісінің қолына тиген-ау» деп шамалады. Екеуі өзара тіл табысып, тез шүйіркелесіп кеткен. Қанша дегенмен Орталықтың өзінен келген кісі ғой, Шаяхметов сияқты жан-жағына жалтақтап, жоқтан өзгеден сақтанып отырмайды екен. Қай мәселе жөнінде болсын, былқ-сылқ етпей турасын бір-ақ айтады.

– Біз өткендегі қиянатқа құрылған қаулылардың бәрін қайта қараймыз. Қателіктерді міндетті түрде түзетеміз! – деді сөзінің соңында. – Сіздің партиялық сөгісіңізді әлі алмапты ғой. Оны алып тастаймыз және академия президенті деген қызметіңізге қайтадан отырғызамыз.

Қаныш Имантайұлы өзімен тіл табысқан басшыға шын жүректен алғыс айтты. Ол өз басынан бұрын айдауда жүрген ғалымдардың елге қайтатына қуанып еді. Ал лауазымды қызметке келсек, Қанышта бұрынғыдай құлшыныс жоқ-тұғын. Бәрін бастан кешкен, суынған адамның қалпы бар. Президенттікке қайтадан барса, ғылымның қамы үшін, әрі әділетті қалпына келтіріп, қоғам алдында өзін біржола ақтау үшін барады. Ал Сәтбаевтың академияға қайта келетінін сезген жағымпаздар әлден-ақ мұны төңіректеп, қолпаш-көпшіктерін алды-артына қойып жүр. Жалған дүние деген сол. Қысқа ғұмырыңда оны да көрген теріс болмас.

Ал, Қаныш Имантайұлының есіл-дерті қазір қазақ даласына қайтадан ауып алған. Ол минерогениялық карта жасау үшін, өзінің геология институтынан сегіз адамдық кеңесші топ құрды. Бәрі де – геологияның жілігін шағып, майын ішкен, әрі қазақ даласымен етене таныс, әрқайсысының өздері ашқан кен көздері бар, байырғы ғалымдар. Біразының академик, мүше-корреспондент деген ғылыми дәрежелері бар. Олар: Қ.И.Сәтбаев (жетекші), Р.А.Рукаев, И.И.Бок, Г.Ц.Медоев, Г.Н.Шерба, Д.Н.Казанлы, т.б...

Алғашқы сынақ алаңын таңдауға келгенде, Қаныш Имантайұлы бірден Орталық Қазақстанға тоқтаған. Оның себебі, Орталық Қазақстан: терістікте Батыс Сібірмен, шығыста Алтай өлкесімен, түстікте Балқаш-Шу өңірімен, батыста Мұғаджар тауларымен шектесіп, солардың бәрінің эпицентрі сияқты еді. Аталған ғалымдар жер-жердегі сынаққа қатысқан ұжымдардың, жеке мамандардың ізденістерін бір жүйеге келтіріп, теориялық жақтан қорытынды шығарып отырмақ еді.

Ал енді мына қызықты қараңыз, қазақ ғалымдарының жаңа бастамасын ести салысымен, Ленинградтың бүкілодақтық геологиялық институты да Орталық Қазақстанның Металлогениялық болжам картасын жасауға кірісіпті. Ал, бұл институт – сонау император заманынан бері геологиялық зерттеу орталығы болып саналатын-ды. Металлогениялық болжам жасау ісімен ертеден айналысып келе жатқаны тағы бар. Мамандары тәжірибелі, құрал-жабдықтары толық дегендей... Демек, бұл шаруа жалғыздың ісі емес, бәсекемен жүретін болды. Несі бар, жарысатын тағы бір топтың болғаны тіпті жақсы. Бұл салада қазақстандық ғалымдар да ешкімге есесін жібере қоймас.

Бұл шаруаның іске асуына мемлекет те мүдделі-тұғын. Өйткені бұдан бұрынғы кен барлау ісі көбінше соқыр тәуекелге негізделген-ді. Мәселен, бір ғана кен көзін ашу үшін жүздеген жерді бұрғылауың керек. Қанша еңбек, қанша қаржы? Металлогениялық болжам картасы сізді осы бейнеттің бәрінен құтқарады. Ал мұнда картада белгіленген кен көзіне барасың да, ортасынан ойып түсесің.

Ал Қаныш Имантайұлы карта жасауда өзіне дейінгі металлогениялық болжам жасау тәсілдерін пайдалана отырып, кен қабаттарының жер қыртысындағы орналасу тәртібін геологиялық дәуірлерге бөліп, кеннің заттық құрамы бойынша, талдап анықтайтын жаңа тәсіл ұсынып еді. Егер бұл тәсіл өз жемісін берсе, онда академик Сәтбаев металлогения ілімінің негізін салушы, әрі геологтардың қазақстандық мектебінің көшбасшы ұстазы атанбақ.

Бұл геологиялық жарыстың жеңімпазы 1958-жылы Алматыда ашылған металлогенистердің бүкілодақтық кеңесінде мәлім болды. Екі институт та болжам қағидаларын осыдан екі жыл бұрын кен барлау ұжымдарына таратып берген-ді. Енді солардың нәтижелерін салыстыра келгенде, Қазақстан геологтары қара үзіп алға шықты. Орталық Қазақстаннан ашылған 358 кен көзінің оннан тоғызы, яғни 331 кен Сәтбаев ұсынған карта бойынша табылыпты. Ал Ленинград геологтары ұсынған карта бойынша жүргізілген барлау өзін ақтай алмапты.

Қысқасы, Қаныш Имантайұлының көп жылғы еңбегінің қорытындысы саналатын ғылыми нәтиже академиктің атын әлемге бір-ақ шығарып еді. Кеңес өкіметі де, Коммунистік партия да өздерінің Сәтбаев туралы тым үстірт ойлап келгенін енді түсінгендей болды. Қаныш Имантайұлының төтенше еңбегі сол жылы-ақ Лениндік сыйлықпен аталып өткен.

Бұл туралы Академияның іс басқарушысы Г.В.Нечитайло мынадай естелік қалдырыпты: «Алматыға келген бір сапарында Н.С.Хрущев Қаныш Имантайұлын арнайы шақырып, әңгімелескен екен. Әңгіме барысында Никита Сергеевич өткен жылы Н.А.Булганин (КСРО Министрлер кеңесінің төрағасы) екеуі Англияға барғанда, сол елдің Премьер-министрі Антони Иден академик Қаныш Сәтбаевты ерекше ауызға алып: «Ондай әлемге танылған тұлға біздің елде өте сирек» депті. Ал Хрущев пен Булганин Қаныш туралы ештеңе айта алмай қатты қысылса керек. Бүгін танысуға шақырған себебі сол екен.

– Ал қазір үкіметке қоятын қандай талабыңыз бар? Бар жағдай жасалады! – депті мемлекет басшысы.

Сәтбаев ешқандай талап қоймай рахмет айтумен шектелген. Әйткенмен, сол жылы Қаныш Имантайұлының Лениндік сыйлықты бөгетсіз алуына осы кездесудің оң әсері тиюі де ғажап емес.

Айтты-айтпады, бұл кезде қиындық атаулы артта қалып, академик Сәтбаев өмірдің жаңа белесіне көтеріліп еді. Өзінің үзілді-кесілді бас тартқанына қарамастан, 1955-жылы Ғылым Академиясының президенті қызметіне оны қайта отырғызды. Бұл мезгілде Қаныш Имантайұлы алмаған атақ та, сыйлық та, марапат та жоқ деуге болады. Ол Кеңестер одағындағы ең жоғары марапат – Ленин Орденінің өзін төрт рет алған екен. Лениндік сыйлықтың, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚазССР Жоғарғы Советі мен КСРО Жоғарғы Советінің неше дүркін депутаты.

Алайда ол өмірінің соңғы жылдарында лауазымды қызметке де, атақ-дәрежеге де баяғыдай құлшыныс танытуды қойған. Бәрін көрген, бәрін бастан кешкен сияқты. Бұл өмірдің ащысын да, тәттісін де бір кісідей татыпты. Жалған дүниенің күліп тұрған бетін де, түсін суыққа салып, теріс айналған ту сыртын да көріпті. Қай кезеңде де сол баяғы өгей өмір, баянсыз тағдыр. Өз еркің өзіңде жоқ, қайда барсаң – кіріптарлық. Бай болғаның үшін де, би болғаның үшін де жазықтысың. Тегінде халқың азат болмайынша, ұлтың бақытты болмайынша, жеке адам қанша шарықтап өскенімен, бақытты болмайды екен. Пайғамбар жасына келгенде Қаныш Имантайұлының бір түсінген нәрсесі осы.

Отаршыл өкіметке Қаныш та керек емес, басқасы да керек емес. Олардың тек басындағы миы, қолындағы өнері керек. Сәтбаевтар керек болса, академиктің үш бірдей ағасын еш жазықсыз атып тастай ма. Отаршылдарға қазақтың елі де керек емес. Ел керек болса ашаршылықты қолдан ұйымдастырып, халықтың қақ жартысын қырып сала ма. Оларға қазақтың елі керек емес, жері керек. Жерасты байлығы: алтыны мен мысы, марганец-мырышы, ураны мен көмірі керек. Азық етерлік астығы мен малы керек. Міне, оларға ұлттар достығының «лабораториясы» сол үшін керек.

Жазмышқа не шара, Қаныш Имантайұлы пайғамбар жасы – алпыс үштен аса бере әлдебір жазылмас дертке шалдықты. Дәрігерлер оны «рак» деп атайды екен. Қазақшасы – «дауасыз». Бұл дерттің неден пайда болатынын, оның ем болар дауасын әзірше ешкім ойлап тапқан жоқ. Не үшін екен, әйтеуір, осы ауыруға біздің қазақ көбірек ұшырайды. Соған қарағанда, бұл бодандық дерті болса керек.

Басқалар қандай ойда екен, бұл дерт туралы Қаныштың өз пайымы бар. Жер астындағы металдардың түзілісінен туған бұл да – бір болжам. Әсілі, академик Сәтбаев – өз өмірінде қорлық пен зорлыққа шыдамай, талай рет ағыл-тегіл жылаған кісі. Сондай сәттерде сыртқа төгілмей, ішке кеткен жас қанша?! Сол ішке сіңген көздің жасы текке кетпейді екен ғой. Бәрі бір жерге беріш боп жиналып, жазылмас дертке айналады екен. Өзгеден жұққан, не аспаннан түскен нәрсе емес, өз жасың, өз қайғың, өз дертің...

Бір ғажабы, дәрігерлер сырқаттың атын айтқанда, Қаныш басқалар құсап үрке-қорқып кеткен жоқ, ештеңе болмағандай салмақты сабырмен қабылдады. Шындығына келгенде бұл көрмеген жақсылық пен жамандық қалмапты ғой, енді өлімнің де кезегі келген шығар. Дерттің бет алысын отбасына айтып үрей салған жоқ. Асықпай қолжазбаларын реттеп, қағаздарын түгендеді. Күзге қарай Жезқазған, Қарсақбай, Жезді өңіріне барып, жас кезінде еңбек еткен жерлерін тағы бір рет көзден кешірді. Қарсақбайда тас өңдеуші шеберлер әзірлеген, қабір басына қоятын құлпытас бар, соны алып Баянауылға аттан-ды.

Осы күнге дейін ата-ана қабірінің басына көктас қоюға қолы тимей жүруші еді. Сол парызын өтеудің сәті енді түсіпті. Қабір басындағы марқұмдардың аты жазылған жалпақ тақтай сол күйі тұр екен. Тек, топырағы басылып, шөптесін төмпешікке айналған. Арнайы ертіп барған шеберлер төмпешікті жаймалап, жан-жағын цементтеп, текше жасады да, құлыптасты әр қабірдің басына жеке-жеке орнатты. Ақ мәрмәр тасқа айшықтап жазу жазылған. Біреуінде: «Имантай Сәтбайұлы (1845-1928)» деген жазу тұр. Екіншісінде «Әлима Сәтбай келіні (1863-1902)» деген жазу күнге шағылып, жарқырап көз тартады.

Қаныш Имантайұлы беткейде өскен көк жусанды құшырлана иіскеп, сол арада жантайып біраз жатқан-ды. Бұл өңірдің ауасы да ерекше ғой, шіркін! Қаныш «шыр етіп» жерге түскенде өкпесін толтырған туыс та қымбат ауа... Мына жердің топырағы қандай құнарлы көңірсіп жатқан?! Қанышқа осы ата-анасының қасынан топырақ бұйырса арманы болмас еді. Өлгеннен кейін осында әкеліп жерлеуді өсиет етсе, билік басындағылар орындар ма екен? Әй, орындамайды ғой. Тірі кезіңде ерік бермеген ағайын өлгеннен кейін де бәрін өздері билеп-төстейтін шығар...

«Міне, енді өле беруге болады! – деді Қаныш Имантайұлы ата-ана алдындағы ең соңғы парызын өтеп, көлікке отырып жатқанда. – Қош бол, қасиетті туған жер! Қош, құшағынан тек таланттарды ұшыратын қайран Баянауыл! Енді сені көреміз бе, жоқ па». Машина орнынан қозғалып кетті. Бір кезде бала Қаныштың көбелек қуып жүгірген, тайға мініп жарысқан, қаршыға салып, саят құрған жерлері бұлаңдап артта қалып барады...

Бұл аурудың сұмдығы – әл-қуатыңды бірте-бірте азайтып, қаныңды бұзып, адам ағзасын сүліктей сора береді екен ғой. Ал асқазандағы түйнеген шәншуды құдай басқа бермей-ақ қойсын. Обалы кәнеки, Алматы мен Мәскеудің дәрігерлері қолдан келер амалдың бәрін істеді, бірақ ешқайсынан дауа болмады... Ақырында оташы дәрігерлер операция жасауға көндірген. Кім біледі, «үмітсіз – шайтан» деген, бәлкім бір шипасы тиіп қалар...

Академик Сәтбаев 1964-жылы, 31-қаңтарда Мәскеуде операция үстелінде қайтыс болып, 3-ақпан күні Алматыда жерленді. Жерленген – ұлы ғалымның тәні ғана, ал жаны бейіштің төрінен орын алған.

Бірақ, Академиктің аты өшкен жоқ. Оның аты бұл күнде Сәтбаев қаласы, Сәтбаев көшесі, Сәтбаев университеті, Сәтбаев мектебіне айналған. Өз көшесінің бойында, өз университетінің алдында қоладан құйылған Сәтбаев ескерткіші тұр көкке бой созып. Тек, ұлы ғұламаның бір ғана ескерткіші қол жетпес биікте жүр. Ол – Ғарышта күн системасын шыркөбелек айналған «Сәтбаев ғаламшары».

Ұлт порталы