02 мау, 2020 сағат 14:55

Италияда коронавирустың кесірінен өкпесінен айырылған жігітке «жаңа» өкпе салынды

Италияда COVID-19 салдарынан тыныс алу органынан айырылған 18 жастағы жігіттің өкпесі ауыстырылды, деп хабарлайды ANSA.

Бұл – Еуропада жасалған осындай алғашқы ота. Операция Миландағы ауруханада жасалды. 

Франческо есімді жігітте 2 наурызда коронавирус инфекциясының белгілері пайда болған, 6 наурызда ол Миландағы Сан-Раффаэле ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды. 23 наурызда жасанды қан айналымы құрылғысына қосылды. 

Соған қарамастан, коронавирус инфекциясының ауыр түріне шалдыққандықтан оның өкпесі істемей қалды. Сәуірдің ортасында Сан-Раффаэле дәрігерлері науқастың өкпесін ауыстыру туралы шешім қабылдады. 

Бұған дейін осындай операция тек Қытайда жасалып келген. Бірақ, Миландағы өкпе трансплантациясынан кейін бірнеше күн өткен соң мұндай ота Венада да жасалды. 

Мемлекеттік университеттің көкірек қуысы хирургиясы мектебінің басшысы Марио Нозоттидің айтуынша, операция күрделі болған. Енді жас жігіт ұзақ уақыт оңалтудан өтеді.