06 сәу, 2018 сағат 13:24

Исраил Сапарбай. Рух мейманасы

Ескерту: бұл — екінші мақала. Алғашқысы — «Жаңғыру мен Жаңару» / «Алматы ақшамы», 14 қыркүйек, 2017 жыл/.

Мен тым өзгергішпін: бүгінімді ертеңім жоққа шығарып жатады. Жоқтан табылған, жадтан жаңылған ақиқатты ақезулегеннен не пайда? Кешегі мен Бүгіннің әудемжер аралығында қолға қалам алмасқа шара қалмады. Онсыз да көптен көкейде жүрген ой еді. Айтты-айтпады, біздің Рухымыз, шынында да, шыдамды-ақ екен: ай бойы азықсыз, жыл бойы жазықсыз жапа шегіп жүре беретініне қайран қаласың!.

***

Шындығына келгенде, ойы озық, келбеті кемел талай-талай таланы бөлек, танымы ерек данышпандар мен ғұламалар ықылым заманнан бері қарай мынау «Жарық дүние» деп аталатын жарықтықтың асты-үстін ақтара, астар-тысын сөге жүріп сөз сөлін сарқып, көз майын тауысқан. Сондағы, басқаны былай қойып, бас қатырғаны мына бір сөз: «Сенен РУХ туралы сұрап жатыр. Оларға айт: РУХ Алланың әмірінен. РУХ туралы сендерге аз мағлұмат берілді...» /әл-Исра сүресі, Құран кәрім/.

Алдымен «неге?» деген сұғанақ сұрақ алдыңды кескестейді. Қашанда сауал оңай, жауап қиын. Қиынның түйінін шешпекке бекініп амалсыз қағаз кеміресің, тіпті, қайманадан баз кешіп қара түнді бетке алып айдалаға қаңғып кетесің. «Қараңғы түнде тау қалғып...» Абай да сөйткен. Ұлы ойшылдың оқшауланған бір сәтін қапысыз аңғарып, бояу құдіреті арқылы қағазға түсірген суретші қиялы қандай жүйрік десеңші?! Маған, әсіресе, ымырт ауа, түн түсе етек-жеңін жел керген желбегейлі сол бір Кісінің жалғыздан-жалғыз ауыл, үйден аулақтанып әлдеқайда беттеп, шеттеп бара жатқаны қатты ұнайды. Дұрысы, әрі-сәрі әсер қалдырады. Алдында — мұнарлы, тұманды, бәлкім, күмәнді бір бейпана әлем. Көне де жаңа шексіздік, көз жеткісіз көкжиек. Гете өлеңінің төлтумасынан асып түскен төрт ауыз әлгі әуенді-сазды сөз сарасы дәл осы бір сәтте дүние жарығын көрген болар ма? Кім біліпті...

Бір мысал. Ұзақ жолдан арыған, ашыққан бір Дәруіш жол жиегіндегі дүкенге бас сұғыпты. Беті тыртық, үсті жыртық диуананы дүкен қожайыны жақтыра қоймапты, бірақ шырамытыпты:

- Е, сен анау, әлгі Пәленше сопы емессің бе, әл құрып, қаңғырып жүргеніңе жол болсын?

- Мен де сені танып тұрмын, өзің әлденіп, бәлденіп кетіпсің ғой, қарным ашып тұр, бір үзім нан, бір кесе су берші, әл жинап алайын?

- Кірген, шыққан неменің бәріне бере берсем нем қалады?

- Қайыр, мейір деген болмаушы ма еді? Ертең өлсең, бәрі артыңда әдірем қалады ғой? — депті Қайыршы әлі құрып, сөзі созыла, үзіле.

- Ал сенің ше? — депті анау кесірлене кергіп.

- Алладан қорқу пендеге уәжіп, ал ажал келсе, қазір-ақ өлуге әзірмін!.. Артымда қиналып, қимай қалатындай менде ештеңе жоқ. Алланың байлығы — мына менмін, өзіммін...

 Осыны айтып Дәруіш саудагердің көз алдында ана дүниеге аттанып кете барыпты. Анығында Ол әйгілі сопылық ілім-білімнің хас сүлейі — тәркідүниешіл танымал ғұлама болатын. Сопылық тағдырдың тәуекелшіл һәм тәубешіл сонарына көз салған адам бұл әңгіменің астар-сырын ә дегеннен аңғарады. «Бар» мен «жоқтың» арасын қоспақ үшін ілімін де, ғұмырын  да сарқып жүрген пірәдарларың да солар! Ал «Жуванмәрдтік» сөзінің шынайы астары, Мекемтас Мырзахметов ағамыз айтқан рицарлық емес, меніңше, жомарттық, мәрттік, дегдарлық деген ұғымдар аясында. Қисын осылай дейді. Ал рицарлық бітім, болмыс дегеніңіз біздегі сал, серілік үрдіске көбірек ұқсайды. Бұл жайында Мағжан Жұмабаевтың Ақан сері мен Батыстың әйгілі жазушысы Оскар Уайльдтің арасындағы ұқсастықты арнайы тілге тиек еткен мынандай сөзі бар: «Егер Ақан батысша білім алып, сол ел өркениетінің өкілі болса, Уайльд оның қолына су да құя алмас еді...» Бұл рухшыл ақынның әсіре бояусыз шын сөзі.

Ал Мансұр Халлажға келсек, гәп басқа. Қазіргі кезде ауызға жиі алынып жүрген ширк/серік/ сөзі сол кездегі Мансұрға да тиесілі, яғни, «Ана-әл-Хақ» - «Мен Алланың өзімін!» деген астамшылдығы үшін Бағдат халифасының бұйрығымен өлім жазасы—отқа тірідей өртелген. Әрине, бұл ғұламалар кеңесінде құпталған. Ортодоксальды дәуір мен кезеңнің қаһарлы қарғысы мен заңы осылай болды ма, кім білсін...Қазақы ұғым, наным мұны «Көп асқанға бір тосқын» деп бір-ақ қайырады. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледінің» кері де осы тараптан табылады. Жәй адам Алла алдында да, алқалы жұрттың арасында да бұлай деп өзінен-өзі мойнына күнә артпайды. Жазагердің асқан білімдар, айдарынан жел ескен айтулы ғұлама екендігін де ел-жұрт мойындаған. Бірақ үкімнің аты үкім, жазаның аты жаза.

Жаза демекші, оның да түр-түрі бар. Жұрт көзінше мойнына қыл арқан салып дарға асу ол кезде тек жау, немесе жауыз болса да ер адамдарға лайықты саналған. Ал мына үкім... Кейін, жұрт аяғы басылып, жаза жайы естен шыға бастаған бір мезетте атақты Шиблий шайқы марқұмның басына барып намаз оқып, Құран сөзін бағыштайды. Ғұламаның өткен-кеткен өмірін еске алады. Сөйтіп отырып аз-кем мызғып кетеді. Түсіне Алла  тағала аян береді. Шайқының жан азабын аңғарған Құдірет иесі осы сәтте оған былай деп басу айтады: «Жазалы жанға үкімнің үлкен-кішісі жоқ, есіңді жи, әддіңе бақ».

Жаза, үкім осымен тынса мейлі ғой, өлгеннен кейін де оның кейіп-кескінін құбыжыққа балап масқаралаушылар аз болмаған. Керегінше келемеждеген, кез келген қабырғаға сүреңсіз суреттерін әжуалай оймыштаған. Мұндағы мақсат — бейопаның бейнесін қоғамнан мүлде бездіру, күнәліні күндік жерден тану. Газет-журнал беттерінен кейде, әсіресе, мерекелі күндерде әлемішпен әспеттелген коллаждарды көріп қаламын. Жалпы «коллаж» сөзі кімдікі? Баршаға ортақ дегеннің өзінде төркін, тегі болуы тиіс қой? Мағынасы, мәні мүлдем өзгергенімен, кешегінің бүгінге жеткен баламасы ма екен?.. Бұл қиыннан қиыстырған қисын емес, кәдімгі, қазақы қарабайыр долбар ғана. «Білемін, зерттегем, түбіне жеткем» дейтіндер болса, құба-құп құлдық...

Қиял дүниесіне енген, бойлаған, тіпті, дәндеген адам түптің-түбінде АҚИҚАТТЫҢ мекен-жайын былайғы бәндуи жұртқа меңземей тыным таппайды. Кешегі Абайды былай қойғанда, Мағауинше айтсақ, бұрнағыда ғұмыр кешкен бірегей бітімді ғұламалардың талайы осы бағытта басын бәйгеге тіккен. Джордано Бруно, Галилео Галилей, Мансур Халлаждың, т.б. - тағдыр-тағлиматтары осыған мысал. Мекемтас /Мырзахметов/ ағамыз қайта-қайта ауызға ала беретін «Жуванмәрдтік», немесе сопылық ілімнің небір айтулы сойлары мен дегдарлары тәркідүниелік тәуекелімен әлі күнге дейін кісі жадын жаулайды. Әйтсе де оларды қайталай алмайсың. Қайталай алмаудың себебі де көп... Тәркідүние тақуалары адамнан гөрі Аллаға жақын. Бәндәуи тіршілік иелері көбіне күнделікті күйбең тіршіліктің  әбеқоңыр әлегінде жүреді. Байысам, тойсам, мелдектесем... деген  пасық, сасық пендеде қанағат, рахым дегеніңіз /Абай айтқан бес қасиет/ қайдан болыпты? Пенделік пен Періштелік сипаттың арасы жер мен көктей. Пенделік — бұ дүниенің дүмбілез дүмше міскіні. Ал Періштеліктің пешенесіне екібірдей дүниенің назым-нығметі жазылған. Екеуі қосылған күні әлгі Құран кәрімдегі «аз мағлұматтың»  орыны толмақшы. Киелі де қасиетті РУХТЫҢ жеңісі де, жемісі де сол күн! Бар мен жоқтың, аш пен тоқтың аражігі қосылатын бұл күн туа ма, тумай ма? Бәрі де /жақсы болсын, жаман болсын/ жер басып жүрген «Алланың сүйікті» құлына  байланысты.     

Иә, Жан мен Тән, РУХ пен Зат/материя/ аралығында Әлімсақтан бермен қарай антогонистік айқас-шайқас жүріп жатыр. Бізге салқын сауат керек пе, әлде, сарабдал Сана санаткерлігі керек пе? Намыстың құлы керек пе, әлде, қамыстың жымы керек пе? Фаридиддин Аттарға аңдатпа жасауға тура келеді: «РУХ адамға Алла тағала тарапынан дарыған дүри-гауһар нұр. Байқап, сезіне алсаң, кеудең ішінде оның сыр-сипаты жатыр. Бірақ бұл жерде жол көрсететін жан иесі жоқ. Расында, жер-жаһаннан іздеп жүрген сол нәрсе өзіңде. Сен оның құпия да тылсым сырларына өле-өлгенше кіріптарсың. Сенің адам санатындағы сипатың әзірге тек затта ғана. Сол зат пен сипаттың да қадыр-қасиетін шын ұғынып, біле алатын жағдайда емессің. Өң мен түстің арасында астарлы да тылсым-тұтас әлем жатыр. Жаныңды жарылқайтын сол жауһар дүние түптің-түбінде арман-мақсатыңа алып баратын адал да әділ жолсерігің. Сайып келгенде, аспан жұлдыздары-сенің көз жанарың. Үйдің ішінде отырғаныңмен, есіктің сыртындасың. Жерде тұрғаныңмен, аспани әлемнің аясындасың. Қысқасы, әрі барсың, әрі жоқсың...».

 Айтыңызшы, осындағы «әрі барсың» мен «әрі жоқсыңның» астарында нендей жұмбақ жатыр? Өзіңізге, өзіңіздің ішкі иір-шиыр жылым-жықпылыңызға шындап үңіле алсаңыз, бір жауабы табылып қалар. Бірақ бұл сіздің, біздің қолымыздан келе қояр  ма? Пенделік пешенеміз бұған жар бере ме? «Жылтырағанның бәрі алтын емес» дей тұра көз жәуін алған дүниеге дүмше көңіліміз сұғын салып жүрмей ме? О да мүмкін-ау. «Әбден мүмкін! - дейді ішкі бір көксоққан көргенсіз көлеңкем,-көрмей, білмей жүрсің бе?». Неге көрмейін, неге білмейін... Бірақ, Түлкі заманға ілкі Тазы бола алмасам не шара!.. Тағы да Аттар айшығы құлағыма сыбыр қағады: «Дүние-мүлкіңді, алтын, күмісіңді жоғалтсаң да кеудеңдегі асыл жауһарыңнан айрылма. Сенің кеуде Сарайыңдағы сол гауһарға кімдер қызықпайды? Қызғанатындар да бар шығар?.. Алла нұрын ұрлатқан адам Шайтанның жетегіне еріп, етегіне жармасады, дегеніне көнеді. Ал Шайтани болмыс жарықтан қаймығады, Үркерден үркеді. Кеудеңдегі жарық шамыңнан жаныңдағыларға жылу бер, шапағат сыйла, махаббат жарылқа. Аспандағы Ай да, жұлдыздар әлемі де сен сияқты Алла құдіретінен жаралған. Сенің тұлабойыңнан олардың ажар-көркі, ғұснижамал дидары менмұндалайды. Сен де олардың мына жұмыр жердегі айнақатесіз нұсқасысың. Жаратушы құдіреттің де шынайы бейнесі сенің кеудеңде. Кеудеңдегі осы бір асыл жауһарды саф, таза күйінде сақтай алсаң ғана толыққанды кемел адам дәрежесіне көтеріле аласың. Сенің Алла алдындағы һәм адамзат алдындағы ұлы міндет, ақадал парызың осы».

Адам мен Зат... Адам — Хақ тағаланың рухи жаратылысы. Алла демі, яғни РУХ бойына дарыған соң да Ол былайғы дүниенің ең биік нығметіне қол жеткізді. Діл де, тіл де оның меймана меншігіне айналды. Тіпті, Ібілістің іші күйіп-жанатындай «Алланың сүйікті құлы болу» хұқы да соған бұйырыпты! Сонда деймін-ау, Адамды Рух иесі сипатында таныр болсақ, Заттың, яғни Материяның оған жармасып, жабысып қалатындай қандай хақысы бар? Екеуі екі басқа, бір-біріне кереғар ұғым, таным емес пе еді? Орыс түсінігіндегі «отечество» біздегі «адамзат» сөзінің тікелей айқындамасы. Құдайы қоңсы болған соң ығысты-жұғысты жағдайлар бола береді десек, оларда «животноводство», «землячество», «хозяство» деген сөздер бықып жатыр. Ал түсініп көріңіз?  Демек, Аттар айтпақшы, мұнда бір гәп бар болғаны да.

 Негізгі түйін, тұжырымға тоқтасақ: әуелде РУХ Құдай болатын, келе-келе  адамға айналды. Иә, кәдімгі, бәкене бойлы жәй әріппен жазылатын, асқақсыз, айбынсыз пешенелі пенде. Тіпті, бүгін болмаса, ертеңгі күні құрт-құмырсқа, жын-жыбырға айналмағы да бек мүмкін. Пенденің құлдыққа көнгені — құланның құдыққа құлап өлгені! Өйткені, Ошо айтпақшы, «қиындық атаулының қай-қайсында да ақиқи Рухтың астары жатады...». Бүгінгі қазақы қауымның қарыс-сүйем  пешенесінде «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» деген жазу баттиып тұр. Құл пұлға емес, пұл құлға құлдық ұрып қызмет етпейінше Құдай берген ыстықәумет ырзықтың құны құлдырағаны құлдыраған. Адам еңсесі РУХ әлсіздігінен еңкіш тартады. Ал Ұяттың бір ұшы арда болса, бір ұшы жарда.

***

Бәрімізге аян: Бас бар жерде Ми болады. Ми — ақылдың үйшігі. Жүрек бар жерде көз де, /«Жүректің көзі ашылса...»/ сөз де, сезім де, түйсік те болмақ керек. Асқазан бар жерде бойға қуат, тәнге тәбет бар. Бірақ жан азығының жаратылысы басқа. Бізге көрінбейтін, бірақ адам екенімізді айғақтайтын күш, бәлкім, Ұлы Рухта болар  ма?.. Осындайда Гамлеттің мына бір сөзі еріксіз еске түседі: «Ізгілікті қанымызға қанша сіңірсек те ішімізде жан жарасы жасырынып жата береді...». Тән жарасы жазылар, ал жан жарасы... Жапалы,  қапалы қайсыбір қандасымыздың жан-дүниесі, шынында да, жаралы жолбарыстың жағдаятын көз алдымызға әкеледі. «Жазған құлда жазық жоқ» демекші, бірде олай, бірде бұлай, бірде малай, бірде құдай кейпіндегі қазақтың ішкі-сыртқы ажарын анық-қанық ажыратудан қалып барамыз. Өркениет өміршеңдігін өз жамиғатында жаңғыртып, өз табиғатында жасартып, өз жатырында өсіріп, түлетпеген елдің ескен желдей, аққан селдей ұлы көшке ілесе қоюы екіталай. Салмақ сарыжамбасқа емес, санаға түскен сәтте ғана мұны ғаділ аңғарсақ керек. Біз білетін қазіргі айдан анық көрініс: дүниеқоңыз дүмшелік төрге озған сайын Рухтан өң мен түстің қашып бара жатқандығы. Зорлық-зомбылық, азғын-тозғындық, әсіре астамшылдық адам бойына Ібілістен жұққан індет. Жалған демократия — жасанды түсік. Ал мен идеалсыз өмір сүре алмаймын. Қоғамды идеал тұтпасаң, өлгеніңе өкінбейсің. Адамды идеал тұтпасам, өлең жазып нем бар?! 

...Ойыма Ақселеу оралып отыр. Ойлы, бойлы, ожданды, опалы... Алла берген жас — адамға аманат. Аз ба, көп пе, кім білсін, жарығы бір өшіп, бір жанған алдамшы, жалғаншы мынау фәниде оның бізге қалдырып кеткен өмірі де, өнімі де, өнегесі де... маңдайға басар, көзге сүртер кіл асыл рухани жауһар дүниелер! Кешегі ақберен арыстарымыздың соңғы тұяғын  есімізді жияр-жимаста енді біліп жатқан жағдайымыз бар. Сол Ақселеудің үмітін ішке жұтынып, күдігін сыртқа шығара айтқан мынадай бір ащы запыраны бар: «...Елдің бәрі мен емес: біреуінің рухы төмен, біреуінің мінезі жұмсақ, біреуінің әлеуметтік жағдайы мұрша бермейді. Мені үкіметім азапқа салып отыр. Мемлекеттік деңгейде қазақ болмысына, қазақ тағдырына қатысты қанағаттық деңгейде шара жасалып отырған жоқ, тіпті, жоспары да жоқ. Осыны ашық айтатын кез келді...».

«Елдің бәрі мен еместен...» бастап бірнеше рет қайталанатын «біреуінің...» астар-сырына ақыл көзімен үңіле алсақ, тарам-тармақ қаншама ащы ақиқат, усойқы шындық жатыр? Бәлкім, арнайы ат басын бұрып әрқайсысына жеке-дара тоқтауға тура келер?.. Бір білерім, кеудесіне РУХ қонақтаған жанның бәрі де төңкерісшіл! Төңкерісшіл дегенде тауды бұзып,  тасты жарып жатқанымыз жоқ, әңгіме ауаны, аңдағанға, тым-тым әріде жатыр. Төте сұрақ: өз ұлтыңның ұлысың ба, жоқ әлде, қу құлқынның құлысың ба? «Ал өзің ше? Ақындар ауылы, қаламгерлер қауымы ше?» деп сабырсыз сауал тастағандарға тағы бір тағдырлы тарланымыз Есенбай Дүйсенбаевтың мына төрттағанын алға тартар едім:

«...Тәңірі етті телегейден теңізді,

Қайда жорық  жыраулары лебізді?

Қашаннан-ақ Дала Қағанатында

Қылыш пен Жыр, Хан мен Шайыр егіз-ді».

Мұнда да сол Ақселеудегі сияқты Рухты көксеу, іздеу, табу, таппау,  жоқтау сарыны байқалады. Кеше «Дала Қағанаты» деп ағымыздан жарылсақ, бүгін «Мәңгілік ел» есімі елең қақтырып, аңсарымызды өзіне аударып отыр. Дұрыс-ақ, жөн-ақ. Бұл идея ма, аңыз ба, арман ба? Бүгіннен бастасақ — қандай негіз бар? Ертеңге ысырсақ — ел құлағын елең қақтырудың қажеті қанша еді? Науқандық шара—руханияттың қас жауы. Идея жүзеге асқанда ғана идеалға айналмақ.

***

Көкіректің шері айтса кетеді,

Көйлектің кірі шайса кетеді... «Негіз» деп отырғанымыз — дәл бүгінгі жай-күйіміз, шама-шарқымыз, әл-ауқатымыз, моральдік-материалдық және оған қоса психологиялық деңгей-дәрежеміз. Айту оңай, қайту қиын. Таразының бір басында — ат басындай айшықты идея, екінші басында — қазақы қауымның дәл қазіргі қалған-құтқан қадыр-қасиеті. Табалаушы да бағалаушы да — құдайы қоңсы, көрші-қолаң. Бірінің көзі қысық, бірінің сөзі қисық. Арқаңнан қағып та, алды-артыңды бағып та, реті келсе аяқтан шалып та отырған алдымен осылар. «Ауыздан шыққан түкірік қайта жұтсаң мәкүрік» деген сөздің дуасы да, дауасы да есітер құлаққа бірде сын, бірде мін. Айтты-айтпады, көрші тұрмақ, бүгінгі қазақы мінез-құлықтың өзі сынаптай сырғақ, бұлақтай бұлғақ. Кешегі Абай қазағы бүгін бауыр мен бүйректей: бірі оңда, бірі солда. Екеуі де сыздағыш, екеуі де мұздағыш. Бауырмал қазақты ауылдан іздеуші едік, ол да көзден бал-бұл ұшты... Қазақ қалаға көшкелі қазымырға айналып барады. Дос-жаранның тұрлаусыз тұрқынан сен өзіңнің ең мықты жауыңды тани біл. Сонда ғана қайтпай қарсыласу арқылы сен оған жан-жүрегіңмен жақындай аласың. Жалған сөйлеп отырғаным жоқ, бүгінгі күннің бұлтартпас шындығы осы.

Жалғыз қазақ қана өзгеріп жатқан жоқ, мынау әлем-жәлем жылтырақ дүние осы тұрысында құдды аяр әйел сияқты — жаңашыл ұлылар мен жасампаз жақсылардың жанынан шыр айналып шықпай қояды, немесе қолына шырақ алып соңына түседі. Әсіресе, соңғысы бесенемізге жазылғандай белең алып барады. Ал атақ пен даңқ қашанда қамсыз, мұңсыз қайдағы біреулердің еншісіне тиесілі. Заман зауқы әрқалай. Талғам таразысының табағы да, тасы да тым тайғанақ. Бүгін «Шәмші, Шәмші!» деп жүргендер ертең-ақ ес-түсінен айрылып өзге біреуге өзеуреп шыға келеді. Өйткені өмірдің өзі құбылмалы. Ертең басқа бір саңлақ шығады. Мұны әлем тілінде «феномен», қазақы ұғымда ғажайып дейді. Ғажайыптар азайған сайын сана саңылауы сараңсып, саязданады. Ғарышқа ұшу, Марсқа қону бүгінде ғажайып болудан қалды. Күллі түркі дүниесінің өзгелердің түсіне енбейтін үш бірдей ғарышкері - қандасымыз, қазақтың қара баласы. Қаһарман десең — Қаһарман. Аңыздың шынға, шынның ақиқатқа айналған анық та қанық түрі де, түсі де, өңі де, өзі де осы үшеуі. Бірақ... осы күнге дейін осы үш Батырымыздың бірігіп жүрген кезін, не бірге түскен суретін, басқаны қайдам, өз басым  көрмеппін. Жыл сайын, ай сайын, тіпті, күнара, күн сайын көрсем де артық болмас еді!!! Өйткені бұл — адамзат баласының, оның ішінде аңызшыл, афсанашыл һәм ертегішіл қазақтың қиялдан қиянға бір-ақ төрлеген, өрлеген, ерлеген тура мағынасындағы Феномені!!! Оны елеп-ескере алмасақ, анық-қанық қанымыздың сұйылғаны. Ұнжырғасы түскен ұлттық «меніміздің» ақыр-тақыр тиылғаны. Ұлы перзентін ұлықтай білмеген, ұлттық құндылығын құнттай білмеген елде рухани жаңғыру, жаңару өздігінен жүріп жатады дегенге өз басым сенбеймін! Ал жаңа қару-жарақты ойлап табу адамның ісі емес, Ібілістің ылаңы. Нағыз ғажайып, шын құдірет Имани тазалықтың көзайымы — ұлы мәртебелі Өнерде. Ал Өнер — әлімсақтан бері РУХтың ащылы-тұщылы жемісі. Өнер адамының көзімен қарасаң, Күннің өзі де, көзі де көлпар, тіпті, батып бара жатқанның өзінде су бетіне алтын шашып кетеді! Қалтылдаған қайығын өрге де, төрге де салып ескегімен алтын күреп бара жатқан Балықшыны көрсеңіз, бұған анық көз жеткізер едіңіз! «Ханына да сәлем бермеген, өле ғашық болған, онысын дәлелдеу үшін алды-артына алтын шашқан оның Ханшайымына да жанарын тіктеп, қабағын ашпаған» бүгінгі  күннің Либэйі біз боламыз! Шындап үңілген кісіге, әрине...

Көпке өкпе жүрмейді. Жалмауызда жақын, жебірде жекжат, жұлымырда жұрағат, обырда Отан болушы ма еді? «Алланың ең ұлы жаратылысы — адам баласына деген махаббатың мен сүйіспеншілігің берік болса, - дейді Ошо,--онда сенде кері мінез кек те, кесепат кесір көре алмаушылық та болмақ емес...». Жан таза, Рух пәкиза. Көкке ұшады. Арш /ғарыш/ әлеміне. Алла дәргейіне. Тән — нәжіс. Сүйек-саяқ — Материя. Материя болғандықтан да қара жердің еншісінде: іриді, шіриді, қуарады. Үстінде жатса тозаңға, астына түссе топыраққа айналады. Егер, ғайыптан тайып Жан Тәнді тастап Аршқа ұшпаса, не ұша алмаса қайтер еді? Тән мазағына тап болған Жан азабын сонда көрер едік! Құдай сақтасын...

***

Басқа көрші-қолаңды қайдам, біздің елде «Мемлекет адамы» деген айырықша атау бар. Зілді, салмақты, сесті естіледі. Содан ба екен, сол субьектіні көрмей жатып, неге екені белгісіз, ойыңды да, бойыңды да тез жинап ала қоясың: Е, «жоғарғы жақтың адамы» ғой... Ал жоғарғы жақтың адамына кездейсоқ кездескеннің өзінде олпы-солпы түріңді көрсетуге болмайды. Этика солай. Елеуді былай қойғанда, сәлеміңді алмай қойса қайтесің? Сіз ойлағандай, оның да сыртына іші сай: сыр алдырмайды, сыр алдырғаны былай тұрсын, сізді көзбен тінтіп, ішіп-жегісі келеді. Бұл енді қасқағым сәттік психологиялық арбасу. Қысқасы, жанаса да, жақындай да алмайсың. Ал мен ше? Құдай-ау, Ақынмын ғой?! Ақын болғанда да...Аржағы түсінікті. Сұс пен сес менде қайдан болсын. Оның үстіне қойында әмиян, мойында «қарғыбау» жоқ. Оқтау жұтып, оқшия қарайтындар менсіз де аз емес қой. Сонда мен, не,  Мемлекет адамы емеспін бе? Ал мынау қатардағы «қара халық» ше? Бәріміз де мемлекет адамымыз!!! Бірақ... шын мәнінде... Көрдіңіз бе, психологиялық итіс-тартыстың түп тамыры қайда жатыр?! Мендегі этиканы мемлекеттік элита менсінбейді. Қалыптасқан қағида, әдептен тыс әдет, міне, осындай. Мейлі, Батыс болсын, мейлі, Шығыс болсын, өркениеттің ақыры идеяшыл, жаңашыл, жасампаз шығармашыл топты тұншықтырумен тынатыны бесенеден белгілі. Біз өркениеттің бағзы-баяғы көшіне көз салмай жатып осы бір кесірлі, кеспірлі кедергіні бастан кешіп жатырмыз. Ата-бабамыздан ілдаллалап бүгінге жеткен санаулы салт-дәстүрімізден де, бағалы қазына-байлығымыздан да ада-күде айрылу қаупі бар. Саяси үстемдік пен  көнпіс көпшілік ылажсыз ымыраласқан қоғамда қордаланған қойыртпақ аз болмайды. Әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалдың да қазіргі қалт-құлт қадамын көзбен бағып отырған жайымыз бар. Қуандырмайды, керісінше, ашындырады. Ұлттық пішім, пошым да анық емес, алабажақ. Сенбесеңіз, көшедегі билбордты, теледидардағы анау бір қанатты нысан — Құстың қарала күздегі қатып қалған ұсқынына үңіліңіз. Можантопай мозаиканың нақ өзі. Былайша айтқанда, «науқандық шараның» әсіреқызыл шимайы. Ұлттық рәмізіміздегі қанатты Қыраннан садаға кетсе болады! Өзіміздің телеканалдан көріп отырмын — кәдімгі, желке үзілетін, бел кететін «Жекпе-жектің» жан беріп жан алысқан «қияметқайымы». Еліккен жұрт, деміккен деліқұлы. Екеудің біреуі қапысыз ажал құшатын Рим гладиаторларының нақ өзі дерсің! Мұнда да сол әлгі гротеска мен мозайканың арасындағы әсіреөнер көзге ұрады. «Рухани жаңғырудың» жарнамалық сипаты. Бір ғана бұл болса кешірер едің ғой, «бетті басатын», «тұра қашатын» тұстар адым сайын кездессе, Абайдың керін кешпегенде қайтушы едің? Ана бір жолы Әл Фараби даңғылының бойынан көріп қалдым, былай деп жазыпты, кәдімгі айшықты әріппен қазақшалап: «Әжімді іштен итереміз». Енді орысшасын оқыңыз: «Вытягивание морщин изнутри». Қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс? Жылайсыз ба, күлесіз бе? Қала әкімі, мен білсем, дәл осы тұстан күнде өтеді. «Оң-солына қараса қайтеді, шіркін?..» дейсің қас-қабағың қабарып. Ана бір жолы тағы бір даңғылдың аспани айбарағынан айқайлап жазылған «Тәулік бойы аурусыз!!!» деген жарнаманы да көзім шалған... Бір жақсысы, оларды алма-кезек ауыстырып, алмастырып тұрады екен. Әйтпегенде...

 Бұл — бір ғана мысал... Рухани астанамыз — Алматыдағы. Бұрын қазақшамыз қала тұрып орысша жазатын едік, қазір екеуін де шаң қаптырып ағылшыныңыз алға шығып кетті! «Сауатсыздық» қой, оқи алмай әуреге түсесің. Бірінші сыныптан бастап мен де осынау дәріске дәмегөйлікпен дәнігіп-ақ бағар едім! Бірақ, жасы құрғыр... Сұйық астай сылдыр, былдыр науқанды суқаным сүймейтіні тағы бар...

 Билборд демекші, ана бір жылы — ұлы Абайдың межелі мерейтойы кезінде Алматының даңғайыр даңғылдарында ақынның қанатты нақлияттары мен ғибратты ғақлиялары аспантөрге ілініп көңіліміз көкке көтерілгендей бір марқайып қалып едік. Бір апта өтер-өтпесте бірі де қалмай ұшты-күйді жоғалғанда ішіміз удай ашыған. Сөйтсек, бұл да әсіре науқанның әдеттегі «науқасы» екен. Бұл жұқпалы науқан, жоқ, науқас қазір Астанаға да аман-есен жетіпті. Қайырлы болсын... «Ақселеу құрдасым тағы да не айтып еді...» деп арқа-жарқа Арқа жаққа құлақ түремін: «Ұлттық төлтумалығынан айрылған дүбара, химералық тобырдың экономикасын өркендетемін, саясатын шыңдаймын, ұлтаралық келісімін орнықтырамын деп тырбану, бейнелеп айтқанда, елекке су құйғандай, немесе, су бетіне сурет салғандай зая шаруа...».

 «Дүбара, химералық тобыр...» - ащы да болса шындық, бетке шыжғырып тұрып басардай батыл да батыр сөз, уытты уәж. «Қызым,  саған айтам, келінім, сен тыңданың» қапысыз қағытпасы. Иә, бізде бағзы-баяғыдан, ата-бабамыздан қалған батырлық баян, ұлттық ұстаным, салиқалы салт-дәстүр, нақысты, бояулы нысан, түр-өң, мінез-құлық... күні кешеге дейін бар болатын. Тайғанақ, табансыз талғамсыз еліктеу-солықтаудың салдарынан бәрінен тақ-тұқ таусылуға айналдық. Қайтсем сыздаған жүректі сылап-сипаймын, қайтсем мұздаған жүректі ерітем, қайтсем құлазыған көңілді қуандырам, қайтсем жылаған жанды жұбатам деген арманда жанның абзал арзуы қай жүректі сыздатпасын:

«Ойлы жас, өлең менің сырласымдай,

Сырлассам да құмарым жүр басылмай...

Айтып өткен ақында арман бар ма,

Жүрегінің түбіне кір жасырмай?..» - дейді Мұқағали ақын бұл орайда!..

Рухтың шынайы нұр-сипатын көргіңіз, немесе көңіліңізге қондырғыңыз келсе, айналайын, ағайын, алдымен жаныңыздағы адамға үңіліңіз! Оның азан шақырып қойған аты — АҚЫН. Мұқағалидің аузынан шыққан лепеске, әлде, күдік-күмәніңіз бар ма еді? Күпірлік қылмаңыз, Абайды анық сүйсеңіз... Пушкин орыс жұртының әдеби, мағынауи тілін, бейне, бедерін қалай байытса, біздің Абай одан бір мысқал да кем түскен жоқ. «Ұқсаңшы сыртын қойып сөздің ішін...» деген бір ауыз сөзінің өзі жазарман тұрмақ  оқырманға да тікелей қатысты.

Имани, рухани дүниені ауызға алғанда Мәңгілік мекенінің ақылман адамы Абайды алға ұстану—«...көкірегі ояу, көзі ашық» қай қазақтың да қапысыз парыз, қарызы екені, әсіресе, бүгінгі таңда айқын да анық. Алланың осынау опалы да опықшыл пендесі хақында әлі күнге дейін әрқилы сөз айтылатыны, несін жасырайық, таң қалдырады. Бұл не, астамшылдық па, «антұрғандық» па, әлде, «әсемпаздық» па? Естіген құлақта жазық жоқ, дәреметті бір дастархан аясында отырып қайсыбір «тірі классиктің»: «неменеге соны адым сайын ауызға ала бересіңдер, қазақты жамандағанда алдына жан салмаған адамды?..» деген сөзін өз құлағымызбен естігенбіз. Әзілі болар деп  өзінен бұрын өңіне көз салдық: суық та сұлық қалпын өзгерткен жоқ. Эмоция деген болады, ақылды бойдан қашыратын. Таңқалыс үстінде оны да таба алмадық. Сөзден мән, астан дәм кетті. Аллам өзі кешірсін...

 Біз мұнда ақынды әлдекімдерден арашалап алғалы отырған жоқпыз. Арашалайтын кім едік біз? Абай әлемінің ішінде жүрсек бір сәрі...Кіре алмай жүрміз емес пе, қас қылғанда. Қайсыбір пенделер байлық-шайлығы мен дүние-мүлкіне, ендігі біреулер майлық құрлы құны жоқ мансабына мақтанады. Ал Абайыңыз, бұрынғысы аз болғандай, әлі күнге дейін жан азабын кешулі. Нанбасаңыз, жәй қарап емес, шындап үңіліңіз, селт етпесеңіз де сезінерсіз, бәлкім:

Иә, Абай жалғыз: «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма...», иә, Абай кінәмшіл: «Құлағын салмас, тіліңді алмас көп наданнан түңілдім...», иә, Абай аурушаң: «Ауырды жаным, қаңғыртты, қысты басымды...» иә, Абай түңілгіш: «Күнде өзімшіл ептінің несін адам ұстасын...», иә, Абай пессимист: «Әзелде тәңірім сорлы етті, арсыз елмен әуре етті, жалғыз үйде күңірентті...», иә, Абай мұңшыл: «Шырайды қайғы жасырмай, күлкінің ерні кезермес...», иә, Абай сыншыл: «Ел бұзылса, табады Шайтан өрнек...», иә, Абай міншіл: «Көзінен басқа ойы жоқ, адамның надан әуресі...», иә, Абай астамшыл: «Мен мақтанның құлы емен, шын ақылға зорлық жоқ...», иә, Абай кінәмшіл: «Жүрегіңмен тыңдамай, құлағыңмен қармарсың...», иә, Абай өкпешіл: «Бейілі шикі, ақылы күйкі, осы жұрт па тапқаның?», иә, Абай зәкүншіл: «Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып, қу тілмен қулық сауған Заңы құрсын...», иә, Абай мысқылшыл: «Амалдап қарағайды талға жалғап, әркім жүр алар жердің ебін қамдап», иә, Абай әжуашыл: «Өзімдікі дей алмай өз малыңды, күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың...», иә, Абай жылауық: «Көзіме жас бер, жылайын...», «Жылай, жырлай өлгенде, арттағыға сөз қалсын...», «Іште дерт қалың, ауызда жалын, бұрқ етіп көзден жас шықсын...», «Күйдірген соң шыдатпай, қоя ма екен жылатпай?..», «Тарылды көкірек, қысылды жүрек, ағызды сығып жасымды...»...

Аз ба? Жететін шығар. Дені «Сегізаяқтан» алынып отыр. Мұнан соң «мыңмен жалғыз алыспағанда» қайтсін! Неге? Неліктен?? Не үшін??? Шынында да өз елін, жұртын осыншалықты «жерден алып, жерге салған» не ақын, не пенде жер бетінде бар ма екен, сірә? Мұны біз «Абай әлемі» атты тұтас бір дүниәуи дәреметтің, я болмаса «жұмақ жемісінің» ащы да тұщы дәмін  татқанда ғана сезіне алатын шығармыз. Ал әзірге...

Ал енді айтыңызшы: кешегі қазақ пен бүгінгі қазақтың арасында қай тұстан қарасаңыз да қандай өзгешелікті көрдіңіз? Айырмашылық бар ма? Қанша дегенмен, аралықта ең кемінде бір жарым ғасырдың сұлбасы жатыр... Айнақатесіз ақиқат — Абай екі жаққа да ортақ, бірдей, тіпті, тарих Таразбаны десек жарасар!..

Өткен күннен сабақ алу да, өткен-кеткеннің тағдыр-тәлейінен тәлім алу да, тіпті, күні кешегі Алаш боздақтарының арман-мүддесін алға ұстану да білген кісіге - өмірлік мектеп, өміршең өнеге. Ал аманат жөні бір басқа. Ол — жұмыр басқа жүк, пайымдыға парыз, қарайғанға қарыз. Замана жүгін арқаға салып, қазақ деген қамсыздау халықтың ертеңгі қам-қарекетін ерте ойлаған һәм ерте кеткен сол мыңболғырлардың, бүгінгі пайыммен салмақтасақ, әрқайсысы бір-бір Толағай тектес тұлғалар екен-ау! Омыраулы өкпек кезеңнің қоңыраулы көші көкжиек асып кетті десек те, сананы сағат сайын түртіп оятатын жаңғырық жарғақ құлағымыздың кей-кейде құлқын сәріден құршын қандыратыны бар. Тыңдап көріңіз: «...Зорлық, қиянат, қанішерлік жоғалып, бір заманда адам баласы бірін-бірі маңдайға шертпейтін , жер жүзіне ұжмақ орнайтын шақ бола ма, жоқ па?.. Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, , басқаларға өзін елетіп отыр. Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Жапония, Англия, Туркиялар...Олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі. Есейген соң бар білімін, күшін өз жұртының күшеюіне жұмсайды. Олардың әр адамы — мемлекеттің керегі, қызметкері...». /Жүсіпбек Аймауытұлы. «Ұлтты сүю», «Абай» журналы, 1918 жыл/.

«Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елетіп  отыр...».Бұл осыдан тура жүз жыл бұрын айтылған сөз. Тұспал емес, ап-анық айғақ, саналыға да, саққұлаққа да салмақты сауал. Иә, кімдермен тең түспекпіз? Басқалар кімдер? Әрине, көзге бадырайып көрініп тұр: бүгін тату, ертең қату «құдай қосқан» көрші-қолаң. «Сенбе досқа тұрса да қанша мақтап...». Адамнан басқаның бәрі «құндылық» саналатын бүгінгі түлкібұлаң саяси итіс-тартыстан бәрін де күтуге болады. «Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр...». Гуманист жазушы, жақсы болсын, жаман болсын, өз қандасына келгенде сөз иінін барынша жұмсартуға тырысады. Әйтпегенде, «құрмет», «азамат» лепестері «бас қамын ойлап» бас қатырып жүрген қайдағы бір қайырсыз, мейірсіз қайманаға қайдан лайық болыпты?! Демек, дуалы ауыздан шыққан «Өзіңе сеннің...» өзекті өмір көшіміздің өнебойғы қалғымас, қайта айнымас қағидаты болғаны да!

Бір ақиқат: материалдық дүние жария, Рухани әлем тылсым да құпияы. Зардөште /Заратустра/ Жан Тәнге жиіркенішпен қараса, бізде — қазіргі қазақы қарабайыр қоғамда Тән Жанға ашқарақ көзбен, апайтөс астамшылықпен қарайтын әдетке ұшырады. Бұл жанның азып, Тәннің озғандығының белгісі. Әдетте, Тән семірген заманда Жанға азық тапшы. Азғын, тозғын тобыр—Жан азасының айғағы. Ал енді сол  азғын, тозғын тоғышар топ пен тобыр қайдан шығады? Ертеден қара кешке дейін үй емес, күй емес, керісінше, базар бағып, азап тірліктен азарланып жүрген жұрттан шығады. Алыпсатарлықтан басқа қолынан түк келмейтін қандасыңның қауқарсыз қаңбақтай қаңғыма қарекетінен қандай берекет күтуге болады? «Соншалықты қамсыз, қауқарсыз емес едік қой, мұнысы қалай?» дейсің іштен  налып , күйініп, таусыла. Себебін де іштен сезесің. Бірақ «жазған құлда жазық жоқ»: Ішің іріңдейді,

                       Сыртың білінбейді.

                       Төзім сарқылады,

                       Көзің ілінбейді...

...Бірде теледидардан концерт кешін тамашаладым. Қайрат пен Димаш. Әсіреқызыл әлеміш. Әлем-жәлем дүние. Айқай-шудан құлақ тұнады. Мәтіннен мәніс кетсе, әннен ажар қашпай ма?

«Бетті бастым,

Қатты састым,

Тұра қаштым жалма-жан...» Жоқ, кешіріңіз, келген-көп, кеткен-жоқ. Жарайды, мереке-мейрам ғой, уласын-шуласын...бірақ екі әнші екі амплуаның адамы екенін концертті ұйымдастырушылар қалайша елемеген де ескермеген? Тұп-тура манағы Абай айтқан «...амалдап қарағайды талға жалғаптың» өзі! Сынықты дәнекерлеуге болар, шыбықты бұтарлағанымызға жол болсын? Бұл кімнің идеясы? Бірін артық, бірін кем деуден аулақпын, әйткенмен, таным мен талғамның өлшем-мөлшері қайда қалмақшы? Қайсыбір заманда Африкадан Америкаға ауа жайылып, одан беріде Батысты баса көктеп алқын-жұлқын бізге жеткен әсемдіктен ада-күде, жан-жүректі жаралайтын, ішкі иірім, ырғақсыз бадырақ көз бақырауық ән кімге сән болыпты? Шынымды айтсам, дәл осы жолы, айналайын, Димашымды шын аядым. Қосақ арасында кете баратын екінің бірі емес, Құдай қалап, Хауа ана иіп бере салған Бірегейіміз емес пе еді бұл боздақ?! Есті әнге есер ән араласып кете барса одан не шығатынын шамалай алдық па? Бибігүл апамыздың «жер мен көктей» деген жан ашуы емес, жанашырын жалаң-желең түсінген жандар, мейлі, мені де жерден алып, жерге салсын, бірақ айтқаным айтқан:

Интернетті ашып қалып оқысаң,

Жамырап жүр мәнсіз мәтін, қоқыс ән!.. Ал СахнаКие! Киеге ие бола алмаған соң да Рухқа күйе жағылады!..

Демек, таяқтың бір ұшы манағы «Мемлекет адамына» келіп тисе керек-ті. Ол адам кабинетінен шыққанда ғана, шығып қана қоймай «жоғарыдан» төмен түскенде ғана, түсіп қана қоймай ел ішінде қара көрсеткенде ғана, қара көрсетіп қана қоймай өнер ордаларын, мәдениет мекемелері мен ошақтарын бірме-бір аралап, театр ғимараттарына бас сұққанда ғана, бас сұғып қана қоймай сахна сипатын, сахнагер санатын өз көзімен көріп, көңілімен ұққанда ғана тоналу соңы оңалуға бет алар деген ойдамыз. Әйтпегенде, парыз-қарыз, ұят-аят ұғым-танымдарының аясы тарылып, кез келген тақымгердің талапайына түсіп кетуі әбден ықтимал. Қазіргі «жынойнақ» сол синдромның басы ғана.

Кино саласына тісіміз көп бата бермейді. Оңаша, оқшау отаудың оқшантайында не бар, не жоқ—оқсатып айтар адам аз. Өзі жазушы, өзі кинорежиссер, өзі жаңашыл Ермек /Тұрсынов/ бауырымның ащылы-тұщылы «айқайына» құлақ асып жүргендер шамалы. Айналасы атшаптырым ғимараттың  сырты сау да іші әзірге індетпей тұр... Облыс, өңір, аймақтардағы театрлардың күні де, мұңы да қазір облыстық бюджетке қарап қалған. Қайыршыны қайдам, жетім-жесірдің жазықсыз жанарындай жаутаң қағады. Дүние кіріптарлығынан жаман нәрсе жоқ, мұның кесір, кесапаты көбіне шығармашылық өкілдеріне тиіп жатады: рухани дүние жұтаң, репертуар тапшы, таңдауға мүмкіндік жоқ, шығармашылық еркіндік есіктен ғана сығалайды. Баяғыдағы Актер—Режиссер—Драматург үштағаны әдірем қалған десе болады.

Әкемтеатр...айтуға жүрегіміз дауаламай тұр. «Әкем де аң-таң мен де аң-таң». «Тоғыз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» деп жүргенде  айылымызды кім қиып, айыбымызды кім ашып кеткенін білмей далмыз. Көрермен көзайымына айналған көсем театрға көз тиді-ау деймін, сірә? Елес есіктен енсе — Сайтан төрге озады. Бәлкім, иіс-қоңыстан арылтып, іші-сыртын аластау керек шығар, кәдімгі, адыраспанмен. Қайран, Әшекем-ай/Сығай/...Шымқай анық шындықтың Шырақшысы едің, ақадал аруағыңның алдында Рухымыздың жер шұқып қалғанын қарашы?.. 

Бірде Ақберенге /Елгезек/ телефон шалып «Өзіңе сайт ашып алыпсың ғой, маған да...» дей беріп едім, сөзімді бөліп: «Аға, соған қызықпай-ақ қойыңызшы, кейін маған рахмет айтасыз...» деді. Бәрібір қарап отыра алмадым. Қазір өкініп жүргенім рас. Ұсақ-түйек өсек-аяң, еспе-бөспе анау-мынау емес, таразы басын тең тартатын мақалаларға жаным әуес. Соның бірі Айдос Сарымның фейсбуктегі толғамды, талғамады ой-пікірлері. Айдостың бір артықшылығы — қазақша, орысшаға бірдей тайпалма жорға. Оқыған-тоқығаны көп, қоржыны қомақты. Таңдап алған тақырыбына дәндей кіріп, кейде шалғысын шашетек шалғынға оңды-солды сілтейтінін етқызумен білмейді емес, аңғармай қалатындай. Әйтпегенде... Олжас, иә, біз білетін Олжас Сүлейменов кез келген жол-жолайғы әңгіменің аясына сыймайтын ақиқи объект. Айдос, неге екенін қайдам, екі мақаласында да оны атүсті тақымға басқысы бар. Бірде «оқылудан қалған...» десе, бірде «орысшылдығына» ойысады. Мұнысын бір емес, бірнеше мәрте қайталап, шүйгінге бас қойған баспақша шүйлігеді. Өзіндік пікір мен көзқарасты көпке жария ету, әдетте, кімнің болса да әдет, әдебіне имантаразы. Қазақ «Айтылған сөз — атылған оқ» дейді. Қас мергеннің атқан оғы далаға лағып кетпесе керек. Кейде сол оқтың айналып келіп өзіңді табатыны бар. Түптің түбінде, саралайтын да, бағалайтын да халық. Ал халықтың ішінде «Оқырман» деген ұялы орта, зиялы қауым бар. Мейлі, «қырық жыл қырғын», мейлі, Могиканның соңғы тұяғы болсын, сол қауымның ділінде һәм тілінде «оқырман» сөзі қазақ барда қалғи-мүлги қоймас. Нағыз трагедия — оқылмау мен оқымаудың себеп-салдарында. Оған Олжас кінәлі емес. Ал «орысшылдығына» келсек... ойлануға тура келеді. Бірауық «АЗиЯ»-ны ауызға алайық. Қылышынан қан тамған әсіреқызыл империяның болып та, толып тұрған шағында дүниеге келген шығарма ғой бұл! Ертәуекелге бел байлап, басын қанқасап қатерге тіккен кез-кезең қалайша бүгін естен шығып, қаперден қалыс қала қойсын?!  

Иә, бір ғана «АЗиЯ»!.. Сен онда, өзің  білмесең мен білемін, қанша жаста екеніңді. Әдеп пен Әдет көбіне егізқатар айтылады. Таңдау кімнің кім екеніне байланысты. Ширек ғасырдың арғы-бергі аралығында кімдер келіп, кімдер ұмытылмай жатыр... Күні кешегі әдебиет төрінде алшаң басып жүрген корифейлеріміз бүгін еміс-еміс есімізде. Біразы жадымыздан шығып та үлгерді. «Көзден кетсе — көңілден болады ұмыт»... Шынымен бе? Жазған-сызған, тіпті, қалған-құтқан мұралары ше? Олар «Тірілермен тіріміз...» десе, біз не деп жауап бермекпіз? Жер басып жүрген қай-қайсымызға да «келер кезектің» нобай, нұсқасы алыс емес — анау қырдың аржақ-бержағы...

«Тірісінде сыйласпаған ағайын,

Өлгеннен соң құм құйылсын көзіңе!..» демейтін бе еді әрі батыр, әрі би Тәніке бабамыз?!      

Олжекең бүгінде сексеннің сеңгірінен асқан Ақсақал Ақын. Тіпті, жеке-жалғыз қыжылың немесе қалжыңың болса, бүгін болмаса ертең келеді ғой, «ізет ініден» дегендей, іздеп тауып ағалы-інілі рәуіште шер тарқатысуға болатын шығар. Бірақ, бір өтініш: Ол кісінің санаттағы сардар, өзіңнің санақтағы сауатты саясаткер екеніңді ұмытпашы?.. Ал «өз үйім - өлең төсегімнің» бір бөлмесіндегі қаз-қатар кітаптың қақ ортасында Олжекеңнің көптомдығы көз тарта жай алыпты. Арғымақ ақынның Ақсарай әлемі... Әсіресе, өлеңдері көбірек қызықтырады: оқиғалы, өрісті, ауқымды, өресі биік. Таңбасы кириллица демесең, Таудың салкерім самалы, Даланың дәнді, дәмді иісі аңқып тұр. Тыныштықбек інісінің «Аңқымасындай».

Кириллица демекші, оған да ой жүгіртіп, өзіңнің нақты әрі кесімді пікіріңді ортаға салған екенсің. Рас, «латынға» көшу-көшпеу мәселесі сені де, мені де, өзгені де ойландырады, толғандырады. Бұл жолы да баяғы әдетімізге басып  «ұлы көшке» кеш ілесіп отырмыз. Осыдан жиырма жыл бұрынғы осы тақырыпты кеңінен қозғаған ғылыми конференция әлі күнге есімізде. «Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын...» - айтылды да қалынды. Енді, міне, тағы да...

Мына бір тарихи ақиқатты алға тартайын: «1926 жылдың 26 ақпаны мен 6 наурызы аралығында Бакуде Түркідүниелік бірінші ғылыми конгресс өткізіліп, оған Қазақстан өкілдері де қатысты. Атап айтқанда, Ахмет Байтұрсынов түркі дүниесіне ортақ терминологияның қажеттілігі хақында баяндама жасады. Осылайша Бакуде алғаш рет түркі халықтарының бәріне ортақ латын әліпбиіне көшу жөніндегі шешімге қол жеткізілді. Отызыншы жылдардағы қазақша нұсқаның негізі осы әрекет-берекеттің нақты нәтижесі болатын. Өкініштісі сол, аталмыш шара бұдан кейін өткен жоқ, себебі түсінікті...». /Асқар Умаров, материал «Мәңгілік ел» журналынан алынды».   

Әзірбайжандар бізден көшілгері озып кетіп, өзбек ағайындар бізден бұрын бастағанымен/жиырма жылдан аса/ кириллица мен латынды егізқатар қолданып жүр. Себебі түсінікті: қалта жұқа, «сумның» құны біздің теңгемізден кем болмаса, артық емес. Экономикалық хал-ахуал деген тағы бар...Біздің де шама-шарқымыз осыған қарайлас. Оза шауып олжалы, қалжалы атансақ бір сәрі. Ал сен «Тәуекел!» дейсің. «Тәуекел деген желқайық, өтесің де шығасыңның» заманы көзден бал-бұл ұшқалы қашан, құдай-ау! Мен де қарсы емеспін, Латыншаға. Әйтсе де көкейімдегі мың жылдық көксеуімді қайтемін? Ата-баба Рухын: анау Күлтегін—Тоныкөк жазба ескерткішіндегі маңдаймызға  басқан/тек тастаңба ғана емес/мөріміз — Сына жазуын қайтемін? Балбал да емес, басқа да емес, тұрқы түркі тұқымының бағзы-байырғы бәдізі емес пе бұл?! Оны жақтаушы һәм жоқтаушы мен ғана емес, арамызда ондап, жүздеп жүр...

Бүгін жүзеге аспаса, ертеңгі, одан кейінгі ұрпақ үддесіне жетер, кәдесіне жаратар... Ылайым қазақ аман, қалта қалың, ниет қабыл болсын деңіз!.. «Ерді намыс өлтіреді...», сенесіз бе, ойдағы ождан, бойдағы қан Қияметтің мүңкір-нәңкіріндей қинайды да тұрады: «Мынау Айастан мен Гүржістан, анау Жапан мен Корей, одан қалса Ебірей жұртынан біздің қай жеріміз кем?» деп. Айтты-айтпады, сол бабаларымыз «жазмыш барда озмыш хақ» дей отырып тау мен тасқа ойдан құрап оймыш түзсе, ол енді ойын балаларының ойыншығы емес шығар-ау... Жан ұшады, тән өледі, бірақ ұлағатты һәм ұлы мәртебелі СӨЗ қалады! Сына — қаріп, қаріптен - Сөз. «Сөзі жоқтың өзі жоқ». Ал БІЗ бармыз!

Жарайды, аспаннан жерге түсейік. Сен тәуекелге бақсаң, мен қос қолымды көтере қостайын. Бірақ тек мынандай шартпен: алдымен ортақ қазынамыз — Ұлттық қорымызда нақты қанша пұлымыз бар? Соны дәлме-дәл анықтап алайық. Екінші, «қыздар кетті бел асып, беліне белбеу жарасып...» демекші, ел-жұртымыздан әрқалай себеппен шетел асып кеткен қанша көкқағаз, алтын, күміс бар? Шытырлатып тұрып санайық. Санайық та әлгіге қосайық. Үшіншіден, инвестиция дегені болмаса қарыз екені айдан анық берешегімізден едел-жедел құтылайық. Аманатқа қиянат жүрмейді, әрі келешек ұрпақтың қарғысына қалмайық. Осы үшеуін қосып шотқа салсақ, бас-аяғы қанша бомақшы? Сен айтып, өзгелер қостап жүрген «латынға көшу» мәселесі сонда ғана жүзеге асып қалар, шамасы. «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда!» Сөз баққан жақсы ма, жөн айтқан жақсы ма? «Құрғақ қасық ауыз жыртадыны» да сол атам қазақ айтқан...

***

Жаратушы иенің ашық-шашық күнінде жаһантөрден жай түскендей жазған жүректің жайрап қалатын кездері болады. Осы бір ілкі сәт, мейлі ол бақыт болсын, мейлі ол қайғы болсын, сенің мынау өмірде бар екендігіңнің айғағы. Өйткені біздің сана-сезіміміз, түйсік-танымымыз, тіпті, ой-ожданымыз, сөз жоқ, ғарыштық ғаламның ықпалында. Біз мұны сезініп, қабылдаған сайын көзіміз көре алмайтын, көңіліміз жете қоймайтын, тек ой-қиялымыздың ғана еркіне бойлайтын бір құдірет күштің бар екенін пайымдаймыз. Сол бір таң-тамаша тылсым дүние есейген сайын көзден бал-бұл ұшады: үнсіз, тілсіз мүлдем басқа дүниеге айналады. Аспан — сол аспан, жұлдыз — сол жұлдыз, Ай туады, Күн батады... Жоқ! Керісінше біз оларға жансыз, сөлсіз, қамсыз өлі көзбен қарайды екенбіз! Көзіміз түгілі етіміз өліп кеткен. Ниетіміздің де оңып тұрғаны шамалы. Қолымыз жетсе, самсаған сансыз жұлдыздардың бірін үзіп, бірін жұлып алып кереқарыс кеудемізге жапсырғымыз келеді. Пенделіктің Аллаға ұнамсыз бір ұсқыны осы. «Адам әуелі пенделік тіршілік — пәни дүние кіріптарлығы мен мұқтаждығынан құлантаза құтылмай ақиқи/абсолютті\ РУХқа қол жеткізе алмайды» дейді Фаридиддин Аттар өзінің «Илаһинама» рисаласында.

         Анық «Күлтегін, Тоныкөкті» ауызға алған екенбіз, тағы да шегініс жасайық:

         «Кім үшін жер жаулаймыз?

         Кімнің дауын даулаймыз?

         Кім үшін тер төгеміз,

         Кім үшін аң аулаймыз?

         Біреу үшін біз неге

         Түсіп жатқан баудаймыз?

         Ел едік қой іргелі..,

         Енді, міне, қандаймыз?

         Неге біздер бұл күнде

         Жетектегі малдаймыз?

         Неге біздер тізгінді

     Қолымызға алмаймыз?..». /«Күлтегін, Тоныкөк». «Ежелгі түркі рун жазбалары», Әдеби нұсқасын жасаған Қадыр Мырза Әли/.

         Жалғыз-ақ айырмашылық: ата-бабаларымыз айналасын әрі жайлайтын, әрі жаулайтын. Ал біз «Енді, міне, қандаймызға» келгенде...себеп-салдарды іштен — өзімізден емес, сырттан — сыралғы жұрттан іздейтінімізге әбден дағдыланып алғанбыз. Өз кемшілігімізді өзімізден аулақ алып қашамыз. Өз ойыншығын  сындырып, бүлдіріп алған бала сияқты. Ал Өмір ойыншық емес.

Айтпақшы, мұның алдын кескестеп тағы да бір шетін мәселе тұр екен ғой?! Иә, ушығып тұрған «Үштұғырлық тіл» Тәңірге сенген адам ғана тәуекелге бел буады. Бұл орайда біздің билік жүрекжұтқан болып шықты. Әсіресе, білім саласындағы «білікті» мамандар. Тым батыл, тым еркін, тым еркетотай. Шерағаңның шенеунік/депутат/ кезіндегі «айыртіл» қарадай қарап жатпапты: өсіпті, өніпті! Көптекті тілге дейін көктепті! Дәлел-дәйекке құлақ түруден қалған құлтекті «құпәзірлер» мен уәжшіл уәзірлер құмырадан Дию шықса да ығатын, бұғатын емес. Мен мектептерде көп болам. Кейінгі кезде доғардым оны. Бақакөз бала өңі, ұйқысыз ұстаз мұңы, сенесіз бе, ұйықтатпауға айналды. Не өзің, не сөзің өтпейтін, өрісін қайдам, терісі қалың қазақы қоғамға тап келіп тұр екенбіз. Жарайды, көрелік, кімнің қалайша, қай әдіспен «Вундеркиндтер» қауымын қаулатып шығарарын!

...Дию ма, Жын ба, «Қара адам» ба, Қара көлеңке ме, кім білсін, көкіректі бір дүлей күш күндіз-түні құрсайды да тұрады!..Асқар Сүлейменов ағамыздың былай дегені бар еді: «Неміс болғым келмейді — оларда проблема жоқ. Ал бізде проблемадан өзге ештеңе жоқ. Қазақы қалып қашанда қызық».

Көп оқыған, көп білген адам күндердің күнінде дараланып қана қоймай, қоғамнан мүлде оқшаулана бастайды. Бәрінен де бұрын бәндәуи тірліктің кір-қоқысы мен байлық-шайлығынан ада-күде арылады, жан-дүниесін кәусар бұлақтың зәзәмімен жуып-шаяды. Рухтың жақтаушысы да, жоқтаушысы да, мен білсем, сол адам! Амал қанша, Асекең арамыздан ерте кетті. Арамыздан ерте кеткен адам аз ба?.. Күпірлік болмасын, бәлкім, Хақ қалауы шығар, әйтсе де «Сақтансаң сақтаймын»деген Алла аманатын да  қазақы ауыз қашаннан айтып келеді емес пе. Көп, өте көп білген сол Асекем неге аз, өте аз жазып кетті? Рас, себебін өзіне аудара салу оп-оңай, ал салдары қайда қалмақшы? Ілуде бір-ақ келетін, онда да қазақы пешенеге Құдайдың өзі бұйырта салған айтөбел азаматқа қандасы, бауыры есебінде біздер — үлкенді-кішілі замандастары нендей жақсылық жасай алдық? «Жақсылық» деген сөзді кім қалай түсініп, пайымдайды өзі? Дәл осы тұсқа келгенде тіліміз байланып қалады. Біріміз ділмәрміз, біріміз немкеттіміз, біріміз көкірекпіз, енді біріміз сол «тілді», жеме-жемге келгенде, жұмырымызға жұтып салып үн-түнсіз отыра береміз. Жарайды, әр адам хал-қадарынша — қайталанбас индивидиум болсын, ал Мемлекет ше? Үкімет ше? Тұтас қоғам, қазақы қауым ше? Жоғарыда айтқанымыздай, тіпті, қайыршымыздан дойыршымызға дейін Мемлекет адамы емесіз бе?! Жоқ, әлде, бұл ұлағатты ұғым, салауатты сана өнебойымыздан өре көшіп, өмірбақи қайта келмеске кетіп үлгерген бе? Бүгінгі сыбайы-сылтаң сиқымызға сынай бақсақ, солай сияқты. Күні кеше тағы бір дегдар жігітімізден айрылдық. Тіл-көз тиді ме, кім білсін...Бойында Ақтамбердінің арыны, Шалкиіздің шалығы, Махамбеттің дарыны бар-тын. Содан да болар, бағзыбіреулерден  тәп-тәуір-ақ «тая жеді». Мінсіз адам бұл дүниеде бар ма екен? Бар болса, «мына менмін!» десінші... Кешіре алмадық: «әруаққа тіл тигізді...», «астамшылдық жасады...», «артық кетті...», «сыйлық алу үшін жаза ма екен?..», т.б. Мен соңғысына ғана тоқтайын. Иә, сыйлық алу үшін жазады!!! Жазғаның Жаратқан иенің жарылқауы болса және ол жәми жамағаттың РУХАНИ игілігі мен қажетіне жарап жатса! Иә, мен оның «Шыңғысханның көз жасын» әлдеқашан оқығанмын, «Аспандағы ақ көбелектерін» енді оқып жатырмын. Иә, мен оны өзгелер сияқты дәп қазір мақтамаймын да даттамаймын да. Мақтасам—рухына ырзамын, ажалына наырзамын. Даттасам — Ақселеу марқұм айтқандай, «менің үкіметімді» даттаймын. Иә, менің Үкіметім—сараң, тым сараң, өте кеткен сараң. Шықбермес Шығайбайың жолда қалады! Әсіресе, қаны мен сөлін қатар сығып, оған көз жасын ағызып та тамызып отырып халқына, еліне, жұртына РУХТАН әлқадарынша сыбаға, сауға сыйлайтын Жазармандарға келгенде!!! Екі жылда бір ійитін ан..а..ау жақтың тас емшегі жылдан-жылға жылымшық жылғадай «жылап-сықтап», тіпті, ақыр-тақыр таусылуға айналды. Жазушы ағайында не қалды? Үзірлі үміт пен күмән-күдіктен өзге ештеңе де!.. Жалғыз талғажау — Тәңірі берген Рух тамызығы. Тағаты таусылып, тамызығы талауға түскен бір пақыр екінші бір пақырмен айтыспағанда, тартыспағанда қайтуші еді мұндайда? Бәлкім, Қарабай — Билікке қаламгерлердің осы қылығы қатты ұнайтын шығар? Қазір фейсбук деген қараңқалғырда өзінше «жылап-сықтап» жатқандардың қарасы біршама көбейіп тұр. Күні кеше солардың біразы Рахымжанды жерден алып, жерге салып еді... Ол ол ма, мына шыққыр көзім сол фейсбуктен «...Абайды сабаған Оразбайдың қолын сүйгім келеді!..» деген сөзді де оқыған. Талып қалған жоқпын, таң қалмағаным тағы да аян. Әй, заман-ай десеңші... «Қазақы қалып қашанда қызық...». Қайран, Асекем, қалып емес, анық айтқаныңа қайылмын да!..

***

Біздің елде, жалпы, Руханият адамының қоғамдағы орны бар ма, бар болса қаншалықты ықпалды деген сауалға кім не деп жауап бере алар еді? Иә, дәл қазір, ширек ғасырлық уақыт рабайында? Осы сұрақты сайдағы саяққа, ойдағы оқырманға емес, бір мезет биліктің тұтқасын ұстап отырған үлкенді-кішілі қандастарымызға қойсақ қайтеді? «Өй, Сіз де қызық екенсіз қайдағыны айтып... кітап оқу түгілі кісі танымайтын заманда?!» дерсіз шекеңізге сұқ саусағыңызды қадап тұрып. «Ол рас енді, - дермін мен де қайтпай қасарып, - білгім келіп тұрғаны...».

 Қайсыбір өркениетті елдерде, атап айтқанда, Қытайда, Оңтүстік Кореяда және Жапонияда мемлекеттік қызметкерлер, біздіңше айтсақ, әлгі «Мемлекет адамдары» орынтаққа отырардан бұрын міндетті түрде тарих және әдебиет пәндерінен емтихан тапсыратындығы есіме түсті. Әйтпегенде, мен өскен, өнген осы өлкеде қаншама тарихи, мәдени, дүнияуи бағзы баянаттар бар десеңізші?! Рухани көзіміз ашылмайынша, көне көмбелер көзімізге оттай басылмайынша, Қағанат қамбаларының кілті табылмайынша біз пақырдың көрген күні мен ой-өресі осы.

Өз басым «Рухани жаңғыру» баянын талқылауға /талдауға болар/ мүлде қарсымын. Керісінше, оны әрі қарай әркім өз шама-шарқынша, пайым-парасатынша ойда қорытып, бойға сіңіріп, алпыс екі тамырына тарата алса, қажетіне жарата алса, сол олжа! Науқандық шара, тағы да айтуға тура келеді, рухани азыққа қашанда қарама-қайшы. Рухсыз ел, ғұрыпсыз жер  бар ма? Өзімізде, қанымызда, ел-жұртымызда ежелден бар табиғи һәм тәңірия танымға деген көзқарас,  біздің  ұғымымызда басқаша болмағы лазым.

Алла тағала Адам атаны жаратқанда оның бойына имани, рухани қасиеттердің бәрін сыйғызған. Ал Дін, Саясат ақылы мен айла-амалы қашанда арнасынан асып-тасып жататын, сол үшін де сайтанның азғыруына қайта-қайта ұшырай беретін адамзат баласының бертін келе ойлап тапқан «жаңалығы». Талайғы тарихқа көз салсаңыз, соғысыңыз да, сойқаныңыз да осы екеуінің ұясынан ұлып шығатынына күмәніңіз қалмайды. /«Тау мен тасты жел бұзар, адамзатты сөз бұзар»/. Алладан тыс ойлап тапқан адами, бәндәуи әрекеттің бәрінде де берекет шамалы. Аллаға ризашылық—адами Рухтың бірден-бір азығы. Хазірет Матуриден: «Иман Рухпен бірге ме,  бөлек пе, әлде, Денеге/Тән/ қатысты ма?» деп сұрағанда: «Иман Рух пен Тәнді тұтас қамтиды» деп жауап берген екен.

***

Адам болмысы әрқилы. Кейбір кеуде түрме сияқты. Кеуде ішінде келім-кетімсіз жата берген соң күндердің бір күнінде тасқа айналады. Тасқа айналған жүрек анау-мынауға ерімейді. Еріген күнде де бәрібір балқымаға айналады. Тастүнектегі балқыманы мумияға балауға болар. Перғауындардың сүйегін мумиялап сақтауды ежелгі египеттіктер осы рабайда үйренсе керек. Қазір бұл әдіс бізге жаңалық болудан қалған. Жаңалық—жүректің қарадай тасқа айналуында! Сонда деймін-ау, әлгі ауызға үрлеген Алла демі — әзіз Рухымыз қайда қалмақшы? Тағы да жер-дүниені шарлауға тура келеді. Тыныштықбек Әбдікәкімұлы «Ұлттық йс пен «Көптілділік» һәм ұлттық идеология» атты мақаласында РУХТЫ бірер тарам, тармаққа бөліп, әрқайсына тиісінше анықтама береді. Болжам атаулы мұнда жоққа тән. Еркек пен Ұрғашыны «Қош еге» және «Кеж еге» дей отырып заман, уақыт көзімен екі аралықтағы аумалы-ауытқымалығына оқырман назарын аудартады. Қаншалықты «қатын бастаған іс қараң қалады» десек те бұлтартпас шындыққа мойын ұсынуға тура келер. Кежегеміз кейін тартса да «Кеж егенің» пенделік, психологиялық ықпалы мен үстемдігін, тіпті, қажеттігін сезіне бастағанымыз өтірік емес. Күні кешегі азаттық /тәуелсіздік/ алған аумалы-төкпелі кезімізді еске түсіріңізші. «Үйқамақты» қолдан жасап алған еркеккіндік ағайын нәйеті бірер жылдың ішінде «отағасы» лауазымынан айрылып қалған жоқ па? «Қатын-бала қамы үшін» қап арқалаған қазақ әйелі қаңғырып қайда бармады?.. Жаратқан ие әубаста сыйға берген сұлу сымбат сұмпайы сұрыққа айналса, оған кім жазықты? Мұны Дума депутаты, ақжелең ақын Евгений Евтушенко, өзгелер мыңқ етпей отырғанда: «Біз, масқара болғанда, орыс әйелін құбыжыққа айналдырып тындық» деп жан дауысы шыға айтқан жоқ па еді? Дәндеген науқас дәніккіш, асқынған ауру әмбешіл келеді: «нәзікжандылардың» сол белсенділігі әлі де өз «тағынан» түсе қойған жоқ. Автор сөзімен айтсақ: «қатынбасшылар ақыр соңында «Ауыс-Ес, Ауыс-Есуас» терминдерін дүниеге әкелді. Ал «Есуас рух» өз кезегінде тілдің, сананың, сезімнің Рухани-парасаттылық күш-қуатына су құйып тынды».

«Ұлттық Рухтың» - «Қош-Егеліктің» орнын «Кеж-Егелік» басқаннан бергі кезеңді Абай былайша ажуалайды:

 «Қу қатының майысса, мәз боласың,

  Шайтанның шәкіртінің қылығын-ай!..»

«Бұл пәле сол кездің өзінде басталған екен-ау» дейсің дымыңды ішіңе тарта шамданып. Ұлы Рухтың ұсақтап кеткені соншалық, Тыныштықбек оны көз алдыңда жіпке тізіп береді: ауыс—есі ауыс, есуас, есірік... Бұл Рухтың адам, қоғам болмысындағы азғын-тозғындық халге түскендігінің аянышты ахуалы десе болғандай. «...Әлем түгелдей отырықшыланып /кежегеленіп/ үлгергендіктен Жаһандық рух та келешекте құбыжық күйге ұшырауы бек мүмкін» дейді ақын.  Бұған Абайдың «Ел бұзылса, табады Шайтан өрнек» деген ащы, уытты уәжін қоссаңыз, қазіргі біздің «болып-толған» ұсқынымыз қамшымен көзге ұрғандай баттиып-ақ көрінеді. «Өркениеттің басты көрінісі—Адамершілік, ал Өмір хайуандар үшін күрес, адамдар үшін жарасым» дей отырып Тыныштықбек мына бір іштегі шырқыраған Шындықты алғаусыз алға тартады: «Қошегелік һәм Кежегелік қабілеттері өзара итжығыс күй кешетін «Екіжүзді Рух» сүгіретіндегі елдерде әлеуметтік ереуілдер мен мемлекеттік төңкерістер жиі болып тұрады».

«Әлеуметтік ереуіл... Мемлекеттік төңкеріс... мұны түпнұсқасында ғана емес, астарлы кейіптегі «сананың сарқылуы салдары мен сезімнің семіп-сөнуі себебінен» деп те түсінген абзал-ау, әсті... 

***

Жарайды, ділмарлықты қоялық та шынға көшелік. Тосын емес, төте сұрақ: «Бізде идеология бар ма, жоқ па?» «Біз жүргізіп отырған саясат идеология емей немене?..» деді бір «халық қалаулысы» мінбеде өзеуреп. Ал Конфуций: «Ең үлкен саясат—тәрбие» депті баяғыда. Ал біз: «...ең үлкен тәрбие—саясат» деп  кері кергиміз, түйе тұқымынан туған пәтшағардай, қолдан проблема жасап. «Сасық ми, салқын жүрек санасыздар

Алаңсыз ақ малтасын езіп жатыр...» дейді Ахмет Байтұрсынов Әлихан Бөкейхановқа арнаған өлеңінде. Көрген көзде жазық жоқ, күні кеше фейсбуктан көзім шалды: менің бір қора «қаракөздерім» орекеңнің «Шоқынды суына» шомылып мәз болып жүр екен. Иә, кәдімгі, Рождество күнінде! Көріп көнбеймін, сеніп сенбеймін...Шалшық суға тоғытылып жатқан  қоңыр қойларым-ай десеңші!.. Пақырлықты қайдам, парықсыздық деген осы. Әлгі судың гигиеналық жай-күйін, тіпті, кодтық /дуалық/астары мен құпиясын, одан да бұрын бұл масқаралықтың исі мүсілім қауымына мүлдем жат екенін білмегені ме бұлардың? «Сасық ми, салқын жүрек санасыздар»...Жаңа ғасырдың жаңа қазағы. Мұны да «рухани жаңғыру»ға жатқызамыз ба? Интернетте шек, шекара деген болмайды, ертең естіген, көрген елге не бетімізбен қараймыз? «Қазақтар шетінен шоқынып жатыр!..» демей ме? Ұлттық нұсқаға жұққан қара таңбадан ауыр күнә, залалды зақым бола ма? Ең нәуетек нәкәс қылық—адамның да, қоғамның да өз-өзіне кешіріммен қарауы. «Құдай кешірсін...»--қазақта бұдан артық  «қанатты» сөз жоқ!.. Қатып қалған қасаң қағиданың қамшыгері—залалды-зардапты заң да жоқ дей алмайсың. Сол заң тармақтарының қайсыбірі құлдық психологиядағы адамды зейнет есігінен сығалатпай, бейнет бесігінде құндақтау үшін әлдекімдердің әлімсақтан бергі әдейі ойлап тапқан әдіс, амалы. Өркениеттің төрінде отырған Америкалық «демократияның» шынайы көрінісін білмей, сезбей жүргеміз жоқ. Ал орыс ағайын оның ұштығына бағзы-баяғыда-ақ жетіп болған. Қазір де жанталас күйде. Кешегі «Ұлы империя» жатса түсіне, тұрса ісіне маза бермейді: «Қайтсек қайта туамыз? Қайтсек белді буамыз?». «Ұлы»мен уланған ұлт ұлуын қоймайды. Айға қарап емес, байға қарап. Иә, біз баймыз, Шерағаң айтпақшы, «алтын сандықтың үстінде отырмыз». Алуға бар, беруге жоқ «құдай қосқан» көршілердің көмейлеткен «Көкейтестісі» осы. Өзімізге де обал жоқ: ел болып, есімізді жияр-жимаста «бізде Менделеев элементтерінің бәрі бар!!!» деп жер-жаһанға жар салдық. Аңқау, аңғал, адал қазақтың байырғы «балалық ауруына» басып. «Ертеңін ойламаған еркектен без...» деуші еді сол қазақ. Енді, міне... қарыз, парыз алдында ағзамызға ас батпай отыр. Қарыз өтелер, ал парыз?.. Аңыз-шыны аралас бір әңгіме ойға еріксіз оралады.

Байлығы асып-тасқан бір саудагердің жалғыз баласы болыпты. Күні бітіп, соңғы демі шығар шақта ұлына үні үзіле-созыла былай депті: «Балам,  апта сайын қатын ал, қала сайын үй сал, жиған-терген байлығым саған аманат...» депті де үзіліпті. Ал аманатқа қиянат жүрмейді. Баласы әкесінің айтқанын қалт жібермепті: ажарлы ұрғашыға үйленіп, базарлы қалаға үй салып дегендей, әке мұрасын оңды-солды, олай-былай қалағанынша шашып-төгіпті. Есепсіз есірікке, қисапсыз қызықшылыққа не дауа—аз өтпей-ақ сандықтағы алтыннан, қазынадағы қаржыдан түк қалмапты. Тақ-тұқ таусылып, таз-тақыр күйге түскен байғұс бала сонда әкесін былай деп тілдепті: «Әкем де емес, бөтен де емес, нағыз сатқынның өзі екенсің! Сенің айтқаныңды айнытпай орындаймын деп, міне, оңалудың орнына омалып отырғаным...» деп бір басын екі қолымен тоқпақтай бастапты. Мұны көрген келіншегі: «құлағаннан құл шықса да жылағаннан дым шықпайды, одан да анау ауылдың шетіндегі қарияға бар. «Әкең өлса де әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген, бір ақылын айтар...» депті. «Е, бұ да жөн екен» деп ақсақалдың алдына барып, шарт жүгініпті. Бәрін тыңдап болған қарт сақалын сумалап отырып: «әкең марқұм ақылды кісі еді, амал не, аманатын дұрыс аңғармапсың. Еркек түздің адамы, жолсапарда жүрсең айлыққа айлық, байлыққа байлық қосылады. Барған-жүрген, қонған-кірген үйіңде дос арттырасың. Досыңның үйі—сенің үйің. Әкеңнің «қала сайын үй сал» дегені осы. Апта бола ма, ай бола ма, досыңның үйінде аунап-қунап, жата-жастанып жатағыңа қайта оралғанда сағынысқан қатының көзіңе қыздай көрінеді. Марқұм әкеңнің «апта сайын қыз ал» дегені осы еді, балам» депті. Біздікі—емеурін, аржағы: «...ішің білсін, Алуа-ай»...

«Мал тапқанша есеп тап» деп мақалдатса, қазақ дүние-байлықтың қадірі мен қауметін  бұрыннан білген, көңілге ілген. Оқыған, тоқығаны көп бүгінгі «білімді» мына біз болмасақ. Даланы малға да, жанға да толтырған сол қазақ ішер асты, киер киімді біреуден сұрауды ар көрген, кеудесін намыс кернеген. Демек, кешелі-бүгіннің аралығында бір кілтипан бар. «Заман басқа, заң басқа» демекші, сол кілтипанның бізге бек қатысты екенін білмейді емеспіз. Ең бастысы, өлшемді өмірде мөлшерсіз ештеңе болмайды және болуға тиісті емес. Ағысқа қарсы жүзер әл мен хал бізде бар ма? Әңгіме осында!.. Ал алпауыт елдер ешкімге дес берер емес. Айдаһардың араны тағамды талғап ішуден қалған. Тәбеттері адам айтқысыз...Сарыбауыр диабет пен сайтани дебатттың арасы күн санап ушығып  келеді. «Ойыннан от шығар» дегендей, бұл саяси ойынға ауызда алдаспаның  бола тұрып сойылмен шыққаның сорлылық һәм сорақылық! Өнер, Ғылым, Мәдениет, Әдебиет, Білім...міне, Ғаламшардағы Идеологиялық алаңның «қажымас, қайта айнымас» қаһармандары осылар!!! Бәрінің алар азығы да, алтын қазығы да—РУХ. Ақиық ақын Мұқағали: «Саясаттың иесі болса, Өнердің тәңірісі бар. Талант әрқилы, бірақ Құдайымыз бір» десе, дәл осыны алдынала сезіп, біліп айтпасына кім кепіл?.. Бұған сонау атамзаманғы Сократтың: «Өнерден жақсы, білімнен үлкен, ұяттан сұлу нәрсе, қызғаныштан артық жау жоқ!» деген даналық дәрісін қосыңыз.

***

Ширек ғасырымыз экономикалық хал-ахуалымыздың «жыртығын жамауға», «тыртығын түзеуге» кетті. «Өз күніңді өзің көр»дің залалын қайдам, зардабын кешердей-ақ кештік. Тұрмыс түзелмей қылмыс азаймайтынына да әбден қанықтық.. Бәрінен де рухани «қылмыстың» зардабы зар қақсатты. Қылмыс әлемінің бұл өзгеше түрін бұрын-соңды көрмегендей шын дағдардық. Дағдарғаны сол—кітап оқуға құлқы жоқ, өз тарихымызды өзіміз зерделей алмайтын, өз мәдениетімізді өзіміз менсінбейтін, өз «Ғылымхалімізді» өзіміз шекара таппай шегеретін, өз ілім-білімімізді өзіміз мансұқтайтын мінез-құлықты бойға жұқтырдық. Діни-рухани, ең бастысы—Имани келбет-өңімізге түскен ақау қандық /генетикалық/кодымызға қол салды. Қазақ толайым-толық  урбанизацияланып болды десек, қателеспейтін шығармыз. Болмыс бояуы алабажақ. Ұлттық үрдіс-дәстүр далиған дарқан даламыз түгілі оның  мозаикалық моделі—сахнаға да  сарғайтып шығатын болды. «Біз надан ғып өсірдік иектегі сақалды...» Сақалдыны былай қойғанда, «надан» деп көрші біреуге—ата жауына айналасың! Жалған намыс, көкайбат көкірек, ақикөз астамшылық анадайдан андағайлап шыға келеді. Бір қарасаң, мешіт те көбейді, намазхан ағайын да аз емес, бірақ, бәрібір ішкі дүниемізде өзімізге  ұқсамайтын ұрдажық ұсқынсыз дүмі шолақ бір дүлей бар. Кейде жетегіне, кейде етегіне емекситініміздей бұл не, кім сонда? Екі қазақтың арасына аңдаусызда кіріп кеткен Елесті/бәлкім, Жын шығар/ жан ағзасынан аластап болмай алғанымыз жұқпайды-ау, бергеніміз қайтпайды-ау, расы...Жадымыздан жаңылдық демесек те, жолымыздан жол-жолай кері-кейін бұрылған шығармыз. Бірақ бұл айып емес. «Адасқанның алды—жөн, арты—соқпақ» та емес. Жаңғыру амалын Жаңару талабымен ұштастырсақ, ұшпаққа жетпесек те ұшаққа мінгендей болар едік-ау...

 Қазақта бағзыдан келе жатқан бір үрдіс бар: үйден ұзап жолға шығарда  жараулы аттың бірін ерттеп мініп, екіншісін ылауға алады. «Ауру қалса да әдет қалмайды» екен, бұл жолы да біз сол әдетті алға оздырдық. Саясаттың сәйгүлігіне салт міндік те, салтымызға сайма-сай келетін Салкүреңді ылауға алдық. Атқа мінген қазақты аттан аунатып түсіру оңай емес, өзі түспесе...Енді, міне, ұзақ-сонар жолға керекті дәм-тұзды айтпағанда, рухани қоректі ұмыт қалдырғанға ұқсаймыз. Қайта қайрылуға уақыт мұрша бермейді. Енді не істеу керек? Салт міністі, сабау қамшылы қазақ не көрмеген?! Бойға сіңген, ойда жүрген қандағы қасиет пен санадағы салауат  жалпы Көкбөрі жамағатының ежелгі жан азығы емес пе еді?! Ендігі харекет-берекетті осы тараптан іздесек, іздей жүріп тапсақ игі. Табуға тиістіміз де! Бір көшті Балқантаудан ары асырып тастамасақ та әлемдік қауымдастықта атымыз ауызға ілікті, затымыз кәдеге жарады. Қараусыз қаймана, елеусіз ел емес екенбіз. «Алланы танудан бұрын әуелі өзіңді таны» дейді хадис қағидаты. Ал өзімізде не бар? «Жоқ»ты Алла сүймейді, ал «бардың» салмағы ең алдымен денеге емес, санаға түседі. Солай екен, «Болашаққа бағдарды...» былай қойғанда, Рухани жаңғыруды әрі қарай жалғап әкету үшін де, амал жоқ, бірер адым артқа шегінуге тура келеді. Өткеннің бәрі құнсыз деу әбестік. Бізден гөрі қытай жұрты мұны ерте ескерді. Ескергендіктен де әлгі «ескіргенді» өз қажетіне жарата білді, жаратып та келе жатыр. Олардың кешегі Құрылтайы бәрімізге осы бағытты аңғартты. Көршінің бүгінгі әр саладағы жетістігінің бір «сыры» бұл. Онсыз да «Екі қарап бір шоқу» құсқа ғана тән еместігін бүгінгі өмір ағысы қапысыз аңғартып отыр. Несін жасырамыз, кешегі кеңестік кезеңде, әсіресе, ғылым, білім саласы  адам, қоғам қажетін өтеуде әдеуір биікке көтеріліп еді. Ресей жұрты әлі күнге дейін сол малтаны малданып келеді. Себебі біреу-ақ: монументальды ескерткіш құлағанмен, тұғыры қалды. Тұғыртақ—жәй ғана екі сөздің қосындысы емес, пәлсапалық мән-мәністі меңзейді. Ал бізге—дербес тәуелсіздікке ие болған елге бұдан былай өз ғұмырымызға лайықты өз тұғырымыз болуға керек. Ширек ғасыр бойы еліктеу, солықтау әдеті мен әлегінен арыла алмай келе жатқан ел-жұртты кім елеп-ескеруші еді?

Ғылым мен Білім—бір-бірінің арасына сына қағуға келмейтін  егіздің сыңарындай екі сала. Ал біз бөлдік. Соның салдарынан бірінде таусылмайтын-бітпейтін әсіре реформа белең алса, екіншісінің ұжымды ұйым, ұйытқылы шаңырақ болудан қалғаны қашан...

«Өзің үлкен, қылығың бала-шаға,

Балаша мәз боласың тамашаға...»/Абай/ демекші, Ілім-Білім базбіреулердің бейбастақ ойнағы емес, керісінше, әлемдік ауқымдағы ұлттық дәреже-деңгейіміздің рухани ашық майданы! Ал Тарих... «Шексіздік шежіресі» деген болады—қазақ деген халықтың кешелі-бүгінгі және ертеңгі Ғұмырнамасы! Сол ғұмырнаманың өткендегісін, кешегісін бүгінмен  әдіптей білу де бір өнер. «Бізде қазір тарихшылар әулеті бар ма, бар болса қайда жүр?» деген көлденең сұрақ мені ылғи мазалайды да жүреді. Олар, әрине, «бармыз» дейді. Бірақ дауыстары шашыраңқы, бытыраңқы, құлшынып емес, құмығып естіледі. Өйткені, бірі оқу орындарында лекция оқып жүр, бірі үй ішінде әлденені зерттегенсіп жүр, бірі әлдекімнің диссертациялық «еңбегін» жазумен әлек, бірі, тіпті, шен-шекпенді де керек қылмай шетел асып кетті... Обалы не керек, олардың кәсіби, азаматтық миссиясын біраздан бері бірегей жазушылар атқарып  жүр. Ол баршамызға аян. Осыдан болар,  қайсыбір өзекті, өртті, дертті мәселелерге келгенде ортақ пікірге табан тірей алмай, көбіне итжығыс түсіп жатамыз. Кешегі Әмір Темір, бүгінгі Шыңғысхан турасындағы әралуан пайым-пікірлердің бірден-бірге, күннен-күнге ұсақтап, тіпті, фейсбуктік тайғақ., таяз тақырыпқа айналып бара жатқаны жүрекке жүк түсіреді. Шындығында, солай болуға тиіс пе еді?! Адамзаттық ауқымдағы ұлы Рух иелерімен мұншалықты ойсыз, ождансыз ойнау, айтыңызшы, кімге опа беріпті?! «Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?..» демекші, Шыңғысхан мен Әмір Темірдің шындап келгенде /бірі бесінші, екіншісі сегізінші/ бір атадан/Тұманайхан/ тарап, табысатынын екінің бірі біле ме екен? Білгішсіп, ділмарсып жатқан біз жоқ, бірақ әңгіме ауаны ата тарихымыз, баба шежіреміз жайында болып отырған жоқ па? Ендеше, Білу, Тоқу, Зерделеу ұғым, танымдары мақсат-мүддемізбен табыса, қауыша келе ой-санамыздағы Жаңғыру, Жаңарумен егізқатар жүріп отырса, кәні?! Осыдан келіп тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні туады: Білім мен Ғылым-рухани өміріміздің құрамдас бөлігі. Өрісі де, өресі де бір мақсат, бір бағытта. Құрылымдық өзгеріс өзінен-өзі сұранып тұр. Ширек ғасырлық өмірлік іс-тәжрибе осыны талап етеді, яғни, Ғылым, Білім министрлігін жаңадан жасақтау керек. Тағы да айтамыз, бұл өте маңызды шаруа. Дәл осы бағытта Спорт және Туризм, Мәдениет және Әдебиет министрліктерін өзара жұптастыру да, сөз жоқ, күні ертеңгі жемісін бермек. Шындап келгенде, осы аталған қадау-қадау салалардың қай-қайсы да жеке-жеке, дербес отау тігуге әбден лайықты. Келешекте солай болуы да талас тудырмайды. Жаңғыру, Жаңару тандемі ерте ме, кеш пе осыған алып келеді!

Иә, көзіңізден оқып тұрмын: «Мәдениетке Әдебиетті қосақтағаны несі, мынаның есі дұрыс па?» дегіңіз келеді. Ортаға ой тастаймын десеңіз Сіздің де еркіңіз өзіңізде, бірақ, ешкімге қылдай қиянаты жоқ, жазған-сызғаннан басқа жан баласына азар-безерсіз ақын-жазушылардың  онсыз да шектеулі шеңбер, өлшеулі өмірден мүлдем шетқақпай қалғаны санаға сіңбейді, көңілге қонбайды, нанымға нақолай!!!

 Рас, Одақ бар, Жазушылар үйі бар. Бірақ, басқаны қайдам, маған сол Одақ үйі кейде аяқдоп алаңына ұқсап кетеді: алаң бар, бірақ ойын жоқ. Ойын жоқ болған соң «жанкүйері» де жоқтың қасы. Баяғы, баяғы емес-ау күні кешегі тіршілігі тынымсыз, қан қызуы қызқайнап жататын ғажайып ғимараттың сырты сұлық, іші суық. Аңдамай кіріп жаурамай тоңатындайсың. Абыз ақсақалдарымыз бен ақиық ағаларымыз еске түседі. Бірі кіріп, бірі шығып жүретін Рух сардарлары! Олар кетіп, біз қалдық. Сардар тұрмақ сарбаз санатында бармыз ба, жоқпыз ба, бір Аллаға аян. Бірақ...көңілге күмән ұялайды: Рух қайда? Онсыз көкірек іші көмескі. Рух түгілі Қарлығаш та ұя басар алдында үй іздемейтін бе еді?! Өмір көркі кірпияз, Алла дәргейі екінің біріне түсе бермейді. Қыдыр—қонақ қасиетті шаңыраққа қайта оралса игі... Сол үшін де біз, әлгіндегі айтқанымыздай, Мәдениетке Әдебиетті егіздің сыңарындай жұптастырғалы отырмыз. Екеуінің арасы аспан мен жердей болса, сөз шығындап неміз бар?! Мәдениет—күнделікті рухани өміріміздің айнасы, ұлттық , мемлекеттік идеологиялық  кеңістігіміздің  өлшемі мен мөлшері,  қоғамдық этикалық, эстетикалық таным, тағылымның қайнар көзі. «Ең әуелі СӨЗ болған» деген діни-рухани, имани ұғымға ден қойсақ, адамзат өркениетінің бастапқы баспалдағынан бері қарай Әдебиеттің де тууы, өсуі, дамуы, қалыптасуы заңдылық болып шығады. Қазір Ол—біздің рухани ағзамыздың ең қажетті, бірден-бір азығына айналды. Көркемсөз дейсіз бе, қарасөз дейсіз бе, өлеңсөз дейсіз бе, көсемсөз дейсіз бе, драмалық шығарма дейсіз бе.., құдай-ау, тіршілік тамыры қанша болса, оны да сол тараптан табыңыз! Демек, жоғарыдағы ұсыныстың жаны да, жөні де бар.  Одақ/Жазушылар одағы/сөңген ошақ емес, күретамыры болмаса да бірер тамыры қазір де лүп-лүп соғулы. Ал енді оның өнбойына қалайша толайым қан жүгіртуге болады? Ортаға салар нақты ұсыныс, пікір, іс-тәжірибе керек. Ынта-ықыласқа лайық қаржы-қаражат керек. «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңданың» емурінін есті құлақ естісе игі. Анық жаңғыру, жаңару үрдісін үкілеп санатқа қосқан екенбіз, сараңның сансыз себебі мен салдарын сағызша шайнап ауыз көпіртудің қажеті жоқ. Атамзаманғы Сократ былай депті ғой: Өнерден жақсы, білімнен үлкен, ұяттан сұлу нәрсе, қызғаныштан артық жау жоқ!..» Дуалы ауыздан уәлі сөз шығады: өнер мен білімді ұштастырамын десеңіз—кітап оқыңыз. Қу құлқынның құлы болам десеңіз—ұяттан безіңіз. Ал қызғаныш—өзіңіздегі барды  өзіңізге  қия алмай қиналуыңыз.

***

Әдебиет... Рухани өмірдің Ай көркіндей айшықты әлемі! Ішіңіздегі кір мен кірбеңді кіршіксіз тазалайтын да осы бір баға жеткісіз байлық. Жылататын да, жұбататын да Сөз құдіреті! Адамзат баласына ғана берген Алла нығметі...Ана әлдиі мен адамзат әнұранының аралығында қаншама дүри-гауһар дүние жатыр десеңізші?! Ал біз...көре көзге жылдар бойы жинаған осынау жан жиһазын жалған дүниенің жасымықтай жылтырағына бір-ақ сәтте алмастыра салмақпыз. Бұдан артық қиянат, қылмыс бола ма?..Артық кеттің деп кінәлай көрмеңіз, бұл—бүгіннің ғана әңгімесі емес, керек десеңіз, қозын қозғап жіберсеңіз қызыл шоғы өзекті өртей жөнелетін өкініш аралас өксік.

«Алма, піс, аузыма түстің» заманы әлдеқашан өткен. Шығарма жазу кәсіп пе, нәсіп пе?—алдымен осыған жауап іздейік. «Жыламаған балаға емшек қайда?» деген сөз де ойдың бір ұштығында тұрса игі. Ширек ғасыр бойы «жылап» келдік, бірақ /«жетім бала тасбауыр»/ көзімізден жас шыққан жоқ. Әлдекімнен әлденені күттік, дәметтік. Жазып жатқанымыз да, «инемен құдық қазып» жатқанымыз да рас. Екеуі де оңай емес, қиын, әрі-беріден соң азап. Біреуге бұл «ауру», ендігі біреуге «Алла сыйы». Әйткенмен, екеуі де «бір құдайдың бәндәсі». Ал енді сол «бәндәңіз», мейлі, жоғарыда айтқанымыздай, «Мемлекет адамы» болмай-ақ қойсын, бірақ Қазақ елінің білдей бір азаматы емес пе? Мұны қалай естен шығарасыз? Шығармашылық адамы/толық мәнінде/ санатында ол да /жалпақ сөзбен айтқанда/ қызмет қылып, еңбек етіп жатқан жоқ па?! Өзі өмір кешіп жатқан елдің барын байытып, жоғын жоқтап дегендей. Олай болса жазған құлда не жазық? Ол өз кәсібіне сай нәсібін кімнен іздеп, кімнен талап етуі тиіс? «Адамгершілік—Иманнан» дейді хадис қағидаты. «Имантаразы» дейді атам қазақ. Иман—Таразы. Демек, Иман кәсіпке, Таразы нәсіпке лайықты. Әрі қарай қаза түссек, кәсіп—кісі еңбегі, ал нәсіп—кісі ақысы болып шығады. Нарық жүйесінің өз заңдылығын қайта-қайта ауызға алып, алға тарта беретін қайсыбір сыңарезу қандастарымыздың осыны сезіне отырып түсінгісі келмейтініне таң қалмасқа лажың жоқ. Түрлі түсті амал-айла іздейді, тіпті, күнделікті қызметін былай қойып, алыпсатар саудагерге айналғысы бар. Мәдениет министрлігі өкілімен Ұлттық кітапханада өткен кездесу осыған анық-қанық көз жеткізді.

Осыдан келіп Одақтың ішкі және сыртқы жұмысын бүтіндей жаңарту, жөні келсе, жақсарту міндеті туындайды. Ең алғашқысы—нарықтық жүйеге толық бейімделу. Екіншісі—шығармашылық Одақ пен баспалар жұмысын орталықтандыру арқылы жарық көрген рухани өнімді тарату, өткізу және сату жүйесін қайта қалпына келтіру. Үшіншісі—алыс-жақын шетелдермен әдеби-мәдени, рухани байланыс: аударма мәселесі, әдебиет агенттігі, кітап насихаттау бюросы, т.б. Төртіншісі—Жазушылар Одағы жұмысын бүгінгі және ертеңгі талап, талғамға сай толығымен модернизациялау,т.б.

***

Алматы қаласының ежелден бергі бір есімі—Руханият бесігі. Астана дүниге келгеннен бері бұл есім жаңара, жаңғыра түспесе, әсте ескірген жоқ. Шетелден келген әрбір қонақ алдымен асқақ Алатауға, оның құзар шыңындағы ақ  қар, көк мұзға, одан қала берді, баурайындағы арша, шыршаға, етегіндегі бақша-бауға көз қандырады. Жаратушы иенің құба-құп құдіреті! Бәрінде де мәңгілік қозғалыс, жаңару һәм жаңғыру бар! Бәрінде де Алла тағаланың әуез, үні бар: дабыра-даңғазасыз, у-шусыз... «Есітіп қана қойма—ләззатан, рухтан, тыңдап қана қойма, көкірегіңе құй, өліп-талып сүй...» дейді жаңғырыққа бергісіз бір жалынышты үн, жанға жайлы  жалбарын. Табиғат тылсымы, Тәңір ие тәмсілі: Ана бесікті тербетеді, Алла әлемді әлдилейді! Содан да Алматы сәулеткер суретшілер, дәулескер күйшілер, ақиық абыздар, ғұлама ғалымдар, шаһбаз шайырлар шаһары!

Осы Алматыда «еңсесі биік ақорда» демесек те көненің көзі, жаңаның өзі дерлік ауқымды, аумақты бірнеше зәулім ғимараттар бар. Ұлттық кітапхана, Республика сарайы, Жазушылар одағы, Әкемтеатр, «Қазақфильм» киностудиясы, Балалар мен Жасөспірімдер театры, Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы педагогика универстеті және бұрынғы Ғылым Академиясының ғимараты. Қай-қайсысы да Руханият ордалары мен ошақтары. Осыдан келіп ой туады: жаңа мазмұн, соны сипатты оңтайлау мен орталықтандыру мақсатында Ғылым Академиясын қайта құрып, оған «Руханият орталығы» мәртебесін неге бермеске?! Жоқты іздейтін кез келмесе, барды мансұқтайтын мезі мезгілден әлдеқашан өтіп кеттік емес пе? «Ел боламын десең—бесігіңді түзе» демейтін бе еді Рух сардары Мұқаң?!  Ал Аллаға разылық—адам Рухының азығы...

***

- Бар шыдамым таусылды, тамшыдайын Шындығыңа зәрумін, Жаратушы ием,--дедім мен жылап тұрып.

- Шындық дейсің бе? Ол сенің осы тұрғандағы көз жасыңда,--деді, Жаппар ием,--көп жыла, жылай түс! Көктен жауған жаңбыр—Жердің нәрі, көзден аққан жас—шердің дәні. Екеуі де зая кетпейді, ақырын күт, ақырын...

Айтқандай-ақ, бұлттан тамшы үзілді. Кірпікке моншақ тізілді. Тырс-тырс...лүп-лүп соққан жүрегіммен үндес дүние.

Шындық өзімде екен!..

Исраил Сапарбай