25 жел, 2018 сағат 05:13

Ismet.kz-тің арқасында жаңа нарық көздері ашылады


Бизнесті басқарудағы қателіктер, нарыққа шығудың қиындығы, серіктес табудағы кедергілер, сенімсіздік, кадрлар тапшылығы – еліміздің бизнес саласындағы басты проблемалар. Осындай түйткілді мәселелердің түйінін табу үшін Қазақстанда ашық цифрлық платформа жүзеге асырылуда. Оның негізгі мақсаты –шағын және орта кәсіпкерлігін қолдап, дамыту. Бұл айтулы жоба «Қазақтелеком» АҚ-ның бастамасымен биылғы жылдың тамызынан бастап жүзеге асуда.

Аталған ашық цифрлық алаң Ismet.kz деген атауға ие. Бүгінде бұл портал кәсіпкерлер қауымына өз қызметтерін ұсынуда. Мәселен, маркетинг, электронды сауда, онлайн құжат айналымы, кеден процедуралары, кадрлық мәселелер, субсидиялау, несие алу, аудит, бұлтты бухгалтерлік есеп пен аппараттық кассалық есеп және басқа бизнеске қажет қызметтер.

Ismet.kz-тің басты ерекшелігі неде?

Бүгінде елімізде кәсіпкерлерді қолдайтын 20-дан астам әртүрлі орталықтар бар. Дегенмен, шағын және орта кәсіпкерлікке арналған ашық цифрлық платформа (Ismet.kz) – барлық ресурстарды бір орталыққа шоғырландыра алуымен ерекшеленіп отыр. Яғни, «бір терезе» принципі бойынша жұмыс істеуде. Қыркүйек айынан бастап 1300-ден астам компания тіркелген. Болашақта 370 мың кәсіпкерді тарту көзделуде. Аталмыш платформаның аясында отандық тауар шығарушылардың өнімдерін экспортқа шығару жеңілдей түседі екен.

Әлемде қандай цифрлық алаңдар бар? Олардың ең үздіктеріне қай компаниялар жатады?

Accenture жүргізген зерттеулерге сәйкес, дәстүрлі және шағын кәсіпкерлікте цифрлық платформамен жұмыс істеу әлеуеті жоғары деңгейді көрсетіп отыр. Алайда солардың 10 пайызы ғана жақын арада табысты болады деп болжануда. Сондай-ақ, 2020 жылға қарай экономикалық платформа бойынша Қытай, Үндістан және АҚШ мемлекеттері үздіктердің қатарынан көрінеді екен. Агенттіктің зерттеуінше, Fortune  тізіміндегі компаниялардың 15 пайызы өздерінің бизнес-модельдерін цифрлық платформаның негізінде 100 пайыз деңгейінде дамытып отыр. Бүгінгі таңда әлемдік аренада цифрлық платформаға көшкен компаниялар легі артып келеді. Солардың ішіндегі алпауыт компаниялар – америкалық Amazon мен қытайлық Alibaba компаниялары. Осының арқасында олардағы бизнес-модель өте жоғары деңгейде дамыған. Компаниялардың табысы артып, олардың дамуына барлық жағдай жасалған. Бұған қоса, кореялық Bizmeka компаниясы мен  сингапурлық Mybusiness кәсіпорны да цифрлық платформа бойынша жұмыс істейтін үздік компаниялардың қатарынан көрініп отыр. Bizmeka, Mybusiness, Alibaba және Amazon компанияларының цифрлық платформасының мақсаты – тауарлар сатуға, маркетинг, жеткізушілерді іздестіру, бухгалтерлік есеп және логистика саласында қажетті қызметтерді бір орталықтан алуға жағдай жасау.

Қазақстандағы цифрлық платформаның жағдайы

Ал отандық сарапшылар қауымы болса Қазақстан бизнесінің цифрлық платформаға көшуі тауарайналымды 30 пайызға арттырады дейді. Сонымен қатар, іскерлік белсенділіктің артуына да жағдай жасайды. Цифрлық платформаны құру шағын және орта бизнеске цифрлық экономикаға тезірек көшуге ықпал етеді. Әрі компаниялардың жергілікті және халықаралық нарыққа шығуына арқау болады. Мұндай ауқымды жобаны жүзеге асыру отандық АКТ саласын дамытуға серпін беретін болады. Аталған цифрлық платформа – бизнес қауымдастықтағы оқиғалар мен жаңа трендтер туралы ШОБ өкілдеріне хабардар ететін коммуникациялық алаң саналады.

Цифрлық платформа мемлекет пен бизнес-элитаға не береді?

Мемлекет үшін: электрондық сауда дамиды; экономикалық әлеует артады; әлеуметтік әл-ауқат артып, жұмыссыздық жойылады; елдегі шағын және орта бизнес дамиды; электрондық қызметтер мен мемлекеттік қызметтер жақсара түседі; жаңа нарық көздері ашылады; АКТ дами түседі.

Бизнес-қауымдастық үшін: компания табысы артады; жергілікті және жаһандық нарыққа шыға алады; маркетингтік қызметтерді тегін алады; кәсіпкерлікке байланысты сауаттылығын арттыра алады; серіктес табуға жәрдемдеседі; аналитикалық қызметтер алады; қызметтерді тез әрі ыңғайлы алатын болады; мемлекеттік қызмет қолжетімді болады әрі мемлекеттік қолдауға ие болады; арнайы алаң арқылы толғандырған сауалдарды талқылай алады.