03 қыр, 2016 сағат 15:32

Өзбек халқы Кәрімовты жер қойнына тапсырды

Өзбекстанда елді 27 жыл бойы үздіксіз басқарған тұңғыш президентінің жерлеу рәсімі өтті. Қыркүйектің 2-сінде 79 жасқа қараған шағында ауруханада инсульттан қайтыс болған президенттің сүйегі салынған табытты Ташкенттен Каримовтің туған жері Самарқанға бүгін әкелді. Елде үш күндік аза тұту жарияланды.

Ташкентте ауруханадан әуежайға дейін қаралы кортеж жүріп өткен жол бойына мыңдаған жергілікті тұрғын шықты. Өзбекстан телеарнасы президенттің жұбайы Татьяна Каримова мен екеуінің кенже қызы Лола Каримова-Тилляеваның марқұмның табытының соңынан еріп келе жатқан сәтін көрсетті. Самарқанда Каримовтің сүйегі салынған табытты мыңдаған тұрғын күтіп алды. Көптеген адам қайғырып, жылап тұрды, жұрт кортеж жүріп өткен жолдың бойына гүл қойып жатты.

Жерлеу рәсімі белгілі Регистан алаңында өтті. Өзбекстанның тұңғыш президентін орта ғасырда өмір сүрген қайраткерлер мен Ислам Каримовтің әке-шешесі жерленген Шахи-Зинда тарихи зиратына жерледі. Кейінгі 20 жылда ешкім жерленбеген зиратқа енді Каримовтің өзі қойылды.

30 миллиондай халқы бар елді өтпелі кезеңде кім басқаратыны Ислам Каримовті жерлеген күні беймәлім болды. Каримов халықты айналасындағы жақын адамдарымен бірге авторитарлық режим орнатып басқарды, ал режимге көнбегендер елдің қауіпсіздік қызметінің қудалауына ұшырады.

Егер ел президенті өз міндетін атқара алмайтын болса, Өзбекстан конституциясы бойынша оның өкілеттігі үш айға парламенттің жоғарғы палатасының төрағасына жүктеледі. Қазір ол қызметте Нигматилла Юлдашев отыр. Ислам Каримовті жерлеу рәсімін ұйымдастыру комиссиясын премьер-министр Шавкат Мирзяев басқарды.

Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовті соңғы сапарға шығарып салған күні. Ташкент, 3 қыркүйек 2016 жыл.

Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовті соңғы сапарға шығарып салған күні. Ташкент, 3 қыркүйек 2016 жыл.

Ислам Каримовті жерлеу рәсіміне қазақстандық делегацияны премьер-министр Кәрім Мәсімов бастап барды. Қырғызстан мен Ресейден де президент емес, премьер-министрлер деңгейіндегі делегациялар барды. Қытайда ресми сапарда жүрген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін Өзбекстан парламенті сенатының төрағасы Нигматилла Юлдашевке көңіл айтып, жеделхат жолдаған. Самарқандағы жерлеу рәсіміне Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қатысты. Азаттықтың Орыс қызметінің хабарлауынша, Ресей президенті Владимир Путин «жұмыс кестесі тығыз» деген уәжбен жерлеуге бармаған. Ресей делегациясын премьер-министр Дмитрий Медведев бастап барды. Каримовті жерлеу рәсіміне арасында Ауғанстан, Орталық Азия елдері, Грузия, Оңтүстік Корея, Беларусь және Украина өкілдері бар әлемнің 17 елінен делегация барды.

Ислам Қаримовтің қазасына орай Қытай президенті Си Цзиньпин ол Өзбекстанның «дамуы мен өркендеуіне тарихи үлес қосты» деп мәлімдеді. АҚШ президенті Барак Обама «Өзбекстан өз тарихының жаңа тарауын бастайды, ал АҚШ Өзбекстанмен әріптестігін жалғастыра береді әрі бұл елдің болашағы азаматтарының құқығын қорғауға негізделеді» деп білетіні жайлы мәлімдеген.