18 ақп, 2020 сағат 16:07

Ішкі су жолдарында кеме қатынасын дамыту тұжырымдамасы әзірленеді

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Көлік саласын дамыту бойынша бүгін айтылған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасының 2020-2025 жылдарға арналған, соның ішінде 2020 жылы орындалуы керек жоспарын ерекше бақылауға алу қажет. Контейнер тасымалы көлемін кем дегенде 30%-ға арттыру керек, сонымен қатар Құрық порты мен Иран порттары арасында паром қызметін ашу үшін шара қабылдау керек. Бұдан бөлек, сіздерге еліміздің ішкі су жолдарында кеме қатынасын дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырамын», - деді Роман Скляр.

Сонымен қатар, оның айтуынша, аавтокөлік мекемесі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, мүмкіндігінше жеке тасымалдаушыларды тарта отырып, аймақтардағы әлеуметтік маңызы бар бағыттарды субсидиялауды ұйымдастыруы тиіс.

«Құрылыс маусымы басталғанға дейін мақсатқа жету үшін жолды дамыту кезінде жылдық сұраныстағы инертті материалдардың кем дегенде 70% сатып алу қажет. Жол салу, жөндеу және күтіп ұстауды жүйелі негізде қамтамасыз ету керек. Ақтөбе - Атырау - Астрахань, Қарағанды - Балқаш - Алматы, Талдықорған - Өскемен және басқа да көлік жолдарында қозғалыс ашуды пысықтау керек», - дейді ол.

Сондай-ақ, Роман Скляр министрлікке әкімдіктермен бірге су тасқыны кезеңіне сапалы дайындықты ерекше бақылауға алуды, сондай-ақ жергілікті жол желілерін қалпына келтіруге қаржы бөлуді тапсырды.