09 шіл, 2019 сағат 09:58

Ішкі істер органдарының бірнеше қызметкеріне сот үкімі шықты

Еліміздің бірқатар өңірінде пара алғаны үшін істі болған полиция қызметкерлеріне сот үкімі шықты. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік органдардағы жемқорлық көріністерінің алдын алу  және жолын кесу жұмыстарын тұрақты негізде үнемі жүргізіп келеді. Олардың кейбірінде, оның ішінде ішкі істер органдарында жемқорлық тәуекелінің деңгейі жоғары болып тұр. Мәселен, республика өңірлерінде түрлі лауазымды қызмет атқарған полиция қызметкерлеріне қатысты өткен аптада айыптау үкімі шықты», - делінген ведомство таратқан ақпаратта.

Атап айтқанда, Қарағанды қаласы Октябрь аудандық сотының үкімімен жүк автокөлік құралының кедергісіз жүруі мен жалпы қамқорлығы үшін жеке тұлғадан пара алған жол-шолғыншы полиция полкінің рота командирі, полиция майоры М.Каскинге айыппұл салынды. Ал Қостанай қаласының №2 сотының үкімімен жалпы қамқорлығы үшін қарамағындағы қызметкерлерінен пара алып, билігін асыра пайдаланған Жетіқара қалалық полиция бөлімі жергілікті полиция бөлімінің бөлімше бастығы, полиция майоры Қ.Ысқақов 15 млн теңге айыппұл төлейтін болды. Дәл осы қалалық соттың үкімімен жеңгетайлықпен айналысқан тұлғаның қылмыстық әрекеттерге қамқорлық танытқаны үшін Қостанай облыстық полиция департаменті ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының жедел уәкілі полиция майоры  М.Ерболұлы мен полиция капитаны А.Сақов 5 жылдарын түрмеде өткізеді. Өскемен қалалық №2 сотының үкімімен күдіктіні қылмыстық жауапкершіліктен жалтартқаны үшін 250 мың теңге пара алған Үлбі аудандық полиция бөлімінің аға тергеушісі Д.Алқанов 7,5 млн теңге айыппұл төлейді.

«Аталған тұлғалардың барлығы өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқару құқықтарынан, сонымен қатар полиция офицері арнайы шендерінен айырылды», - деп атап өтеді агенттіктен.