20 ақп, 2020 сағат 15:46

Ішкі істер министрлігі қару-жарақпен қашқан әскериді ұстауға өз күшін жұмылдырды

ҚР Ішкі істер министрлігі қару-жарақ алып қашып кеткен кіші сержантты ұстауға өз күшін жұмылдырды. Бұл туралы елордада ҚР ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің басшысы Арман Саданов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ішкі істер министрлігінің жедел тергеу тобы аталған мәселеге қатысты хабарлама түскеннен бері тиісті жұмыстарды атқарып жатыр», - деді А. Саданов баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, әскери қызмет орнын тастап кеткен кіші сержантты ұстау үшін Шымкент қаласы мен Түркістан облысы полиция департаментінің гарнизондары, сондай-ақ Ұлттық ұлан құрылымдары жұмылдырылды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Шымкент қаласына тақау жердегі әскери бөлімнен келісімшартпен қызмет етіп жатқан кіші сержант А.Балғынбай бірнеше қару-жарақ алып қашып кетті.

ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Шымкент қаласына тақау орналасқан әуеге қарсы қорғаныс әскери бөлімдерінің бірінде келісімшарт бойынша қызмет етіп жатқан кіші сержант А. Балғынбай рота бойынша кезекшіліктен рұқсатсыз кетіп қалған. Бұған қоса, қару-жарақ сақтайтын бөлмеден бірнеше атыс қаруының жетіспейтіндігі анықталды.