31 жел, 2017 сағат 15:25

Исекешев астаналықтарды Жаңа жылмен құттықтады

Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев қала тұрғындары мен қонақтарын Жаңа жылмен құттықтады, деп хабарланған жергілікті әкімдік сайтында. 

"Халқымыз ит жылын жақсылықтың, береке мен татулықтың жаршысы деп қабылдаған. Біздің де келер жылдан күтеріміз көп, өткен жылға өкпеміз жоқ. 2017 жыл Астана үшін табысты болды. Экономика, мәдениет, туризм және әлеуметтік салаларда дамудың оң динамикасына қол жеткізілді. ЭКСПО көрмесін жоғары деңгейде өткіздік. Мұның бәрі Елбасымыздың алдымызға қойған нақты тапсырмалары мен барша астаналықтардың қажырлы еңбегінің арқасы", — дейді Исекешев. 

Ол келер жылы елордамыздың Алатау баурайынан Арқа төсіне көшкеніне жиырма жыл толатынын атап өтті. Айтуынша, бұл өткенімізді саралап, келешекті бағамдайтын маңызды сәт. 

"Жиырма жылда Астана қаласы адам танымастай өзгерді. Астананы дамытудың ұзақ мерзімдік жоспары өз мерзімінде орындалып келеді. Жаңа 2018 жыл да еліміз бен Елорда тарихында маңызды өзгерістермен есте қалады деп сенемін!" – деген Астана әкімі қазақстандықтарға жаңа жылда жаңа табыс, мол бақыт тіледі.