22 там, 2018 сағат 08:52

Исекешев Астанадағы судың көлкуін реттейтін кәсіпорын құруды ұсынды

Елорда басшысы Әсет Исекешев Астанадағы жаңбыр салдарынан көшелерді алып кететін суды шығарумен айналысатын арнайы кәсіпорын ашуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет отырысында Бақытжан Сағынтаевтың сұрағына жауап берген Әсет Исекешевтің айтуынша, Астанадағы кәріз бен қаладан су шығару жүйесі шаһарда үш жылдық бағдарламаға байланысты дайындалған.

«Әкімдік өте ауқымды жұмыстарды атқарды. Өткен жылы Тұран мен Ұлы Дала көшелерінің, 31-ші көшенің, Көктал кенті мен Мың Жылдық аллеясының тазарту құрылымын аяқтадық. Бір жылдың ішінде қарқынды қадаммен Тұран-Сығанақ тазарту құрылымдарының күрделі жөндеуін аяқтадық. Әлбетте, күрделі участоктар бар. Әсіресе, Ақбұлақ, Момышұлы жаққа Абылай хан көшелерінен, Жастар шағынауданы мен Оңтүстік-Шығыстан және Қошқарбаев, Тәуелсіздік, Мың Жылдық пен өзге де жақтан су жиналады. Су ағызып шығаруды екі есеге күшейту үшін күрделі техникалық шешім табылды. 2019 жылы ол жүзеге асады. Осылайша, қаржыландыруды ескере отырып, жұмыс қарқынды түрде жүргізілуде. Үш жылдың ішінде негізгі мәселелер шешімін табатын болады», - деді ол.

Қала басшысы сонымен бірге соңғы күндері тіркелген жағдайлар бойынша сөз қозғады.

«Қазгидрометтің мәліметіне сәйкес, бір жарым тәуліктің ішінде айлық нормадан бір жарым есе көп жауын жауған. 21 тамызда күнімен жаңбыр жауды. 20 тамызда 17 сағат бойы тынымсыз тағы нөсер болды. Үш күрделі участок бойынша су көлку жағдайы тіркелді. Ол жерлерден норматив бойынша су сорылып, сыртқа шығарылды», - дейді Әсет Исекешев.

Шаһар басшысы коммуналдық қызметтер екі тәулік бойы тынымсыз жұмыс жүргізгенін атап өтті.

«Жауынға арналған кәріз жүйелері жақсы жасалған Сингапур, Мәскеу, Киевте, Германияның, АҚШ пен Францияның қалаларында да тынымыз жауын салдарынан судың көлкіп кету жағдайы болғанын атап өткім келеді. Әкімдік Үкіметпен бірге аталмыш мәселені жіті бақылауында ұстап отыр. Бақытжан Әбдірұлы, қазір табиғи монополиялар туралы заңда жаңбыр суын шығару қызметі реттелмеген. Міне, сондықтан біз Астанада кәсіпорын құру туралы шешім қабылдағымыз келеді. «Астана Тазалықтың» базасында кәріз жүйелерін баланста ұстайтын кәсіпорын құратын уақыт келді. Осыған байланысты жауапты министрлікке тапсырма беруіңізді, «Астана Тазалықты» жекешелендіру бағдарламасынан шығарып тастауыңызды сұраймын», - деді Әсет Исекешев.

Еске сала кетсек, бүгінгі Үкімет отырысында Бақытжан Сағынтаев соңғы күндері нөсер салдарына байланысты елорданың коммуналдық қызметтерінің жұмысын күшейтуді тапсырған болатын.