05 сәу, 2018 сағат 17:29

Исекешев: 2025 жылға дейін Астанада 10 емхана ашылады

Астана қаласында халық санының артуына байланысты 2025 жылға дейін елордада 10 емхана ашылады. Бұл туралы Мемлекет басшысының қатысуымен өткен елорданың алдағы дамуы тақырыбындағы кеңес барысында Астана әкімі Әсет Исекешев мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

"Астана қаласы халық санының артуына байланысты біз 2025 жылға дейін елордада 10 емхананы ашуды жоспарлап отырмыз. Ал, алдағы екі жылда үш емхана ашылады. Біз қазір МЖӘ тетігін қолданамыз. Мысалы, "Жағалау" тұрғын алабында емхана ашу 1,5 миллиард қаржы үнемдеуге және пайдалануға беру мерзімін 2 жыл қысқартуға мүмкіндік береді", - деді Әсет Исекешев.

Сонымен қатар, елордада денсаулық сақтау саласын цифрландыру жұмысы белсенді түрде жүргізіліп жатыр.

"Бүгінгі таңда ведомстволық бағынышты медициналық мекемелердің барлығында медициналық ақпараттық жүйелер орнатылып, олардың барлығы ғаламторға қосылған, ауруханалар компьютерлік техникамен жабдықталған", - деді елорда әкімі Әсет Исекешев Мемлекет басшысының қатысуымен өткен елорданың алдағы дамуы тақырыбындағы кеңес барысында.

"Біз цифрландыруға көп көңіл бөлеміз. Осы мәселемен айналысатын вице-премьер мен Денсаулық сақтау министрі жоспарды бекітті. бүгінгі таңда ведомстволық бағынышты медициналық мекемелердің барлығында медициналық ақпараттық жүйелер орнатылып, олардың барлығы ғаламторға қосылған, ауруханалар компьютерлік техникамен жабдықталған. 1 қыркүйекке дейін дәрігердің жұмыс орны толығымен автоматтандырылып, аймақтық электронды денсаулық паспорты әзірленетін болады", - деді қала әкімі.

Оның айтуынша, қалалық емханаларда көрменің шетелдік қонақтарына күрделі оталар сәтті жасалған.

"Астана ішкі медициналық туризм орталығына айналып отыр. Бүгін елорданың стационарында ем қабылдаған әр үшінші пациент - басқа өңірдің тұрғыны", - деп атап өтті Исекешев.