10 қаң, 2020 сағат 09:10

Ұшақ апаты: Иран Канаданың мәлімдемесіне жауап берді

Канаданың премьер-министрі Джастин Трюдо АҚШ-тан барлау деректерін алғанын мәлімдеді. Оған сәйкес, Украинаның Boeing 737-800 апатына кездейсоқ тиген ирандық зымыран себеп болды, деп хабарлайды РИА Новости.

Бұған дейін СВС арнасы Вашингтонның Оттаваға арнайы барлау деректерін бергенін хабарлаған болатын. Онда ирандық зенит-зымыран кешенінің бір дүркін атысынан кейін Boeing 737-800 ұшағының құлағаны жайында айтылған.

"Бізге осы апатқа қатысты маңызды ақпаратты берді. Бірнеше ақпарат көзінен барлау деректері түсті. Оған сәйкес, ұшақты ирандық "жер-ауа" зымыранымен атып түсірген. Бірақ оны әдейі жасамаған", - деді Трюдо арнайы баспасөз мәслихатында.

Алайда Канаданың премьер-министрі асығыс шешім жасамауға үндеп, жан-жақты тергеу жүргізу қажеттігін жеткізді. Соның негізінде қорытынды жасау керек деді.

Иранның азаматтық авиация ұйымының басшысы Әли Абедзаде "Boeing-ті зымыранмен атып түсірді" деген мәлімдемелерді де,  ұшақ құлаған жерде зымыран қалдықтарының табылғаны туралы ақпаратты да жоққа шығарды.

Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде "ұшақ құлаған жерде зымыранның қалдықтары табылды" деген тақырыпты әдейі таратып, жұрттың назарын соған қарай бұрып жатыр. Сухой атындағы тәжірибелік-конструкторлық бюроның бұрынғы қызметкері, авиасарапшы Вадим Лукашевич те зымыран қалдықтарының ұшақ құлаған жерде жатпайтынын айтып отыр.

"Ұшаққа зымыран тисе, оның қалдықтары ұшақ құлаған жерден бірнеше шақырым шалғай жерде жатуы тиіс", - дейді ол.           

Ал Иранның сыртқы істер министрлігі Канададан және басқа елдерден әуе апатына қатысты ақпаратпен бөлісуді сұрады. Министрліктің ресми өкілі Аббас Мусавидің айтуынша, апатты тергеу шараларына Украина мен Boeing компаниясының сарапшылары шақырылды.

Сәрсенбі, 8 қаңтар күні "Украинаның халықаралық әуежолдары" компаниясына қарасты Boeing 737-800 жолаушылар ұшағы Киев бағытында ұшқан болатын. Ұшақ Тегеранның әуежайынан көтерілген бойда құлады. Ресми деректерге сәйкес, 176 адамның барлығы қаза тапты. Олардың ішінде 167 жолаушы – Иран, Украина, Канада, Германия, Швеция мен Ауғанстан азаматтары, сондай-ақ, экипаждың 9 мүшесі бар.

Иранның азаматтық авиация ұйымының есебіне сәйкес, жолаушылар ұшағы жерге құламай жатып өртенген. Ал оның ұшу траекториясына қарағанда, экипаж әуежайға қарай қайта бұрылған, алайда штаттан тыс жағдай жайында хабар бермеген. Ал бұқаралық ақпарат құралдары ұшақтың бір қозғалтқышынан өрт шыққанан да жазған.