11 қаң, 2020 сағат 07:55

Иран украиналық ұшақты "қателесіп" атып түсіргенін мойындады

11 қаңтарда таңертең ирандық мемлекеттік телеарна арқылы мәлімдеме жасаған Иран қарулы күштерінің бас штабы осылай деді. Бұған дейін Иран үкіметі бірнеше күн бойы батыс жетекшілері мен сарапшыларының "ұшақты ирандық зымыран атып түсірді" деген мәлімдемесін жоққа шығарып келген еді.

Иранның Сыртқы істер министрі Джавад Зариф оқиға 8 қаңтарда "АҚШ-тың соқыр тәуекелшілдігінен туындаған дағдарыс кезінде" болды деді.

Ал, кейінірек ел Президенті Хасан Роухани "орны толмас бұл қателік үшін кінәлілер қылмыстық жауапқа тартылатынын" айтты.

Сондай-ақ, ол адамның қателігінен Украина ұшағының құлағанына өкінетінін жеткізді.

«Өкінішке қарай, адам факторы мен қате іске қосылған зымыранның кесірінен ұшақ үлкен апатқа ұшырады. Мен Иранның Президенті ретінде осы апаттың салдарынан мерт болғандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтамын» делінген хабарламада.

Президенттің айтуынша, Иран Сыртқы істер министрлігі мерт болған азаматтардың мәйіттерін отбасыларына жеткізу үшін қолдан келгеннің барлығын жасайды.

«Сонымен қатар әуе қорғанысы күштері кешендерінің барлық әлсіз тұстары жойылып, мұндай әуе апаттарының екінші қайталанбауына қажетті барлық шаралар қолға алынсын», - деді Иран басшысы.

Айта кетейік, "Украинаның халықаралық әуе желісі" компаниясына тиесілі ұшақ Тегераннан Киевке ұшқан. Ұшақта Канаданың - 57, Иранның - 82, Ауғанстанның - 4, Германияның - 3, Ұлыбританияның - 3, Украинаның - 11 азаматы болған.