12 қаң, 2020 сағат 07:10

Роухани Украинадан кешірім сұрады

Иран президенті Хасан Роухани украиндық Boeing 737-800 ұшағын атып түсіргендері үшін кешірім сұрады. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленскийдің сайтында жазылды, - деп хабарлайды Baq.kz.

Аталған мәліметте сөйлесуге ирандық тарап бастама жасағаны да айтылады.

Хасан Роухани Украина халқына және қаза тапқан адамдардың отбасыларына көңіл айтып, 176 адамның өмірін жалмаған қайғылы жағдай үшін кешірім сұрады. Иран басшысы трагедияның өз әскерилерінің қателігінен болғанын толықтай мойындаған, - делінген хабарламада.

Ресми Тегеран әуе апатына қатысы бар адамдардың барлығы жауапқа тартылатынына және украиналық сарапшы топқа "қажетті қолдау жасалады" деп сендірді. 

Украина президентінің айтуынша, атып құлатылған украиналық ұшақ экипажы халықаралық ұшу ережелері мен нұсқаларын қатаң сақтаған.

Еске салсақ, 8 қаңтар күні Тегераннан Киевке бет алған Украина халықаралық авиациясына тиесілі PS752 рейсі көкке көтерілісімен екі минут өткенде апатқа ұшыраған болатын. Өкінішке қарай, апат салдарынан бортта болған 176 адамның ешқайсысы тірі қалмады.

Бұған дейін, Иран әуежайы Тегеран маңындағы украиналық ұшақ апатының себебін түсіндірді. Олар Тегерандағы жолаушылар ұшағының құлауына қозғалтқыштан шыққан өрт себеп болғанын мәлімдеді. Алайда, 11 қаңтар күні Иран Украина ұшағын байқаусызда атып құлатқанын мойындады.

Сонымен қатар, Иран Ислам Республикасының президенті ұшақ жарылысынан қаза тапқан адамдардың отбасына көңіл айтып, ұшақтың атылғанына өкінішін білдірген болатын.