11 қаң, 2020 сағат 09:18

Иран Президенті: Украина ұшағының құлауына кінәлілер қылмыстық жауапқа тартылады

«Орны толмас бұл қателік үшін кінәлілер қылмыстық жауапқа тартылады», деп мәлімдеді Иран Президенті Хасан Роухани сенбі күні.

Бұл туралы Иранның Ирна агенттігі хабарлады.

Ол адамның қателігінен Украина ұшағының құлағанына өкінетінін айтты.

«Өкінішке қарай, адам факторы мен қате іске қосылған зымыранның кесірінен ұшақ үлкен апатқа ұшырады. Мен Иранның Президенті ретінде осы апаттың салдарынан мерт болғандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтамын» делінген хабарламада.

Президенттің айтуынша, Иран Сыртқы істер министрлігі мерт болған азаматтардың мәйіттерін отбасыларына жеткізу үшін қолдан келгеннің барлығын жасайды.

«Сонымен қатар әуе қорғанысы күштері кешендерінің барлық әлсіз тұстары жойылып, мұндай әуе апаттарының екінші қайталанбауына қажетті барлық шаралар қолға алынсын», - деді Иран басшысы.

Осыған дейін Иранда 167 жолаушысы бар Украина ұшағы құлағаны туралы хабарланған болатын.

Артынан Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ұшақта Қазақстан азаматтарының жоқ екенін хабарлады.

Тегеранда құлаған Украина ұшағындағы жолаушылардың барлығы мерт болғаны анықталды.

Канада премьер-министрі Иран жолаушылар лайнерін абайсызда атып жіберу мүмкін деген болжамын жариялады.

Бүгін Ирна ақпарат агенттігі Иранның әуе қорғаныс күштері Украина ұшағын қателесіп атып түсірді деген ақпарат таратты.