12 қар, 2019 сағат 10:17

Иран дипломаты: Қарулануға ең көп қаржы салатын қуатты держава да қауіпсіздікті сатып ала алмайды

Иранның ең танымал дипломаттарының бірі әрі мемлекеттік қайраткері, Иранның сыртқы істер министрі Мохаммад Жавад Зариф қауіпсіздік турасында өз пайымымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлем елдері бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста өмір сүреді. Сол себепті, қауіпсіздік немесе экологиялық мәселелер белгілі бір мемлекеттің ғана проблемасы емес екенін ескеру керек. Соғыс болсын, қарулы конфрантация болсын – кез келген ел белгілі бір жеңілістің дәмін татады. Альянстар мен мемлекеттер арасында диалог орнауы тиіс. Біз қарулануға қаражатты салған сайын өзімізді қауіпсіздіктеміз деп ойлайтын секілдіміз. Мен АҚШ-тағы 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі әйгілі оқиғадан кейін Нью-Йоркте болдым. Нью-Йорктегі халықтың көзінен сонда мен үрейді көрдім. Қарулануға ең көп қаржы салатын қуатты державаның өзі қауіпсіздікті сатып ала алмайды», - деді Мохаммад Жавад Зариф Astana Club отырысында.

Ирандық дипломаттың айтуынша, кез келген мемлекет өзінің көрші елін – әріптесі, досы ретінде қабылдауы керек.

«Егер Ауғанстан хауста болса, Ирандағы қауіпсіздік туралы жақ ашпай-ақ қоюға болады. Сириядағы соғыс аяқталмаса, аймақ тыныштықта болмасы анық. Сол себепті, қауіпсіздік мәселесін қашан да бірлесе шешу керек», - деді ол.