09 жел, 2019 сағат 11:12

Ирактан оралған тұл жетім сәбидің әжесі табылды

Ирактан оралған тұл жетім сәбидің әжесі табылды. ҚР Білім және ғылым министрінің балалар құқығы жөніндегі кеңесшісі Райса Шер айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Айта кетерлігі, Райса Шер Нұр-Сұлтан қаласының қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығында Ирактан жеткізілген балалардың жай-күйін БАҚ өкілдеріне таныстырған болатын.

Таныстыру барысында тілшілердің сауалына орай ол тұл жетім саналған бір баланың туысы табылғандығын атап өтті.

Ал ҚР Сыртқы істер министрлігінің екінші хатшысы Данияр Байбеков ол баланың әжесі екендігін нақтылады.

«Оның әжесі бар және Қазақстанда жүргізілген геномдық сараптама туыстығын дәлелдеді. Әйел аталған баланың биологиялық әжесі саналады», - деді Д.Байбеков.

Ирактан жеткізілген 14 бала әлеуметтендіріліп, оңалтудан өтіп жатқан мекеме қазіргі уақытта карантинге жабылған. Себебі балалардың біріннен жұқпалы ауру табылған.

«Балалар осы жерге жеткізілгеннен кейін 15 медицина маманы оларды жұқпалы ауруларға тексеру жүргізді. Қазіргі уақытта карантин жарияланған. Себебі бір бала скарлатинамен ауырған және ол қазіргі уақытта медицина мекемесінде жатыр», - деді Райса Шер.