29 сәу, 2019 сағат 12:39

Интерпол серіктесі "Голос Дети" конкурсының нәтижесін тексереді

Ресейде өткен "Голос Дети" ән байқауының дауыс беру нәтижесін халықаралық Group-IB компаниясы тексереді. Бұл туралы 29 сәуірде конкурсты ұйымдастырған Первый канал арнасының баспасөз қызметі хабарлады.

Первый каналдың хабарлауынша, Интерполдың серіктесі Group-IB компаниясы смс хабарламалар мен телефон қоңырауларын тексереді. Телеарна тексеріс қорытындысы онлайн жарияланатынын мәлімдеді.

26 сәуірде Первый канал арнасында "Голос Дети" шоуының финалында 10 жасар Микелла Абрамова (ресейлік әнші Алсу мен бизнесмен Ян Абрамовтың қызы) 56,5 пайыз дауыспен жеңіске жеткен. Екінші орынды қазақстандық Ержан Максим алған.

Осыдан кейін ресейлік әншілер мен актерлер, желі қолданушылары конкурс нәтижесіне көңілдері толмай, дауыс беру нәтижесін қайта қарауды талап етіп жатыр. 27 сәуірде Первый канал телешоудың дауыс беру нәтижесі тексерілетінін хабарлады.

Youtube желісіндегі Микелла Абрамованың видеосына 45 мыңнан астам "дизлайк" басылған. 12 мыңнан астам комментарий жазылып, пікір иелерінің көбі дауыс беру нәтижесін қайта қарауды талап еткен. Желі қолданушылардың көбі жеңіске қазақстандық Ержан Максим лайық деген пікірлер жазып жатыр.

Айта кетейік, халықаралық Group-IB компаниясы киберқылмыс пен кибершабуылдарды зерттеумен айналысады.