10 сәу, 2017 сағат 09:01

Интернет - радикалды идеяның таралу көзі

Қазіргі таңда қоғамды алаңдатып отырған елеулі қауіп – жастардың салафилік ағымға арбалуы. Себебі ғаламтор желісінің қолжетімділігі салафизм идеологиясының кеңінен таралуына тиімді жағдай туғызуда.

Ғаламтор желісі еліміздің азаматтарын, әсіресе жастарды тура жолдан тайдыратын салафизм ағымының негізгі құралына айналды. Олар түрлі «Facebook», «Vkontakte» және т.б. әлеуметтік желілерде өз идеологияларын дәріптейтін аудио және бейне уағыздар, мақалалар, мотиваторлық посттарды кеңінен жариялау арқылы өз идеологияларын таратуда.

Салафизм идеологтары ғаламтор әлеміндегі «Scype», «Youtube» секілді бейнехостингтерді пайдаланып, жастарға бейне дәрістер оқу арқылы олардың радикалдық ағымдарға кіруіне себепкер болуда. Салафизм ағымының арбауына түскен адам мемлекеттің зайырлы қағидаттарына, билік пен дәстүрлі дін өкілдеріне қарсылық танытып, қоғамға айтарлықтай зиян келтіретіні анық. Ал қоғамның белсенді буыны жастар арқылы өз қатарларын толықтырып жатқан салафизм өкілдерінің көздейтіні – ел арасында алауыздық тудырып, өз мүдделеріне қол жеткізу.

Салафилік бағыттағы сайттар мен парақшалар агрессивтілігін байқатпау үшін соңғы жылдары мотиваторлары мен суреттерінің сапалылығын арттыруда. Себебі психологиялық зерттеулер бойынша ғаламтор оқырманы ақпаратты 90% көзбен көру арқылы қабылдайды. Салафизм идеологиясын насихаттайтын сайттарда кәсіби психолог әрі блогер мамандар жұмыс атқаратындығы аңғарылады.

Сондықтан қазіргі бәсекелес қоғамда дәстүрлі ханафи бағытындағы сайттардың да сапасы мен көрнекілігін жетілдіріп отыру – уақыт талабы. Сондай-ақ, жастар көп шоғырланатын, алайда әзірге салафизмидеологиясы көп тарала қоймаған «Іnstagram», «Тwitter» секілді заманауи ғаламтор желілерінде дәстүрлі дін мен салт-дәстүрдің құндылықтарын дәріптейтін парақшаларды мазмұнды материалдармен толықтырып, отыру арқылы оқырмандар санын арттырып, мағыналы жарияланымдарды енгізіп отыру қажет. Сонда салафилік идеологтардың «facebook», «vkontakte» желілеріндегідей белсенділіктерінің «instagram», «twitter» желілерінде орын алуына тойтарыс беруге болады.

Еліміздің әрі қарай дамуы тікелей жастарға байланысты болғандықтан, жастардың рухани деңгейі мен сауаттылығына баса мән беру маңызды. Сондықтан жастардың діни сауатын жетілдіру жұмыстарын тек қана білім беру ошақтарымен шектеп қоймай, олардың бос уақытын көп арнайтын ғаламторды құнды да бай, ғибратты да тағылымды бағдарламалармен толықтыру қажет.

Салафизм идеологиясына қарсы төтеп беретін ұлттық идеологияны жандандыру – уақыт талабы. Сондықтан салт-дәстүрлер мен ұлттық идеологияның ханафи мәзһабымен сабақтасып жатқанын жастар аудиторияларында кеңінен түсіндірген тиімді. Салафизм ағымымен күресіп жүрген мамандардың жұмыс қабілеті мен кәсіби деңгейлерін арттыруда, дәрістер мен семинарлар жиі ұйымдастырылса нұр үстіне нұр. Салафизм идеологиясының жастардың арасына таралуына тосқауыл қоюдың тағы бір жолы – мемлекет тарапынан ұлттық-мәдени идеологияны күшейту.

Жастарды шетін көзқарасты салафизм идеологиясынан сақтандырудың маңыздылығын Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» жолдауында жастарды ұлттық дәстүрді ардақтап, дәстүрге сай діни сана қалыптастыруға үндеу арқылы көрсеткен болатын.

Діни сауатының кемшіндігінен кейбір жастар Қазақстан Республикасы аумағында тыйым салынған ағымдардың дәрістерін тыңдағаны немесе ақпараттармен бөліскені, ұнады деп түймешекті басқаны үшін құзырлы органдармен заң алдында жауапқа тартылып отырған жағдайлар кездесуде. Жастар арасындағы мұндай келеңсіздіктердің алдын-алу үшін ғаламтор желілерінде дін саласындағы кәсіби мамандардың белсенді жұмыс атқару қажеттілігі артып отыр.

Жаһандық ақпараттық кеңістікке айналған ғаламтор желілерінде жастардың көптеп шоғырлануы заманауи талап десек те, ол кей жағдайда жастардың түрлі теріс діни ағымдардың мәліметтерімен сусындап, әр түрлі ауытқуларға ұрындыратын жол екенін көпшіліктің назарына салғымыз келеді.

Қалабай Гүлназ Болатқызы,

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының ғылыми қызметкері

Ұлт порталы