27 қыр, 2017 сағат 15:37

Абаев: Интернет қолданушылары өз әрекетіне жауап беруі керек

Интернет қолданушылары өз әрекетіне жауап беруі керек деп ойлаймыз. Бұндай пікірді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тағы бір өзекті мәселе интернет-ресурстарда қолданушылардың анонимді пікір жазуына тыйым салу. Яғни, қолданушылардың тіркелуін міндеттеу көзделіп отыр. Қандай да бір пікір жазу үшін адам ең алдымен тіркелуі керек. Кейбір ақпарат құралдары мен қоғамдық ұйымдар жасырын пікір қалдыра алмау, еркін ой айтуға нүкте қояды деп санайды. Бірақ біздің ойымызша,  пікір білдіруге бұл ешқандай кедергі жасамайды, қайта қолданушының ішкі тәртібін күшейтеді», - деді Дәурен Абаев өзінің Фейсбук парақшасында ақпарат және коммуникациялар саласына қатысты заң жобасын түсіндіретін видеожолдауында.

Оның пайымынша, осының барлығы ең алдымен азаматтардың мүддесін қорғаудан туындайды.

«Қазір қарап отырсақ, ұлтаралық, дінаралық жанжалға шақыру, жала жабу, жеке басқа тиісу, алаяқтық жасау оқиғалары көбейіп кетті. Соның салдарынан қарапайым азаматтар зардап шегуде. Сондай бір пікірдің кесірінен бірін-бірін танымайтын адамдар жанжалдасып жатса не болады? Сол себепті де біз интернет қолданушылары өз әрекетіне жауап беруі керек деп ойлаймыз. Бұл талап бірте-бірте әр адамның ішкі фильтріне айналуы қажет. Оның үстіне қазір мұны жасау техникалық тұрғыдан еш қиын емес. Сайттар оны оп-оңай жасай алады», - деді министр.