13 қаз, 2016 сағат 11:54

Инфляцияның көкесiн келер жылы көремiз

Апта басында қор биржасындағы сауда-саттықта бiр доллардың құны 331 теңге төңiрегiнде тұрақтады. Кешелi-бүгiнгi баға – 330 теңге. Бұған дейiн теңге-доллар бағамы 336-ға дейiн көтерiлгенiн көз көрiп жүрдi. Айдарынан жел есiп тұрған доллар сәл-пәл арзандап едi, отандық БАҚ-та “теңге тұрақтала бастады” деген хабар-ошар көбейiп кеттi. Сонда теңге шынымен де тұрақталып жатыр ма, жоқ әлде бұл Ұлттық банктiң қолдан жасап отырған әрекетi ме?

“Әрине, бұл уақытша жағдай. Өйткенi қаржы-несие сая­сатында қордаланған мәселе көп. Соңғы екi-үш жылда инфляциялық түйткiлдердi түбегейлi шешпей, кейiнге ысыра салдық. Соның нә­тижесiнде экономика тұйықталды. Ресми статистика инфляцияны 8 пайыз деп көр­сетедi. Менiң болжамымша, көрсеткiш одан әлдеқайда жоғары. Себебi, баға күн санап өсуде. Бүгiн байқадыңыз ба, АИ-92-нiң құны кейбiр жанар-жағармай бекеттерiнде 132 теңгеден сатылып жатыр. Жаз айларынан берi негiзгi материалдар құны (жанармай, дизельдi отын) 30-35 пайызға өссе, инфляцияны қалай тежеу­ге болады? Демек, бұдан шығатын қорытынды: теңге­мiз құлдыраған үстiне құлдырай бередi. Өйткенi үкiмет пен бас банк тарапынан нақты амалдар жасалып жатқан жоқ”, – дейдi қаржыгер Мүсiлiм Бектұрғанов. 

“Фейсбук” әлеуметтiк желiсiндегi өз парақшасына BRB invest ЖШС басшысы Ғалым Хұсайынов: “Нарықты қалай айналдырсақ та, маржалық көрсеткiшке 20 пайызға дейiн мемлекеттiк реттеу жасасақ та, қолымыздан келгенше басқа амал қарастырсақ та, бiздi ештеңе құтқара алмайды. Маусымда мен тамыз-қыркү­йек айларында дизельдi отын қымбаттайтыны туралы жазған едiм. Айтқаным айдай келiп, АИ-92 мен дизельдi отын құны көтерiлдi. Науқан алдында бағаны қымбаттатудан басқа амал болмады. Себебi, ауыл шаруашылығы тауар өндiру­шiлерi отын тапшылығынан қиналатын едi. Өзiндiк құн құрылымында жанар-жағармай материалдарының орны ерекше, маңызды бөлiгiн құрайды. Әсiресе, астық өндiрiсiнде айрықша маңызды. Демек, астықтың өзiндiк бағасы мен көкөнiс құны өседi деген сөз. Ресми инфляция әсерiнен АИ-92-нi бiрдеңе қылып аластатуға болатын едi, ал құны 30 пайыз­ға қымбаттаған дизельдi отынды қалай шығарасың?” – деп жазады. – Қазiр аграршылар дизельдi отынды 130-135 теңгеден сатып алып жатыр. Инфляцияның көкесiн келер жылы көремiз, әсiресе қысқа қарай ол бiздi қатты қысады, – дейдi сарапшы.

Айналып келгенде қазiргi экономикадағы, оның iшiнде қаржы саласындағы негiзгi түйткiл – билiктiң дағдарысты мойындамауында. Егер үкiмет өз iшiмiзде дендеген дағдарыс туралы айтып, оны тежеудiң нақты амалдарын ұсынса, жағдай дәл бүгiнгiдей тығырыққа тiрелмес едi. Жыл басында кейбiр сарапшылар теңгенiң долларға шаққандағы құны 380-400 теңгеге дейiн кө­терiлетiнiн болжаған едi. Қазiрдiң өзiнде мамандар теңге-доллар нақты бағамының 350-360 теңгеге жетiп қалғанын жазуда. Демек, Ұлттық банк “теңгенi тұрақтандыру” үшiн әдеттегiдей миллиардтап қаржы жұмсауда. Бұл да жақсылықтың нышаны емес.

“Бүкiл әлемде экономиканы дағдарыс дендегенде билiк оны реттеудiң контрциклды амалдарын қолданады. Бiз­дiкiлер контрды қалайды, дегенмен бәрi керiсiнше шығады. Себебi, ешкiм дағдарысты елегiсi келмейдi. Ал елдiң инвестициялық тартымдылығын тұрақтандыру үшiн және көпшiлiктiң төлем қабiлетiн қолдап-қуаттау үшiн бiзге мығым, берiк теңге керек. Ал бiзде арзан теңгеге құмарлық басым. Дағдарыс кезiнде бiзде инфляциямен күрескiсi келедi. Ал есi дұрыс елде дағдарыс инфляциямен күреседi. Қазiргi жағдайда салықты тұрақтандыруды қамтамасыз еткен абзал. Өйткенi теңгенiң құнсыздануына орай бiзде дефляция басым. Анығында қосымша құн салығын реформалау қажет. Бiзде қазiр салықты көбейтумен айналысуда және қосымша құн салығының орнына сатылым салығын енгiзудi ойластырып жатыр. Бұл инфляцияны өсiредi және бәсекеге қабiлеттiлiктi тө­мендетедi”, – деп жазады Ғалым Хұсайынов.

Теңге құлдырап, инфляция өрiстеген жағдайда тығырықтан шығатын жол қайсы?

Мамандар бұл сұраққа былай жауап бередi. Бiрiншiден, сұранысты ынталандырып, бюджеттен қаржыландырылатындардың жалақысын мiн­деттi түрде көтеру керек. Ал бiзде әзiрше құрылыс пен автоөндiрiстi қолдау байқалады. Одан кейiн мемлекеттiк компаниялардың сыртқы қарызды өтеуiне жағдай жасалып жатыр. Екiншiден, тиiмсiз жобаларды жекеменшiкке сату тиiмдi көрiнедi. Ал бiзде мемлекеттiк нысандарды жекешелендiру жоспары ендi ғана қолға алынуда. Оның өзi алдағы бес жылға арналыпты. Демек, Б.Сағынтаев үкiметiне экономикалық терең түйт­кiлдердi шешу үшiн шұғыл әрекеттердi қабылдау қажет. Келер жылы зейнетақыны 9 пайызға, жәрдемақы түрлерiн 7 пайызға көтерумен мәселе шешiлмесi белгiлi. Шағын және орта кәсiпкерлiктi қымбат салықпен тұншықтырудың арты үлкен әлеуметтiк дағдарысқа апаруы кәдiк. Осылардың алдын алу үшiн Б. Сағынтаев үкiметiне “күндiз күл­кiден, түнде ұйқыдан” айырылып жұмыс iстеуден басқа амал қалмай тұр.

Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ

"Жас Алаш" газеті