31 қаз, 2018 сағат 10:18

Инфляцияны 4-6% дәлізде ұстап тұруға тырысамыз - Ақышев

Қазақстан Ұлттық Банкінің төрағасы Данияр Ақышев 2019 жылға арналған негізгі мақсат – инфляцияны 4-6% дәлізде ұстап тұру екенін айтты, деп жазады Baq.kz агенттігі.

Қазақстан Ұлттық Банкі инфляциялық таргеттеу саясатын жүргізуді жалғастырады. Қазақстан Ұлттық Банкінің 2019 жылға арналған негізгі мақсаты – инфляцияны 4-6% дәлізде ұстап тұру. Бұл дәліз республикалық бюджеттің негізгі әлеуметтік көрсеткіштерін индекстеу өлшемдерін есептеген кезде пайдаланылды.

Мәжіліс отырысында Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы инфляциялық процестерді реттеу үшін басым түрде ақша-кредит саясатының пайыздық арнасы қолданылатынын атап өтті. Бұл Қазақстан Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі негізгі құрал болып табылатынын білдіреді, ол мөлшерлеме ақша нарығындағы мөлшерлемелер дәлізін айқындайтын болады. Ұлттық Банк елде қалыптасып отырған және күтілетін инфляция мөлшеріне, сондай-ақ төлем балансының жай-күйін айқындайтын сыртқы факторларға байланысты мөлшерлеме көлемін белгілейтін болады.

«2018 жылғы 9 айда инфляция 3,3% болды. 2018 жылғы қыркүйекте жылдық инфляция өткен жылдың соңындағы 7,1%-бен салыстырғанда 6,1%-ға дейін төмендеді. Инфляцияның өсу тәуекелдерін төмендету үшін 15 қазанда базалық мөлшерлеме 9%-дан 9,25%-ға дейін ұлғайтылды. Базалық мөлшерлеменің жаңа деңгейі теңгемен активтерге сұранысты арттыруға және қолайлы ақша-кредит талаптарын сақтауға мүмкіндік береді», – деді Данияр Ақышев.

Атап өтсек, Мәжіліс отырысында "2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" ҚР Заң жобасы қаралып жатыр.