29 қаз, 2018 сағат 15:49

Индонезияда жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады

Индонезияда Lion Air компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. Индонезия билігінің хабарлауынша, ел астанасы Джакартадан Панкалпинанг қаласына ұшып шыққан Boeing 737 ұшағы Суматра аралына жақын теңізге құлады. Алдын-ала мәлімет бойынша, ұшақта 188 адам болған. Тірі қалғандар бар-жоғы әзірге белгісіз. "Ұшақтың апатқа ұшырағаны расталды" деді Индонезия ұлттық іздеу және құтқару агенттігінің ресми өкілі Юсуф Латиф 29 қазан күні таратқан хабарламасында.

Jakarta Post ақпараты бойынша, ұшақ  жергілікті уақытпен таңғы сағат 6:20-да әуеге көтерілген. 13 минут өткеннен кейін ұшақ радардан жоғалып, онымен байланыс үзілген.

Flightradar 24 сервисінің мәліметінше, ұшақтың толық атауы - Boeing MAX 737. Модификацияланған бұл типті ұшақтар 2017 жылы пайдаланыла бастаған. Бұған дейін Boeing-тің мұндай модельдері апатқа ұшыраған емес.

Boeing компаниясы ұшақ апатынан хабардар екенін және жағдайды "жіті бақылап отырғанын" мәлімдеді.

Lion Air Group компаниясының атқарушы директоры Эдуард Сираи компания апатқа қатысты барлық ақпарат пен деректі жинастырып жатқанын ғана айтып, әзірге комментарий бере алмайтынын хабарлады.

Индонезияда соңғы жылдары бірнеше рет ұшақ құлап, адам шығыны болған.