#
#
Сейсенбі 17/07/2018

Иманғали Тасмағамбетов. Астана байтақ

  • 29.06.2018
  • 0
  • 6755

Диірменнің тасындай дөңгеленген дүние, сырғыған уақыт. Осы бір тоқ­тауы жоқ үздіксіз үрдістің көпшілік мән бере бермейтін, бірақ тек көрегендер ғана көре алатын үлкен заңдылығы бар. Ол – заманның серпіні беретін болашақтың кепілі немесе бүгінгі байқалмай өтетін болмысың – ертеңгі айқайлап жететін тарихың.

Әлқисса, 1994 жылдың шілдесі... Кеңес Одағының ыдырағанына әлі үш жыл да болмаған. Халық 1992 жылғы екі мың пайыздық гиперинфляциядан айықпаған алмағайып шақ. Елдің ішкі жалпы өнімі орта есеппен – 20%-ға, ауылшаруашылық өнімі – 30%-ға, өнеркәсіп өнімі 30%-ға құлдыраған заман. Нәтижесінде, бос дүкендер мен күннен-күнге бағасы өскен базарлар, тауар тапшылығы шегіне жеткен нарық. Сең соққандай сергелдең күйге түскен адам. Жалақы мен зейнетақыдан қысылған жұрт. 

Бір сөзбен айтқанда, заңнамасы толық қалыптаспаған, саяси жүйесі әлі бір жолға түсе қоймаған, экономикасы тізерлеген, қоғамнан хал, әлеуметтен әл кетіп тұрған кезең еді. Жасыратыны жоқ ол кезде ертеңгі күнге сенімі селдір, болашаққа құрған болжамы бұлыңғыр уайымшылдар биліктің басында да жетіп-артылатын. 

Міне, XIII шақырылымдағы Жоғар­ғы Кеңестің 6-шы шілдедегі пленар­лық отырысы осындай жағдайда басталды. Күн тәртібінде ерекше мәселе тұр. Мінберге көтерілген Президент Н.Ә.Назарбаев «астананы көшіру» туралы тарихи ұсынысын алғаш рет жария етті. Әрине, мұндай ойды ресми түрде айтпас бұрын Президент әбден толғанып, түбінде нар тәуекелмен бар жауапкершілікті өз мойнына алғаны белгілі. Өйткені мұндай маңызды мәселені сөзбұйдалыққа салу уақытты ғана емес, сол уақытпен бірге тағдырлы мүмкіндікті жоғалтуға әкелетінін Елбасы жақсы түсінді. 

Нәтижесінде, 32 бұлжымас аргу­мент­пен шыққан Президенттің ұсыны­сы депутаттардың аз ғана дауыс салма­ғы­мен қабылданып, Жоғарғы Кеңес­тің әйгілі 106-шы қаулысы жарық көрді.

Жеңіс. Әрине, жеңіс! Жай емес, тарихи жеңіс! Десе де, сол мезетте бұл ақиқатты бүкіл елде бір адамнан басқа ешкім байыбына барып түсінген жоқ. Солардың бірі ретінде өзімді де атасам болады. Осыған байланысты бір оқиға әлі жадымнан кетпейді. Сол жолғы пленарлық отырыстан аздап шаршаған болар, Нұрсұлтан Әбiшұлы жексенбi күнi сейiл құруға тау жаққа барды. Қасында мен де бармын. Парламент астананы ауыстыру жөнiндегi шешiмдi қолдағанымен, бәрi де өз орнында тұрған шақ. Жаздың жайнаған күнi. Соның алдында ғана жаңбыр жауып өткен, ауа тап-таза. Бiр қырқаға көтерiлiп едiк, алдымыздан айналайын ару Алматы алақандағыдай айқара ашылып шыға келдi. Ғажап көрiнiске сүйсiне қарап тұрды да, Нұрсұлтан Әбiшұлы: 

– Қандай керемет! – дедi.

Сол арада мен:  – Енді, осындай кереметтi қалды­рып... – деп қалдым. Айтылар сөз айтылып кеттi. 

– Сен ондайды қой, – дедi Нұрсұлтан Әбiшұлы қабағын қатайтыңқырап. Сөйттi де:

– Бiз мынандай территорияға елдiң бiр шетiнен қарап отырып ие бола алмай қалуымыз мүмкiн. Арқада, солтүстiк облыстарда демографиялық ахуалды қалай да өзгертуiмiз керек. Мына елдiң негiзгi иесi кiм екенiн бүкiл әлем бiлуге тиiс. Экономиканы да мемлекеттің қақ ортасынан басқарған тиiмдi. Ақмола тоғыз жолдың торабында тұр, облыстардың астанамен байланысы да оңайлайды. Тым болмаса соны түсiнсеңдершi! – деп санаға қадалған қазықтай қып кесіп тастады. 

Бұл әңгіме менің астана ауыстыру идеясына басқа тұрғыдан қарап, ой қалыптастыруыма тікелей әсер етті. Кейін Мемлекет басшысының сеніп тапсырған қай қызметінде болсам да, бұл мәселені жан-жақты зерделеуді бір сәтке де тоқтатқан жоқпын. Өйткені, оның артында бұрын ойға келмесе де, ел дамуының әрбір жылымен «керектігін» кернеген қаншама мән-мағына, қаншама маңыз жатты.

Ғылыми тілмен айтқанда, әңгіме «бас қала синдромы­ның» тек кешегі Алматы мен бүгінгі Астанаға ғана тән дүние емес, жалпы қазақ сияқты ұлттың ұйысып, алға ұмтылуына бірден-бір себеп бола алатын өркениеттік күші турасында... Геосаяси үстемдігінің мысы турасында... Түптеп келгенде, халықтың тұтастығы мен береке-бірлігінің аманаты бола алатын қасиеті жайында.  Ал енді, тарихты бұрыннан жақсы меңгерген ел Президентінің «бабаларымыз туын тіккен қай төбенің» де жай емес, жасампаз мәні барын сол кезде-ақ көріп, көңіліне түйіп жүргенін кім білген...  Айталық, алаштың тарихында ел орталығы болған қанша қаланы білеміз осы? Ғаламтордағы қайсы деректі алып қарасаң да, Астанаға дейінгі екі-үш шаһарды, одан ары кетсек сол баяғы Сығанақ пен Түркістанды атаймыз. Бұл расында солай ма? Ақбас шежіремізді парақтап, мұқият зерделеп көрейік. 

Сөз жоқ, бүгінгі Астана – жаңа Тәуелсіз Қазақстан­ның өз қолымен ор­нат­қан бірінші заманауи елордасы. Осыны естен шығармауымыз керек.  Сонымен бірге қазақта ежелгі парсы тілінен енген «пайтақ» деген (енді бір жерлерде «байтақ» деп те айтады) ұғым бар. Сөзбе-сөз аударғанда бұл «тақтың айналасы, төменгі жағы», яғни «астана» деген мағынаны білдіреді. «Астана байтақ» деген тіркес те осыны меңзейді. Әгәрәки, сонау Алтын Орда ыдырап, қазақ «қазақ» болған заманнан бері санасақ, өз басым осындай 10 байтақ шаһарды ерекше атап өтер едім.  Әлбетте, бұл тізімдегі әрбір қала заманына сай өзінің өзекті міндетін атқарып, ғасырлар өте бірі ізін сақтап, ал енді бірі уақытқа тапталып кете барды. Сол үшін де олардың айналасында күні бүгінге дейін тарихшылар арасында қызу пікірталас пен қарама-қайшы тұжырымдар жетерлік. Осы орайда бір ғана «Қазақ хандығының 550 жылдығы» аясында ондаған ғылыми конференциялар өтіп, бірқатар археологиялық экспедициялар жасақталды. Бұл ретте, ортағасырлық қалаларды түбегей­лі зерттеп жүрген тарих ғылымы­ның докторлары: археолог-ғалым М.Елеуовтің, шығыстанушы-ғалым М.Әбусейітованың, Қазақ хандығын зерттеуші-маман Н.Атығаевтың және тағы да басқа бірқатар беделді ғалымдарымыздың еңбегін ерекше атап өту керек. Әрине осынау «инемен құдық қазған­дай» кірпияз еңбек – шалалық пен асығыстықты көтер­мейтін тиянақты дүние. Ал оның нәтижелері тарих ғылымының әлі талай талқысына түсері анық. Ол солай болуы керек. Өйткені осындай ғылыми талқы бар жерде ғана шынайы шежіре, айшықты тарих жазылады. 

Өз тарапымыздан біз бұл пікірлердің барлығына құрметпен қарап, төменде аталатын әрбір шаһарға қатысты нақты һәм тыңғылықты деректерді және оларға қатысты ресми статистиканы археолог-ғалым­дары­­мыздың еншісіне қалдырамыз. Сондықтан да мәтіні­мізде көне шаһарларға қатысты жалпы тарихи кезеңдер болмаса, нақты сандық көрсеткіштер туралы ақпарат жоқтың қасы.  Біздің мақсат – «қазақ» ұлтының қалыптасуынан бергі тарихшылар бірауыздан мойындап, әлдеқашан зерттеу нысанына айналдырған саяси орталықтар. Нақтырақ айтқанда, олардың халқымыздың «ұлттық ұйысу феномені» немесе «елдік рухының» дамуына әсері. Қалай дегенмен де, бұлар тек «елорда» мәр­тебесін ғана емес, қазақтың ертеңгі шығар әр төбесін айшықтаған, осы арқылы кезінде Керей мен Жәні­бекке ерген азғантай жұрттан, бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев төрткүл дүниеге мойын­датқан толайым ұлтқа дейін аттаған 10 ғаламат қадамы.  Оның ең алғашқысы – Шар қалашығы. Бұл кәсіпқой тарихшылар болмаса, жалпақ жұрт біле бермейтін, XV ғасырдың бел ортасында қазақтың жаңадан ғана орнаған тағына тұғыр ретінде пайда болған бекініс-цитадель. Мұны Мұхамммед Хайдар Дулати «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегінде толық атап өткен. Оның айтуынша бұл мекен: «...Моғолстанның батыс шегіндегі Шу мен Қозыбас аймақтарында...» делін­ген. Кейбір ғалымдардың пікірінше, бүгінде осы Қозыбасыдағы Шар­дың ізі Шу өзенінің жоғары жағын­дағы (Мойынқұмдағы Хантау немесе Қырғыз­стандағы Тоқмақ маңында) таулы жерлерде жатуы мүмкін. Ал енді басқа деректер бойынша, «Қозыбасы» деген мекен Шу – Іле алқабы, яғни солтүстік Қырғызстаннан Алматыға (қазіргі Аспара, Қордай, Тарғап сияқты мекендер маңында) дейінгі таулы аумақтың кез келген тұсынан табылуы мүмкін. Бірақ жоғарыда атап өткеніміздей, біз үшін мәселенің төркіні бұл емес. Сұрақ басқа арнада жатыр.  Мәселен ұлттық мемлекеттің негізін құру үшін Керей мен Жәнібек неге бұл жерді таңдады? Ең басты себеп – қауіпсіздік. Ол заманда хандықты жою үшін ордасын шауып, туын жығу жеткілікті болатын. Өйткені көшпелі ел үшін Орда – саяси шешім қабылдайтын жалғыз орын. Одан басқа орталық та, қосымша қала да, қамал да жоқ. Сол үшін жас хандықтың іргесі бекіп, буыны қатайғанша бұл орталық дұшпанның қолы жетпейтін, өзі көзден тасада, өзі шағын, өзі мобильді болуы шарт еді.  Міне, негізгі құрамы төлеңгіт-әскери­лерден тұратын 200-300 түтінді Шар қалашығы Керей ханның әмірімен осылайша өте құпия түрде пайда болып, белгілі бір уақыт хан ордасы қызметін атқарған деген пайым бар. Бәлкім, оның осы бір құпиялығы бұл мекенді тарихшыларымыз үшін күні бүгінге дейін беймәлім қалуының бір себебі болар. 

Келесі қала – Созақ. Шамамен XV ғасырдың екінші жартысында, әбден ірге бекітіп, ел болатын деңгейге көтерілген Қазақ хандығының ордасы болып жарияланады. Атап айту керек, әртүрлі деректерге қарағанда, бұл қала қазаққа екі мәрте астана болған болуы керек. Екінші рет – еңсегей бойлы Ер Есімнің әкесі Шығай хан­ның кезінде. Десе де неге басқа емес, «Созақ» болды екен? Бір жағынан – бұл қала сол кездегі жаугершіліктің зардабы көп тимей, сәулетін сақтаған аз шаһардың бірі болатын. Алайда басты ерекшелігі – Арқаның жазиралы даласын Қаратау мен Сыр бойына жалғап жатқан өте тиім­ді геосаяси алқапты бақылауда ұстау­ға ыңғайлы еді. Бұл ретте, сонау XIII ғасырда осы өңір арқылы моңғол қағаны Мөңкеге бара жатқан француз елшісі Вильгельм де Рубруктің жазбалары­нан қалған деректер өте қызықты. Мәсе­лен, сол кездің өзінде-ақ Созақ қаласы көш­пенділер мен отырықшылардың түйісетін белдеуі саналған. Айталық, малдарын сатып, азық-түлік, киім-кешек, тұрмысқа қажетті заттар мен бұйымдар алып қайту үшін далалық малшылар Созақтың базарына жиі келетін болған. Керісінше, Қаратаудың арғы бетіндегі ірі оазистерді мекендеген егіншілер, қолөнер шеберлері мен зергерлер өз та­уарларын мал өнімдеріне айырбастау үшін Созақтағы жәрмеңкеге келеді екен.  Сондықтан да Созақ қазаққа бас қала ғана емес, сонау Ақ Орданың билеушісі Ырыс (Орыс) ханнан мұраға қалған са­­йын даласы мен Сырды жағалаған қаласын бірте-бірте қайтаруға мүмкіндік беретін нағыз арқатірер қамалға айналды. Бұл саясаттың да жемісі көп күттірген жоқ. Көшпенді ел Сығанақ, Отырар, Сауран сияқты ескі шаһарларымен қайта қауышты. Сөйтіп ел ордасы тарих­тың ендігі кезеңінде (шамамен бір ғасырға жуық) астана болған Сығанаққа көшті. Дәл осы жерде тағы да «неліктен Сығанақ?» деген заңды сұрақ туады. Бұл сұраққа жауап бермес бұрын орта ғасырдағы Сығанақтың саяси тір­ші­лігін, мәдениетін, ұлан байтақ базарын, қала құрылысын, үйлерін толығырақ жазған ғалымдар Шарафаддин Иазди мен Фазлаллах Ибн Рузбихандардың жазбаларына назар аударайық. Бұлардың баяндауынша, Сығанақ – қыр даланың іргесінде гүлденіп тұрған үлкен қаланың бірі болған. Бұл өлкенің жер байлығы, елінің әдет-ғұрпы мен мәдениеті көзге ерекше түскен. Сәулетті салынған шаһардың халқы да көп болған. Қаланың базарында күн сайын 500 түйеге артылған тауар сатылып отырған. Оның маңайы толған егіндік, бақша, арық, тоған еді. Сауда мәмілелері Сығанақта жасалатын болғандықтан, «бұл иелік әр­қашан­да шет елдерден көпестер келіп тұра­тын орын болып табылады», оған Еділден, Каспий теңізінен, Қашқардан, Хотаннан, Мәуеренахрдан қаптаған сау­дагерлер келіп, сахараның халқына өзінің нәрселерін сататын. Бұдан бөлек, парсының белгісіз авторы өзінің «Худуд-аль-Алам» деген еңбегінде Cығанақ диірменінде тартылған ұн әлемнің шартарабына таратылатыны туралы жазған. Сонымен біріншіден, Сығанақ – ірі қолөнер орталығы ғана емес, күллі Азияға ұн өнімін өндіре алатын аса үлкен әрі өте сапалы диірмендері бар қала болған. Ал жылдан жылға күш-қуаты артып келе жатқан жас Қазақ хан­ды­ғы­на арқасүйер осындай мықты эко­но­ми­калық тұғыр ауа­дай қажет тұғын. Екіншіден, Сығанақ – сонау қыпшақ дәуірінен бері Ұлы Жібек жолының бойындағы, бір қақпасы Отырарға, бір қақпасы Сауранға қараған ерекше геосая­си мәні бар қала. Қазақтың қарамағына өткен осындай Сыр бойындағы шаһар­ларды қорғау үшін Сығанақтың үлкен әскери-стратегиялық маңызы болды. Бұл шешімнің де нәтижесі жаман емес. Бұрынғы­лардан қалған Қасым ханның «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай заманы» деген қазақтың алтын дәуірі осы Сығанақ астана болып тұрған кезеңде орнаған деген болжам бар.  Өкінішке қарай, Қасым ханнан кейін биліктен береке кетіп, Ұлы дала 20 жылға жуық аласапыран күй кешті. Сондықтан да әке мирасын қолына алған Хақ­назардың алдында ішкі алауыз­дықтан әбден әлсі­реген хандықты қайта көтеру міндеті тұрды. Бұл мақсат­қа жету үшін ол орданы оңтүстіктегі Сығанақ­тан батыс­та­ғы Сарайшыққа көшіруді көздеген деген пікір назар аударарлық. 

Тағы бір пайым бойынша, Сарайшық қазаққа XVI ғасырдың басында, яғни Қасым хан қаланы қайтарған мезеттен-ақ астана болған. Әрине бұл мәселенің ақ-қарасын анықтауды тарих ғылымының қарауына қалдырамыз. Біз үшін бұл жерде басты жайт – Сарайшықтың астаналық дәрежедегі мазмұны мен орталықты осында көшірудің маңызы. Оған бірнеше стратегиялық себептер бар еді: Біріншіден, сол замандағы қазақтың тағдырына тікелей қатысты ірі саяси оқиғалар батыс пен солтүстік шепте жүріп жатты. Мәселен, Мәскеу мемлекетінің нығаюының нәтижесінде Ібір-Сібір, Астрахань, Қазан, Башқұрт жұрттарының құлдырауы мен Ноғай Ордасы­ның ыдырауы ел саясатын сол жаққа бұруды талап етті. Осыған байланысты екінші себеп туады. Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде тұрып, арғысы Алтын Орда, бергісі Ақ Орда сияқты кіл мықты мемле­кеттер­дің байтағы боп танылған шаһар бүкіл қазақтың баба даңқын жаңғыртып, рухын көтеретін «Ұран қала» ретінде де керек еді.  Үшіншіден, Ұлы Жібек жолындағы ірі сауда орта­лығы ретінде Сарайшық Қазақ хандығының эко­номи­ка­сына күшті тірек болары анық еді. Қаланың сол кез­дегі урбанистикалық деңгейін араб саяхатшысы Ибн Бат­­тутаның жазбасынан да жақсы тануға болады. Әй­гілі ғалым: «Сарайдан шыққаннан кейін 10 күн жүріп Сарай­шыққа келдік. «Шық» деген түркі тілінде «кіші» дегенді білдіреді. Яки, Сарайшық – бұл Кіші Сарай. Ол Ұлысу деп аталатын кең арналы, мол сулы дария­ның жағасында орналасқан. Өзен бетіне қайық төсеп, көпір тартқан. Мен мұндай көпірді Бағдатта көр­ген едім. Бірақ мені таңғалдырған бұл емес, су жіберу жүйесі. Сарайшықта су әрбір үйге өзі кіреді...», – деп жазады.  Осы бір деректің өзінен-ақ Сарай­шықтың ерте заман­нан бері өз кезеңінің өркениетіне сай урбанистикалық жетіс­тіктері бар шаһар болғанын көреміз. Бүгінде осыған қатысты жәдігерлердің біразы, сонау 1999 жылы Елбасының өзі Атырау облысына арнайы келіп ашқан, «Хан Ордалы Сарайшық» атты мемлекеттік қорық-мұражайда сақтаулы тұр. Сонымен бірге бұл жерге халқымыздың арғы-бергі тарихында игі істерімен танылған жеті хан жерленген. Атап айтқанда, олардың үшеуі – Алтын Орда хандары – Мөңке-Темір, оның ұлы Тоқтағу және Өзбек ханның баласы – Жәнібек. Үшеуі – Ноғай Ордасының хан дәрежесіндегі билері – Оқас, Шейх-Мамай және Жүсіп билер. Ал енді Сарай­шықта жерленген жетінші тұлға – қазақтың Қасым ханы. Міне, осы бір ғана деректің өзі осынау шежірелі қаланың еліміз үшін қаншалықты мән-маңызы мен мәртебесі барын айшықтап отыр.  Осылайша Сарайшық қазаққа 50 жылдан астам астана болды. Бұл хандықтың эко­но­микалық, әлеуметтік кемеліне келіп, шаруа­шылығын тіктеп, өрісін кеңей­­ту­ге үлкен мүмкіндіктер туғызды. Әри­не жаугершілік заман болған соң уақыт­ша құлдырау кезеңдері де болды. Міне, осындай бір кезеңде астана біресе Созақ­қа қайта ауып, біресе батысқа кері қай­тып алмағайып күй кешеді. Кейін ел тіз­гіні Тәуекелге тиіп, қайта өрлеген Қазақ хандығында тұрақты заман орнайды.  Ендігі жерде елдің тоқырауға түспей, одан әрі өркендеуіне күшті рухани сер­піліс керек еді. Сондық­тан Есім ханның кезінде елорда Сарайшықтан Түркістанға көшті. Сөз жоқ, бұл мақсатқа ежелгі Тараз да әбден лайық еді.  Бірақ заман Түркістанды таңдады. Себебі сол уақытта қазаққа қараған қала­лардың ішінде діні мен ділі, мәдениеті мен әдебиеті, ілімі мен ғылымы бойынша Түркістаннан артық шаһар болған жоқ. Ұлы Жібек жолы арқылы келген шығыс пен батыстың барлық мәдениеті осы жерде тоғысты. 

Сонымен қатар қала туралы қытайдың санскрит жазбаларындағы деректерде, Түркістан қаласы Ясы, Шауған, Асон сияқты атаулармен біздің дәуірге дейінгі ІV-V ғғ. бастап өмір сүргендігі және сол кездің өзінде ірі мәдени және рухани орталық болғандығы туралы баяндалған. Мысалы онда, Ұлы даланың өмірден озған билеушілері әкелініп жерленетіндігі, атап айтқанда, Отырар билеушісі Ілияс пен Сайрамда туып-өскен Ахмет Ясауи Түркістан жерінде тұрып, осында жерленуі жайдан-жай емес екендігі туралы жазылған.  Расында да, көшпелі санаға жақын ислам рухания­тының үлкен бір діңгегі Қожа Ахмет Ясауидің мирасы мен қазақтың игі жақсыларының осындағы ұлттық пантеоны Түркістанды күні бүгінге дейін рухани астана ретінде мо­йындатып отыр. Бұл фактор кейін жоңғар шапқыншылығы кезінде де үш жүздің басын қосып, ел бірлігін дәлелдеген шындығымен белгілі. Жалпы, халқымыздың қай заманын алсаң да, руханияттың мәселесі қашанда өзектілігін жоғалтқан емес. Мәселен, осы бір ғана Түркістанның мысалында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бүгінгі «Рухани жаңғыру» идеясының қаншалықты терең мән-мағынаға ие екендігін көруге болады. Оның үстіне Елбасының осы күні Түркістанға оңтүстік өңірдің орталығы дәрежесін беріп қана қоймай, бүкіл облысқа атауын қайта жаңғырту туралы шешімін ел бірауыздан қолдап, көне қаланың бойына сіңген барлық ерекшеліктерін бағалап, жақсылыққа жорып жатыр.  Баршаға мәлім, Түркістан қазақтың киіз шежіресін­дегі ең ұзақ уақыт – екі ғасырдан астам астана болған жал­ғыз шаһар. Содан болар, бұл кезең ұлты­мыз үшін заңғар жеңістерімен қатар құлдыраған шегіністерге де жол берді. Оның ең үлкені, әрине Түркістанның қазаққа соңғы дербес орда болып кете баруында еді. Өйткені Абылай ханның өлімінен кейін оның ұрпақтары әр өңірде жеке-дара билік жүргізді. Ал ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ даласы толықтай Ресей Империясының құрамына еніп, үш территориялық әкімшілікке бөлініп кетті.  Яғни, астанамен бірге елден ауыз­біршілік, ал осы береке-бірлікпен бірге тәуелсіздік кетті. Иә, бұл – ащы ақи­қат. Сызып тастай алмайсың. Бірақ сабағын алып, соқпағын қайталамау бүгінге парыз. Елбасының соңғы 20 жыл бойы Есілдің жағасына ел қондырып, Астананы перзентіндей әлпештеген, абыройын әлемге сүйреп, әр қадамын қолпаштаған қажыр-қайратының да, өлшеусіз еңбегінің де түбінде, міне, ел-жұртымыздың осындай ниеті жатыр!  Әрине қандай заман болса да халықты басқаратын бір орталықтың болуы орынды. Алайда 1790-шы мен 1917 жылдар аралығында 127 жыл бойы қазақта мұн­дай орталық болған жоқ. Тұтас елге жаңа­дан басты қала таңдау мәселесі тек 1917 жылы Алаш Орда үкіметінің құрылуымен қайта жанданды. Онда да ендігі астаналар тек әкімшілік орталық қызметін атқаратын деңгейден аса алмады.  Қай қала үшін де халықты ұйымдас­тырып, басқару ісі белгілі бір талаптарға сай болуды қажет етеді. Сондықтан да ұзақ үзілістен соң Семейді ел орталығы етіп таңдаудың бірқатар себептері бар еді. 

Біріншіден, патшалық отарлықтан құтылған елдің ең алдымен саяси санасын көтеру керек болды. Семей ол кезде озық ойлы орыс демократтарынан нәр алған жастардың қайнаған ортасы, ұлттық буржуа-саудагерлердің шоғырланған өлкесі, Абайды оқып көзі ашылған қазақтың жиналған қаласы болды. 

Екіншіден, ХХ ғасырдың басында Семей қазақ даласындағы ресейлік-еуропалық стильде бой көтеріп, өте үлкен қарқынмен дамыған заманауи өмір салты бар бірден-бір қала саналатын. Бұл жайтты мына бір деректерден байқауға болады. Мәселен, бұл қалаға 1854 жылдың көктемінде айдауға келген атақты орыс классигі Ф.Достоевский інісі Михаилге жазған хатында Семейді «…бір ғана дүкені, жалғыз дәріханасы мен бастауыш училищесі бар жартылай қала – жартылай ауыл…» деп сипаттайды. Ал енді келесі бір деректерде, осы ХІХ ғасырдың аяғында Омбы округінен бөлініп жеке аймаққа айналған Семей сол заманның ірі сауда әрі мәдени орталығы ретінде көрсетіледі. Атап айтқанда, 1870 жыл­дардың өзінде Шығыс Қазақ­стан­дағы 14 ірі жәрмеңкенің басын қосқан Семей шаһары көпестердің сауда үйлері, түрлі дүкендер ғана емес, өңірдегі көкірегі ояу ауқатты қазақтар балаларын берген орыс-қырғыз приходская мектептері көп, толыққанды қалаға айналған. Үшіншіден, бұл империя құрамында Қытайға қарсы әскери форпост ретінде дамып, нәтижесінде бір жағы Ресей мен Орта Азияны, бір жағы Ресей мен Батыс Қытайды байланыстырған стратегиялық торапқа айналған елді мекен еді.  Бірақ мұндай биік мәртебені ұзақ уақыт ұстап тұру бұл қаланың да маң­дайы­на жазбады. Өйткені 1919-1920 жыл­дары Алаш Орда күштеп таратылды да, Семей идеологиялық тұрғыда астана­лық мәртебемен қош айтысты.  Алайда орталықтың Орынборға ауысуының бұл жалғыз дәйегі емес. Бұдан бөлек үлкен бір себеп – Азамат соғысы ушықтырған сол дәуірдің тағдыршешті оқиғаларының Ресейде өтуі. Бұл ретте Кеңес өкіметі орнап, ел автономиясын алып жатқан заманда сая­си шешім қабылдайтын орын әрине шығыстағы Семейде емес, батыстағы Орынборда болғаны тиімді еді. Бір сөзбен айтқанда, Мәскеуге біртабан жақынырақ, қадамын айқынырақ ету үшін бұл сол кездегі биліктегі ұлт зиялыларына өте керек қадам болды. Нәтижесінде, тарихи сахнаға біртұтас халқы мен межеленген территориясы бар Қазақ Автономиялық Кеңестік Республикасы келді. Өз кезегінде қаланың құрылымдық ерекшелігі де болды. Сол кездегі кейбір қазақ зиялыларының (бір деректер бо­йынша Мағжан Жұмабаевтың) естелігіне құлақ ассақ: «Орынбор өте ескі қала екендігі көзге бірден шалынады. Мұнда қазақтардан орыс ұлты басым. Тіпті өзге де ұлт өкілдері көп тұрады екен. Ағаштан кеспектеп жасалған көне үйлердің кейбірі жерге жартысына дейін сіңіп кеткен. Ал мешіттер мен шіркеулері жақсы дамыған. Кең әрі түзу көшелерінің кейбір тұсын таспен жапқан. Жүргенде аттың тағасы тақылдап, түнде от жарқылы анық байқалады екен. Қыста аса суық бол­ғаны­мен, жаз мезгілінде ауа қоңыржай қалыпта тұрады» екен.  Әлбетте, Орынбор экономикасы озық, өмір сүруге қолайлы болды, бірақ қазақтың негізгі өңірлерінен өте шалғай еді. Орталыққа атпен жету әсіресе қыс айларында мүмкін болмады. Сондықтан да астананы оңтүстіктен іздеуге тура келді. Бұл міндетке ең лайықты қала, әрине жер жаннаты Жетісудың маржаны  Алматы екендігі сол кезден-ақ белгілі-тін. Бірақ қолдың қысқалығы мен заманның қыспағы қазақтың кезекті астанасы болуды орта жолда орналасқан Қызылордаға (1926-1929 жылдар) бұйыртты. Неге Ақтөбе немесе Әулие Ата емес? Ең бірінші себеп – қала Орынбор – Ташкент темір­жолы­ның бойында ор­на­лас­қандықтан, Орынбор­дан тез әрі сапалы түрде көшуге тиімді болды.

Екіншіден, бұл өлке қазақтың әдет-ғұрпы, салты, діні, руханияты таза сақталған жер ғана емес, ежелден отырықшылық дәстүр мен көшпенді шаруашылық түйіскен қала саналатын. Үшіншіден, шаһар тұрғындарының түгелге жуығы жергілікті қазақтар еді. Бұл жөнінде сол кездің ірі саяси қайраткері Сұлтанбек Қожановтың: «Астана қазақтың ұлттық мемлекеттігі... [Ендеше, қазақ] ең алдымен үйлері жанға жайлы әдемі қалаға емес, қазақ еңбекшілеріне нақты қамқорлық жасай алатын орталыққа зәру» деген мәлімдемесі бар. Шынында да бұл тұстағы ең күрделі мәселе – бүкіл қазақ халқын бір республиканың аумағына өз еркімен біріктіру болатын. Өйткені бүкіл Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу, қазіргі Өзбекстан, Түрікменстан және Қырғызстанды біріктірген Советтік Түркістан құрамында болатын. Ал қаланың басты кемшілігі – темір жолдың бойында тұрса да, өзін-өзі экономикалық жағынан қамтамасыз етпеді. Оның үстіне климаты жайсыз, аса құрғақ, бұрыннан көшпенді шаруашылыққа байланған шаһардың жаңа жағдайға бейімделуі ұзақ әрі қиын болды. Сондықтан да Қызылорданың ширек уақыт орталық бола алмасы анық еді. Оның ең бір маңызды рөлі – географиялық ұтымды орнын пайдаланып, сол кез­дегі «ғасыр құрылысы» атанған әйгілі Түрксіб темір жолын тез әрі сапалы аяқтауға барынша септігін тигізді.  Өз кезегінде шойын жол 1929 жылы Верныйға жеткен мезетте, Алматы деген ескі атымен астана арайлы қалаға көшті. Бұл көштің көп себептерімен бірге, ең басты стратегиялық мақсаты бар еді. Ол – өзгелер қол салмаса да көз салған ел шығысындағы шұрайлы мекенді қазақтың игілігінен ажыратпау. «Бас қала» мәртебесін арқалаған 69 жылда Алматы бұл міндетті асқақ абыроймен алып шықты. Басқасын былай қойғанда, Алматы ұлтымызды ХХІ ғасырдағы егемен өмірге саяси тұрғыдан да, әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша да, мәдени жағынан да дайындап, болашақтың шынайы кепіліне айналды. Ел Президентінің тарих­тың дәптеріне мәңгілікке жазылған «Алматы – Тәуелсіз­діктің талбесігі!» деген қанатты сөзі осыдан қалған. Расында да Алматы елімізді жаңа дәуірдің дарбазасына дейін жетелеп қана қоймай, жаңа ғасырдағы тізгінін жас та жасампаз Астанаға берді. Мұның өзі – барша халықтың сүйікті қаласына айналып үлгерген ақмаңдайлы Алматыға келесі кезеңге аяқ басу үшін жаңа дем, тың тыныс, айшықты мүмкіндіктер ашты. Бірін­ші кезекте шаһарға ұзақ жылдар бойы түсіп келген демо­графиялық қысым мен экологиялық салмақ едәуір азайды. Бұл еліміздегі ең үлкен мегаполиске бұрыннан жоспарлап жүрген бүкіл ортаазиялық аймақтың ірі қаржы және бизнес орталығы ретінде дамуына жағдай туғызды. Оған табиғаттың өзі сыйлаған ерекше сұлу­лықты қосқанда Алматының бұл географиялық аймақ­тағы туристік басымдығы бүгіннің өзінде айқын болып отыр.  Ал енді, ақындар жырынан тастамаған осынау ақшоқылы Алатауда жаңа Астана­ның қалай толғатып, Арқада өмір­ге келуінің қиындығын сөз басында баян­дап өттім. Оған қайта оралмай-ақ, тау биігінде ел Президентімен болған сол әңгі­менің бір ғана түйінін тарқата кетейін.  Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы:  – Астананы көшіру – мен үшiн емес, бұл ел үшiн керек. Осы елдiң ертеңi үшiн керек. Мұның мәнiн қазiргi адамдар толық ұғар-ұқпас, бiрақ болашақ ұрпақ ризашылығын әлі талай білдіретін болады, – деп еді.  Одан кейін көп жылдар өтті. Астана өзіне тән бүгінгі таң-тамашасымен бой көтерді. Кезінде күмәні көп болған ел, жаңа елорданың мемлекеттің біртұтас болуы мен асқақ рухының қарыш­тап тұруындағы маңызын әлдеқашан түсінді. Иә, Елбасы Астананы қазақтың Арқа даласына кеңес экономикасы күйреген күрделі кезде, Азияны дүлей дағдарыс билеген кезде ауыстырды. Соның өзінде осынау нар тәуекел намыс таңдай қақтырар табысқа ұласты. Бұл туралы, әсіресе, осы бір мерейлі күндері барлық ақпарат құралдары жаһанға жаппай жар салып, экономикалық көрсеткіштердің саны мен сапасын, әрбір жемісі мен жетістігін жіпке тізген моншақтай көрсетіп отыр. Оны қайталап отырудың қажеті болмас. Тек қадап айтар ойымыз:  Бұның бәрі өзінен өзі келген жоқ. Әрбір жетістіктің түбінде Елбасының аса дәлдікпен жасаған эконо­микалық-математикалық есебі негізінде құрылып, сонау 1994 жылы Жоғарғы Кеңесте келтірген 32 аргу­менті жатыр. Екі ауыз сөзбен тізіп өтсек, бұл – жаңа астананың республикалық коммуникация­лық, автомобильдік, әуе және темір жол торабының қақ ортасында орналасуы; - шаһардың келешекте жер тапшы­лығын көрмей, кемелденіп өсуінің гео­графиялық мүмкіндіктері; - елдің ең басты экономикалық маңызды нүкте­леріне жақындығы; - демографиялық әлеуеті;  - өңірдің болашақтағы әлеуметтік-саяси басым­дығы; - табиғи ерекшелігі мен қоршаған ортасы. Әрине бұл тек экономикалық-әлеу­меттік артық­шы­лықтары ғана. Ал сая­си жетістігінің өлшемі жоқ. Өйт­кені Елбасының осы шешімі болмағанда, қазақ әлем­дегі 9-шы жер көлемімен де, қойнауы кенге, алқа­бы астыққа толы солтүстік өңірімен де мақтана алмас еді... Төрткүл дүниеге «Ұрпаққа жол ашқан кең байтақ далам бар» деп ұранын салмас еді. Сол даланың құлпыр­ған гүліндей жарқыраған бүгінгі Астанасы да болмас еді.  Ал қазір... Астана – талай істе абыройы артқан, сонысымен де төрткүл дүниеге мүмкіндігін мойындатқан қала. Оған шаһарымыздың еншісіне тарихтың өзі таққан, жоғары деңгейде жолын тапқан – ЕҚЫҰ саммиті, Қысқы Азия ойындары, Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі мен 2017 жылы дүркіреп өткен ЭКСПО көрмесі куә. Мұндай адамзаттың деңгейіндегі үлкен шаралар көшпелі өркениеттің киелі мәдениетін, бай­тақ даланың рухы мен дәстүрлі өсиетін бо­йына жиған қалада өткен емес. Әлемде Астанадан бөлек мұн­дай шаһар жоқ та. Өйткені Астана – көкжиегі көрін­бейтін кең даладай дүниетанымның, көк аспандай биік көңілдің, тұңғиықтай терең білімнің тоғысқан жері.  Содан болар, Астанаға ат арылтып кел­ген барша қонақтарға көрсетер қала­ның заманауи архитектурасы мен көрікті келбеті, ортаазиялық аймақта теңдесі жоқ «Астана – жаңа қала» арнайы эконо­микалық аймағы, әйгілі «Президент орманы» атанып кеткен әлемдегі адамзат қолымен егілген ең үлкен желектердің бірегейі Астананың жасыл белдеуі және басқа да көптеген жобаларды шынайы мақтанышпен айта аласың.  Әрине осының барлығы ең алдымен Елбасының қаланың алғашқы кірпішінен, аспан тіреп өскен бүгінгі түр-түсіне дейін мұқият көңіл бөлген еңбегінің заңды нәтижесі. Жасыратыны жоқ, ел ордасына деген мұндай қамқорлық кейбіреулерге артық көрініп, негізсіз сынға ұшырап жатады. Бір ауыз сөзбен жауап берсек, бұл жалпы мәселенің төркінін түсінбеушіліктен туатын дүниелер. Ал мәселе дегеніміз – бір шаһардың ғана әңгімесі емес, бүкіл елдің ау-жайы.  Өйткені әрбір астананың өзіндік даму логикасынан туатын ерекше жолы болады. Ал бұл жол тұтас ұлттың уақыт пен кеңістікке басар қадамының нөлдік нүктесін таңдаудан басталады. Яғни, оның тың тарихнамасының жаңа есебі басталады. Бұл мағынада «астана» атаулыны мемлекеттіліктің бастауы әрі сол мемлекеттегі биліктің даму заңдылық­тары­ның қайнаркөзі ретінде қабылдау керек.  Айталық, қоғамдық қатынастар өзгеріске түскен кезде адам жаңа қалып­­тасқан жағдайға бейімделу үшін онымен белгілі бір сәйкестіктің болғанын қалайды. Міне, осындай кезде тұтас қоғам болып, халық болып жаңа бағыт, жаңа орта және осының бәрін ұйымдастыратын жаңа орталық іздейді. Бұл үрдіс ең алдымен, әрине, тәуелсіздігін енді ғана алған жас мемлекеттерге тән дүние. Түптің түбінде осы «жаңалықтардың» барлығы жаңа астананың негізі қаланып, бой көтеруіне тікелей әсер етеді.  Сондықтан да егер Қазақ елі үшін тәуелсіздік ұлттық сана-сезімнің көтеріл­ген ең жоғары биігі болса, онда Астана сол биіктен жағылған жол көрсетер жарықты өшірмей, жалынын одан әрі өсіретін катализатор іспетті. Себебі астана – азаматтардың қоғаммен жұғысып, тұтас ұлттың ұйысатын жері. Игілікті істер мен баянды бастамалардың төрі. 

Бұл орайда, Астана ел ішіндегі түрлі қоғамдық күштер мен мүдделерді тоғыс­тырып қана қоймай, оларды таразы­ның басына теңдей теңгеріп, осы арқылы мемлекеттің ішкі ресурстарын ортақ мақсатқа жұмылдыра білген бірден-бір тұғыр.  Астана инфрақұрылымының қа­рыш­тап дамуы ел экономикасының «ұйқыда» жатқан сай-саласын оятып, халық шаруашылығының барлық дерлік бағытына дем берді.  Өз кезегінде ел ордасына қарап басқа қалалар мен тұтас өңірлер бой түзей бас­тады. Елдің қақ ортасында орналасқан байтақ қала аумақтық диспропорция мәселесін түбегейлі шешіп, өңірлер үшін үнемі өзекті болған «алыс-жақын» факторын жойып, көлік қатынасында баршаға тиімді ізін салды.  Сөйтіп Астанамыз ұлтымыздың бүгін­гі болмысын көрсететін жаны жаңа­лыққа құмар жас қала ғана емес, халқы­мыздың болашақтағы мінсіз образы шағылысатын айнадай жасампаз шаһарға айналды. 

Сонымен бірге заманауи технология­лар, әлеумет пен мәдениеттің ең озық үлгілері – бәрі де астанадан бастау алуы шарт. Өйткені қазіргі адамзат осындай жетістіктерін көріп, елін таниды, ал прогрессивті тәжірибесі бар астанасын көріп, ұлттың шамасын біледі. Өткен 20 жыл – елордамыздың көп­жыл­дарға тағ­дырын шешкен уақыт болды. Қазіргі мақтана да марқая айтып жүрген табыстарымыздың түбінде де сонау қиын-қыстауда салынып, ұлтты бір орталыққа бірік­тірген Астананың қандай да болмасын қиыншылық пен кедергіден сенімді түрде өте алатын қабілеті жатыр.  Жоғарыдағы тарихи шолуымыз­дың да басты себебі – қазақтың маңдайы­на бұйырған «елорда» атаулының ел­дік­ті қалыптастырудағы рөлін өткеннің нақты мысалдарымен көрсету. Сондағы айтпағымыз: біріншіден, астана қай кезде де ең маңызды деген геосаяси және стра­тегиялық міндеттерді шешіп отырады; екіншіден, ұлтты ұйыстырып, оның сана-сезімін көтереді. Үшіншіден, мемлекеттің өсіп-өркен­деуі мен халық­тың әл-ауқатын арт­тыру мақсатында экономикалық міндеттерді мойнына алады. Төртіншіден, ел дамуының әрбір кезеңінде рухани-мәдени қайта өрлеудің бірден-бір қозғаушы күші бола алады. Әрине өткен күннің еншісінде қалған астаналар­дың қайбірін алсаң да, «күннің көзі үшін күнде күрескен» жан­кешті заман мен «ырысы бүгін бүтін, ертең жырым болған» көшпелі адамның кезінде елді сақтап қалу үшін бір мезгіл ауысып отыруға мәжбүр болған қалалар.  Иә, бас қала болғанмен, шынайы астана болмады. Тігілген үй болғанмен, ол үйде шалқайып қонақ күтетін күй болмады. Ал осы күні ше? Төрткүл дүниенің небір алпауыт елдерінің басшылары елордамыздың ақ босағасынан еңкейіп кіріп, марқайып шығып жатыр. Тек осы 20 жылдың өзінде Астанаға әлемнің 70 мемлекетінің басшылары ресми сапармен келіп, Қазақ елінің қарымын көріп, ыстық ықыластарын білдіріп кетті. Соның ішінде көршілес Ресей президенттері – 12, Орталық Азия көшбасшылары – 17, Қытай төрағалары 10 мәртеден ат басын бұрып, осы жерде аймақтағы ауқымды шаруаның шешімдерін тапса, Астанаға арнайы келген Біріккен Ұлттар Ұйымының үш бірдей Бас хатшысы (Кофи Аннан – 2002 жыл, Пан Ги Мун – 2010 мен 2015 жылдары және Антониу Гутерриш – 2017 жыл) адамзаттың мәселесін көтеріп, күрмеуі көп сұрақтарды шешудің сара жолын ашты.  Ол да болса айнала түгел қызығушы пейілдеске де, қызғанушы тілеулеске де қазақты дербес ел ретінде танытып, үстем мерейі мен үлкен мәртебесін дәлелдейді. Мұндай мемлекеттің «астанасы» ендігі жерде бұрынғыдай аттың үстінде, түйенің қомында жүріп көшетін емес, халықтың тағдырын мыңжылдықтарға шешетін әрі елмен бірге тұрақты түрде өсетін Астана. Шекарасы біржола бекіген, шартарап мойындап, құт пен ырыс қонған қазақтың қасиетті жеріне мәңгілікке қағылған Алтын қазық.  Осы күні бүтіні бір Жер болып, түтіні түзу Ел болып отырғанымыз да осы Астананың арқасы. 

Ойлап қараңызшы, елдің елден несі артық... Бекем бірлігі мен бостан тірлігі артық. Ал береке-бірлік – ел билеп, жол көрсетер тұлғадан, тәуелсіз тірлік шешім шығатын астанадан бастау алады. Расында да арғы-бергі заманда адам­заттың қолынан шыққан қай мемлекетті алсақ та, оған үш тағдырдың бірі ғана бұйырады екен.  Біріншісі – Тәңірі ел болатын жол да, ер болатын ұл да берген, бірақ тірлігі аз, тәлкегі көп, сөзі мол, бірлігі жоқ ел. Мұндай елдің бүгіні бұлыңғыр, келешегі күңгірт. Екіншісі – Жаратқан терең тарих, танымды халық берген, бірақ билігі берекесіз, ғұмыры мере­ке­сіз ел. Мұндай жұрттың жолы ауыр, жетер жағасы алыс. Ал үшіншісі – ғұмырын ұлт тағ­дырымен еншілеген жүректі Ері, астаналы Елі бар, алыс-жақын жақтаған, тұтас­тығын сақтаған саламатты мемлекет.  Біздің мемлекет, міне, осындай мемлекет. Ал асқаралы Астана болса, дүбірлі дәуірдің дарабоз перзентіндей уақытпен бірге туып, заманынан озған, сол үшін де осындай күшті де құдіретті мемлекеттің елордасы болу үшін жаралған жасампаз қала болып мәңгілікке қалмақ.

Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ,

Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі

"Егемен Қазақстан" газеті

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар