08 қаң, 2017 сағат 14:34

ИМ Бағдаттағы бүгінгі шабуылға жауапкершілікті алды

Ирак қауіпсіздік күштері шиит мұсылмандары тұратын аудандағы жарылыс болған жерде тұр. Бағдат, Ирак, 5 қаңтар 2017 жыл.

"Ислам мемлекеті" экстремистік тобы содырлары Ирак астанасында бүгін жасалған террорлық шабуыл жауапкершілігін мойнына алатыны туралы мәлімдемені интернетте жариялады деп хабарлайды Aljazeera.

Жексенбі күні Бағдаттағы көкөніс базарында автокөліктегі бомба жарылып, салдарынан 12 адам қаза тауып, 50-ден аса адам жараланған.

Бұның алдында қаңтардың 2-і күні Бағдатта осыған ұқсас шабуыл салдарынан 35 кісі мерт болған еді. Желтоқсанның 31-і күні Ирак астанасында екі жарылыстан 28 адам өліп, 50-ден аса адам жараланған. Ол шабуылдарға да жауапкершілікті «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы өзіне алған болатын.

Сарапшылар Ирак армиясы былтыр күзде Мосул қаласын ИМ тобынан азат ету операциясын бастағаннан кейін террорлық шабуылдар жиілеп кеткенін айтады.