10 сәу, 2019 сағат 19:06

Ильин мен Жаппарқұл ауыр атлетикадан Азия чемпионатына барады

18-28 сәуірде Қытайдың Нинбо қаласында ауыр атлетикадан Азия чемпионаты өтеді. Бұл жарысқа Қазақстаннан 18 атлет қатысады.

Олардың арасында допинг дауына ілініп, кейін спортқа қайта оралған Илья Ильин мен Зүлфия Чиншанло, Рио олимпиадасының чемпионы Нижат Рахимов, Рио олимпиадасында күміс медаль алған Жазира Жаппарқұл бар. Қазақстанға Қытайдан келген Арли Чонтей мен Фархад Харки де Азия чемпионатына қатысады.

Азия чемпионатына баратын Қазақстан ауыр атлетика құрамасының толық тізімі:

Ерлер:

  • Арли Чонтей (55 кг);
  • Фархад Харки (67 кг);
  • Нұрлыбек Саменов (81 кг);
  • Денис Уланов (81 кг);
  • Нижат Рахимов (89 кг);
  • Илья Ильин (96 кг);
  • Рүстем Сыбай (96 кг);
  • Александр Зайчиков (109 кг);
  • Ибрагим Берсанов (109 кг);
  • Селимхан Абубакиров (+109 кг).

Әйелдер:

  • Зүлфия Чиншанло (55 кг);
  • Карина Горичева (64 кг);
  • Екатерина Столяренко (71 кг);
  • Екатерина Быкова (76 кг);
  • Жазира Жаппарқұл (71 кг);
  • Раушан Мешітханова (81 кг);
  • Лариса Кобелева (87 кг);
  • Айзада Мүптілдә (+ 87 кг).

Илья Ильин Пекин және Лондон олимпиадаларында, Зүлфия Чиншанло Лондон олимпиадасында допинг қолданды деп айыпталып, екі жылға спорттан шеттетілген. Екеуі де олимпиадада алған алтындарын қайтарған.

Спортшылардың жаза уақыты 2018 жылы жазда аяқталғанИльин қарашада Ашғабатта өткен әлем чемпионатына қатысуы тиіс болған. Бірақ спортшы жарақатына байланысты жарысқа шықпаған. Ал Чиншанло ашғабаттағы жарысқа қатысып, 55 келіде 5-орын алған.

Допинг жазасынан кейін спортқа қайта оралған Ильин мен Чиншанло Токио олимпиадасына қатысуды жоспарлайды. "Допинг дауына" көп ілінген Қазақстан 2020 жылы өтетін олимпиада бір ер, бір әйел ауыр атлет қана апара алады.