25 қаң, 2017 сағат 09:32

ІІМ басшысы Астанадағы мектеп оқушысының өлімі бойынша тергеуге қатысты жаңа деректерді айтты

- Астанадағы №59-шы мектепте көз жұмған Темірлан Диқанбаевтің ісіне қатысты сараптамалық жұмыс аяқталды. 

Бұл туралы бүгін Мәжілістегі жалпы отырыс барысында тілшілер сауалына жауап берген ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Сараптаманың қорытындысын біз алдық. Қазіргі кезде тиісті шешім қабылдаймыз. Ер балаға қатысты тергеу тоқтатылады, ал мұғалімдерге қатысты әлі де қарастырамыз, бүгінде тексеру жүріп жатыр», - деді Қасымов.

Оның сөзіне қарағанда, сараптама баланың өлімі неден болғанын нақты айқындап берген.  

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы қараша айының соңында елордалық оқушы Темірлан Диқанбаевтың өліміне байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған болатын. Осы орайда баланың өлім себептерін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Бұған дейін БАҚ беттерінде марқұм Т. Диқанбаевтың туыстары баланың төбелестен көз жұмғаны хабарланған болатын. Осы орайда олар Темірлан сыныптасымен төбелес салдарынан қайтыс болғанын жеткізді.

Темірланды ажалдан арашалау үшін мектептің медбикесі көмек көрсеткенімен, жасөспірім есін жимастан көз жұмған.