09 ақп, 2017 сағат 11:24

HRW: Түркіменстанда президент сайлауы ешқашан әділ өткен емес

Халықаралық "Хюман Райтс Уотч" (HRW) құқық қорғау ұйымы Түркіменстанда өтетін президент сайлауы қарсаңында мәлімдеме жасап, еркін және таза сайлау өтетініне күмән келтірген.

Ұйым таратқан мәлімдемеде сөз бостандығы және ақпаратқа қол жетімділік жоқ елде азаматтардың сайлауда еркін таңдау жасауына мүмкіндік берілмейтіндігі айтылған.

"Түркіменстанда ешқашан таза және әділетті сайлау болған емес. Мұндай пікірді елдегі адам құқықтары жағдайын ұзақ уақыттан бері бақылап келе жатқандықтан айтып отырмыз. Адам құқығы өрескел бұзылған елде сөз бостандығы, ашық баспасөз, еркін жиналу деген мүлдем болмайды", - деп атап өтеді HRW ұйымының Еуропа және Орталық Азия жөніндегі жетекшісі Хью Уиллямсон.

Уиллямсон Түркіменстан билігі халықаралық үкіметтік емес ұйымдарды, солардың ішінде "Хюман Райтс Уотчты" еліне жібермейтінін айтады.

"Түркіменстанның халықаралық әріптестері үкіметке адам құқықтарының қорғалуы үшін, реформа жасалу үшін қысым жасау керек", - деп атап өтеді Хью Уиллямсон.

Түркіменстанның қазіргі президенті 59 жастағы Гурбангулы Бердымухамедов елін 2007 жылдан бері басқарып келеді. Ол президент сайлауына үшінші жыл қатарынан түсіп отыр. 2016 жылдың қыркүйегінде Түркіменстан жаңа Конституция қабылдады. Оған сәйкес, президент жеті жылға сайланады.