07 нау, 2017 сағат 08:36

Ғылымды қуғанша дәнекерлеуші болып істеген дұрыс шығар - тариxшы

ҚР Білім және ғылым министрлігі Мемлекет тариxы институтының директоры Бүркітбай Аяғанның айтуынша, бүгінгі жастар ғылымға көп келе бермейді. Себебі жалақы - аз, деп xабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Бізде кәсіби білімді тегін беріп, жұмысшы мамандықтарға ақысыз оқыту бастамасын қолға алғаны өте дұрыс болды. Ол ауыл жастарының біраз проблемасын шешіп беруі тиіс. Мысалы, бір жақсы дәнекерлеуші айына бір-екі мың доллар алуы мүмкін. Кей кезде ойлайсын, қиналып, ғылым қуып, доктор болғанша, мүмкін, жақсы бір дәнекерлеуші болу қажет па еді? Себебі қазіргі кезде кәсіби дәнекерлеушіге де, кәсіби құрылысшыға да сұраныс бар. Ондай мамандар тапшы», - дейді тариxшы Аяған.

Институт директорының айтуынша, ғылымда жүрген профессордар көп табыс табуы мүмкін. Алайда жас мамандар ғылымға көп келе бермейді. Себебі жалақы төмен.

«Бұл өзі соңғы 20 жылда болып жатқан жағдай. Жастардың ғылымға келуі мүлдем азайып кеткен. Дарынды жігіттердің көбісі бизнесті, я болмаса, мемлекеттік қызметті қуып кетеді. Олардың келмейтін себебі - жалақы аз. Сол мәселе қинайды», - деп атап көрсетті профессор ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Айта кетейік, «Қазақстанның мемлекеттік-жекешелік орталығы» АҚ төрағасының орынбасары, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Ғалымбек Мамыраевтың ойынша, ел экономикасын жаңғырту шаралары аясында жұмысшы мамандықтардан бұрын кеңседе отырған қызметкерлерді қысқарту қаупі басым болып тұр.