21 там, 2017 сағат 06:11

Гуандун провинциясының апталығы ашылды


Астанада Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Қытайдың ең ірі провинцияларының бірі – Гуандун провинциясының апталығы ашылды.

Ашылу салтанатына аспан асты елінен 300-ге тарта делегация келді. Олардың қатарында Гуандун провинциясының бас хатшысының орынбасары Ли И Вей де бар.

Гуандун провинциясының бас хатшысының орынбасары: «Біз ЭКСПО-2017 көрмесіне белсене қатысуға ниеттіміз. Гуандун провинциясының апталығы аясында Қазақстан мен Қытайдың іскерлік қарым-қатынасын арттыра түсетін бірнеше шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Сіздер ұсынған «Болашақтың энергиясы» атты тақырыбы Қытайдың жасыл экономикалық дамуы тұжырымдамасымен тығыз байланысты», - деді құттықтау сөзінде.

Ли И Вей мырза «Кездесу үшін мың шақырым жерден шын достар ғана келеді» деген қытай тәмсілін де тілге тиек етіп, екі елдің достығына маңыз бере кетті.

Сондай-ақ ол алдағы іс-шаралар барысында өңірдегі энергияның жаңа көздері, заманауи жаңа технологиялар және зерттеу әдіс-тәсілдерінің соңғы жетістіктері көрме келушілеріне ұсынылатынын атап өтті.

Қазақстан инвестициялық ынтымақтастық агенттігінің бас директоры Айдын Байеділов: «Біздің Елбасы мен Қытай елінің басшысы өз еліндегі өңірлердің дамуына көңіл бөліп келеді. Гуандун провинциясы секілді қарым-деңгейі жоғары аймақпен ынтымақтастық орнатқанымыз үшін қуаныштымыз», - дейді.

Шара барысында қос мемлекеттің өкілдері өзара қарым-қатынасты дамыту мақсатындағы бірқатар келісімшартқа қол қойды.

Ашылу салтанаты барысында гуандундық өнерпаздар да өнер көрсетіп, қонақтар көңілін бір серпілтіп тастады.

Айта кетсек, Қытайдың оңтүстік-шығысындағы субтропикте орналасқан Гуандун провинциясы – ежелгі теңіз «Жібек жолының» маңызды нүктесі. Аумағы – 177,9 мың шаршы шақырым.

Астана мен Гуандун өкілдеріне тәжірибе алмасып, әріптестік орнату үшін перспективалық бағыт – туризм саласы. Астананың Гуандунмен достық байланыс орнатуы сауда-экономикалық, мәдени және білім салаларында үлкен мүмкіндіктерге жол ашады.

Провинцияның әкімшілік орталығы – Гуанчжоу қаласы. Гуандун првинциясының тарихы, мәдениеті және тілі басқа да аудандармен айырмашылығы өте көп. Соңғы уақытта Гуандун экономикасы қарқынды дамып келеді.

Провинцияның 3368 шақырым құрлықтық желісі бар және теңіз биологиялық ресурстарға өте бай. Теңіз қайраңында мұнай өндірісі де жолға қойылған. Өзге де пайдалы қазбалар арасында германий, висмут, талий, тантал, селен сынды сирек кездесетін металлдардың кен орны аса үлкен маңызға ие. Гуандунда Шэньчжэнь, Чжухай, Шаньтоу атты Қытайдың үш арнайы экономикалық аймағы бар. Гонконгпен және Макаомен көршілес орналасуы да провинцияның экономикалық дамуына оң ықпалын тигізеді. Қазіргі уақытта Гуандун ЖІО көлемі бойынша ҚХР провинцияларының алдыңғы орнында тұр.