31 қаз, 2019 сағат 14:39

Грета Тунберг экологтарға берілетін беделді сыйлықтан бас тартты

16 жастағы швед белсендісі Грета Тунберг Солтүстік кеңестің қоршаған орта және экологияны қорғау саласы бойынша ұсынатын сыйлыған алудан бас тартты. 

Тунберг Instagram әлеуметтік желісінде: “Мұндай сыйлыққа ие болу - үлкен абырой, бірақ дамыған елдер Париж келісімін орындамайды екен, демек аталған сыйлыққа ешкім лайық емес”, - деді. 

Қазір Калифорнияда жүрген бойжеткен, табиғатты қорғайтын белсенділерге сыйлық емес, үкімет тарапынан назар аудару мен қолдау қажет деп санайды.

Дания, Исландия, Норвегия, Швеция және Финляндия елдерінен құралған “Солтүстік Кеңес” жыл сайын жазушыларға, музыканттарға, режиссерлерге және экологтарға бірқатар марапаттар береді. Биылғы экологтарға берілетін марапатқа Гретаны екі мемлекет – Норвегия және Швеция бірдей ұсынған.


Қазан айында Грета BBC телеарнасының талдауымен, 2019 жылғы ең ықпалды әйел тізіміне енгенін жазған едік. Ал маусым айында Amnesty International оны “Ар-ождан елшісі”  атты беделді сыйлықпен марапаттаған.

Грета Тунберг – экологиялық проблемалар мен климаттың өзгеруіне қарсы күрескерлердің ең танымалы. 2018 жылы бойжеткен Стокгольм парламенті ғимаратының алдында наразылық білдіру үшін әр жұмадағы сабағына қатыспаған. Бұл әлемдегі мыңдаған жастарды шабыттандырған және Fridays for Future (“Болашақ үшін сарп етілген жұма”) халықаралық ұйымының құрылуына себепші болды.

2019 жылы тамызда бойжеткен Нью-Йорктегі БҰҰ-ның климат саммитіне қатысу үшін Атлант мұхитын желкенді кемемен жүзіп өткен. Саммитте қызу сөйлеген сөзінде ол адамзат экологиялық апат пен жаппай қырып-жоюдың алдында тұрғанын және саясаткерлер тек ақша мен экономикалық өсім туралы ертегіге ғана алаңдайтынын айтқан.

massaget.kz