18 сәу, 2017 сағат 12:00

Google қазақстандық өнер туындыларын насихаттауға кірісті

Қазақстандық өнер туындыларын Google Мәдениет институты цифрлық жүйеге өткізеді. Бұл туралы «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Контент және іс-шараларды ұйымдастыру департаментінің директоры Марат Омаров мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Орталықты құрудағы басымдық ЭКСПО көрмесі өткеннен кейін өнер саласында мұра қалдыруға негізделген. Бұл тұрғыда болашаққа қажетті қадамдарды ескеріп отырмыз. Бүгінде Google Мәдениет институтымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Олар барша әлемнен өнер туындыларын цифрлаумен айналысуда.  ЭКСПО-ның арқасында институтпен бір келісімге келдік. Осы орайда олар Ә. Қастеев атындағы өнер мемлекеттік мұражайындағы барша мұраны цифрлық жүйеге өткізеді деп күтілуде. Сонымен қатар бұл бағдарламаға тағы екі музейді қосамыз деп үміттеніп отырмыз», - деді М. Омаров ЭКСПО аумағындағы Қазіргі заман өнері орталығы жұмысын таныстыру барысында.

Оның сөзіне қарағанда, бұл жұмыстар арқылы еліміз суретшілерінің өнер туындылары әлемдік мұрағатқа енгізіледі.

«Интернетке қосылған кез келген адам суреттерді еш кедергісіз тамашалай алады. Сондықтан осы келіссөздер Қазақстандағы өнерге өте пайдалады болады деп есептейміз», - деді департамент басшысы.